Әлеумет

Еңбек қатынастарын жетілдіру желісі — кәсіподақ ұйымдарының алдындағы бір бағдар

Облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы Түрікпенбай АЙЖАРЫҚОВПЕН әңгіме

 — Қай қоғамда да өзіндік атқаратын орны бар кәсіподақ ұйымы бүгінде заман талабына орай ізденістер үстінде екені байқалады. Дегенмен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында кә­сіп­тік одақтар институттарын жаң­ғыртуға қатысты жол сілтеуі өмір қажеттілігінен туындағандай көрінеді.

«Мемлекет­тің еңбек қатынастарын жетіл­ді­ру мәселелерінің негізгі әріп­тес­терінің бірі – кәсіподақтар. Сонымен бірге, ең іргелі кәсіподақ орталығы – Қазақстан кәсіптік одақтар федерациясының қазіргі қызмет пішіні уақыт талабына сәйкес келмейді. Өйткені ол кеңестік үлгінің салалық қағи­даты бойынша құрылған» деп сын да айтылды сол еңбекте.

Осы тұрғыдан келгенде біздің облысымызда жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен байланыстырып, кәсіподақ қызметінің қазіргі ахуалына тоқталсаңыз.

— Кәсіподақтар — қоғам дамуының ажырамас бөлігі екендігі ақиқат. Негізінде адамдардың өнімді еңбек етуіне жағдай туғызу бірінші кезекке қойылатын сол қоғамда кәсіподақтардың атқарар шаруалары ұшан-теңіз.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарында кәсіподақ саласы да уақыт талабына сай қайта құруларды бастан өткеріп, заман ағымымен қанаттас дамып келеді. Соған қарамастан кәсіподақтардың еңбек адамының мүддесін қорғау, еңбек заңдылығын сақтауды қадағалаудағы қадамдары әлі де көздеген деңгейден көріне алмай келе жатқаны жасырын емес. Бұның әр түрлі объективті және субъективті себептері бар.

Елбасы кәсіп­одақтар қозғалысын жаңғырту жөнінде батыл қадамдарға баруды ұсынды. Бұл орынды айтыл­ған пікір екені даусыз. Жаң­ғыр­май, жаңармай алға басушылық болмайтыны сөзсіз.

Мемлекеттік құрылымдарда қайта құрулар ойдағыдай жүргізілгені баршаға белгілі. Ал кә­сіп­одақтар мұндай қадамдарға қол жеткізе алмады, сол себепті де қоғамдық өмірдің қарқынды дамуына жоғары деңгейде ілесе алмай келеді. Мұны мойындауымыз керек.

Соның өзінде кәсіподақтар босқа қарап отыр деген ой тумауы тиіс. Қа­зіргі таңда кәсіподақтар салалық жолмен құрылып, қызмет жасай отырып, көптеген өзекті мәселе­лердің оң шешілуіне ықпал етіп келеді. Біздің облыстық кәсіп­одақ­тары кеңесі 1223 бастауыш ұйымдарды біріктіретін салалық кәсіподақтардың сегіз облыстық, бір қалалық, жиырма бес аудан­дық және оған теңестірілген ко­ми­теттерінен тұрады. Олардың құрамында мүшелер саны қазір 123770-ке жетті. Үстіміздегі жыл­­дың алғашқы жартыжылды­ғын­да ғана 2091 адамның кә­сіп­одақ мүшелігіне қабылдануының өзі еңбек адамдарының бұл ұйымға деген сенімінің күн санап артып келе жатқанын көрсетсе керек.

Біз кеңеске мүше кәсіподақ ұйымдары жұмысшыларының ең­бек және әлеуметтік-эконо­ми­калық құқықтарын қорғауға байланысты анағұрлым тиімді жұ­мыстар жүргізуге мүдделілік негізінде және әлеуметтік әріп­тес­тіктегі өңірдегі өкілетті өкіл ретінде өңірлік, салалық ке­лі­сім­дердің, кәсіпорындар мен меке­мелердегі ұжымдық шарттардың жобаларын дайындауға тікелей араласып, жұмыс берушілермен келіссөз жүргізуге ұйытқы боламыз.

Соған байланысты облы­сы­мыздағы келісімдер мен ұжым­дық шарттардың басым бөлі­гінде жылма-жыл әлеуметтік бағыт­та­ғы шаралар, кәсіп­орын­дар жұ­мы­сының тұрақтылығын қамта­ма­сыз етуге, еңбек қауіп­сіздігін сақ­тауға, жұмысшылар мен олардың отбасы мүшеле­рінің денсаулы­ғын жақсартуға бағытталған шарт­ты міндетте­мелер көлемі ұл­ғайып келеді. Осындай ұйым­дас­тыру жұмыс­тары мен бірлескен нақты іс-қимыл шараларының нәтиже­сінде өңірде әлеуметтік тұрақ­ты­лық сақталып отыр.

Кәсіподақтар еңбек заңды­лық­тарын сақтау, еңбек қауіп­сіз­дігі, басқа да еңбек жағдай­ла­рына байланысты өзекті мәсе­ле­лерді ұдайы назарда ұстап келеді.

Алайда кәсіподақтардың да қолын байлайтын жайттар бар. Еңбек заңдылықтарында жетіл­ді­ре түсетін тұстары да кездеседі. Біздіңше, ҚР Еңбек Кодексінің 281-бабындағы міндеттемелер қа­былдаудағы тараптардың ер­кін­дігі және кәсіподақ қызмет­керлерінен басқа жеке және заңды тұлғалардың өкілетті болып қалуы жетілдірілмегендікті білдіреді. Кәсіпорындардағы бас­қа өкілмен жасалған келісімшарт қауқарсыз болып қалады. Бұған «Жаңа Әлжан» ЖШС-мен жасалған ұжымдық шартты мы­салға келтіруге болады. Оған жұмысшылардың атынан серік­тес­тіктің бас директоры мен орынбасары қол қойған. Бұл ұжым­дық келісімшарт облыс­та­ғы өкілетті органнан мониторингтен және тіркеуден өтіп кеткен.

— Бірқатар ұжымдарда кәсіподақ ұйымын құрудың қажеттілігі бар ма деген күмәнді сұрақ берік орныққан секілді. Осыған байланысты кәсіподақ жетекшісі ретінде ойларыңызды ортаға салсаңыз.

— «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Елбасымыз «Кә­сіптік одақтар туралы тиім­ді­лігі төмен заңнама елеулі түйінді мәселе болып табылады. Онда ұжымдық шарттар, тараптардың оларды орындауға жауаптылығы туралы қағидалар онша дәл баян етілмеген» деп ашып айтқан болатын. Яғни, қазір кәсіподақтар қозғалысын жаңғыртудың күн тәртібіне шығарылуы орынды. Бұл мәселені шешу үшін еңбек заңдылығының ұжымдық келі­сімшарт анықталатын бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар ен­гізетін кез жетті.

ҚР Еңбек ко­дексінің 282-бабына сәйкес ұжымдық келісімшарт жасасу­дың бастамашысы кез келген тарап бола алады. Кәсіподақ жоқ еңбек ұжымының бастамашы болуы мүмкін емес, соған қарамастан жұмыс беру­шілер әлі де өздерінде кәсіподақ ұйымын құруға құлықтылық танытпайды. Бұл да заңмен реттелуі қажет.

Бұған сауда және шағын бизнес саласында орын алып отыр­ған жағдайды мысалға келтіруге болады. Мысалы, «Анвар», «Кабиев и К» «Олжа» жауапкерші­лігі шектеулі серіктестіктері сияқ­­ты ірі сауда желілерінде және басқаларында кәсіподақ ұйымын құруға мүмкіндік бермеуде, ұжымдық келісімшарт жасасудан жалтарады, әлеуметтік пакет жоқ. Бұлардың қатарына «Аис», «Париж коммунасы» жауапкер­ші­лігі шектеулі серік­тестіктерін де қосуға әбден болады. Нәти­же­сінде әлеуметтік-еңбек заңды­лық­тары бұзылады, бизнестің әлеуметтік жауапкер­ші­лігіне еш­қандай бақылау болмайды.

Міне, осындай олқылықтар кәсіподақ ұйымы қажет пе, жоқ па деген сауалға жауап берері сөзсіз. Қарапайым сөзбен айтсақ, жұмысшылар қандай да бір жағдайда өздері бас біріктірігенмен белгілі бір ресми ұйымға арқа сүйемей, мәселелерін шеше алмайды. Ол ұйым, әрине, кәсіподақ ұйымы болмақ.

— Ұжымдық келісімшарттың мәні қазіргі уақытта жоғары бағаланып жүр. Дегенмен, барлық жерде бірдей ол талапқа сай жасала ма? Ұжымдық келісімшарт жасалмаған жерде жұмысшы талабы қалай қорғалады?

— Егер заң тілімен сөйлесек, Еңбек кодексіндегі еңбек қатынастарының құқықтық нормаларының шамамен оннан бірінен астамы іс жүзінде тікелей қолданысқа ие. Нақты айта кетер болсақ, бұлар — жұмыс уақытының ұзақтығы, үстеме жұмыстардың шекті мөлшері, жыл сайынғы ақылы демалыстар, сондай-ақ әлеуметтік демалыстар, айлық жалақының ең төменгі мөлшері, тағы басқалары. Бұған еңбек ерекшеліктеріне сәйкес мемлекет тарапынан белгіленген кепілдіктер мен жеңілдіктерге қатысты нормалар да кіреді.

Осы арада ерекше ескеретін бір мәселе — әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерінің басым бөлігі ұжымдық шарттар арқылы реттеледі. Бұл қағидалар Кодекстің төрт тараудан тұратын «Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік және ұжымдық қаты­нас­тар» деп аталатын арнау­лы бөлімінде нақты белгіленген. Әріп­тес­тіктің міндеттері, принциптері, мазмұны, оның республикалық, салалық, өңірлік және ұйымдар деңгейіндегі органдары, нысан­дары мен тарап­тары заңмен бе­кітілген. Осы тұрғыдан келгенде әлеуметтік, еңбек және осылармен өзектес экономикалық қаты­нас­тарды реттеу үшін ұжымдық шарттар жасау міндеттілігі заң та­лабы.

Ұжымдық шарт ең алдымен қарапайым жұмысшы үшін қажет. 2008 жылы Жезқазғанда өткізілген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы республикалық форумда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұжымдық келісімшарт жасаңыз!» акциясына бағдар берген болатын. Нақ осы құжат бүгінде жұмысшы-қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мен қорғаудың сенімді көзіне айналып отыр.

— Кәсіподақ беделін нығайту бағытында қандай іс-шаралар қолға алынуда? Бастауыш ұйым мен облыстық кәсіподақтар кеңесі арасындағы ішкі байланыстар қалай өрбуде?

— Соңғы уақыттағы «Күшті бастауыш ұйым — күшті кәсіподақ» жылын өткізу бойынша жүргізілген шаралар нақ осы міндеттерді жүзеге асыруға жол ашты. Кәсіподақтардың XXII съезінің бағдарламаларында да бастауыш кәсіподақ ұйымдарының беделі мен рөлін көтеруді көздейтін шаралар белгіленді.

Облыстық кәсіподақтар кеңесі «Үздік кәсіподақ ұйымы» байқау-конкурсын, «Жылдың үздік ұжымдық келісімшарты» конкурсын өткізді. Бастауыш ұйымдармен жұмыстың жаңа формалары енгізілді. Аудандарда облыстық кәсіподақтар күндері өтетін болды. Мәселен, бастапқыда Хромтау және Мәртөк, Мұғалжар аудандарында ұйымдастырылды. Кейін басқа жерлерде жалғасты. Оған қатысушылардың пікірлері мен шара нәтижелері мұндай тәжірибенің  өте жемісті болғанын көрсетті.Осы аптада мұндай шараны Алға ауданында өткізбекшіміз.

— Кәсіподақтың ықпалы қандай болу керек? Кәсіпорындар мен ұйымдарда болатын еңбек дау-жанжалдары, басқа да шиеленістерде бұл ұйым қандай деңгейде көрініп жүр деген сауалға мысалдармен жауап берсеңіз.

— Халықаралық тәжірибеде жұмысшылар кәсіподаққа бірігіп, белгілі бір әлеуметтік кепілдіктерге, жалақыларын арттыруға, еңбек жағдайларын жақсартуға және өз құқықтарын қорғауға қол жеткізетіндігі айқын.

Осындай бағыттарда біздің облысымызда көптеген істер тындырылуда. Нақты айтар болсақ, қай кәсіпорында болмасын, шиеленісті жағдай туындай қалғанда біздің ұйым сырт қалып көрген емес.

Мәселен, бірер жылдықта «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы еңбек ұжымында әлеуметтік шиеленістер орын алғанын жұртшылық жақсы біледі. Мұнайшылардың басты талабы жалақыны көтеру туралы еді. Ахуалды қалыпқа келтіруді келіссөз арқылы шешуге билік органдарымен бірге кәсіподақтардың облыстық басшылығы да араласты. Нәтижесінде мұнай саласындағы жұмысшылардың еңбекақысын 25 пайызға көтеруге қол жеткізілді. Бұл — сегіз мыңдай адамы бар ұжымдағы шара екенін ескерсек, қанша отбасының материалдық игілігі ілгерілегенін байқауға болады. «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы кәсіпорындарында еңбекақы 20 пайызға көтерілген тұста ақтөбелік он бір мыңнан астам отбасы бюджеті нығайды.

«Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны» ЖШС-ындағы ахуал да біршама асқынғанына қарамастан оң шешімін тапты. Бұл ретте де  кәсіподақтар белсенділік танытып, басты роль атқарғанын атап өтуге болады. Мұнда негізгі мамандық иелерінің еңбекақысы арттырылып, қосымша үстемелер белгіленді.

«Сан Дриллинг» ЖШС, «Шығысмұнай және сервистік қызмет көрсету» ЖШС, «М-техсервис» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және бірқатар ұжымдардағы кәсіподақ комитеттері жұмысшылардың еңбекақыларын көтеру бағытында біршама істер тындырды. Дөң тау-кен байыту комбинатында орын алған тартысты жағдайлар келіссөздер жүргізу арқылы  реттелді. Мұнда да еңбекақы 20 пайызға арттырылды.

Мынадай жағдайларды да атап өткім келеді. «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны» ЖШС мен «Шығысмұнай және сервистік қызмет көрсету» ЖШС ұжымдарында жұмыс берушінің кінәсінен жұмыс болмай қалған кезде біз жұмысшыларға еңбекақысының 50 пайызы сақталуына қол жеткіздік. Осылайша 3000-нан астам жұмысшының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау өзара түсіністік пен талап қою нәтижесінде жүзеге асырылды.

— Кәсіподақ атқаратын басқа да жұмыстар туралы айта кетсеңіз.

— Облыстың кәсіподақ ұйымдары жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлуде. Бұл ретте жас мамандарды ынталандыру, оларды аға буынның үлгісінде қалыптастыру басты назарда ұсталады. Біз облыс әкімшілігімен бірлесе отырып жыл сайын «Үздік жас жұмысшы» конкурсын өткізе бастадық. Осы ауқымда ұйымдастырылған «Газэлектр дәнекерлеушісі мамандығы бойынша үздік жас жұмысшы» конкурсы кез келген адам қолға ала бермейтін қиын кәсіптің иелерін қолдау, көтермелеу бағытын ұстанды. Одан кейінгі жылы ауыр салмақты көлік жүргізуші жастар арасында осындай бәсеке ұйымдастырылды. Оған жалғасып электр монтерлері өз біліктіліктері бойынша бақ сынады. Мұның бәрі жастарымыздың мамандықтарын жетілдіруіне, кәсіби шеберліктерін арттыруына құлшындырады.

Осындай және басқа шаралар арқылы да жұмысшылар кәсіподаққа деген сенімін нығайта түсті. Қазіргі уақытта кәсіподақтың ықпал етуімен көптеген мәселелер оңтайлы шешіліп келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған «Қа­зақ­станның әлеуметтік жаңғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде «ҚР Үкіметі 2012 жыл­дың аяғына дейін кәсіптік одақ­тар туралы заңнаманы кешенді талдаудан өткізсін және оны өзгерту жөніндегі заң жобасын жасасын» деп қадап тапсыруы алдымызда ауқымды міндеттер тұрғанын көрсетеді.

Біздің жұмыс ауқымымыз да сол арнадан табылады деп ойлаймыз және соған қарай білек қосып ұмтыламыз.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button