Әлеумет

Қарғалыға қыдырып келесіз!

Өлкенің туристік мүмкіншіліктерін арттыру мақсатында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Зере тур» ЖШС ұйымдастырған баспасөз туры Қарғалы ауданын аралады.

Мақсат — аймақтың тамаша табиғатын, әсем жерлерін халыққа насихаттау, ішкі туризмді дамыту. Бұл жолғы саяхатқа аудандардан кәсіпкерлер мен аудандық кәсіпкерлік, экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің өкілдері қосылды. Бағдарлама аясында «Ақтөбе облысында қонақжай үйлер жүйесін қалыптастыру және электр энергиясының баламалы түрлерін қолдану» тақырыбында семинар өтті.

Ақтөбеден Қарғалы ауданына қарай жол тартқан автобус әуелі Шилісай ауылындағы «Адай» түйе шаруашылығына тоқтады. Бұл жерде бағдарламаға қатысушылар қожалық басшысы Оразбай Лесов ақсақалмен сөйлесіп, түйе шаруашылығының қыр-сырымен танысты.

Оразбай ақсақал шаруашылықты 1992 жылы құрыпты. Қазір қожалықта елуден астам ірі қара, төрт жүзге жуық қой, жиырмаға жақын жылқы, қырыққа жуық ойсылқара тұқымы бар. Ақсақал төрт түліктің ішінде түйе шаруашылығына аса мән беріп отырғанын айтады.

— Ілгеріден мал баққан халқымыз түйенің еті мен сүті ағзаға шипа екенін білген. Мәселен, түйенің еті он бес түрлі ауруға ем болса, сүтінің шипалық қасиеті тіпті көп. Сондықтан осы шаруашылыққа көңіл бөлуді жөн санадым. Қазір отыздан астам түйе сауылады. Келіндерім мен балаларым  күніне төрт рет сауады. Әр түйе бір күнде  он екі литрден сүт береді. Қазір жұртшылық шұбаттың литрін 400-500 жүз теңгеден алып жатыр. Тапсырыс бойынша қаладан келіп алып кететіндер бар, — дейді ақсақал.

Шаруашылық басшысы төрт бие сауып, қымыз ашытып отырғанын айтты. Алайда шұбатқа қарағанда, қымыздың өтімі төмен.

Саяхатшылар ауладағы боталарды қызықтап, шұбаттан дәм татты. Бұдан кейін  балық шаруашылығымен айналысатын «Ардағым» шаруа қожалығына жол тарттық.

Аталған қожалық алты жылдан бері бекіре тұқымдас балықтарды өсіруді қолға алыпты. Аумағы бірнеше гектар алқапты құрайтын қожалықта бүгінгі таңда 10 мыңнан астам шоқыр, қорытпа, тұқы секілді балықтар өсіріледі. Шаруашылық өкілі Иосиф Цейц балықтарды  қалай баптау керек екенін түсіндірді. Мәселен, өзге елден әкелінген балықтар жаңа жерді жатсынбай, жерсініп кетуі үшін  үлкен еңбек қажет. Ал екінің бірі айналыса бермейтін бұл кәсіптің жандануына, әрине, қомақты қаржы керек. Осы тұрғыда қожалық Елбасының тапсырмасына орай арнайы дайындалған «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының қолдауына ие болыпты. Сөйтіп құны 35 миллион теңге тұратын жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылған. Яғни жоба аясында  қосымша 15 тоған салынып, автокөлік жолдары  жөнделеді. Ал 2016 жылдан бастап бұл жерде жылына жүз тоннаға дейін асханалық бекіре әзірленбекші. Қазіргі таңда қожалыққа қарасты тоғыз тоған бар. Тоғанға су Қарғалы су қоймасынан алынады. Әр тоғанның тереңдігі бес метрге жетеді. Бұл жерде 5 келіге 25 мың теңге төлеп жеке адамдар балық аулай алады.

Сапарымыз одан әрі жалғасты. Ақтөбе мен Ресейдің Жаманқала қаласын жалғастыратын тас жолдың бойындағы панто емханаға тоқтадық. Бұнда науқасты маралдың мүйізі арқылы емдейді екен. Қарғалы өзеніне жақын орналасқан екі қабатты қарағайдан салынған емханада науқастардың толық айығып кетуі үшін бар жағдай жасалыпты. Баспасөз турына қатысушылар емхана ішін аралап, осы жердегі кафеден балық жеді.  Бұдан кейін Жақсы Қарғалы өзенінің жағасында салынып жатқан «Зере тур» серіктестігінің қонақжай үйлер жүйесіне бағыт алдық. Бұл жерде серіктестік арнайы киіз үй тігіпті. Бағдарламаға қатысушылар киіз үй ішіне жайғасқан соң «Ақтөбе облысында қонақжай үйлер жүйесін қалыптастыру және электр энергиясының баламалы түрлерін қолдану» тақырыбында семинар өтті. Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожин семинардың мақсатын түсіндірді.  

— Туризм, оның ішінде экотуризм біздің елімізде енді-енді дамып келе жатқан сала.  Яғни біз әзірге тек туризмнің «әліппесін» оқудамыз. Сондықтан  өзімізді шет елге таныту үшін алдымен өзімізді өзіміз тануымыз керек. Осы мақсатта жыл сайын баспасөз турларын өткізуді қолға алдық. Мақсат —  бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз жеріміздің  тамаша табиғатын көпшілікке насихаттау. Бұл жолғы сапарымызға кәсіпкерлер мен аудандық кәсіпкерлік, экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің өкілдерін қостық. Себебі, біріншіден, туризм бізде кенже қалған сала болғандықтан оны дамытудың қыр- сырын біздің кәсіпкерлер жете түсінбейді, екіншіден, бір облыста тұрса да бір ауданның тұрғыны екінші ауданның табиғаты мен тарихи жерлерін білмейді. Сондықтан кәсіпкерлердің туризм саласына қызығушылығын ояту және осы сапардан кейін олардан  жобалар, ұсыныстар түсер деген ниетпен шақырып отырмыз, — деді Жалғас Балғожин.

Оның айтуынша, біздің аудандарымыздың қай қайсысында  да  елімізден, шет елден келетін қонақтарға көрсетуге лайықты жерлер көп. Мәселен, Мәртөктің табиғаты, Ырғыз, Әйтеке би, Мұғалжар аудандарындағы тарихи жерлер,  Ойылдың «Көкжар жәрмеңкесі» барлығы да сырттан келетін қонақтардың назарын өзіне аударта алады. Алайда оларды насихаттап, жұртшылыққа көрсетудің жолын білу керек. Осы тұрғыда ауылдағы кәсіпкерлердің белсенділігі қажет.  Туризм — табыс көзі. Ал оның ілімін білген адам экономикамызға да өз үлесін қоса алады.

Мәселен,  «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің бойы  ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Ал кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Мәселен, «Бизнестің жол картасы — 2020» секілді бағдарламалар арқылы несие және жеңілдіктер алуға болады. Ол үшін кәсіпкерлер бизнес жоспар құруы тиіс.

Ал «Зере тур» серіктестігінің директоры Ботагөз Крамбаева экотуризмнің артықшылықтарын cөз етіп, өзі қолға алған жобамен таныстырды.

Экотуризм — біздің еліміздің табиғатына қолайлы туризм түрі. Әрі бұндай туризм түрі ерекше жағдайды талап етпейді. Біз осы жобаны қолға алғанда көп ойландық. Облыстың барлық аудандарында экотуризмді дамытуға болады. Бірақ қаржылық мүмкіндігімізге қарай қалаға жақын, әрі табиғаты тамаша Қарғалы ауданын таңдадық. Қарғалы өзенінің бойынан  келушілер демалуға қолайлы қонақжай үйлер салуды жөн санадық. Қазір осы жердегі саман үйлерді жөндеуден өткізіп жатырмыз. Алғашқысы бір аптадан кейін іске қосылады. Және өзен жағасынан ағаштан шағын үйлер салынып жатыр. Бұлардың барлығы тұрғындар мен сырттан келетін қонақтардың көңілінен шығады деген ойдамыз. Бұл жерде демалудың өз артықшылықтары бар. Мәселен, келушілер  отбасымен немесе достарымен қонақжай үйдің біріне еркін орналасады. Бұнда қонақтың өз үйіндей сезінуі үшін барлық жағдай жасалынады. Бұған қоса аймақта шағын фермерлік шаруашылықтар құрылады. Яғни туристер мал бағу, ұлттық тағамдарды дайындау секілді шаруаларға өздері тікелей қатысып, қызықтай алады. Әрине, бұның барлығы бір күнде жасалатын шаруа емес, көп болып жұмыс істеуді талап етеді,— дейді туроператор жетекшісі.

Ботагөз Крамбаева осы тұрғыда  бірігіп жұмыс істейтін серіктестіктер табу қиын екенін айтты. Мәселен, шет елден келетін қонақтар Қазақстанды мал шаруашылығы дамыған ел ретінде қабылдайды. Және олар төрт түлікті өз көздерімен көргісі келеді екен. Ал еліміздегі кез келген тұрғын мал бақпайтынын ескерсек,  шет елдіктерге көрсете қою қиын. Сондықтан  қожалықтармен бірігіп жұмыс істеу керек. Ал ауылдағы қарапайым шаруа агротуризимнен хабары болмағаннан кейін, бірден бірлесе жұмыс істеуге келісе қоймайды.  Мәселен, Ботагөз Крамбаеваның айтуынша, агротуризм түрі көрші Өзбекстанда бір ізге қойылған. Бұл елде агротуризм пайда табудың негізгі көзі ғана емес, сонымен қатар  қосымша жұмыс орындарын қалыптастыратын тиімді үрдіс ретінде танылып отыр.

Бұған қоса туроператор жетекшісі  жазда киіз үйлер тігіп, ішін ұлттық жиһаздарға толтырғысы келетінін айтты.

Қазір шет елдіктерді евродизайн қызықтырмайды. Олар бұндай үлгідегі үйлерден жалыққан. Олар ұлттық, этностильдегі ерекше қонақ үйлерде тыныққанды тәуір көреді. Сондықтан біз сырттан келетін қонақтарды тарту үшін барлығына ұлттық сипат бергіміз келеді. Ол үшін алдымен өзіміз  ұлттық бұйымдарды қалай қолдану керек екенін біліп алуымыз қажет. Мәселен, осы жердегі киіз үйді қызметкерлер екі күн тікті. Ал білетін адамға бұл екі сағаттық жұмыс, — дейді туроператор жетекшісі.

Сондай -ақ Ботагөз Крамбаева электр энергиясына тәуелді болмау үшін  қонақ үйдің біріне күн сәулесінен қуат алып, энергия бөлетін арнайы қондырғы орнатыпты. Құны бір жарым миллион теңге тұратын қондырғыны «Bazis Grup kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орнатқан.

Бұндай қондырғыны алғаш рет Байғанин ауданындағы бір кәсіпкердің моншасына қойдық, кейін Ырғыздағы жылқы  шаруашылығымен айналысатын жігіттің үйіне орнаттық. Қазір олардың барлығы жұмыс істеп тұр. Бұндай қуат көзінің бір ерекшелігі — алыс ауылдардағы азаматтар энергия көзін алуда ешкімге тәуелді болмайды.  Мәселен, қондырғыдағы батарейка күн  сәулесінен қуат алып зарядталып, электр энергиясын шығарады. Мәселен, қонақ үйге қойылған қондырғы 220 вольттық тоқ береді. Яғни электр энергиясы арқылы жұмыс істейтін кез келген тұрмыстық заттарды қосуға болады. Егер қуатты арттыру қажет болса, қосымша  батарейка қондырылады. Қондырғы тұманды күндері де жұмыс істей береді. Ауа райының қолайсыздығы оған әсерін тигізбейді.  Қазір Еуропадағы көптеген елдер  энергияның осындай баламалы түрлеріне көшкен, — деді  «Bazis Grup kz» ЖШС ның директоры Естай Сексенбаев.

Жиынға қатысушылар серіктестік басшыларына сұрақтарын қойды. Кейбір ауданнан келген кәсіпкерлер неміс қондырғысына қызығушылық танытса, енді бірі экотуризмді қолға алуға бекінді.  Мәселен, ырғыздық кәсіпкер Самат Нұрбаев жол бойынан қонақ үй ашқысы келетінін жеткізді.

Семинардан кейін бағдарламаға қатысушылар іске қосылғалы тұрған алғашқы  қонақжай үйдің жанына тал екті. Бұдан соң  арнайы жайылған дастарқаннан дәм татты. Қарғалының керемет табиғатын тамашалады. Бірі тауға шығып серуендесе, енді бірі өзеннен балық аулады. Шараның соңында семинарға қатысқандарға сертификат берілді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button