Денсаулық

Туберкулез — емделетін ауру

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі  бойынша, жер шарының әрбір үшінші тұрғыны туберкулез микобактериясы инфекциясын жұқтырады. Жыл сайын әлемде 8 миллион 400 мың адам туберкулезбен ауырып, 2 млн. адам өмірімен қоштасады екен. Ем қабылдамайтын әpбip науқас 10 адамнан 15 адамға дейін ауруын жұқтырып үлгереді десек, дүниежүзінде әрбір минут сайын 1 адам осы кеселдің құрығына ілігіп жатады. Бірақ инфекцияны жұқтырғандардың 5-10 пайызының ағзасында ғана туберкулез бактериялары дамуы мүмкін. Республика медицинасын туберкулезге шалдыққандардың 75 пайызы 20 мен 40 жас аралығындағы адамдар құрайтыны алаңдатып отыр. 

…Ең алдымен өкпені зақымдайды, кейде Кох таяқшасы ми мен оның қабықшаларын, омыртқа, бүйрек, жыныс мүшелерін, лимфа түйіндерін, буынды және басқа да органдарды тұқыртады. Осындай «қасиеті» бар құрт ауруына қарсы жасалған «шабуылдардың» нәтижесінде соңғы жылдары облыс бойынша туберкулез жұқтыру көрсеткіші азайғанын облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бастығы Ерлан Тәтімовтен естіп, бұл туралы сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Статистика сөйлесе…

— Ерлан Асқарұлы, Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы туберкулез проблемасы бойынша Ұлттық орталықтың таратқан мәліметі бойынша туберкулез ауруына қатысты аймақтардың көрсеткішінде Атырау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары бірінші қатарда тұр. Қоғамды құлақтандыру мақсатында жарияланған маңызды мәлімет біздің облыстың «алдыңғы қатарда» жоқ екеніне көз жеткізеді. Ендеше біздегі статистикаға тоқталсақ…

— Туберкулез — ешқашан күн тәртібінен түспейтін проблема. Оншақты жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда біздің облысымыздағы көрсеткіші әлдеқайда төмендеді. Ол жылдарда тек біздің облысымыз емес, күллі республикада туберкулез ауруын тұншықтыру үлкен мәселе болып, жағдай ушығып тұрған еді. Мамандардың тынымсыз ізденісі, сауатты ем-дом, осы дерттің себеп-салдарын қоғамның дұрыс түсіну, үгіт-насихат жұмыстары біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы нәтижеге жеткізді. 2001 жылы мен Әйтеке би аудандық ауруханасының бас дәрігері болып жұмыс істедім. Сол кездегі туберкулезбен ауыратын адамдардың санын қазіргімен салыстыруға келмейді. Жаңадан ауырғандарды дер кезінде анықтау мақсатында облыс бойынша мен аудандар арасында алғашқы болып флюрография аппараты қондырылған автокөлікке қол жеткіздім. Енді, міне, сол 25 мың тұрғыны бар Әйтеке би ауданында осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 11 адам туберкулезбен ауырады деген мәлімет алып отырмын. Біз мұны, Ойылда, Қарғалы ауданында 4 науқастан тіркелгенін көріп, көпсініп отырмыз. Ал сол он жыл бұрынғы көрсеткішті қазір айтпай-ақ қояйын. Туберкулез жұқтырғандар жүздеп саналатын.

Енді сіздің сұрағыңызға қатысты статистикалық мәліметтерге тоқталып өтейін. Туберкулездің негізгі эпидемиологиялық көрсеткіші облыс аумағында 6,8 пайызға төмендегені рас. Мәселен, 100 мың тұрғынға шаққанда осы өткен 8 айдың ішінде 52 адам ауырған болса, өткен жылдың дәл осы кезеңінде 61 науқас тіркелген еді. Бірақ бөрікті аспанға ату әлі ерте. Себебі Темір, Ырғыз аудандарында туберкулез көрсеткішінің өсімі байқалып отыр. Сол сияқты Алға, Әйтеке би, Байғанин, Қобда, Мұғалжар аудандарында тіркелген балалар мен жасөспірімдер көп.

Тұрғындар арасында туберкулезге шалдыққандарды анықтау мақсатында бактериоскопиялық және рентген-флюорографиялық әдісті қолдану арқылы биыл жыл басынан 383,4 мың адам тексерілді.

Бүгінгі күні 440 науқас осында стационарлық ем қабылдап жатыр. Диспансер бір ауысымда үйден қатынайтын 200 адамға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар аудандарда туберкулезге қарсы ем беретін 4 аурухана жұмыс істейді. Әйтеке би ауданындағы ауруханада — 23, Мұғалжарда — 60, Темір ауданында — 60, Шалқарда — 60 және Қарғалы аудандық орталық ауруханасы жанындағы бөлімшеде 24 адам туберкулезден емделіп жатыр. Барлық аудандарда балаларды туберкулез инфекциясы табылған ошақтан оқшаулау үшін арнайы орындар бар. Оның ішінде Ақтөбеде, Ырғызда, Мәртөкте, Ойыл мен Шалқарда балабақшалар жұмыс істейді. Ал қалған аудандарда 497 баланы қамтыған мектепке дейінгі ұйымдар жанындағы санаторлық топтар балалардың апталап, айлап тұратын екінші үйіне айналып кетті.

Сонымен қатар 200 балаға арналған «Чайка» санаторийінде, 100 орындық Қурайлы мектеп-интернатында балалар денсаулықтарын нығайтуға қатысты арнайы ем-дом алады. Ал ересектерге арналған «Бершүгір» санаторийі 60 адамды ДОТС стратегиялық бағдарламасы негізінде емдейді.

 

Біз иттің етін жеп өскен жоқпыз!

— Әлеуметтік аурулардың қатарына жатқызылған туберкулезді емдеуге болады. Дәрігерлер осылай сендіреді. Дегенмен жыл сайын осы аурудың салдарынан адамдар жақын-жуықтарын жоғалтып жатады. «Қолды мезгілінен кеш серметкен» жағдайлар орын алмас үшін не істеу керек?

— Егер адам салмақ жоғалтса, қызуы көтерілсе, көкірек тұсына шаншу қадалса, өзінен-өзі терлеп-тепшіп жүрсе, бірден фтизиаторға көрінуі керек. Бұл — аурудың негізгі белгілері. Ал қант диабеті, бронхиалды астма, гастрит сияқты есепке қойылатын аурулардың тізілімінде тіркеуде болған жағдайда адам үнемі тексеріліп жүруі керек, өйтпесе ағзаның әлсіреген тұсын, иммунитеттің төмендегенін туберкулез микобактериясы инфекциясы бірден «сезіп қалады».

Адам жақсы тамақтануы керек. Біздің науқастардың арасында «иттің майын, борсықтың майын ішсем, құлан-таза айығып кетемін» деген қате түсінік те бар. Туберкулездің ең негізгі емі — спецификалық препараттар. Ауру асқынып тұрғанда «иттің майын ішіп жазыламын» деген — ақымақтық. Әрине, жақсы, майлы, калориялы тамақтар жеу керектігіне таласым жоқ. Ауруды жұқпалы сатысынан спецификалық препараттармен емдеп шығарғаннан кейін тиімді тамақтану үшін ас мәзіріне иттің майын қосқаннан гөрі қымыз ішіп, ағарған ішіп жүрген дұрыс болады. Біз иттің етін жеп өскен жоқпыз ғой. Біздің генімізде қымыз бар. Ата-бабаларымыз қымыз бен шұбаттың денсаулыққа пайдасын білген.

Туберкулезбен ауырып қалмау үшін денені шынықтыру керек, спортпен шұғылдану керек. Таза ауаға да жиі шыққан пайдалы. Мысалы, өзім осы жерде бір сағат отырамын да, далаға 10 минут жүріп келемін. Егер бір бөлменің есік-терезесін ауа өткізетін саңылау қалдырмай қымтап, туберкулездің жұқпалы сатысындағы бір адамды және сап-сау үш адамды қамап қойса, үш адамға инфекцияның жұғуы мүмкін. Ал далада, таза ауада, терезесі ашық көлікте, ғимаратта инфекцияның жұғу қаупі төмен. Одан қорықпаған дұрыс.

Жалпы адамзатты алаңдатып отырған көптеген аурулар сияқты туберкулез де өркениеттің дамуымен бірге келген ауру. Мәселен, 5 қабатты, 6 подъезді үйде 120 пәтер бар десек, әр пәтерде 5 адамнан, яғни бір үйде 600 адам тұрады. Өзіңіз пайымдай беріңіз. Бір күнде адамға бірнеше рет ауа тамшылары арқылы берілетін инфекция түрлерін жұқтыру қаупі төнеді.

Сонымен қатар туберкулезбен күресу тек қана диспансердің, ауруханалардың, медицина қызметкерлерінің жұмысы деп қабылдауды қою керек. Әр адам өз денсаулығы үшін алаңдағанда, жергілікті жерлерде басшылар осы дертпен күреске ден қойғанда ғана көп болып жеңу мүмкіндігі туады.

Мәселен, жергілікті әкімдіктер үй жағдайында емін жалғастыру үшін ауруханадан шыққан науқастардың жол ақысын төлеуге бағытталған арнайы бағдарлама бойынша қаражат бөледі. Биыл жылдың басынан бері 7293,1 мың теңгеге бағаланған азық-түлік, жол ақысы, коммуналдық қызметтің төлемі түріндегі осындай әлеуметтік көмекті 477 науқас алды.

Ал Ақтөбе қаласынан және Қарғалы ауданынан екі адамға пәтер берілді. Өткен жылы Темір ауданында да туберкулез дертіне шалдыққан адамның отбасына үй берілген еді. Әйтеке би ауданының әкімі ақшалай көмек көрсеткен.

 

Қызыл, сары, жасыл аймақтар

— Туберкулезге қарсы облыстық диспансердің басшылығы қызметіне тағайындалғаныңызға көп болған жоқ. Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды? Өткен көктемде науқастарға берілетін азық-түлік, дәрі-дәрмек төңірегінде дау-дамай болғанынан хабардар оқырманның көңіліндегі алаңды басу үшін айтарыңыз бар ма?

— Алаңдайтын ештеңе жоқ. Туберкулезді емдейтін ауруханаларға заң шеңберінде қойылатын барлық талаптарды сақтап, осы үйдің ішіндегі тәртіпті күшейтіп жатырмыз. Тәртіп болмай — ем болмайды. Үй деп отырғанымның мағынасын түсініп отырған боларсыз. Бұл жердің 10-15 күн емделіп шығып кететін жай аурухандан айырмашылығы, науқастар айлап-жылдап жатып емделеді. Сондықтан тамағы да, дәрі-дәрмегі де белгіленген мөлшерімен, мерзімімен берілуі керек.

Асханаға азық-түлік бөлетін блоктың жұмысын арнайы бақылауға алдық. Асханадағы тамақтың сапасын бас дәрігердің орынбасары, әр бөлімнің меңгерушілері күн сайын тексереді. Асханада кейбір отбасының асүйінде бола бермейтін калориясы мықты тағамдар әзірлеп беріледі. Үстелдердің үстін дәмханадағыдай әспеттеп, дастарқанның үстіне керек-жарағын ретімен қойғызамыз. Науқастар үйлерін сағынғанда үйдегідей болсын деп, «Үй тағамдарының аптасын» ұйымдастырамыз. Сол аптада 7 бөлімге арнап 7 түрлі дәм дайындалады — балық қуырып, котлет жасап, ет пісіреміз.

Бұл жерде әр бөлімнің өзінің асханасы бар екенін де айта кету керек. Асханаларда қызыл, сары, жасыл аймақтар бар. Әр науқас өзінің қай аймақта отырып тамақтануы керектігін жақсы біледі. Мәселен, ауруханаға туберкулездің жұқпалы формасымен түскеніне 2 апта болған науқас міндетті түрде «қызыл аймақтан» тамақтанады. Және әр бөлімнің өзінің асханасы бар. Ол жердегі ыдыс-аяқ сыртқа шығарылмайды. Осы жақында жаңадан әр бөлімге 3 комплектіден ыдыс-аяқ, екі комплектіден төсек-орын сатып алдық.

Көп жылдардан бері жөндеу көрмеген бөлімшелерді жөндеуді бастадық. Оның ішінде терапиялық корпус көптен жөнделмеген. Рентген, диспансерлік, диагностикалық, физио бөлімдер жаңарып қалатын болды.

Бұдан басқа осында жатқан науқастар біздің тарапымыздан адами қарым-қатынасты, мейірімді, қамқорлықты сезінулері үшін медицина қызметкерлерінен мәдениет сақтап, адамша сөйлесуді талап етіп отырмын. «Әрбір дәрігер психолог болуы керек» деген ұстанымымды жиі айта бастадым. Сөйлесіп қана қоймай, іспен дәлелдеу үшін осында өзім «Шахмат қалашығы» деп атаған ойын алаңын жасатып жатырмын. Ол жерде науқастар бір-бірімен әңгімелесіп, ойлары сергіп қайтуы керек.

Осында 60 бала емделіп жатыр. Кіп-кішкентай балалардың ерте жастан күрделі инфекцияны жұқтырып, ауырып қалғандары өкінішті. Сол балаларға анасындай бола алмағанымызбен, кішкене болса да мейірім шуағын сезініп жүргенін қалаймын. Ол үшін осындағы көне жиһаздарды сыртқа шығарып, түрлі-түсті бояулармен сырлап, балалар ойнайтын алаңқай жасап қойдық. Күн сайын тәрбиешілерімен бірге сол алаңда әткеншек теуіп жүргенін көргенде, көңілім жадырап сала береді. Қазір балалардың бөліміндегі есік-терезелерді, керуеттерді жаңартып жатырмыз. Күн сайын жеміс-жидек, көкөніс түрлері, айран, сүт беріледі.

Ал мектеп жасындағы балалардың оқуы үшін партасын, тақтасын, басқа да сабаққа керекті құралдарын қойып, 4 сынып-кабинет аштық. Мұғалімдер келіп сабақ өткізеді. Барлық бөлімде теледидар, тоңазытқыш сияқты бір үйге керекті жабдықтар бар. Осы баспасөз науқанынан бастап барлық бөлімге газет-журналдар жаздырып алып беретін боламыз. Келесі жылғы бюджетіміз қаралғанда науқастарға қымыз сатып алып беруді де жоспарға енгізетін боламыз.

Дәрі-дәрмек мәселесі де шешілді — проблема жоқ. Біздің қоймадағы дәрі-дәрмегіміз келесі жылдың соңына дейін жетеді. Әрбір науқасқа есептеліп қойылған дәрілерді химизатор-маман уақытымен беріп отырады. Сырттан келіп-кетіп ем алатын науқастарымыз да сол химизатордың қолынан алып ішеді. Қаланың өзінде және аудандарда 24 мекемеде 105 химизатор бар.

 

Қарағандыдан кейін екінші тұрмыз

— Енді туберкулезбен күресті медициналық тұрғыда күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып беріңіз.

— Біздің диспансердің 40 кереует қойылған өкпе-хирургия бөлімшесі бар. Онда өкпеге, плевраға, сүйекке операцияның барлық түрлері, ықшам резекция, лобэктомия, пульмоноэктомия, тракопластика жасалады. Жыл сайын жоспарлы операцияны 200 адамға жасаймыз. Бұл бөлімше соңғы жылдары Қарағандыдағы облыстық диспансерден кейін елімізде туберкулезді хирургиялық операциялар жолымен емдеу бойынша екінші орында тұр.

Негізінен хирургиялық ем консервативті әдіс жеткіліксіз болған жағдайда ғана қолданылады. Операция кезінде туберкулез зақымдаған өкпе тіндері кесіп тасталады. Яғни, хирургиялық әдістер туберкулездің мультирезистенттік түрімен ауыратын науқастарды, туберкулездің дәрі-дәрмекке көнбейтін суперрезистенттік түрімен ауыратын адамдарды емдеу кезінде кеңінен пайдаланылады. Облыс бойынша алғаш рет биопсия алу арқылы плевритті диагностикалау мен емдеуде торакоэндовидео хирургиялық әдісті енгіздік. Осы әдіс арқылы біз плеврит пе, туберкулез бе, әлде әдеттегі қабыну ма, онкологиялық процесс пе, соны тез арада анықтауға қол жеткіземіз.

Біздің хирургтер республикалық ұлттық орталықтарда ғана емес, Қазан, Мәскеу қалаларында білімдерін жетілдіру курстарынан өтіп қайтты. Бөлімшеде жаңадан жұмысқа алынған жас мамандар Н.Қалмақов, Т.Бейсенбаев сияқты тәжірибелі хирургтерден үйренеді.

Жалпы біздің диспансерде 550 адам жұмыс істейді, биыл М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін бітірген 3 жас маманды жұмысқа алдық.

Сөзімнің соңында туберкулез емделетін ауру екенін тағы ескерткім келеді. Мәселен, қан қысымының жоғарлауынан артериалдық гипертония деген өміріне қауіпті диагноз қойылған адам үнемі қан қысымын реттейтін дәрі ішіп жүреді. Ал туберкулезден дұрыстап емделген жағдайда құлан-таза айығып кетуге болады.

 

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Саламатсыздарма, тубдиспансерден болек калай тез арада емделуге болады туберкулезды, кандай дары немесе емдеушы адамдар болса?.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button