Әлеумет

Ресей көлігі көбейді…

Еліміз ескі көлік «қоқысынан» тазарады. Кеден одағының талаптарына сай, біздің елге соңғы бір-екі жылдан бастап «біреудің тамтығы» кіргізілмейді. Бұрын, мысалы, Германиядан, АҚШ-тан, т.б. елдерден тоқсаныншы жылдың басында шыққан көліктерді еркін алатын болсақ, қазір ескі көліктерді ішке кіргізе алмаймыз, оларға кеден органдары сәйкестік сертификатын бермейді. Бұрын өз елінде қаншалықты ескі болса да, біздің елде зауыттан жаңа шыққандай «су жаңа» болып есептелетін көліктерді сатып алсақ, «маған «қуып» әкеп берді» деп мақтанатын едік. Қазір «қуып» әкеліп беретіндер біраз аптықтарын басқан сыңайлы, себебі, алыпсатарлық бұрынғыдай олардың мұртын майламауы мүмкін.  Өйткені Кеден одағына енгеннен кейін бұл одаққа кірмейтін елдерден жеткізілетін автокөліктердің кедендік төлемдері бұрынғымен салыстырғанда үш есеге өскені белгілі.       

 

Ақтөбе облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті кедендік бақылауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Шынтас Бірімжановтың айтуынша, қазір Кеден одағы ішіндегі елдерден келетін көліктер саны бұрынғымен салыстырғанда сөзсіз артты. Себебі Ресей мен Беларусь республикасынан әкелінетін тауарлар шекарадан ешқандай кедергісіз, кедендік бақылаусыз өткізіледі. Оларға кедендік баж салығы салынбайды, бар болғаны 12 пайыз қосымша құн салығын ғана төлейді.

— Сырттан тасылатын көліктер жеке мақсатта пайдаланылатын және коммерциялық мақсатта пайдалыналатын көліктер болып екіге бөлінеді. Бұрын сырттан келетін көліктер Кеден органына тіркеліп, біздің ел ішінде бір жыл жүруге рұқсат алатын. Қазір Ресей мен Беларусь республикасынан  келетін көліктер қанша жүрем десе де, өз еркі. Ал бұл елдерден тыс жерден келетіндер бұрынғыша тек бір жылға рұқсат алады, кеден төлемдерін төлемейді және Кеден одағы ішінде емін-еркін бір жыл жүре алады, — дейді Шынтас Бірімжанов.

Ақтөбе облысы ІІД Жол полициясы басқармасы тіркеу, емтихан бөлімі бастығының орынбасары Омархан Сансызбаевтың айтуынша, Кеден одағына кіргеннен кейін біздің облысқа Ресей мен Беларусь республикасынан әкелінетін көліктер саны күрт артты.

— Мысалы, бұрынғы жылдары бізге Ресей мен Беларусь республикасынан  жылына 3-4 мың көлік әкелінетін болса, қазір жылына 14-15 мыңдай әкелінеді. Оның себебі, бұл елдерде, әсіресе, Беларусь республикасында дилерлер кедендік жеңілдік кезінде  өзге елдерден көлікті көбірек әкеліп алған. Қазір Еуроодаққа кіретін Германия, Латвия, Литва, Польша, Франция секілді бірнеше елдердің, АҚШ, Жапония, Канада, Үндістен, Малайзия, Қытай, Корея елдерінің көліктері негізінен Беларусь республикасынан тасылып жатыр. Кеден одағына кірмес бұрын, яғни 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін бір жыл бойы біздің елімізде де көлік кіргізуге кедендік жеңілдіктер берілді. Бірақ сол бір жылдың ішінде соншалықты көп көлік әкелінді деп айта алмаймын. Себебі сол кездегі талап бойынша бір адамға бір көлік қана әкелуге рұқсат берілді. Ақтөбе облысында сол жылы сырттан көлік әкелу 30-40 пайызға азайды. Сондықтан көлікті бізге қарағанда көптеп кіргізіп алған Беларусь республикасынан тасу тиімдірек болып тұр, — дейді.

Шынтас Бірімжановтың айтуынша, 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап 2011 жылдың 1 шілдесіне дейінгі аралықта жеңілдетілген тариф бойынша Ақтөбе облысына 8935 жеңіл автокөлік әкелінген. «Үкіметтің бұл қаулысының күші тоқтатылғаннан кейін, яғни 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап биылғы 1 шілде аралығында жеңіл автокөліктерді жеке пайдалану үшін әкелу көлемі біраз азайды», — дейді ол.

Ал ЖБП өкілінің айтуынша, басқа шетелдерден бұрын біздің облысқа жылына 30-40 мыңдай көлік әкелінсе, биылғы сегіз айда 25 мың көлік әкелініпті. Егер осы қарқынмен жалғаса берсе, жыл аяғына дейін тағы 10 мыңдай көлік әкелінуі мүмкін.

— Кеден одағына кірген соң көлікті шетелден тасу шығыны көбейгенімен, тұрғындардың көлік алу қарқыны бәсеңдеді деп айта алмаймын. Жол полициясы басқармасында ешқашан жаңа көлік рәсімдеген адам қарасы азайған емес. Қазір Ақтөбеде 168 мыңдай көлік бар. Қазір біздің облыстың тұрғындары құны 5 мың доллардан бастап 150 мың доллардан асатын көліктер мініп жүр. Бэнтли, Хаммер секілді құны тіпті қымбат көліктер де баршылық қалада. Көлік алушылардың 40 пайызы негізінен ұсталған көліктерді жиі ауыстырып тұрады, — дейді О.Сансызбаев.

Кеден одағынан тыс елдерден әкелінетін көліктерді тасушыларға қазір Ресей арқылы алып келу тиімді болып тұр. Себебі биыл 23 тамызда Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін Ресей кедендік баж салығын 5 пайызға төмендетті.

—  Біз бұл ұйымға 2013 жылы кіреміз деп отырмыз. Содан кейін бізде де кедендік баж салығы төмендейді, — дейді Ш.Бірімжанов.

Мамандардың айтуынша, Кеден одағының бұл талабы еліміздің автокөлік паркінің бұрынғыдан жаңаруына, және экологиялық жағдайдың жақсаруына септігін тигізеді. Екінші жағынан…

— Екінші жағынан, Ресей көліктерінің тым көбейіп кеткенін мен құптамас едім. Әрине, көліктердің барлығының техникалық жағдайы тексеріледі. Бірақ ресейлік көліктер мен, мысалы, немістердің көліктерін салыстыра алмайсың. Жаңадан шыққан «Нива Шевролеттен» гөрі Германиядан 10 жыл жүріп келген «Мерседес» әлдеқайда артық болуы мүмкін. Себебі, жүргізушілер жақсы біледі, Ресейден шыққан «Нива Шевролет», «Лада Приора», т.б. басқа көліктердің көбінің есіктері дұрыс жабылмайды, пештері нашар, қыста өте суық болады. Және 2-3 жыл жүргізгеннен кейін ол тіпті пайдаға аспай қалуы мүмкін, — дейді О.Сансызбаев.

Жақсысы —  Еуро-2 стандартына байланысты әкелінген көліктердің экологиялық жағдайға тигізетін жағымсыз әсері азаяды.

Еуро-2 стандарты деген не?

Ақтөбе облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті кедендік бақылауды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Қалыбек Айтмырзаевтың айтуынша, бұл — айналымға шығарылатын көліктердің экологиялық қауіпсіздігіне байланысты қойылатын техникалық регламент.

— Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылдың 29 желтоқсанындағы №1372 қаулысына сәйкес,  биыл елімізге әкелініп жатқан көліктер Еуро-2 стандарты, яғни екінші экологиялық кезең талаптары бойынша әкелініп жатыр. Оған сай емес көліктер елімізге кіргізілмейді, оларға сәйкестік сертификаты берілмейді. Әзірге біздің облыста бұл стандартқа сай келмейтін көліктерді әкелу дерегі тіркелген жоқ. Алдағы жылы Еуро-3 стандартына өтеміз, — дейді Қ.Айтмырзаев.

Еуро-2 және Еуро-3 стандарттарының кестелеріне қараңыз:

Екінші экологиялық кезең бойынша Техникалық регламент талаптарына, олардың шыққан жылына байланысты автокөлік құралдары мен ішкі жану двигательдерінің сәйкестігі кестесі

 

Автокөлік және оның двигателінің шығарылған елі Олардың шыққан жылына байланысты екінші экологиялық кезең талаптарына сәйкестігі

 

Еуропалық Одаққа* кіретін елдер. Бензин двигательдері 1997 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Еуропалық Одаққа* кіретін елдер.

Дизельді

1997 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
АҚШ 1996 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Жапония 1998 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Канада 2001 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Үндістан 2005 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Малайзия 2003 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Қытай 2004 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Корея 2001 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Ресей 2006 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Өзбекстан 2007 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Украина, М санаты 2006 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Украина, N санаты 2007 жылдан бастап және одан кейін шыққандар

 

Үшінші экологиялық кезең бойынша Техникалық регламент талаптарына, олардың шыққан жылына байланысты автокөлік құралдары мен ішкі жану двигательдерінің сәйкестігі кестесі

 

Автокөлік және оның двигателінің шығарылған елі Олардың шыққан жылына байланысты екінші экологиялық кезең талаптарына сәйкестігі

 

Еуропалық Одаққа* кіретін елдер. Бензин двигательдері 2001 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Еуропалық Одаққа* кіретін елдер.

Дизельді

2002 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
АҚШ 2001 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Жапония 2005 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Канада 2004 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Үндістан 2010 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Қытай 2008 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Корея 2003 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Ресей 2008 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Украина 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап және одан кейін шыққандар
Беларусь 2008 жылдан бастап және одан кейін шыққандар
Өзбекстан 2010 жылдан бастап және одан кейін шыққандар

 

* Еуропалық Одаққа мына елдер кіреді: Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланды, Польша, Португалия, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция және Эстония.


Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button