Қанат ЖҮНІСОВ: «Драматургия жалынан оңай сипатпайды»

Т.Ахтанов атындағы драма театрының қазақ труппасының бас режиссері Елтай Кемал астаналық жас драматург Қанат Жүнісовтің «Махаббат мелодрамасы», «Ғашықтық хикаясы» атты екі пьесасын сахналады. Бұл қойылымдар жастар тарапынан қолдау тапты. Ақтөбеге келген Қанат Жүнісовпен сөйлескен едік.
— Қанат, Ақтөбе сахнасында қойылған шығармаларыңыз туралы пікіріңізді білсек.
— Пьесаның авторы мен болғанымен, қойылымның иесі — режиссер. Бас сыншы — көрермен. Өз дүнием туралы не айтам? Театрдың әу бастан үгіт-насихаттық, тәрбиелік функцияны атқаратынын ешкім жоққа шығара алмайды, қазір спектакльдер таза ойынға, көңіл көтеруге құрылатын болды. Комедия болған соң оған қай қырынан келсе де сыя береді.
Астанада «Махаббат мелодрамасын» режиссер Шәріп Ұзақов сахналаған болатын, аншлагпен жүрді,
— Қанат, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында Кәукен Кенжетаевтың шеберханасында тәлім алған едіңіз. Сізді жұрт дәстүрлі әнші деп те таниды.
— Жалпы жасымнан қолыма қалам ұстап, өлең жаздым. Қойшының баласымын, көшпелі кітапхананың бар кітабын тауысып оқыдым, Қазақ радиосынан ән үйреніп, әңгіме тыңдап өстім. Журналист болсам деп армандайтынмын. Отбасында он екі ағайындымыз, бәріміздің де ән айтатынымыз бар, бірақ өнер жолын таңдағаны — мен ғана. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде Қайрат Байбосыновтан тәлім алдым, Арқаның әншілік дәстүрін жалғастырушылардың бірімін.
Әнімді айтып жүре берейін десем, бүйірім жазуға бұрып тұратын, содан Жүргенов атындағы театр және кино институтында жазушы Әкім Тарази драматургия бөліміне шәкірттер қабылдайды екен деп естіп, сонда құжатымды тапсырдым. Кәукен Кенжетаев музыкалық драма бөліміне ауыстырып алды. Сөйтіп тағы да жолым бұрылып кетті. Бірақ жазуға деген құштарлық мені тыншытпады.
Осы күнге дейін 200-ге жуық әнге сөз жаздым. «Аламан», «Бәйтерек» топтары айтып жүрген әндердің көбінің сөзі — менікі.
— Соңғы кезде драматург ретінде атыңыз шығып жүр, қанша пьеса жаздыңыз, қаншасы сахнада қойылды?
— Бұл салаға ден қойғаныма үш жыл болды. Жан-жағыма қарасам, елдің бәрі болмағанмен көбі түріктің, корейдің, орыстың сериалдарына естері кетіп, бір сериясын жібермей қарайтынын байқадым. «Осылардың сериалы жұрттың басын несімен шырмап алады екен?» деп қызығушылықпен қарасам, жай нәрсе, күнделікті өмірде болып жататын оқиғалар, соны сағыздай созып түсіре береді екен. Пьеса жазуыма сол түрткі болды. Кез келген адамның өмірі бір хикая ғой, ал жастарды махаббат тақырыбы еліктіреді. «Махаббат мелодрамасы», «Ғашықтық хикаясы», «Алғашқы махаббат» деген пьесалар жаздым, олар қойылды.
Жиырма шақты дүние жаздым, оның кейбіреулері көңілімнен шықпаса, енді біреулерінің илеуі қанбаған, қағазға түспегендері де жеткілікті.
Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының актері, кейін әдебиет бөлімінің меңгерушісі болғандықтан, қолымызға қазақ драматургтерінің шығармалары, аударма пьесалар жиі түседі, соларды оқисың, сахнаға лайық па, жоқ па деп саралайсың, соның бәрінің пайдасы тиген шығар. Астанадағы осы қазақ театрының негізін қалаған көрнекті режиссер, Қазақстанның халық артисі Жақып Омаров ағамыздың 70 жылдық мерейтойына арналған «Тұлғаға тағзым» атты пьеса жаздым, оны Астана театрында режиссер Болат Ұзақов қойды. Одан соң қазақ театр режиссурасында өзіндік қолтаңбасы бар режиссер, халық артисі Қадыр Жетпісбаевтың 70 жылдығына арналған «Алып жүрек» деген пьеса жаздым. Оны да Шәріп Ұзақов сахналады.
— Драматургия саласына келіп қалдыңыз, осы саланың қиындығы мен қызығына қаныға бастаған шығарсыз. Сізді не қинайды?
— Жазу деген — азапты дүние ғой. Драматургия деген оңай шағылатын жаңғақ емес. Қиналғанның көкесін енді көріп жатырмын. Шәкәрім Құдайбердиев туралы пьеса жазам деп оның үш кітабын басыма жастанып жүргелі біраз болды. Пьесада әрекет, тартыс болмаса, көп сөз көмекке келе алмайды. «Әншінің пірі — Әміре» деген пьесамды аяқталмай алмай жүрмін, қазақтың алғашқы астанасы Қызылордадағы театрға бірінші болып актерлік қызметке тұрған Әміре — дәстүрлі әнді опера деңгейіне жеткізіп шырқаған адам. Парижге барып ән салған, Мұстафа Шоқаймен кездескен, тағдырлы әнші. Өмірінің бәрін қамтығың келеді. Моноспектакль болады деп ойлаймын. Марқұм Ақселеу Сейдімбеков ағамыз: «Көркем шығарма деген есті адамның әңгімесі ғой» деп отыратын.
Мұхтар Әуезов Абай туралы пьеса жазғанда Айдар мен Ажарды ойдан қосқан ғой, ондай тартыссыз болмайды.
Қазіргі қазақ театрлары репертуарының 80-90 пайызы — аударма қойылымдар. Соған қарағанда, қазақ драматургиясы кенже қалып отыр деп есептеймін. Қазір қазақ драматургиясын екі топқа бөлуге болады: жазушылар жазған немесе режиссерлер жазған пьесалар деп. Талғат Теменов, Еркін Жуасбеков сияқты режиссерлердің пьесаларының тілі жұтаң, жазушылардың жазғандары ұзақ, іс-әрекеттен гөрі сөз көп.
— Ал енді осы салаға жаңадан келген адам ретінде осындай тығырықтан шығатын жол таба алдыңыз ба?
— Осыдан келіп мен мынадай ойға келдім. Режиссер мен драматург бірігіп жұмыс істеуі керек. Режиссер сахнаның заңдылықтарын жақсы біледі, шығарманың қаңқасын жасап берсе, драматург сөзін келістіреді. Екеуара жақсы дүние жасап шығарар еді.
Екіншіден, қазақ жазушыларының небір керемет шығармалары бар, солардың сахналық нұсқаларын жасайтын уақыт келді, егер Театр қайраткерлері одағы мен Жазушылар одағы осы істі бірігіп қолға алса, қазақ театрлары драматургиядан зәрулік көрмес еді. Театр сыншысы Әшірбек Сығаев ағамыздың: «Мықты режиссер жазушының күнделігінің өзінен мықты спектакль жасайды» дейтіні бар.
— Сіздің шығармаларыңызға да сын айтылып жатқан болар, ондайға қалай қарайсыз? Екіншіден, пьесаларыңызды жазғанда оны оқытатын, сынататын адамдарыңыз бар ма?
— Неге сын айтылмасын, бірден мінсіз драматург болу мүмкін де емес қой. «Алғашқы махаббат» деген пьесамды Көкшетаудағы мәдениет колледжі студенттері дипломдық спектакль ретінде сахналап, Мәскеуде өткен фестивальға қатысты, «Ең үздік шығарма» деген номинацияны жеңіп алды, Ресейдің театр сыншылары оң баға берді. Бірақ өзімізде оған сын айтқандар болды. «Бұл қайдан шыққан драматург, бұдан былай қолына қалам ұстамасын» деп. Сыналған жақсы, егер әділ болса. Одан тек ұтасың.
Біздің театрдың директоры, көркемдік жетекшісі, өнертанушы, театр сыншысы Еркін Тілеуқұлұлы менің жазғандарымнан хабардар әрі біздің театрда қойылып жатқан спектакльдер арқылы менің кемшіліктерімді байқап, өз ескертпе-пікірлерімен бөлісіп отырады. Ара-арасында пьесаларға қатысты айтысып-тартысып қалып та жатамыз.
Мен өз театрымызда қойылған спектакльдерді он рет қараймын, спектакльді көріп отырған адам «Енді не болады екен?» — деп отыруы тиіс. Қойылымның түпкі мақсаты белгілі болып қалса, несі қызық.
Еркін Жуасбеков маған спектакльдегі әр кейіпкердің басталған дүниесі аяқталуы тиіс деп пайдалы кеңесін бергені бар.
Қай шығармашылық адамын өсіретін нәрсе — талмай іздену. Өзімді нағыз драматург ретінде танытатын шығармаларым әлі де жазылады деп ойлаймын.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



