Мереке

30 қыркүйек — Мәдениет қызметкерлері күні

Алғашқы мереке

 

Республикамызда биылғы қыркүйектің соңғы жексенбісінде, яғни айдың отызыншы жұлдызында алғаш рет Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің күні атап  өтіледі. Мерекеге орай облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдиноваға бірнеше сауал қойған едік.

— Сіз облыс мәдениетінің тізгінін қолға алғалы үш жылдың жүзі болыпты. Содан бері мәдениет саласында не тындырылды, сол туралы айтсаңыз.

— Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасына байланысты жасаған баяндамасында: «Өркениетті ұлт төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» дегені бар.

Шынында, облыстағы мәдениет және өнер мекемелерінің ең басты мақсаты Ақтөбе өңіріндегі халыққа рухани және эстетикалық сұраныстарына сай сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету болып табылады.

Соңғы үш жылда осы салада болып жатқан жағымды жаңалықтың бірі  мәдениет мекемелерінің саны 33-ке артты. Қазір облыста  241 кітапхана, 205 мәдени-демалыс мекемелері, 17 музей, 3 кәсіби театр, филармония, планетарийлармен қатар  тарих, этнография және археология, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталықтары, тағы да басқа мекемелер  жұмыс жасайды.

2011 жылы Темір, Мұғалжар, Мәртөк аудандарында 6 мәдени мекеме жаңадан ашылды, оның төртеуі — кітапхана, екеуі — клуб. Алға ауданындағы жеке меншікке көшіп кеткен  Мәдениет үйі мемлекет қарамағына алынды.

Соңғы жылдары 66 мәдениет және өнер мекемелерінің ғимараттары  күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде  «Жол картасы» бойынша 6 селолық клуб салынды. Ресейдің Ржев қаласында 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы құрамында соғысқан ақтөбелік жерлестерімізге арналған мемориалдық кешен тұрғызылды. С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға, Қарғалы, Мұғалжар ауданындағы Орқаш, Қобда ауданындағы Талдысай ауылдарына кітапхана үшін ғимараттар сатып алынды.

«Мәдени мұра» аясында Алға қаласында «Тыңдаған көпшілікке сөзім дәрі» дейтін ақын Кердері Әубәкірге, Қарғалы ауданында «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовқа,  Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ақтөбеліктерге  ескерткіштер орнатылды.

Ырғыз ауданындағы Жаныс би тамын, Байғанин ауданындағы Індібай тамын реставрациялауға,  Қызылұйық тәрізді қасиетті орынды ғылыми-зерттеу жұмыстарына  республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

— «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты облыс көлемінде  тағы қандай шаруалар жүзеге асырылды?

— Осы бағдарлама аясында 100 мәдени және тарихи ескерткіштер республикалық тізімге алынып, оларға төлқұжат жасалынды. Аудандағы тарихи-мәдени мұралар мен табиғи  ескерткіштер хақында мәліметтер беретін кітаптар алдағы уақытта жарық көрмек. Сондай-ақ 1998-2011 жылдар аралығында Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жерленген жеріне қатысты зерттеу  жүргізген Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали бастаған экспедиция өз жұмысын аяқтады.

Қобда, Ойыл аудандарында Германия археологиялық институтымен бірлесіп қазақ-герман экспедициясы  жұмыс істеді.

— Соңғы кезде  «кітапқа қызығушылық жоғалды» деген әңгіме жиі айтылып жүр. Облысымызда кітапханалардың санының артуына қарағанда олай деуге болмайтын сияқты…

— Әрине, көзі ашық, көкірегі ояу адам кітап оқымай тұрмайды. Бүгінде кітаптар аз таралыммен шығады, бәрі бірдей  кітапханаларға түсе бермейді, дегенмен оқырманның сұранысы жоғары. Қанша жерден жаңа технология мен интернет желілері дамығанмен, кітаптың орнын баса алмайды. Сондықтан кітапханалға жаңа кітаптар сатып алу мәселесі кейінге шегерілмейді.

Үш жылдың ішінде облыс кітапханаларына  210,1 мың дана жаңа әдебиет  сатып алынды. Кітап қоры 4068,7 мыңға жетті.  Мемлекеттік тілдегі әдебиет жалпы кітап қорының 30 пайызын қамтыды. Ал электронды кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 3,5 мың  адамға жетті.  Кітапханаға келушілер саны да көп.

— Халыққа ақылы қызмет көрсететін  филармония, театр, тағы да басқа мәдениет мекемелерінің  табысы қалай?

—  Мәдениет мекемелерінің жұмыс сапасын көрсететін  нәрсе — ақылы қызмет аясының ұлғаюы болып саналады.  Соңғы үш жылда облыста 50 мыңнан астам мәдени-көпшілік, театр-концерттік бағдарламалар өткізілді. Оған 9,5 миллионнан астам көрермен тартылды.  Солардың бір-екеуін атасақ, 2009 жылы Ақтөбе қаласының 140 жылдығына орай Елбасының қатысуымен  өткен шараларды айтуға болады. Бейбітшілік және келісім алаңы, сулы-жасыл гүлзар, облыстық Достық үйінің ашылу салтанаты кезінде халық көп жиналды.

2009-2011 жылдары  облыстағы мәдени мекемелер  229,7 миллион теңге табыс тауыпты. Ақылы қызмет бойынша мекемелердің биылғы жоспары —101,7 миллион теңге табыс табу.

Мәдени-сауықтыру мекемелеріндегі клубтар мен үйірмелер мен оған қатысуға тілек білдірушілер саны жылдан-жылға артып келеді.

Облысымызда «халықтық», «үлгілі» атақтарына ие болған өнер ұжымдары да көбейіп келеді, жалпы саны 101-ді құрайды.

— Ақтөбе облысында мәдениет пен өнердің дамуына жақсы жағдай жасалып отыр деп есептейсіз бе?

— Облыс мәдениеті мен өнерін дамытуға қолайлар жағдайлар туғызылып,  Ақтөбені бірегей мәдени орталыққа айналдыруға талпыныстар жасалуда. Өңіріміздегі кәсіби өнер ұжымдары мен жекелеген өнер адамдарының шығармашылығын өрістету мақсатында облыс орталығында көрнекті шаралар өткізілді. Кеңестер Одағының батыры, ұшқыш-ғарышкер Пацаев атындағы ІІІ Астрономиялық олимпиадасы, республика көлемінде аталып өткен «Жұлдызды 50 жыл» атты ғарышкерлік апталығы,  VІІ Азиялық-Тынықмұхиттық астрономиялық олимпиада, Нұрсұлу Тапалова атындағы халықтық би ұжымдары мен жеке орындаушылардың «Назерке» және композитор жерлесіміз Бейбіт Оралұлы әндерінің «Елім» республикалық байқаулары өткізілді. Дәстүрге айналған халықаралық «Жұбанов көктемі»» хор музыкасы, «Aktobe-jazz-2011» атты джаз музыкасы фестивальдары, «Plein Air Aktobe» кескіндеме фестивалі, «Сабантой» мерекесі, тағы да басқа үлкен шаралардың өтуі мәдениет пен өнер саласына деген оң көзқарастың айғағы болса керек.

— Мәдениет саласында іске асырылуға тиісті қандай мәселелерді айтар едіңіз? Облыстық тарихи-өлкетану музейі, қазақ драма театры салынады деген әңгімелер естіліп еді. Дәстүрлі музыкаға  жанашырлық таныту жағы қалай?

— Облыстық тарихи-өлкетану  музейінің экспонаттары 100 мыңнан асты, ғимараты тарлық етіп тұрғаны бізге белгілі, оған арнайы ғимарат тұрғызу туралы мәселе  көтеріліп жүр, болашақта жүзеге асады. Ал облыстың бас жоспарына Т.Ахтанов атындағы музыкалық-драма театры енгізілген болатын.

Дәстүрлі өнерге келетін болсақ, алдағы уақытта Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында батыстың әншілік дәстүрін, Ақтөбенің жыршылық дәстүрін  алға апаратын бөлім ашылса деген ойымыз бар. Өйткені бізде дәстүрлі өнердің көрнекті өкілдері  жоқ емес, Гүлмарс Аманбаева, Ғазиза Сарқытбаевалар бар.

«Ел іші — өнер кеніші» дегендей, нағыз таланттар ауылдан шығады. Ел ішінде жүрген дарынды жастарға қамқорлық жасау, оларды үлкен сахналарға шығару үшін тынымсыз тірліктер жасалуда. Ауыл мәдениетін көңіл бөлу — біздің парызымыз.

— Мәдениет қызметкерлерінің алғашқы мерекесінде әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

—  Бүгінде облыста үш мыңдай мәдениет пен өнер ордаларының мамандары бар. Жалпы өнер мен мәдениет адамдарының мойнындағы жүк осал нәрсе емес. Жылдың қай мезгілінде болмасын облыс көлемінде  өтіп жатқан мәдени шаралардың бәріне атсалысады.  Сырт қарағанда олардың жұмыстары жеңіл сияқты көрінеді. Ән айтып, би билеп, көңіл көтеру ғана сияқты.

Сөз реті келіп тұрғанда мынаны айта кеткім келеді: 29 қыркүйек күні сағат 11.00-де Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры үйінде мерекелік салтанатты жиын болады, сонда мәдениет саласының үздіктеріне марапаттау рәсімі жасалады.

Ал осы салаға бар күш-қуатын арнап, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарға денсаулық тілеймін. Кәсіптеріңізден береке табыңыздар демекпін. Ел мәдениетінің деңгейін көтеруде қосар үлесіміз көп болғай!

 

Әңгімелескен Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button