Ауыл

Қопаның көркейген келбеті

Кеңестуы селолық округіне қарасты Қопа —  аудан орталығына ең жақын отырған ауыл. Тура іргесінен Ақтөбе — Атырау тас жолы өтіп жатыр. Теміржол да жанында, Жақсымай мен Қалмаққырған бекеттері  таяқ тастам жерде. Көгілдір отынның игілігін де, тоқсаныншы жылдардың басында, ең бірінші көрген осы ауыл.

Кеңестік кезеңде мұнда мал бордақылаумен айналысатын арнаулы шаруашылық болды. Жасыратыны жоқ, ауыл ажарына талап бүгінгідей болған жоқ. Ол кезде ет тапсыру мен егістен алған өнімнің көрсеткішінен басқаны үкімет сұрамады. Ашылып-шашылып ыбырсып жатқан ауылдың  көрінісі әлі де көз алдымызда тұр. Оған тұрғындардың көңіл аударуға да мұршасын келтірмей,  мойнын жоспардан басқаға бұрғызбағаны және рас. Кесектен қалай салған, қоржын-қоржын бөлмелерден тұратын, барак тектес мектеп үйінде ауыл балалары кешегіге дейін оқыды. Ауылдың дұрыс клубы да болған жоқ. Айта берсек, ауылдың күні кешегісінің өзі бүгінде аңыз сияқты.

Енді қара, сол Қопадан өткеннің көңілсіз көріністерінің ізін де таппайсың. Мұндағы ауылдың абаттандырылу деңгейінен ұқыптылық дағдыларын жазбай танисыз. Осы тұрғыдан келгенде, қопалықтар соңғы 2-3 жылдың ішінде өрелі өзгерістердің куәсі болып отырғанын қуанышпен айта алады.

Ауыл орталығындағы жаңа үлгімен салынған 320 орындық екі қатарлы мектеп үйі — алыстан көзге түсетін еңселі ғимарат. Мектеп жанында жасанды жасыл желек жамылғылы европалық үлгімен салынған үлкен теннис корды бар. Онда шағын футбол, волейбол, баскетбол, т.б. спорт ойындарын өткізуге жағдай жасалған. Әрине, бұндай жасанды әсем алаң, ауылдарды айтпағанда, кез келген аудан орталықтарының өзінде жоғы тағы рас. Осы ауылдың ақсақалы Кәкім Өтеуовтің бір жиында ақтарыла айтқан сөзі есімізде. «Бүгінгі ұрпақ бақытты ғой. Біздің балалық шағымыз, мынандай әсем ойын алаңдарында ойнамақ түгілі, ойнауға уақыт болмаған заманда, балалықтың не екенін білмей өтті»,— дегені бар. Десе дегендей. Өткен жылдары пайдалануға берілген 150 орындық жаңа мәдениет ошағы, 50 орындық балалардың шат күлкісінің мекеніне айналып отырған жаңа үлгідегі балалар бақшасы қандай! Қаладағыдан еш кемістігі жоқ, суы, дәретханасы ішінде, барлық коммуналдық қызметі бүгінгі күннің үрдісіне лайық жасалған сәулетті де сәнді ғимараттар.

«Көркейе бер, туған жер!» деп, әр азаматтың ауылына бет бұруын ардақтап, абыройлы акцияға жұмылдыру, өзегі өз жұртына бұрар азаматтарға үлкен абырой емес пе? Осындай азаматтардың арқасында ауыл көшелеріне қуатты электр  шамдары қондырылып, жарқырап тұр. Селолық округте жаңа үйлер салынатын көшенің жобалық құжаты жасақталып, алдын ала Т.Молдашев пен О.Құрмансейітов сынды азаматтардың демеушілігімен 200 метр көшеге газ құбыры мен электр жүйесі тартылып қойды. Осы округке қарасты Қалмаққырған бекетінде жеке кәсіпкер Гүлмира Ермұқанова қазіргі заман талабына сай сауықтыру орнын салды. Ауыл орталығында 250 орындық тойхана құрылысы салынуда. Ауылдағы «Шұғыла» шаруа қожалығы басшысының демеушілігімен ауыл жанындағы өзектен өтуге көптен қиындық туғызып жүрген тұста көпір салынды.

Ауыл әкімі Сағынғали Тұрановтың демеушілігімен 200 метрге су құбыры тартылып, 12 үйге су кіргізілді. «Жандос» шаруа қожалығы басшысы аз қамтылған бір отбасына 50 мың теңгеге көгілдір отын кіргізіп берсе, «Айбат» шаруа қожалығы аз қамтылған бір отбасының үй айналасын әсемдеп қоршап берді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша ауыл орталығында ұзындығы 32 метр, ені 16 метр болатын балалардың ойын алаңы жасалып, тиісті құралдарымен жабдықталды.

Қазір ауыл орталығында қысқы спорт ойындарын дамытуды мақсат тұтқан жұмыстар қолға алынуда. Шайбалы хоккей алаңының құрылысы жүріп жатыр.

Ауылдықтардың жаңаша ойлап, бүгіннің талабы деңгейінде  түсінігінің қалыптаса бастағанын ауыл ішінің тазалығынан да аңғаруға болады. Тұрғындар үйлерінің алдындағы белгіленген жерге қоқыс қалдықтарды қапшық қалталарға салып қояды. Белгіленген уақытында ауыл әкімінің ұйымдастырып қойған автокөлігі оларды жинап, алып тұрады. Көшесі таза шағын ауыл шағын қала сияқты. Шашылып жатқан қалайы қаңылтыр, қопырап жатқан қора-қопсыны көрмейсің. Қараңғылық түсе, ауыл үсті самаладай жарқыраған электр шамдарының шұғыласына бөленеді.

«Көркейе бер, туған жер!» акциясының жалаң ұран — науқандық даңғаза шара еместігін осы ауылдың тіршілік ырғағынан-ақ тануға болады. Әрине, ауыл болып бірігіп, қауым болып жұмылып, әкімінің айтқанын елі, елінің өтінішін әкімі сыйласа, сергектікпен сезіне қабылдаса, нәтижесінің жаман болмайтындығын өмір көрсетіп тұр.

Ауыл округтері арасындағы рейтингтік бағалауда ылғи алдыңғы орындардан көрінуінің басты көрсеткіштері де осы ауыл ажары мен көркейе түскен келбетінің округ әкімі Сағынғали Тұрановтың өз жауапкершілігін жоғары сезінуінің нәтижесінде жатқаны сөзсіз.

«Сырт көз — сыншы» дейді дана халқымыз. Ауылдастардың бағасын былай қойғанда, жақында іссапармен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Ә.Көмекбаев жұртшылықпен кездесуде: «Ауылды аралап соңғы жылдары бой көтерген жаңа нысандармен таныстым. Ауылға газ, су, жарық кіріп тұр екен, көшенің тазалығы сүйсіндіреді. Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмасының нақты жүзеге асырылып жатқанының куәсі болдық», — деді.

Бұл «Ауылын көріп, азаматын таны» дегендей, көпшілікпен атқарылған істерге берілген баға еді.

М.ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button