Әлеумет

Діни бірлестіктерге қойылар талап бір

25 қазанда Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес діни бірлестіктерді қайта тіркеуге берілген бір жылдық мерзім аяқталады. Алайда аталмыш рәсімді өткізудің қажеттілігі туралы әлі күнге дейін айтылып жүр. Осыған орай Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Әзілхановпен әңгімеміз қайта тіркеудің маңыздылығы және осы үдерістің барысы жайында өрбіді.

Марат Алмасұлы, діни бір­лес­тіктерді қайта тіркеу дін са­ласындағы ең өзекті және көп тал­қыланып жүрген мәселелердің бiрi. Заңда бұл рәсім қалай бекітілген?
— 2011 жылдың 11 қазанында Мемлекет басшысы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы­на қол қойды. Заң мәтіні осы жылдың 15 қазанында жарық көр­ді және 10 күн өткеннен кейін заңды күшіне енді.
Менің ойымша, аталған актіні қабылдау Қазақстан Республика­сында мемлекеттік-діни қатынас­тар­ды дамытудағы жаңа бір ке­зеңді белгіледі. Жиырма жылдың ішінде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» бұрынғы заң қолданылған тұста қоғамдағы діннің рөлі күрт артуы жағдайында мемлекет пен діни қауымдардың өзара іс-қимыл жа­сауының қолданыстағы үлгісін жетілдіру қажет болды. Ал бұрын қолданылған құқықтық ережелер үнемі уақыт талабына сай болған жоқ.
Жаңа заңға енгізілген маңыз­ды жаңалықтар ол діни бірлес­тік­тердің мәртебесін нақтылайтын ережелер, сондай-ақ оларды тір­кеу және қайта тіркеу рәсімі бо­лып табылады. Заңның 24-бабына сәйкес діни бірлестіктер заң қол­данысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде жаңа талап­тарға сәйкес өздерінің құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізуге міндетті. Сонымен, бір мезгілде тіркеуші органға діни бірлестіктің мәртебесін растайтын құжаттар табыс етіледі. Осылайша бұл ере­жеде еліміздің аумағында қызмет ететін барлық діни бірлестіктердің қайта тіркеуден өтуі қарасты­рыл­ған.
Діни бірлестіктердің қайта тіркеуден өтуі үшін қандай құжат­тар өткізу қажет?
— Қайта тіркеу үшін қажетті құ­жаттар тізбесі «Заңды тұлғалар­ды мемлекеттік тіркеу және фи­лиал­дар мен өкілеттіктерді есептік тіркеу туралы» заңда көрсетілген. Осы нормативтік актіге сүйенсек, заңды тұлға қайта тіркеу туралы тиісті өтінішті беруге міндетті.
Бұдан басқа, тіркеуші органға уәкілетті органның, яғни діни бірлестіктің жалпы жиналысының құрылтай құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімі не шешімнің көшірмесі өткізіледі. Әдетінше бұл құжат жалпы жиналыстың хаттамасы үлгісінде ұсынылады.
Қайта тіркеу үшін ұсынылатын ең негізгі құжат заңнама талап­та­рына сай келтірілген діни бір­лестіктің жарғысы. Сондай-ақ бюджет­ке заңды тұлғаларды мем­­­­ле­кеттік тіркеу үшін төлемді рас­тайтын құжат ұсынылады. Со­нымен қатар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның талаптарына сәйкес діни бірлес­тіктерді құруға бастамашы азамат­тар тізімдері беріледі.
Құрылтай құжаттарына дін­тану сараптамасын әділ жүргізу үшін діни бірлестіктер діни ілім­нің пайда болу тарихы мен негіз­дерін ашып көрсететін және осы ілімге сәйкес келетін діни қызмет туралы мәліметтер қамтылған діни баспа материалдарын (кітап­тар) да өткізуге тиісті.
Діни бірлестіктің жарғысына қандай талаптар қойылатынын нақты түсіндіріп кетсеңіз.
— Жарғы — діни бірлестіктің негізгі құжаты болып саналады, оның негізінде діни қызмет жүр­гізілетін болады. Міне, сондықтан осы құжаттың маңыздылығын ес­кере отырып, белгілі бір талаптар қойылған. Олар заңның 16-ба­бында толық жазылған.
Сонымен бірге жарғыда діни бірлестіктің атауына, қызметінің мәні мен мақсаттарына, орналас­қан жерiне және оның шегінде өз қызметін жүзеге асыратын аума­ғына және т.б. қатысты бірқатар міндетті компоненттер болуы қа­жет. Бұдан басқа, аталған құжатта діни ілімнің және діни қызметтің негіздерін, сондай-ақ діни бірлес­тіктің негізгі діни идеялары мен қызметінің түрлерін ашып көрсе­тетін мәліметтер қамтылуы тиіс.
Бұл жерде айтылуға тиіс мәсе­ле, жарғыда діни бірлестіктің неке мен отбасына, білімге, осы діни бірлестік мүшелерінің және басқа да адамдардың денсаулығына, оның мүшелері мен қызметші­лерінің конституциялық құқық­тары мен міндеттерін іске асыруға көзқарасы қамтылуы маңызды.
Қайта тіркеу үдерісінде мін­детті түрде жүзеге асырылатын дін­тану сараптамасының нәти­жесі жарғыда көрсетілген мәлі­мет­терді толық және әділ ашып көрсетуге тікелей байланысты болып табылады.
Марат Алмасұлы, діни бір­лестіктер қайта тіркеуден өту үшін құрылтай құжаттарын дайындау кезінде тағы қандай құжаттарды ескеруге тиісті?
— Біріншіден, діни бірлестіктің атауы ұстанатын діні мен мәрте­бесін қамтуға тиіс.
Біз діндердің көптігін және олардың көптеген конфессиялар мен деноминациялардан тұраты­нын ескеріп, бірлестік атауларын­да ұстанатын дінін барынша дәл көрсетуді сұраймыз.
Екіншіден, тиісті мәртебені (рес­публикалық, өңірлік немесе жергілікті) діни бірлестіктердің өздері мүмкіндіктеріне қарай белгілейді, мәртебе ұйымның то­лық атауында көрсетіледі.
Бірлестік атауы мемлекеттік органдардың, басқа да діни бір­лес­тіктердің,

сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуына байланысты тыйым са­лын­ған немесе таратылған діни бірлестіктердің атауын толық не­месе оның елеулі бөлігінде қайта­ламауға тиіс.
Бұл жерде бір конфессиялық топтың діни бірлестіктерінің атау­лары ұқсас болып, бірақ олар өздерінің қызметін жүргізетін аумақты белгілеумен ерекшеленуі мүмкін екенін айта кеткен жөн.
— Демек, діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмысына бірнеше мемлекеттік орган қатысады ғой.
— Әрине. Бірқатар мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде діни бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеу үдерісінде тиісті қыз­меттерді атқаруда.
Мемлекеттік тіркеуді және қайта тіркеуді тікелей әділет ор­ган­дары жүзеге асырады. Бұл рет­те республикалық діни бiрлес­тiктердi және өңірлік діни бір­­лес­тіктерді мемлекеттiк тiр­кеудi Әдiлет министрлiгi жүзеге асырса, ал жергілікті діни бірлес­тіктерді мемлекеттік тіркеуді, фи­лиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді аумақтық әдiлет орган­дары жүзеге асыруда.
Алдымен діни бірлестіктер құ­рылтай және өзге де құжаттарын Халыққа қызмет көрсету орталық­тарына ұсынуы тиіс.
Өз кезегінде, дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретін­де құрылған Дін істері агенттігі заң­ның 4-бабына сәйкес діни бірлестіктердің жарғыларына жә­не өзге де материалдарына дiнтану сараптамасының жүргiзiлуiн қам­та­масыз етедi.
Сондай-ақ біздің департа­мент­тер басқа құзыретті орган­дар­мен өзара бірлесіп, діни бір­лестіктерді құруға бастамашы аза­­маттар тізімдеріне тексеру жүр­­гiзуде.
— Қайта тіркеу жұмысында қан­дай қиындықтар боп тұрады?
— Білесіз бе, құрылтай құжат­тарына дінтану сараптамасын жүргізу кезінде кей жағдайларда, шынында да, құжатты мазмұны жағынан бағалау қиынға соғады. Әсіресе, діни бірлестіктердің жар­ғыларында олардың қыз­метінің мәні бойынша әртүрлі түсініктемелер жиі беріледі, мәсе­лен, белгілі бір конфессиялық топ өзіне тән емес діни тәжіри­белерді көрсетеді. Мәліметтерді бұрмалау фактілері және жалған деректерді пайдалану орын ала­ды.
Кейде діни бірлестіктер өзде­рі­нің діни ілімін таныту үшін қа­жет болатын канондық және өзге де діни негіздердің орнына зайыр­лы еңбектердің санатына жата­тын дінтану бағытындағы мате­риалдарды ұсынады. Ал кейбір діни бірлестіктер өз әдебиеттерін мүлдем өткізбейді, осылайша са­рапшыларға сапалы сараптама жүргізу мүмкіндігі берілмейді.
Діни бірлестіктерді құруға бас­тамашы азаматтар туралы мә­ліметтерде жекелеген діни ұйым­дар жалған деректерді де қосып жіберген. Мәселен, құрылтай тізім­дерінде кәмелетке толмаған адамдар бар, ал бұл заңнаманы бұзушылыққа жатады. Сондай-ақ бірлестікті құру аумағында тұр­майтын және құрылтай жина­лысына мүлдем қатыспаған адам­дар да көрсетілген. Тіпті тізім­дерде Қазақстанның азаматы емес, жай ғана елімізде тұрақты тұру­ға рұқсат алғандардың да енгізілуі орын алды.
Осы үдерістің басқа да тұс­та­рымен қоса алғанда, бұл айтыл­ғандар, әрине, материалдарды қа­­рау мерзіміне теріс әсер етіп отыр.
— Аталмыш рәсімнен өтіп үлгер­меген немесе өтуден бас тартқан ұйымдарды не күтіп тұрғаны жайын­да не айтар едіңіз?
— Жоғарыда айтылғандай, діни бірлестіктерге құрылтай құ­жат­тарын заң талаптарына сәй­кес­тендіру үшін бір жыл берілген болатын, 2012 жылғы 25 қазан ең соңғы күн болып есептеледі. Көр­сетілген мерзім өткеннен кейін қайта тіркеуден өтпеген заңды тұлғалар мемлекеттік тіркеуді жү­зеге асыратын органның жүгінуі бойынша сот тәртібімен тараты­лады. Яғни көрсетілген мерзім өткеннен кейін құрылтай құжат­тарын заңнама талаптарына сәй­кес­тендірмеген бірлестіктер қыз­метінің заңдылығы туралы мәселе туындайтын болады. Өкінішке қарай, қазіргі кезде діни бірлес­тік­тердің біразы заңның осы тала­бын орындауға дайын болмай отыр.
— Діни бірлестіктерге заңнама­ның қайта тіркеуге қатысты талап­та­ры туралы мағлұмат берілген бе?
— Дін істері агенттігі және бас­қа да құзыретті мемлекеттік ор­гандар бұл бағытта жаңа заң күшіне енген сәттен бастап үлкен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді.
Заңнаманың тіркеу рәсімдері бойынша талаптарын түсіндіру діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесу кезінде тікелей, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жүргізіледі.
Біздің Агенттіктің басшылығы мұсылман қауымының, право­славие, католицизм, түрлі протес­танттық бірлестіктердің өкіл­дері­мен ондаған кездесулер өткізді. «Иегова куәгерлері» діни бірлесті­гінің, иудей қауымының жетекші­лерімен бірнеше кездесулер ұй­ым­дастырылды. Сонымен қатар буддистік бірлестіктердің және «Кришна санасы қоғамының» өкіл­деріне де тиісті түсіндірмелер берілген.
Бұдан басқа, Агенттіктің ау­мақ­тық органдары жергілікті жер­­лерде қолданыстағы заңна­ма­ның ережелерін түсіндіру бойын­ша кездесулерді тұрақты өткізіп тұрады. Сондай-ақ өңірлердегі газет беттерінде тиісті хабарлан­дырулар жарық көрді, ал діни бірлестіктердің жетекшілеріне жазба­ша хабарлама-хаттар жі­бе­ріл­ген.
— Осы кезге дейін қандай діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтті?
— Ағымдағы жылдың 19 мау­сымында Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасы респуб­ли­калық діни бірлестігі тіркеуден өтті. Қазір облыстарда оның фи­лиалдарын есептік тіркеу үдерісі өтіп жатыр. Олардың жартысы тіркеуден өтіп те қойды, 300-ге жуығы тиісті шешімді күтуде, ал қалған бөлігі әділет органдарына өздерінің материалдарын өткізуге дайындық үстінде.
Сонымен қатар «Інжілдік-лютерандық шіркеуі» діни бірлес­тігі де қайта тіркеуден өтті. Қазақ­стандағы Православ шіркеуі өз құрылтай құжаттарын дайындап, өзінің жергілікті қауымдарын (приход) қайта тіркеуге кірісті. Одан басқа, Інжілдік христиан-баптистерінің одағына кіретін бірлестіктер құрылтай құжаттарын дайындап, оларды тіркеуші ор­ган­дарға ұсынуды бастады.
Қазіргі таңда иудей қауым­дары, буддизмнің, армян апостол­дық шіркеуінің діни бірлестіктері және бірқатар протестанттық ұйым­дар тіркеу рәсімінен өтуде.
Қызметі және құрылтай құ­жат­тары заңнама талаптарына сәйкес келетін барлық діни бірлестіктер белгіленген мерзімде қайта тіркеуден өтеді. Бұл үшін агенттіктің және осы үдеріске қатысатын басқа да мемлекеттік органдардың барлық қажетті ре­су­рстары бар. Тек діни бірлестіктер өз құжаттарын уақтылы өткізсе болғаны.

Сұхбаттасқан Мұрат Иманалиев.

«Айқын» газеті, тамыздың 30-ы, 2012 жыл.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button