Темір ауданы

Былтырғы жылға дейін Кеңқияқ ауылының 5,5 мың тұрғыны үшін ауыз су мәселесі — ең үлкен ауыртпалықтардың бірі еді. Әрбір үйге құбыр арқылы жеткізілетін судың сапасы сын көтермейтін. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі тарапынан әр сынама алынған сайын дабыл қағылатын.
Әрине, әр жылдары мұндағы су жүйесіне ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2006 жылы су жиналатын резервуар алмастырылды. Жалпы сыйымдылығы 5 мың текше метр болатын бұрынғы резервуар әбден істен шыққан еді. Оның орнына жаңасы — (сыйымдылығы 3 мың текше метр) — орнатылды. 2007 жылы жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын құбыр алмастырылды.
Бірақ мұндай ішінара жүргізілген жұмыстардан жағдай түбегейлі өзгере қоймағандықтан, Кеңқияқ ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін жаңарту мақсатында 2011 жылы облыстық бюджеттен 116 мың теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыға Кеңқияқ пен Құмсайдағы ондаған жылдар бойы ешқандай жөндеу көрмеген су айдайтын стансаларға күрделі жөндеу жүргізіліп, ауылда су қысымын екі есеге көтеруге мүмкіндік беретін мұнара орнатылды және жалпы ұзындығы 7,2 шақырым болатын құбыр алмастырылды.
Су қысымының артуы, әсіресе, екі қабатты үйлер тұрғындарының тұрмысына игі әсер етті. Кеңқияқта мұндай үйлердің саны — 38. Бұл үйлерде жүздеген отбасылар тұрып жатыр.
Жеке үйлерге келсек, жобаға сай, көшеде құбыр арқылы өтіп жатқан суды ауласына жеткізіп алу — әркімнің өз ісі. Дегенмен, бұған шамасы келмейтін отбасылардың кейбіріне демеушілік көмектер ұйымдастырылыпты. Мысалы, өткен жылы Әлия Молдағұлова атындағы көшедегі — 13 үйге, Сәңкібай ата көшесіндегі 10 үйге демеушілік көмекпен су жеткізілген.
Бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі тарапынан Кеңқияқтағы ауыз су сапасына байланысты ескерту айтылмайды. Кеңқияққа су екі көзден — Құмсай және Көкжиде жер асты су қорынан келіп тұр. Қыс айларында мұнда су мәселесіне байланысты ешқандай қиындық туындамайды. Ал биылғы жаз айларында су қысымының төмендеуі — тұрғындардың электр қуатына қарызына байланысты туындаған қиындық. Қазір жергілікті билік осы берешек мәселесін шешу мақсатында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Кеңқияққа іргелес отырған Шұбарши, Саркөл ауылдарының тұрғындары үшін де ауыз су — шешімін тапқан мәселе. Екі ауыл көшелерінде 25 су колонкасы тұр. Кеңқияқтан өзгешелігі — аталған ауылдарда жер асты су көздері аса тереңде емес. Сондықтан өз ауласынан су қазып алып, бау-бақша өсіріп отырған тұрғындар көп.
Ал, Кеңқияққа оралсақ, бұл ауылдың бүгінгі «бас ауруы» — кәріз жүйесі. Мұндағы кәріз құбырларының жалпы ұзындығы 15,8 шақырымды құрайды. Өткен жылы 800 метр құбыр жаңартылыпты. Бұл, әрине, аз. Құбырлар ғана емес, кәріз суларын айдайтын сорғы стансасына да жөндеу жұмыстары қажет. Бүгінгі күні кәріз жүйесіне жөндеу жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзір.
… Кеңқияқта қазір де су құбырлары тартылып жатыр. Мұндағы «Сазды — 2» шағын ауданы тұрғындарын сумен қамту мақсатында облыстық бюджеттен 47 миллион теңге қаржы бөлініпті. Су жүйесін жүргізу жұмыстары қыркүйек айында қолға алынған. Бұл жұмыстарды «ЗапКазРегионКомплект» компаниясы атқарып жатыр. Осы компанияның жауапты қызметкері Нұрлан Оразғұловтың айтуынша, жұмыстар қараша айында аяқталады.
— Біз 6 көшеге жалпы ұзындығы 5,5 шақырым болатын құбыр жүргізуіміз керек. Үйлердің тұсына құдықтар орнатылады. Өртке қарсы 20 гидрант орнату қарастырылған, — дейді Нұрлан Оразғұлов.
Құбыр жүргізу жұмыстарына 18 адам, 6 техника жұмылдырылып отыр. Іске жергілікті мамандар да тартылған.
Жалпы, «Сазды — 2» мөлтек ауданынан 187 жер учаскесі бөлінген. Бүгінде 70 үй тұрғызылыпты. Осындағы ең алғаш бой көтерген үйдің иесі — Сұлу Байтөрина.
— Жолдасым өмірден озған. Соңында қалған үш балаға өзім бас-көз болып, осы үйдің құрылысын қолға алдық. Рас, біраз уақыт коммуналдық жүйелер болмай, қиындықтарға төзуге тура келді. Ал соңғы жылдарда электр қуаты да, газ да келді, енді, міне, аз уақытта су кіргізіп аламыз деп үміттеніп отырмыз, — дейді ол.
Мұнда электр жүйесі 2010 жылы жүргізілген, ал газбен қамту мәселесі өткен жылы шешімін тапты. Электр қуатымен қамтамасыз ету ісіне бюджеттен 33 миллион теңге жұмсалса, газ желілерін жүргізуге 50 миллион теңге бөлініпті.
Ал су әзірге арнайы кесте бойынша машинамен тасылады. Бұл істі «СНПС — Ақтөбемұнайгаздың» мұнай-газ өндіру басқармасы ұйымдастырып отыр.
— Соңғы үш жылда мұнда үй де көбейді, жағдай да жақсарды. Бар ойым, «еліміздің аспаны ашық болып, бейбіт өмір сүрсек, адал еңбегіміздің адал нанын татсақ» деймін. Төрт немере бағып отырмын. Сол немерелерімнің болашағына қауіп төнбесе, ел бірлігіне сызат түспесе екен деп күндіз-түні тілеймін…
Сұлу апай бізбен қоштасып тұрып осыны айтты.
«Бұл осы өңірдегі барлық Аналардың тілегі деп біліңіздер», — дегенді және қосып қойды.
Бес отбасына — пәтер кілті
Өткен аптада Темір ауданында заң орындарының бес қызметкеріне пәтер кілті тапсырылды. Пәтер кілтін оларға ауданда іссапарда болған облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров табыстады.
Ал жыл соңына дейін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында тағы да үш отбасы баспаналы болады.
Бұл жөнінде біз аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Жаңғақ Сақышевадан білдік. Оның айтуынша, 2005 жылдан бері аудан бойынша, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында, 41 үй тұрғызылған. Құрылыс, әсіресе, соңғы жылдары қарқын алыпты: 2010 жылы 5 үй тапсырылса, 2011 жылы 9 отбасына баспана кілті тапсырылған. Олардың арасында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да бар. Мысалы, Нұржігітовтер баспанаға көп балалы отбасы ретінде қол жеткізген. Бұл шаңырақта бес бала өсіп келеді.
— Алтықарасудан 2006 жылы көшіп келген болатынбыз. Әрине, балалар қамы үшін ғой. Осы жақтан жұмыс іздеп келгенбіз. Жолдасым мектепте істейді. Өзім де жұмыстамын. 2011 жылға дейін жатақханада тұрдық. Қазір баспанамыз кең, төрт бөлмелі. Ішінде барлық жағдайы бар, — дейді Қанат Нұржігітов.
Биыл, бағдарлама аясында, аудан орталығындағы Қызылжар шағын ауданында әрқайсысы екі пәтерлік төрт үй бой көтерді. Әр пәтердің ауданы — 75 шаршы метр. Үйлердің құрылысын «Сакгрупп» компаниясы жүргізген. Құрылыс жұмыстары үшін республикалық бюджеттен 40 миллион теңге қаржы бөлініпті. Одан бөлек, инженерлік желілер жүргізу үшін 17 миллион теңге қаржы жұмсалған. Пәтерлерге газ, су кіргізілген, кәріз жүйесі бар.
Мәліметтерге үңілсек, ауданда жеке тұрғын үй құрылысының қарқыны тәуір. Жылына, орта есеппен, 10-12 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. «Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 13 мың шаршы метр болды», — дейді Жаңғақ Сақышқызы.
Балабақшалар мен бүлдіршіндер
Облыс орталығынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан Қопа ауылындағы «Балдырған» балабақшасында бүлдіршіндерге жасалған жағдай қаладағыдан тіпті де кем емес.
Балабақша ғимараты былтыр пайдалануға берілген. Ғимарат құрылысы үшін бюджеттен 30 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қабылданған «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған бұл балабақшада 50 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.
Ал бұрын балабақша Қопадағы орта мектеп ғимаратының үш бөлмесіне ғана орналасып, тәрбиеленушілер саны 25-тен аспаған екен.
Жаңа ғимарат 4 миллион теңгенің жиһаздарымен жабдықталыпты. Ойын, жатын бөлмелердегі балаларға арналған жиһаздар, төсеніштер — бәрі де жаңа. Құдды ойыншақтар арасында жүзіп жүргендей, ойын қызығына берілген балалардың кірген-шыққан жандармен ісі жоқ.
Жалпы, Қопа — газбен, су жүйесімен қамтылған ауыл. Ал балабақшада кәріз жүйесі де бар.
Мұндағы тазалық туралы әңгіменің жөні бөлек. Балабақшаның барлық бөлмелеріндегі, ауласындағы мұнтаздай тазалық — Қопа көшелеріне де тән құбылыс. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұнда қоқысты қалай болса солай тастауға рұқсат жоқ. Әр үй қоқысты күнделікті арнайы орынға жиып қояды. Ол аптасына екі рет арнайы көлікпен тасып әкетіледі екен.
«Балдырған» балабақшасы тәрбие ошағы ғана емес, Қопаның 23 тұрғыны үшін жұмыс орны да болып отыр.
Балабақша меңгерушісі Фарида Жанжігітованың айтуынша, мұнда 2 мен 5 жас арасындағы бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Оқу-тәрбие жұмыстары «Алғашқы қадам», «Зерек бала» бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі. Балалардың үш мезгіл тамағына ата-аналар айына 5 мың теңгеден төлейді. Фарида Жанжігітованың бастамасымен, өткен жылы балабақша ұжымы Ойыл өзені жағасына, 1,5 га алқапқа картоп егіп, 30 тонна өнім алыпты. Бүгінде балабақша ауласының, тіпті бүкіл ауылдың сәні болып тұрған киіз үй пішіндес арнайы орындар сол өнімнен түскен табыстың бір бөлігіне салыныпты.
— Әр балабақшаның ауласында күннен, желден қорғанатын орындар болуы шарт. Сондай орындарды киіз үй тәріздес етіп салса деп бұрын армандаушы едім. Өзіміз табыс тапқаннан кейін, сол ойымды іске асырудың сәті түсті, — дейді Фарида Жолдыбайқызы.
Өткен ғасырдың 90-жылдарындағыдай емес, қазір ата-аналардың көпшілігі жұмыста, жұмыс істеп, табыс тауып жүрген соң, «орта көрсін, үйренсін» — деген оймен, балаларын балабақшаға бергілері келеді. Ал 50 орындық балабақша Қопа ауылы үшін аздық ететін түрі бар. Мысалы, өткен жылы ауылда дүниеге келген балалар саны — 22 болса, ал биыл жылдың бастапқы тоғыз айы ішінде-ақ қопалықтар 23 шілдехана тойын жасапты.
Соңғы жылдары аудан көлемінде балабақшалар бірінен соң бірі ашылып жатыр: 2010 жылы аудан орталығында, сондай-ақ Темір қаласында, Құмқұдық, Қаракемер ауылдарында балабақшалар іске қосылған. 2011 жылы Жамбыл, Қопа ауылдарында балабақша ашылған. Ал, сонымен қатар, дүние есігін ашқан сәбилер саны да жылдан-жылға көбейіп келеді: өткен жылдың алғашқы тоғыз айында 618 сәби өмірге келсе, биыл бұл көрсеткіш 692 болып отыр. Демек, салынған балабақшалардан гөрі, салынатын балабақшалар саны әлдеқайда көбірек болу керек…
Құтымның жылыжайы
«Күздің ызғарын жаздың шуағына алмастыру үшін жалғыз қабат қана целлофанның жеткілікті болғаны ма?». Жылыжайға кіріп келгенде осылай ойлағаныңызбен, келесі сәтте-ақ мұндағы «жаз» — үлкен еңбектің жемісі екенін түсінесіз.
Бұл — шұбарқұдықтық зейнеткер Құтым Қасеновтің жылыжайы.
Құтым ағай үнемі ізденіп, жоқтан бар жасап жүрмесе, таңы атып, тауығы шақырмайтын жандардың қатарынан. Бұл кісіні бұрын ағаш шебері ретінде білетінбіз. Ол — ұлттық саз аспаптарын жасаушылар арасындағы республикалық байқауларда бірнеше рет жүлдегер атанған адам. Мысалы, Астананың 10 жылдық мерейтойында Құтым Қасеновтің қолынан шыққан 7 домбыра шетелдік мәртебелі қонақтарға сыйға тартылған болатын.
Ал бағбандық та Құтым ағаның қанында бар қасиет болып шықты.
Өзіне айтқызсақ:
— Әкем Қасен Байғанин өңіріне белгілі дәрігер әрі бағбан адам еді. Жұрт оны «Байғаниннің Мичурині» деп атайтын. Бұл, әрине, әкемнің егіп-баптаған бағына сүйсінгендіктен қойылған ат қой. Сол бақты мақтаныш етіп өскендіктен болар, мен де осы кәсіпке жақынмын. 90-жылдарда, қыста көмір жағып та, жылыжай өсірген едім, — дейді.
Қазір Құтым аға 0,3 га жерге қияр мен қызанақ өсіріп отыр. Әзірге жалғыз қабат целлофанмен тұрған жылыжайдың «қабырғаларына», жерге — топырақ астына жылу жүйесі жүргізілген. Өнім алу үшін «тамшылатып суару» әдісін пайдаланып отыр. Өнім жылына екі рет жиналады. Айтуынша, жылына 3-4 тонна көкөніс алады екен.
— Алты балам, отыз немере-шөберем бар. Соларды қысы-жазы жас көкөніспен қамтамасыз етіп отырудың өзі табыс емес пе? — дейді Құтым ағай.
Бала кезінде әкесінен көргенінен бөлек, арнайы әдебиеттерден, интернеттен оқыған-тоқығаны көп ол кісі жылыжай өсірудің қыр-сырын баласы Мұратбекке үйретіп жүр. Болашақта осы істі баласы жалғастырады деп сенеді.
Акция аясындағы қадамдар
Шұбарқұдық тұрғындары биылғы Құрбан айт мерекесін кең мешітте атап өтеді. Мұндағы Досжан ишан мешітінің ғимараты екі есе ұлғайтылып отыр.
Бұл жұмыс, «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында, «Номад – Келбатыр» шаруа қожалығының (Б. Қырқымбаев) күшімен жүргізілді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер — А. Темірханов пен М. Нұрбайқос мешітке жарық желісін тартып берген.
Ауданда «Көркейе бер, туған жер» акциясына үн қатып, елжандылық танытқан азаматтар жетерлік. Мысалы, Қопа ауылдық округінің әкімі С. Тұранов өз қаржысына 11 үйге су құбырын кіргізіп беріпті. Осы ауылда құрылыс жұмыстары енді ғана басталатын жаңа көшеге электр желісі, газ және су құбырлары тартылып жатыр. Бұл істің шығынан ауыл азаматтары О. Құрмансейітов пен Т. Молдашев көтеріп отыр.
Ал Қалмаққырған ауылында монша құрылысы басталды. Жалпы құны 2,5 миллион теңге болатын бұл жобаны жеке кәсіпкер А. Абдуллин қаржыландырады.
Жеке кәсіпкер Е. Дүйсенбаевтың арқасында аудан орталығындағы саябақта балалар ойын алаңы пайда болды. Жұмсалған қаржы — 750 мың теңге.
Аудандық аурухана ұжымы І топ мүгедегі, жеке кәсіпкер З. Қарағозинаға өз ісін кеңейту үшін 100 мың теңге табыстаған.
Жеке кәсіпкерлер — С. Галиев, С. Данайбеков және С. Молдағұлов Темір қаласындағы Толғанай платинасын жөндеуден өткізіпті. Бұл үшін 1,3 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі қиын жылдарда жұрт көшіп, мекемелер мен кәсіпорындар жабылғаннан соң, иесіз қалған ғимараттар көптеген ауылдардың көркін кетіріп тұр. Алтықарасу ауылында жеке кәсіпкер Б. Мұстафин осындай ғимараттарды бұзып, қоқыстарды ауыл сыртына шығару үшін, техника, қаржы бөліпті.
Жеке кәсіпкер Ж. Шүкірбаев Шұбарши кентінде балалар ойын алаңын жасақтады. Бұл үшін 300 мың теңге қаржы жұмсалған.
Кеңқияқ кентінде де, «ҚазТрансОйл» АҚ Кеңқияқ учаскесінің демеушілік етуімен, екі балалар ойын алаңы ашылған. Жұмсалған қаржы 500 мың теңгені құрайды.
Жалпы, ауданда акция шеңберіндегі істер екі бағытта өріс алып отыр: біріншісі — әлеуметтік нысандар тұрғызу, жөндеу және абаттандыру; ал екіншісі — әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту. Біз осы бағыттарда жасалған істердің бір парасын ғана атап өттік. Мәліметтер бойынша, бүгінге дейін ауданда акция аясында атқарылған істерге жалпы көлемі 66 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Жиһаз шебері
Шұбарқұдық тұрғыны Серік Ерғалиев «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында өз жиһаз цехын ашуға мүмкіндік алды.
Қиын тұстарда жұмыссыз қалған Серік он жыл бойы өз үйінде есік-терезе, жиһаз жасап, отбасын бағыпты. Оның қолынан шыққан бұйымдарға деген сұраныс жоғары болғанымен, өз ісін кеңейту үшін арнайы ғимарат, басқа да түрлі қажеттіліктер қолбайлау болып келген. Енді «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы оған осы ойын іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарламада көзделген басты мақсат — ауылдарда кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу, сол арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу екені белгілі. Ісін жолға қою үшін, Серікке Шұбарқұдықтағы 20 жыл бойы бос тұрған бұрынғы монша ғимараты беріліпті. Сонымен қатар, ол 3 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Осы қаржыға Қытайдан, Түркиядан шыққан құрал-жабдықтар сатып алынған. Қажетті шикізат Ақтөбе қаласынан тасып әкелінеді екен.
Бүгінгі күні Серік ісін үш бағытта жолға қойып отыр: ағаштан есік-терезе жасау; жиһаз цехы және пластикалық терезелер әзірлеу.
Жиһаз цехындағы жұмысты басқару Шалқарбек Ерғалиевке тапсырылыпты. Мұнда 12 адам еңбектеніп жатыр. Шалқарбектің айтуынша, тапсырыс өте көп.
— Біздің жиһаздарымызға, әсіресе, ас үй жиһаздарына облыс орталығынан да тапсырыстар түседі. Тек Шұбарқұдық емес, Ақтөбе мен Қандыағашта да тұтынушыларымыз бар. Ал жақын күндерде Атырау облысынан да тапсырыс алдық, — дейді ол.
Цех иесі бұл сөзге:
— Қыркүйек айында ғана Ақтөбе қаласына тапсырыспен төрт ас үй жиһазын апарып, құрастырып бердік, — дегенді қосты.
Сондай-ақ ол:
— Біздің жиһаздарымыз сапалы әрі арзан. Әзірге қарапайым дүниелер ғана жасап шығарып жатырмыз. Аяғымыздан тік тұрып, нығайып алсақ, ең озық тәсілдермен күрделі дүниелер жасауды да ойлаймыз, — дейді.
Қазіргі цех еңбеккерлерінің басым бөлігі мұнда «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы орналасқан. Солардың бірі — Рахия Жұмекенова. Ол 1996 жылы жұмыссыз қалыпты. Биыл үш ай курс оқып, осы жерге тігінші болып жұмысқа тұрыпты. Жұмсақ жиһаздар үшін қажет бұйымдардың бір бөлігін даярлайды.
Мұнда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы келетіндер де бар. Олардың арасынан икемді, әрі қарай істеп кетеді деген жастарды біржола жұмысқа алып қалады.
Жиһаз бұйымдарынан бөлек, Серіктің ағаштан жасалған есік-терезелері мен пластикалық терезелеріне де сұраныс бар.
— Аудан басшылығы тарапынан үлкен қолдау көріп отырғанымызды айтқым келеді, — дейді кәсіпкер.
Ол алдағы уақытта да ісін кеңейте түскісі келеді:
— Мысалы, өңірімізде балабақшалар ашылып жатыр. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» — дегендей, сол балабақшаларға қажетті жиһаздарды жасап шығаруға біздің мүмкіндігіміз бар, — дейді.
Орман шаруашылығы оңалса…
Темір орман шаруашылығының тәлімбағында қызу жұмыс. Орманшылар ұқыпты, тез қимылмен қарағаш көшеттерін жинап жатыр.
«Арал Петролеум» компаниясы 450 мың теңгеге тапсырыс жасаған болатын. Бұл — сол тапсырысты орындаудың қамы», — деді бізге аталмыш шаруашылықтың директоры Сабыржан Молдақұлов.
Жасыл желек — ең алдымен, ауаның тазалығы және әдемілік. Сол тазалыққа, әдемілікке үлкен үлес қосып жүрген шағын ұжым мүшелерінің әр күні осылай тынымсыз еңбекпен өтеді.
Мұнда 38 адам еңбек етеді. Бұл — Кеңес Одағының ыдырауы, одан кейінгі экономикалық дағдарыстар тұсында тұралап барып, қайта қатарға қосылған шаруашылықтардың бірі. Шаруашылыққа тиесілі 75 мың га алқап Темір және Мұғалжар аудандарының аумағында орналасқан. Осы алқаптың оннан бір бөлігін орман алып жатыр.
Шаруашылық аумағында жыл сайын 90 га жерге жас талдар отырғызылады. Сонымен қатар тәлімбақта қарағаш, қарағай, терек, мәжнүн тал, қайың, т.б. ағаштар өскіндері өсіріліп, таратылады. Мысалы, «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» компаниясы жалпы құны 6,5 миллион теңге болатын өскіндерге тапсырыс беріпті, т. б. Осындай табыстар арқылы мекеме ғимараты толық жөндеуден өткізілген.
Соңғы жылдары мұнда әр жаз сайын, «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде, студенттер де еңбектеніп, табыс табады.
— Бұл — облыстағы 7 орман шаруашылығының бірі. Жұмыс күші жеткілікті, техника бар. Еңбеккерлеріміз 30-40 мың теңге аралығында айлық алады. Жұмыс қалыпты жүріп жатыр, — дейді Сабыржан Молдақұлов.
Еліміз аумағында әр тұста қарағашқа жапырақ жегіш құрттар түскені жөнінде айтылып жүр. Темір орман шаруашылығы алқаптарында да мұндай құрттар пайда болған, «бірақ уақытында тиісті шаралар жүргізілді» — дейді директор.
Өкінішке орай, мұнда өткен ғасырдың 60-жылдарында отырғызылған алма бағы, соңғы жылдардағы құрғақшылық, ауа райының өзгеруі салдарынан, қазір жеміс бермейді. «Жаңа бақ өсіріп шығару үшін, көшеттерді Ресейден әкелген дұрыс» — дейді Сабыржан Молдақұлов. Бұл әзірге ниет қана. Ал іске асырылар болса, бүкіл өңір мерейіне айналары сөзсіз.
«Үміттің» үміті — Еділбай қойы
«Үміт» шаруа қожалығының басшылары қазақтың ақбас сиыры мен мамандар «ұлттық бренд болуы тиіс» санайтын еділбай қойын көбейтуді көздеп отыр.
Бүгінде шаруашылықта 1500 бас қой, 140 бас ірі қара, 60 шақты жылқы бар. Былтыр мұнда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 бас ірі қара алыныпты. Бәрі де — ақбас сиыр. Ақбас сиыр да, сондай-ақ еділбай қойы да — етті тұқым. Мысалы, еділбай қойының көктемде туған қозысының өзі күзге қарай 40-50 кг тартады.
Шаруа қожалығындағы мал тұқымын асылдандыру мақсатындағы жұмыстарға Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мұхамбет-Шәріп Кенжебай ғылыми тұрғыдан жетекшілік жасайды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы «Бірлік» асыл тұқымды мал зауытымен байланыс жолға қойылған.
Шаруа қожалығы 2003 жылы құрылған. Иелігінде 4 мың га жер бар. Бұл жерлер, негізінен, жайылымға, шабындыққа пайдаланылады. Тек 300 га алқапқа ғана тұқым себіледі.
— Соңғы жылдары бидай мен арпаның шығымы өте төмен. Сондықтан алдағы уақытта малға аса құнарлы азық саналатын люцерна, судан шөптерін егуді қолға алсақ па деген ниеттеміз, — дейді шаруа қожалығының басшысы Мереке Оразғұлов.
Шаруа қожалығында 7 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал техниканы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке алып келеді. Бірнеше тракторлар, шөп шабатын, шөп буатын агрегаттар алынған.
Малшылар қонысы — Ақсай кенттік округі аумағындағы кішкене ғана бұлақ бойында. Мұнда екі тұрғын үй, үш мал базы тұрғызылған. Малшылар үшін жазғы үй де салынған.
Мереке Оразғұловтың айтуынша, алдағы қыстан малды аман алып шығу үшін дайындық жұмыстары барынша жүргізілген. 2200 тең шөп үйіліпті. Жемдік азық та әзірленген. Қора-жай жөндеуден өткен.
Шаруа қожалығының басшылығы жақын уақытта «Үмітті» асыл тұқымды мал шаруашылығына айналдыруды көздеп отыр. Қожалықты мүйізді ұсақ мал өсірілетін асыл тұқымды мал шаруашылығына айналдыру үшін құжаттар әзірленген. Егер бұл ой жүзеге асса, «Үміт» аудан көлеміндегі осы бағыттағы бірінші шаруашылық болмақ.
Айқара бетті әзірлеген Индира ӨТЕМІС.




