Әлеумет

Мәселе «москитте» ғана ма?.. немесе биіктен құлаған балалар

Соңғы кездері кішкентай балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетіп жатқанын жиі еститін болдық. Біреулерінің бас айналдырар биіктен құласа да, періштесі қағып, аман қалғанына таңырқаймыз, енді біреулерінің өмірдің қызығына қанықпай жатып қайтыс болғанына налимыз. Терезелердің соңғы сән үлгілері балалар үшін аса қауіпті. Дегенмен мамандар бұған ата-ананың болмаса баланы қараушы өзге адамдардың салғырттығы себеп болады дегенді айтады.  Жыл басынан бері облыста осындай 10 жағдай орын алды.

 

Терезелердің сәні мен мәні

 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жылына 600 мыңнан астам адам әртүрлі деңгейде жарақат алып, 22 мыңнан астам адам қайтыс болады. Қайғылы жағдайға ұшырайтындардың 83 пайызы — еңбекке жарамдылар болса, 22 пайызы — балалар.

Соңғы кездері балалардың жарақат алу дерегі өсіп отыр.  Дәрігерлер балалардың тұрмыстық жағдайда жарақат алу дерегінің, әсіресе жаз, күз айларында өршитінін айтады. Олардың пікірінше, жазғы демалыста көп бала үйде қараусыз қалады, соның салдарынан орны толмас өкініш, болмаса қайғылы жағдай орын алып жатады.

Ауру уақыт, мезгіл таңдамайды. Науқастардың жас ерекшелігі де әртүрлі. Дегенмен, жаз, күз айларында, әсіресе, балалардың арасында тұрмыстық жарақаттар жиі орын алады. Жазда балалар көбінесе велосипед, ролик тебеді. Байқаусызда құлап, түрлі дене жарақаттарын алатындар бар. Сонымен қатар терезеден құлап, мертігетін жағдайлар да жиі тіркеледі. Қазір қаладағы үйлердің көпшілігінде пластикалық терезелер орнатылған. Терезелердің соңғы сән үлгілері балалар үшін аса қауіпті. Ашылатын бөліктері үлкен әрі аласа. Тұтқалары да баланың қолы жететін тұста орналасқан. Ондағы масадан, түрлі жәндіктердің кіріп кетуінен сақтайтын торлар үйінде кішкентай балалары бар отбасылар үшін аса сақ болуды талап етеді.  Жыл басынан бері 10 бала терезеден құлап, түрлі деңгейде жарақат алды. Арасында қаза болғандар да бар, — деді облыстық балалар ауруханасы жарақат бөлімшесінің нейрохирургі Самат Көкшібаев.

Күнделікті жаңалықтардан көріп жүргеніміздей, терезеден құлап жатқан бүлдіршіндердің көпшілігі 1-5 жас аралығындағы, яғни мектеп жасына жете қоймаған балалар. Мұны біз әңгімеге тартқан Самат Сағидоллаұлы да растап отыр.

— Жазатайым оқиғалардың орын алуының түрлі себебі бар. Оның көпшілігін отбасындағы әлеуметтік жағдайлармен байланыстыруға болады, яғни терезеден құлап, оқыстан орын алып жататын оқиға көбінесе мектеп жасына дейінгі балалардың арасында жиі тіркеледі, — деді С.Көкшібаев.

Облыста жыл сайын жаңа балабақшалар қатары толыққанмен, әлі де сол балабақша кезегінде тұрған балалардың тізімі азаяр емес. Қазір облыс бойынша балабақша кезегінде тұрған жиырма төрт мыңнан астам бүлдіршіннің басым көпшілігі — Ақтөбе қаласының тұрғындары…

 

Балалар өмірін сақтау екі есе жауапкершілікті жүктейді…

 

Абайсызда бесінші қабаттан құлап, көз жұмған үш жасар қыз баланың өлімі Алға қаласында тіркелді. Ес-түссіз жағдайда аудандық ауруханаға жеткізілген бүлдіршіннің өміріне араша түсу үшін облыстағы жалғыз балалар нейрохирургі Самат Сағидоллаұлы санавиациямен ауданға аттанады.

Ересек адамдарға қарағанда , балаларға ота жасаудың өз ерекшелігі бар. Көздері жәудіреген балалардың өмірлерін сақтап қалу немесе ауруынан айықтырып жіберу екі есе жауапкершілікті жүктейді. Жақында Алға қаласында терезеден құлап, ауыр халде аудандық ауруханаға жеткізілген бүлдіршінге жасалған ота сәтті шыққанмен, науқастың бүйрегі жұмыс жасауын тоқтатты. Ажал құшқан қыз бала алты айлығынан бастап бір бүйрекпен өмір сүрген. Биылғы жазда Қандыағаш қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің терезесінен құлаған мектеп жасына дейінгі бүлдіршіннің жағдайы қазір бір қалыпты, — деді С.Көкшібаев.

Мамандардың айтуынша, жаңа үлгіде торланған терезеден құлау дерегі аудандарға қарағанда, облыс орталығында жиі орын алады. Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан №73 үйдің 9-шы қабатынан құлаған бір жастан асқан баланы шынымен де періштесі қақты деуге болады. Жоғарыдан құлап келе жатқан бөбекті сол мезетте үйдің қасбетін қалыпқа келтіріп жатқан құрылысшылар көріп, төменнен қағып алады. Облыстық балалар ауруханасы жансақтау бөлімінде үш күн жатқан науқастың басына жасалған ота да сәтті шығыпты.

Мұндай жағдайлардың орын алуына ең бірінші кезекте ата-ананың, болмаса баланы қараушы өзге адамдардың салғырттығы себеп болады. Өйткені, бала айналасын көруге, білуге талпынады. Оның үстіне балалардың қимыл-қозғалыстары шапшаң келеді.  Осындай салғырттықтың кесірінен өткен шілде айында тоғызыншы қабаттан құлаған бала басынан жарақат алды. Денсаулығы бір қалыпқа келгеннен соң ғана  ауруханадан шығардық, — дейді Самат Сағидоллаұлы.

Гүлнар, ата-ана:

Ақтөбе қаласы маңындағы Қарғалы елді мекеніндегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрамыз. Пәтеріміз екінші қабатта орналасқан. Жұмысқа кетерде сегіз жасар қызымды үйде қалдырып, сыртынан кілттеп кететінмін. Үйде артық кілт қалатын. Сол кілтпен іштен сырттың есігін ашқанмен, қызым балконнан құлап кетіпті. Жағдайды көршілерімнен естіп, үйге келсем, қызымды жедел жәрдем көлігі облыстық балалар ауруханасына алып кетіпті. Аурухананың жансақтау бөлімінде төрт күн ес-түссіз жатқан қызымның басына ота жасалды. Баламды өлім аузынан аман алып қалған тәжірибелі мамандардың еңбегіне шексіз ризашылығымды білдіремін.

Шілде айының аяғында Ақтөбе қаласының «Болашақ» ауданындағы жаңа үйлердің бірінің екінші қабатынан құлаған үш жастағы ер бала да осы жазда жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіліпті.

 

Жолдама және тегін қызмет

 

Қазір облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімшесінде отызға тарта бала түрлі жарақатқа байланысты ем алып жатыр. Бұл  бөлімге түскен науқастардың барлығы компьютерлік томографияға түсіріледі.

Бүгінде барлық аудандық ауруханалар, қаладағы емханалар мен олардың учаскелік бөлімшелері облыстық балалар ауруханасымен өзара келісімшартқа отырды. Келісімшарт негізінде науқастар ақысыз компьютерлік томографиядан тексерістен өтеді. Егер науқасты екінші қайтара компьютерлік томографияға түсіру қажет болса, учаскелік бөлімшенің арнайы жолдамасымен ауруханада тағы да  ақысыз тексеруге мүмкіндік бар. Көпшілік ата-ана мұндай мүмкіндікті біле бермейді, — деді балалар нейрохирургі.

Ашық бас миының жарақаты, бас сүйектің сынуы және мидың ауыр дәрежеде соғылуы нақтамасы бойынша ауруханада жатқан бір жастағы Асылай да аяқ астынан пышаққа ілініпті.

Ембі қаласына жақын орналасқан №53 разъезде тұрамыз. Үйіміз теміржолға жақын орналасқан. Асылай — егіздің сыңары.  Балалармен ойнап жүрген қызымның теміржол жаққа кеткенін аңғармай қалыппын. Басынан жарақат алғанын бір-ақ біліп, дереу ауруханаға бардық. Сол аралықта қызым есінен танып, жағдайы нашарлай бастады. Дәрігерлер дереу облыс орталығына жеткізді. Қазір жағдайы жақсарып келеді, — дейді бүлдіршіннің анасы Гүлзада Отараменова.

Мамандардың айтуынша, облыста жыл сайын 10-15 баланың үстіне теледидар құлап, ауыр жарақат алады. Ата-ананың ұрып-соғуының кесірінен ауыр жарақат алатын балалардың саны да аймақта азаймай тұр.

 

P.S. «Москит» торы мәселесіне қатысты елімізде орын алып жатқан қайғылы жағдай жыл өткен сайын көбеюде. Бұл мәселеге астаналық дәрігерлер ерекше көңіл бөліп, құрылыс ұжымдарына балалардың әлгіндей жағдайдан құламауы үшін терезенің конструкциясына қандайда бір шектеу қоюы жөнінде хат жазуды қолға алыпты.  Әрине, бұл бірінші кезекте сәулетшілердің сызбасына түсіп, содан соң ғана құрылысшылардың қолымен жасалатын шара…

***

Тосыннан болмаса түрлі апаттардан болатын оқиғаларда аман қалған балаларға «періштесі қаққан шығар, ендігі ғұмыры ұзақ болады» деп жатады үлкендеріміз. Дегенмен, үйінде бүлдіршіні бар әрбір ата-ана «Сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы әруақытта басты назарда ұстанғаны дұрыс шығар…

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button