Ана мен бала денсаулығы
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ана мен бала өлімі былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеген. Нақтырақ айтқанда, ана өлімі 13 пайызға, бала өлімі 5,1 пайызға азайыпты. Бұл — биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы. Біз бұл нәтижеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Саламатты Қазақстан — 2015» бағдарламасының аясында қол жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта да ана мен бала өлімін төмендетуге бағытталған жұмыстар қарқынды болмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова былай деп мәлімдеген болатын: «2015 жылға қарай біз ана мен бала өлімін 1,5 есеге, ал 2020 жылға қарай екі есеге азайтуға тиіспіз».
Ана мен бала денсаулығын сақтап, өлімді азайтуда біздің облыстың дәрігерлері қандай шаруа тындырып жатыр? Бұл туралы әңгіме жақында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың төрағалығымен өткен ана мен бала өлімін азайту бойынша құрылған облыстық штабтың кезекті отырысында айтылды.
Көрсеткішіміз қандай?
Облыстың бас гинекологы Әлия Шанғараеваның айтуынша, біздің өңірде бала туу көрсеткіші артып келе жатыр. 8 айда облыста 12 795 сәби дүниеге келген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш: 11 666 бала болатын. Өмірге келген сәбилердің 60 пайызға жуығы — Ақтөбе қаласының үлесінде. Ал аудандардың арасында Мұғалжар, Хромтау, Шалқар алдыңғы кезекте тұр. Демографиялық өсім төмен аудандар: Қобда мен Қарғалы.
— Қазір еліміз бойынша 8 облыста бала туу көрсеткіші төмендеп кетті. Біздің облыс бұл өңірлердің қатарында емес, — деді штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр.
Бірақ шараналардың шетінеуі азаймай отыр.
— 8 айдың қорытындысы бойынша тірі туған әр 1000 балаға шаққанда өлім саны — 15,0 ‰ (промилле). Шетінеген шараналардың 58 пайызы — өлі туылғандар. Қалғаны (42,2 пайызы) — дүниеге келгеннен кейін 6 күннің ішінде шетінеді.
Ал сәбилердің өлімі (0-1 жасқа дейін) жөнінен біздің облыстың көрсеткіші (12,8 промилле) республикалық көрсеткіштен төмен (14,2 промилле). Былтыр облыста бұл көрсеткіш: 12,02 промилле болатын.
1 жасқа дейінгі балалардың өлімі жөнінен біздің облыс еліміз бойынша 8-орында тұр. Атырау мен Қызылорда облыстарында бала өлімі көп, — деді баяндамашы Әлия Абылайқызы. Оның айтуынша, 1 жасқа толмаған балалардың өлімі көп тіркелген аудандар: Қобда, Әйтеке би, Хромтау. Бала өлімі бойынша облыстық көрсеткіштен төмен 5 аудан ғана бар. Олар — Мәртөк, Қарғалы, Алға, Шалқар және Ырғыз аудандары.
Облыста балалар анестезиологы, неонатолог, неонатолог-реаниматологтар тапшы екен. Ал Әйтеке би ауданында педиатрлар жеткіліксіз.
Аналар туралы мәліметтерге тоқталар болсақ, қазір облыста бала көтеру жасындағы (15-49 жас) 218 920 әйел бар. Оның әрбір төртіншісі (24 пайызы) ауруға шалдыққан. Денсаулығына байланысты мүлде босануға болмайтын әйелдердің саны — 2680.
— Дәл қазір облыста 8 мыңнан астам жүкті әйел бар. Олардың 52-сінің жағдайы өте ауыр: өмір мен өлім арасында десе де болады. Бұл әйелдер дәрігерлердің жіті бақылауында тұр. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. 6 аяғы ауыр әйел республикалық санитарлық ұшақ арқылы Ана мен баланы қорғау орталығына жеткізілді, — деді облыстың бас гинекологы Әлия Абылайқызы.
8 айда денсаулығына байланысты босануға болмайтын 88 әйел нәрестелі болыпты (былтырғы көрсеткіш:75 әйел).
— Әрбір емханада денсаулығы нашар, босануға болмайтын әйелдердің тізімі бар. Бұл тізім әр тоқсан сайын жаңартылады. Жүкті әйелдердің жағдайларына мониторинг, босанғанға дейінгі кезеңде генетикалық ауруларға және баланың туа біткен даму ақауларына скрининг жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде өлім-жітімнің алдын алуға және шешім қабылдауға мүмкіндік береді, — дейді бас гинеколог. Оның айтуынша, 8 айда облыста ана өлімі болмаған. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 3 әйел өмірден озған. Ана өлімі республика бойынша төмендеген. Биыл — 38 әйел (былтыр 44 әйел) көз жұмған. Ана өлімі еліміздің оңтүстік өңірлерінде көбірек тіркелген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында — 13, Жамбыл, Алматы облысында — 4 әйел қайтыс болыпты.
Жасөспірімдер жүктілігі: кінәлі кім?
Облыстың бас гинекологының айтуынша, жыл сайын облыста 3 мыңнан астам жасанды түсік жасалады екен.
— Дегенмен, бұл нақты дерек емес. Өйткені, кейбір әйелдер, жасөспірімдер жеке медицина мекемесінде түсік жасатады, — деді Әлия Абылайқызы.
Жиында дәрігерлер жасөспірімдер жүктілігіне алаңдаушылық білдірді. Былтыр 59 жасөспірім қыз (15-18 жас) жүкті болыпты. Ал биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша аяғы ауыр болған оқушы қыздардың саны— 42. Олардың 80 пайызы жүктілікті үзген. Жүкті болған жасөспірім қыздардың 70 пайызы — ауылдың қыздары және толық емес отбасында тәрбиеленгендер екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде шамамен 1 миллион жасөспірім қыз жүкті болады екен. 2009 жылы өткен халық санағы бойынша елімізде некесіз бала көтерген қыздардың (15-19 жас) саны 678 500 болған. Зерттеушілер елімізде 2000 жылдан бері жасөспірімдер жүктілігінің азаймағандығын айтады. Жыл сайын 15-19 жастағы қыздардың 3 пайызы некесіз балалы болады. Сарапшылардың айтуынша, бұл — Батыс Еуропа, Австрия, Жапония және Сауд Арабиясындағы көрсеткіштен 2-3 есе көп. Жасөспірімдер жүктілігі әлемнің көптеген елдерінде қалыпты құбылыс саналады. Зерттеушілер мұның себебін көп жағдайда әлеуметтік жағдайдың төмендігі және білім деңгейінің жеткіліксіздігінен болатындығын айтады.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын мектеп оқушылары мен студенттердің арасында 10 мың қыз дәрігердің көмегімен түсік жасатады екен.
Ислам дінінде түсік жасату — адам өлтірумен тең — ауыр күнә. Дәрігерлер де түсік жасатудың зиянды екендігін айтады. Мамандар түсік жасату арқылы жүктілікті үзген әйелдердің 30 пайызы онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығатынын айтады. Ал бұл аурулар жасөспірімдердің арасында 2,5 есеге артық болады екен.
Дағдарыс орталығы ашыла ма?
Жиын барысында «Бесік» балалар қоры» қоғамдық қорының төрайымы Алма Жансаринова сөз алып, жүкті болған жасөспірім қыздарға қолдау көрсету үшін дағдарыс орталығын ашу туралы ұсыныс білдірді.
— 90-шы жылдары еліміз ауыр жағдайды бастан өткергені белгілі. Сол тұста ата-аналардың көпшілігі әлеуметтік жағдайды түзейміз деп жүріп, бала тәрбиесіне көңіл бөле алмады. Міне, осы кезде жасөспірім қыздардың жүктілігі күрт көбейіп кетті. Бұл жағдай осы уақытқа дейін жалғасып келе жатыр…
Менің ойымша, қателесіп, қиындыққа тап болған жасөспірім қыздарды қоғам болып кінәлай берудің қажеті жоқ. Керісінше, оларға бәріміз бірге көмектесуіміз керек.
Жүкті болған қыздардың ішінде мектеп оқушысы да, колледждің оқушысы да бар. Олар анасына айтуға қорқады. Туыстары қыздың жағдайынан бейхабар болады. Сондайда оны бұл қиындықтан алып шығу үшін облыс орталығынан шағын емхана, болмаса дағдарыс орталығын ашқан жөн деп ойлаймын. Егер осындай орталық ашылып, онда ана мен балаға жағдай жасалса, біздің жұмысымыз нәтижелі болар еді. Ең бастысы, жас қыз жасанды түсік жасатпайды. Баланы дүниеге әкелгенннің өзінде одан безініп, балалар үйіне тапсырмайды. Нәтижесінде, тастанды бала болмас еді. Бұл өз кезегінде демографиялық өсімнің жақсара түсуіне ықпал етеді, — деді Алма Жансаринова.
К витамині қашан беріледі?
Нәресте өмірін сақтауда К витаминінің пайдасы зор. Дегенмен соңғы 2 жылдан бері нәрестелерге К витамині берілмей жатыр. Жиын барысында сөз алған М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, балалар аурулары кафедрасының профессоры Балаш Түсіпқалиев ана мен бала өлімін азайту үшін қолға алу керек жұмыстар туралы былай деді:
— Әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Адамның денсаулығының жақсы болмағы алдымен адамның өзіне тікелей байланысты. Қазір бала көтеретін жастағы әйелдердің барлығының бірдей денсаулығы мәз емес. Менің ойымша, ана мен бала денсаулығын жақсартып, өмірін сақтап қалуда үш мәселеге назар аудару керек.
Шетінеген нәрестелердің көпшілігі құрсақ ішіндегі инфекциядан көз жұмады. Құрсақ ішіндегі инфекция — күрделі мәселе. Жүктілік кезінде әйелдің ағзасындағы агрессивті инфекциялар (7-8) балаға кері әсер етеді. Соның салдарынан кей жағдайда жүктілік үзіліп қалады. Болмаса, денсаулығы өте нашар бала дүниеге келеді. Өкінішке орай, құрсақ ішіндегі инфекцияны зерттеу қарастырылмаған. Яғни, өлімге себеп болып отырған ауру емделіп жатқан жоқ. Бұл тек біздің облыста емес, республика бойынша осындай жағдай. Сондықтан, аурудың осы түріне үлкен мән беріп, оны емдеудің жолдарын қарастыруымыз қажет. Бұл — бірінші мәселе.
Екіншіден, жасөспірімдер жүктілігі көбейіп кетті. Бұл жасанды түсік жастушылар көбейді деген сөз. Жасанды түсіктің зияны көп екені мәлім. 13-15 жас аралығындағы жасөспірім қыздардың да құрсақ ішіндегі инфекцияға шалдығатыны құпия емес. Дегенмен, бұл жөнінде ресми мәлімет жоқ. Дәрігерлер көбіне 18-49 жастағы жүкті әйелдердің денсаулығын бақылайды. Сонда жүкті болып қалған 15, 16, 17 жастағы жасөспірімдерді кім қарайды? Бұл мәселені де шешкеніміз жөн.
Үшіншіден, 2 жылдан бері еліміз бойынша нәрестелерге К витамині берілмейтін болды. Оған дейін К витаминін алмастыратын викасол дәрісі берілген еді. Осы дәрінің берілмеуінің салдарынан балалар ауруға шалдығып жатыр. Тіпті, кей жағдайда бала өліміне осы витаминнің жетіспеуі де кесірін тигізеді. К витаминінің пайдасы көп. Мысалы, нәрестенің қанының өздігінен ұю қабілеті төмен болады. Ал К витамині қанның ұюына ықпал етеді. Бұл — бір. Екіншіден, баланың асқазанында бактериялар болмайды. Адамның ішек, қарнындағы бактериялардың негізгі жұмысы — К витаминін түзу. Нәресте ағзасында К витаминінің жетіспеуінің салдарынан баладан қан ағады. Сол себепті К витаминін алмастыратын викасолды дүниеге келген нәрестелерге беруді қайтадан қолға алу керек.
Жиын барысында Әлия Шанғараева 2013 жылдан бастап еліміз бойынша викасол дәрісі қайтадан беріле бастайтындығын, қазірдің өзінде облысқа қажетті мөлшердегі дәріге тапсырыс берілгендігін жеткізді.
К витамині дегеніміз не?
К витамині ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында ашылды. Бұл витаминінің (коагуляция — бұл атаудың алғашқы əріпі осы витаминге ат ретінде берілді)
ашылуы қан ұюы механизмінің анықталынуына септігін тигізді.
К витамині — қан ұю процессінің маңызды «реттеушісі»: қан ағуды тоқтады, сонымен қатар ұйыған қан ұйындысының түзілуіне ықпал етеді. Тағы бір қызметі: сүйек тіндерінің зат алмасуына қатысады.
K витамині табиғатта 2 формада кездеседі: K1 жəне K2. Бұл 2 түрі
де майда еритіндерге жатады. Қазір химиялық жолмен К
витаминінің көптеген түрлері алынып жатыр. Оның ішінде суда еритіндері де кездеседі. K витаминінің ең қарапайым түрі — менадион синтетикалық өнімі. Ол — иісі өте өткір май.
Жаңа дүниеге келген нәрестенің бауырында К витаминінің жинақталуы мардымсыз болады. Сондықтан оны жеткіліксіз қабылдау геморрагиялық ауруларға шалдықтырады. Ал мұның салдарынан бала шетінеп кетуі мүмкін. Сонымен қатар К витаминінің жетіспеушілігінен нәрестенің миы зақымданады. Осыған байланысты кейбір елдерде барлық жаңа туылған сәбилерге геморрагия профилактикасы үшін К витаминін 0,5–1,0 мг дозада береді.
К витамині өсімдіктерде көп. Әсіресе, брюссель қырыққабаттары, ақжелек, саумалдық, көк сабақты пияз, қияр, сәбіз, қызанақ, құлпынай және өсімдік майлары К витаминіне бай.
K1 витамині өсімдіктердің жасыл жапырақтарында кездеседі, ал K2
витаминін қалыпты жағдайда адам ішегін мекендейтін бактериялар түзеді,
мысалы ішек таяқшалары. Дені сау организм, әдетте, K витаминіне деген өзінің қажеттілігін құнарлы тамақтанудың арқасынды толығымен өтейді. Алайда жүкті әйелдерге босанар алдында және нәрестелерге бұл витаминді қосымша беруге кеңес беріледі.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қорытындылап, ана мен бала денсаулығын нығайта түсудегі жұмыстардың кешенді түрде жалғаса беретіндігін жеткізді. Сонымен қатар «Бесік» балалар қоры» қоғамдық қорының төрайымы Алма Жансаринованың жас аналарға арналған дағдарыс орталығын ашу туралы ұсынысына қолдау білдірді.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.




