Мереке

Ата Заң — алтын тұғырымыз

Мерекелейік

Қазақстан Республикасының Конституция күнін

мерекелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар

жоспары

  1.  «Ата Заңым — айбыным» атты балалар суреттерінің көрмесі, 27-30 тамыз. Қалалық оқушылар Сарайы.
  2. «Туған Республикамның бар сұлулығы» атты сәндік-қолданбалы өнер көрмесі, 27-30 тамыз аралығында, сағат 9.00-ден. Балалар және жасөспірімдер шығармашылығы Орталығы.
  3. «Ата Заңымның алтын арқауы» тақырыбындағы көрме бойынша тақырыптық экскурсия, 27 тамыз-2 қыркүйек аралығында, сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі.
  4.  Конституция күніне арналған сурет көрмесі, 28-30 тамыз аралығында, сағат 11.00-ден бастап. Қызылжар, Пригородный кітапханалары.
  5.  Шығармашылық Орталығының «Көңілді шеберхана» және «Сиқырлы моншақ» атты көрмелері, 29 тамыз, сағат 10.00. Техникалық шығармашылық Орталығы.
  6.  «Ата заң — Туелсіздік тірегі» тақырыптық көрме, 29 тамыз, сағат 10.00-ден. №4 М.Горький атындағы кітапхана.
  7.  «Ата заң — алтын қазық» — кітап көрмесі, 29 тамыз,  сағат 10.00-ден. №5 С.Маршак атындағы балалар кітапханасы.
  8.  «Ата заңым — айбыным»  атты дөңгелек үстел, 29 тамыз, сағат 10.00. Құрашасай орта мектебі.
  9.  «Тізгініңді босат та, құстай самға!» — Қазақ ертегісінің желісімен қойылған спектакль, 29 тамыз, сағат 11.00. «Алақай» қуыршақ театры.
  10.  «Конституция — мемлекеттің Ата Заңы» атты дөңгелек үстел, 29 тамыз, сағат 11.00. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты.
  11.  «Ділдіктің арқауы — Ата Заң» — ақпарат күні, 29 тамыз, сағат 11.00.  №2 Пушкин атындағы кітапхана.
  12.  «Мемлекеттік идеология дегеніміз — Конституция» — тақырыптық кеш, 29 тамыз, сағат 13.00. Қалалық саңыраулар Мәдениет үйі.
  13.  «Менің Қазақстаным — менің болашағым» тарихи-әдеби танымдық шара», 29 тамыз, сағат 15.00. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі.
  14.  «Қазақстан Республикасының Конституциясы — тұрақты даму кепілі» дөңгелек үстел, 29 тамыз, сағат 15.00. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті.
  15.  «Ата Заң еліміздің тұрақтылық, бейбітшілік негізі» тарихи-танымдық шара,  29 тамыз, сағат 15.00.  Ақтөбе гуманитарлық колледжі.
  16.  «Ата заң — асыл арымыз» атты мерекелік концерттік бағдарлама, 29 тамыз, сағат 16.00.  Зағиптар мәдениет үйі.
  17.  «Конституция — нұрлы өмір шырағы» мәдени-көпшілік шаралар, 30 тамыз, сағат 11.00. Қаланың демалыс алаңдары.
  18.  «Біздің тірегіміз — Ата Заңымыз» атты мерекелік бағдарламасы, 30 тамыз,  сағат 11.00;

«Алтын Заң аясында» атты мерекелік  ойын-сауық бағдарламасы, сағат 12.30. ҚР тұңғыш Президенті атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының сахнасы.

  1.  «Ата Заң — халқымыздың қазынасы» атты эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің мерекелік  бағдарламасы, 30 тамыз, сағат 11.00. «Мега-Ақтөбе» ойын-сауықтық сауда орталығының алаңы.
  2.  «Ата Заң — асыл мұраттар бастауы»  атты мерекелік  ойын-сауық бағдарламасы және фотографтар арасындағы «Жұлдызды жылдар» атты қалалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі,  30 тамыз, сағат 11.00;

«Ата Заң — Тәуелсіздік тірегі » атты мерекелік  ойын-сауық бағдарламасы,  сағат 12.30. А.С.Пушкин атындағы мәдениет саябағы.

  1.  «Тәуелсіздігімізді айшықтаған Ата Заң» атты мерекелік бағдарламасы, 30 тамыз, сағат 11.00;

«Конституция — народное достояние» атты «Рюкзак» Халықтық бард клуб ұжымының мерекелік бағдарламасы, сағат 12.30. «Ретро» саябағы.

  1.  «День Конституции — праздник страны» атты мерекелік  ойын-сауық бағдарламасы, 30 тамыз, сағат 11.00. Металлургтер мәдениет үйі алаңы.
  2.  «Конституция мейрамы» салтанатты жиналыс, 30 тамыз, сағат 10.00. Ақтөбе мұнай және газ колледжі.
  3.  «Азат елдің ар-намысы Ата Заң!» дөңгелек үстел, 30 тамыз, сағат 11.00. Алматы экономика және статистика университетінің Ақтөбе филиалы.
  4.  «Ата Заңым ардақтым» — фотосурет көрмесі, 30 тамыз, сағат 10.00. «Ақ желкен» аула клубы.
  5.  «Ата Заң — бейбіт өмір бастауы» тас жолдарда сурет салу, 30 тамыз, сағат 10.30. Балалар және жасөспірімдер шығармашылығы үйі.
  6.  «Ізгіліктің бастауы — Ата Заң» — мерекелік концерт, 30 тамыз, сағат 11.00. Сазды мәдениет үйі.
  7.  «Менің үйім Қазақстаным» атты асфальтқа сурет салу байқауы, 30 тамыз, сағат 11.00. Сазды орта мектебі.
  8.  «Айбынды асқақ Ата Заң!», 30 тамыз, сағат 11.00. Балалар және жасөспірімдер шығармашылығы үйі.
  9.  Салтанатты неке қию туралы куәліктерді табыс ету рәсімі, 30 тамыз, Ақтөбе АХАЖ.
  10.  «Ата Заңым аялайды елімді» мерекелік шара, «Саламатты Қазақстан — салауатты отбасы» спорттық жарыстар, 30 тамыз, сағат 11.00. Қарғалы селолық округі «Жеңіс» саябағы.
  11.  «Конституция — алтын заң» атты дөңгелек үстел, 30 тамыз, сағат 11.00. Қызылжар кітапханасы.
  12.  «Менің Республикам» атты қалалық көркемсурет лицейі оқушылары жұмыстарының көрмесі, 30 тамыз, сағат 11.00. Қалалық көркемсурет лицейі.
  13.  «Ата заң — қоғам дамуының темірқағазы» — құқық сағаты, 30 тамыз, сағат 12.00. №12 Қызылжар селолық кітапханасы.
  14.  «Дружный Казахстан» атты флеш моб, баурсақтар тарату, сайыстар өткізу, 30 тамыз, сағат 12.00. «Мега-Ақтөбе» ССК.
  15.  «Мой Казахстан» атты сурет байқауы «Mega Stars» би ұжымының қойылымы, сайыстар, 30 тамыз, сағат 15.00. «Мега-Ақтөбе» ССК.
  16.   «Ата заңым — айбарым» поэзия сағаты, 30 тамыз, сағат 15.00. №8 Қурайлы селолық кітапханасы.
  17.  «Телескоппен Ғаламды ашайық» атты қала тұрғындары үшін телескоппен бақылау (ашық ауа-райы жағдайында), 30 тамыз, сағат 21.00-23.00 аралығында. Жасыл-сулы гүлзар.
  18.  «Ата заң — Тәуелсіздік тірегі» атты мерекелік концерт, 30 тамыз, сағат 19.00. Қурайлы селолық округінің әкімдігі.
  19.  Жігіттер арасында стритболдан қала біріншілігі (финал), 30 тамыз, сағат 11.00. №2 ОБЖСМ.
  20.  Қыздар арасында стритболдан қала біріншілігі, 30 тамыз, сағат 11.00. №2 ОБЖСМ.
  21.  Аула командалары арасында «Былғары доп» футболдан қалалық турнир, 30 тамыз, сағат 11.00. №28 ОМ.
  22.  Жоғары, бірінші және екінші топ командалары арасында футболдан қала чемпионаты,  30 тамыз, сағат 11.00. «Химик», №2 ОБЖСМ стадиондары.
  23.  Жаңа спорттық алаңдарының ашылуы, 30 тамыз, сағат 11.00. №9 ОМ, №22 ОМ, №30 ОМ, Оқушылар Сарайы.
  24.  Шахматтан турнир, 30 тамыз,  сағат 19.00-ден. Шахмат аллеясы.
  25.  «Конституция Республики Казахстан — главный закон страны» атты дөңгелек үстел, 1 қыркүйек, сағат 11.00. Ақтөбе политехникалық колледжі.
  26.  Қазақстан Конституциясы күніне арналған дөңгелек үстелдер, дәрістер, кураторлық сағаттар өткізу, 3 қыркүйек, сағат 11.00. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті.
  27.  «Мен өз елімнің патриотымын!» студенттер арасында пікірталас сайысы, 3 қыркүйек, сағат 11.00. Қазақ-орыс халықаралық университеті.

Ата Заң — алтын тұғырымыз

 

Ел тұрақтылығының кепілі болатын Ата Заңымыздың төл мерекесі қарсаңында бірқатар азаматтармен тілдескен едік. Сонымен…

 

Руслан БЕГІМБЕТОВ, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары:

—  Ата Заңымыздың арқасында алға қойған мақсаттарды толық шештік деуге болады. Атап айтқанда, елімізде экономикалық тұрақтылық орнап, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Елде азаматтардың сапалы білім алып, денсаулықтарын түзетуге барлық жағдай жасалған. Мәселен, білім саласына соңғы жылдары үлкен өзгерістер енді. Білім беру сапасын арттыруға байланысты қыруар шаруа тындырылды. Жыл сайын жаңа білім ордалары бой көтеріп, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығаюда. Мәселен, биылдың өзінде біздің облыста 26 білім беру нысанының құрылысы басталды. Жаңа білім ордалары  Темір ауданындағы Кеңқияқ кенті мен Хромтау ауданындағы Никельтау кентінде, Шалқар ауданындағы Тұмалыкөл ауылында және Ойыл ауданының орталығында бой көтереді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен үш миллиард, жергілікті бюджеттен екі миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Ұстаздардың сапалы білім беруі үшін барлық жағдай жасалған.  Ал осындай мүмкіндіктерге Тәуелсіздіктің, Ата Заңның арқасында қол жеткізіп отырмыз.

 

Әділхан БАХОНОВ, Қарғалы орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері,

облыстық мәслихаттың депутаты:

— Қазақстан деген ел бар екендігінің бірден-бір дәлелі — Конституция.

Әр азамат Ата Заңға арқа сүйеуге міндетті. Себебі Ата заң — әрбір азаматтың конституциялық құқын танытатын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы. Яғни Конституция — Қазақстан азаматының өмір сүруге, сөз еркіндігіне, шығармашылық еркіндігіне, сонымен қатар діни ұстанымы мен еңбек, демалыс, денсаулығын қорғауына, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл болады. Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялық құндылықтардың сақталуына жауапты. Қазіргі таңда татулығы жарасқан біздің еліміз әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды.

Конституция күні құтты болсын! Егемендігіміз мәңгі, Ата Заңымыз төрімізден түспесін.

 

Арал САТЫБАЛДИН, «Асылзат» ЖШС-ның директоры:

— Ата Заңымыз қабылданған 17 жыл ішінде құқық­тық мемлекеттің негізі қаланды. Заңдылық пен тәртіп нығайып, аза­маттардың конституциялық құқық­тары мен бостандықтарын қорғау­ды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қай салада болмасын ілгерілеушілік байқалады. Елімізде жеке кәсіппен айналысам деушілерге де еркіндік бар. Мәселен, менің жұмысым газ саласымен тығыз байланысты. Уақытында жұмысшыларға жалақысын беремін. Еңбекте белсенділік танытқан азаматтарға қолдау бар.  Ал осы берекенің барлығы — Ата Заңымыздың арқасы.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Ата Заңды қоғамға емес, қоғамды Ата Заңға бейімдеу керек!

 

Қазақстан Республикасы Ата Заңының жобасын егеменді еліміздің бірінші кәсіптік Парламенті дайындады. Сол Парламенттің құрамында Ақтөбе облысынан алты депутат болған едік.

1994 жылы 7 наурызда сайланған Парламент заң шығару жағынан да, кәсіби сапалы заңгерлер санының көптігі жөнінен де деңгейі жоғары болды. 1994-95 жылдары Парламенттегі  заң әзірлеуші комитеттер мүшелері Еуропаның Англия, Франция, Германия сияқты өркениетті елдерінің Конституцияларын мұқият зерттеді, сол елдерде арнайы іссапарларда болды.

Абыройлы да тәжірибелі заңгерлер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Николай Акуев, Юрий Ким, Зинаида Федотова, Зағипа Балиева, Рахмет Мұқашевтар сияқты депутаттармен бірге кәсіби парламентте жұмыстас болғанымды осы уақытқа дейін мақтанышпен айтамын. Сол кісілермен бірге Ата Заңымыздың баптарын талқылауға бірнеше рет қатыстым.

Сол кезде кәсіби Парламенттің «ҚР халқының денсаулығын қорғау» жөніндегі комитетінің мүшесі болған едім. Ата Заң жобасына осы бағытта алғаш рет «Мемлекеттік емдеу және жеке медициналық емдеу мекемелеріндегі Қазақстан азаматтарының ақысыз кепілдік ем алу көлемдері» туралы принципті түрде жаңа өзгертулер енгіздік. Осы өзгертулерді енгізе отырып Қазақстан азаматтарының ақылы және ақысыз емделу құқықтарын, кепілдіктерін айрықша анықтауды жазу жауапкершілігін мойнымызға алдық. Бұл өзгерісті қолдағандар да, қарсы болғандар да болды. Талқылаулар өте тартысты өтетін еді. Әсіресе, екі палаталы жүйені енгізуге қатысты біраз дау айтылды. Депутаттардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының унитарлы мемлекет екенін алға тарта отырып бір палаталы Парламентті жақтады, екінші тобы  өркениетті қоғам құруға тиісті екендігімізді тілге тиек етіп, екі палаталы Парламент жобасын ұсынды. Төменгі палата — Мәжіліс, жоғарғы палата  Сенат болуы керектігін дәлелдеді.

Сонымен қатар қызу талқыға түскен үшінші бап «Сайлау бостандығы» жөнінде болды. Себебі, ол кезде біраз депутат Президент Н.Назарбав ұсынған тізіммен сайланды, қалғандары сайлау науқанында жарысқа түсіп, депутаттық мандатты күреспен алатын еді. Депутаттардың бірқатары бұл принциптің демократия талабына қайшылығын айтты.

Конституцияны бүкілхалықтық референдумда қабылдауға екі ай қалғанда бірінші Парламент таратылды. Бірақ, оны, яғни 1995 жылғы Ата Заңымыздың жобасын дайындауда біздің бірінші кәсіби Парламенттің еңбегі зор екенін тарих жоққа шығара алмайды.

… Қазіргі қоғам негізін бірінші кәсіби Парламент әзірлеген Конституция билік құрған тәртіп бойынша дамып келеді. Десек те, Ата Заңымыздың баптарының орындалуында олқылықтар көп. Ата Заңымыздың баптарын орындауда жергілікті биліктің рөлі өте үлкен екенін ескерсек, әр ұлтжанды басшы осы мәселеге назар аударса екен дейміз.

Ата Заңды қоғамның ағымына бұра бермеу керек, қоғамды Ата Заңға бағындыру қажет, бұл — уақыт талабы…

 

Ізімғали КӨБЕНОВ,

ҚР Парламенті экс-депутаты, Невада-Семей антиядролық қозғалысы филиалы директоры, Әлия Молдағұлова ауылының құрметті азаматы.

 

Тосқауылсыз тіршілік

 

Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ  Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында мемлекеттің әлеуметтік дамуын одан әрі жетілдіре түсу үшін алдымызға жаңа мақсаттар қойды: қазақстандық қоғамның одан әрі әлеуметтік модернизациясының негізгі ұстанымдарын баяндады және  жиырма нақты тапсырмалардың жүзеге асырылуын тұжырымдады.

Ата Заң мемлекеттегі демокра­тиялық заң шығарушылық проце­сі­нің іргетасы болып, азаматтар­дың негізгі құқықтары мен бос­тандықтарына кепілдік берді.

Конституцияда бекітілген құн­дылықтардың сақталуы, жалпы, мем­­лекеттің табысты қызмет етуі­­нің қа­жет­ті құқықтық жағ­дай­ла­рын іске асы­руды қамтама­сыз ету­­д­е әділет орган­да­ры­­ның да алар орны мен қосар үлесі ер­ек­ше екені белгілі.

Әділет органдары мемлекетіміздің қоғамды демократияландыру және әлеуметтік қызметті қамтамасыз ету саясаты аясында көптеген жұмыстар жүргізіп келеді.

Әділет органында заңды тұлғаларды тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқық және азаматтық хал актілерін тіркеу қызметін көрсету бойынша көптеген жұмыстар атқарылады. Қазіргі уақытта жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаттарының бірі — әділет органдары жүйесіне қатысты тіркеу қызметтерін барынша оңайлату және бюрократиялық тосқауылдарды болдырмау. Осыған байланысты республика аумағында жүргізіліп жатқан біртұтас есептік жүйені құру мен тіркеу үдерістері —  азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды     мүдделерін қорғаудың тиімді тәсілдерінің бірі болып отыр.

Жұмыс барысында кездесетін әкімшілік тосқауылдарды жою мақсатында электрондық мемлекеттiк қызметтердiң институты дамуда. Әділет органдары түгелдей дерлік электронды форматқа ауысты. «Электрондық үкiмет» деректер қорының арқасында жұмыс сапасы бұрынғыдан да жақсара түсті деп сеніммен айта аламыз.  Жеке және заңды тұлғалар үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметтiң игілігін көре алады.

Сонымен бiрге, заң қызметі саласындағы жұмыстар да жүйелі жүзеге асырылуда —  ауыл тұрғындарының адвокаттық көмекпен толық қамтылуы, нотариалдық қызметтер мен білікті заңгерлiк көмек алу мүмкіншілігі жетілдірілуде.

Әдiлет органдарының функцияларын жүзеге асыруға байланысты нормативтiк құқықтық актілерге біраз  өзгерiстер, толықтырулар енгізілді, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік қызметтер саны өсті, заңды тұлғаларды тіркеу процедурасы жеңілдетілді, жылжымайтын мүлікті  жеделдетіп  тіркеу мүмкіншілігі пайда болды, сонымен қатар рұқсат қағаздарын электрондық форматта алуға да мүмкіншілік пайда болды.

Әдiлет органының авторлық құқықты сақтауды қамтамасыз ету функциясын да атап өту керек. Зияткерлік құқыққа қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкесінше өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Барлық жоғарыда айтылған өзгерiстер халықтың қолайлы өмір сүруі үшін жасалуда, және ол ҚР Конституциясында бекiтiлген негiзгi нормаларды iске асыру үшiн қызмет етеді.

 

Бауыржан ЕРІМБЕТОВ,

облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары.

 

Болашақтың алтын кілті

 

1995 жылдың 30 тамызы күні бүкілхалықтық референдумда Қазақ мемлекетінің халқы Конституцияның қабылдануына дауыс беріп, бостандықты, гүлдену мен демократияны қолдады, мемлекеттің ұзақ жылдарға қарышты дамуының стратегиясын анықтады.

Конституция — әлеуетті бірлік пен болашақ жетістіктерге жол ашатын алтын кілт. Сондықтан заңмен жүру, заңды сыйлау — әр азаматтың борышы. Тәуелсіз Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, Конституция білім алуға, ерікті еңбек етуге, өз азаматтығымызды ашық білдіруге құқық берді.

Еліміздің Ата Заңының негізгі құндылықтары ретінде адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, халық бірлігі және ортақ тарихы тағдырлас барлық ұлт өкілдерін қазақ жерінде біріктіру болып танылған. Консти­туцияның «Бiз, ортақ тарихи тағ­дыр бiрiктiрген Қазақстан хал­қы…» деп басталуы тегін емес.

Ата Заңда барлық қазақстан­дықтарға ортақ құндылықтар бекітілген. Бұл — жүздеген этнос, он­даған діни қауым өкілдері тату-тәтті, достық пен келісімде өмір сүріп жатқан қазақ жерінің қ­а­сиеттілігі мен біртұтастығы. Со­ны­мен қатар, бұл азаматтарды ұлты, тiлi, дiні немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсi­туге қатаң тыйым салынуы. Осы құндылықтардың негізінде басты конституциялық принциптер — бей­­­бітшілік пен тұрақтылық, бү­кiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен халықтың бірлігі — елі­міздің бас байлығы және өзге­лер­ге үлгі боларлық ең қымбат қа­зы­насы. Дәстүрлі түрде 30 тамызда атап өтілетін Конституция күні Ота­нымыздың игілігі жолында алға қойылған барлық мақсаттар­ға қол жететіндігіне сенімімізді арт­тыра түседі. Қазіргі қолда­ныс­тағы Конституцияның арқасында кез келген қоғам үшін аса ма­ңызды болып табылатын мәселе­лер шешімін тапты: мызғымас мемлекеттігіміз орнап, халқымыз­дың әл-ауқатының өсуіне жағдай жасалды, республика халық­ара­лық қоғамдастықтағы өзінің лай­ық­ты орнын алды. Тәуелсіз Қа­зақ­станның әр азаматы мемлекет­тің ұстанған ба­ғыты мен даму жолының тиімді және қауіпсіз ек­ен­дігіне көз жеткізді. Бірлік пен келісім, саяси жігер­лілік, даму стра­те­­гиясының ба­сым­дықтарын анық түсіне білу — мұның бәрі «қазақстандық даму жолын» си­пат­тайтын көрі­ністер және олар­­дың барлығы конс­ти­ту­ция­лық нор­малардан бас­тау алады.

Конституция — құқықтық жүйенің базисі. Құқық — тәртіп пен бостандықтың негізі.

Қазақстанның Ата Заңы — мемлекеттік органдардың қайнар көзі. Ата Заң — қоғамдық өзара келісім мен азаматтардың теңдігінің нышаны. Конституция — біздің шынайы өміріміз бен әлемдік деңгейдегі беделіміздің айқын көрінісі, жарқын болашағымыздың кепілі.

 

С.БИСЕНОВА,

облыстық әділет департаменті заңды тұлғаларды тіркеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы.

 

Ана тілінде сөйлейік!

 

Қазақ халқы осыдан 17 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын айқындап, алға қойған мақсаттарына жету жолында жаңа қадам жасап, ел Конституциясын қабылдады. Ата заңымыз қабылданған сәттен бастап, Тәуелсіздік туын желбіретіп, аз уақыттың ішінде тұғыры нық, туы биік  мемлекеттігімізді орнаттық. Елбасымыз Н.Назарбаев атап өткендей, Ата Заң мемлекеттік биліктің қай­нар көзі – халықтың өзі екенін ай­қын­дады. Қазақ жерінің егесі — қазақ. Оған ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан осы жерде өсіп, өнген ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің барлығы тұтастай мемлекеттің тілін білуі, сыйлауы, құрметтеуі ләзім.

Заңдардың заңы — Конституция барлық маңызды құжаттың бастауы, қайнар бұлағы. Ата заң аясында бірнеше заңдық құжаттар, соның ішінде тілдерді дамыту туралы заң қабылданды, бағдарламалар жасалды. Олар өз кезегінде тілдерді дамыту, соның ішінде ана тіліміздің қолдану аясын барынша кеңейтуге қызмет етуде.

Сол құжаттардың бірі — Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаев биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа жолдауында  «Көп ұлттылық пен көп тілділік біздің еліміздің артықшылығы болып табылады. Қазақ тілі, біздің Конституциямызға сәйкес, мемлекеттік тіл болып табылады» деп атап өткен болатын.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сол себепті біз, жас ұрпақ ел болашағы жарқын болуы үшін болашағымызды айқындап беретін ана тілімізді одан әрі насихаттауымыз қажет. Анамыздың тілі — атамыздың тілі — Қазақтың тілі — біз үшін қымбат қазына. Өз жерімізде жүріп өз тілімізде сөйлемесек, азаматтығымызға сын…

 

Гүлнар МАҚАТОВА,

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының маманы.

 

Академия оқушыларының мерекелік тартуы

 

Ақтөбе қаласындағы Оқушылар сарайының жас қылқалам шеберлері Ата Заң күніне арнап сурет салып, көрме ұйымдастырды.

Оқушылар сарайындағы балалар шығармашылығы академиясында қазір 200-ден астам оқушы дәріс алып жүр. Академияның бейнелеу өнері студиясында 6-11 жас аралығындағы балалар, ал бейнелеу өнері факультетінде 12-16 жасқа дейінгі жасөспірімдер оқиды. Факультет жетекшісі Гүлбарам Асқарованың айтуынша, мұнда балалар төрт жыл ішінде бейнелеу өнерінің негізін, өнер тарихын біліп, ерекше үлгідегі диплом алып шығады.

— Студия балалары оқу барысында жаз бойы пленерде, яғни табиғат аясында немесе көшеде отырып, сурет салды. Мереке қарсаңында салынған суреттерді іріктеп, көрме ұйымдастырдық. Көпшілігі Елорданы бейнелейтін «Бәйтеректі», Туды, қыранды, жайлауды, қазақ даласын, зәулім ғимараттар мен үйлерді бейнелепті. Мәселен, мұнда Юлия Зоринаның жетекшілігімен салған Азамат Тасыровтың  «Мен — чемпионмын!» атты суреті сәтті шыққан. Мұнда чемпион қолына қыран құсты ұстап тұр. Сондай-ақ көрмеге мольберттерге бекітілген тағы да ірі картиналар қойылды. Оларды бейнелеу өнері факультетінің оқушылары және бітіріп кеткен түлектер салды. Мысалы, қазақ жайлауын бейнелеген мына жұмысты Анастасия Каюдина салды. Ол қазір Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ІІ курсында оқиды, — дейді Гүлбарам Асқарова.

30 тамызда облыстық соттың алдындағы аула ішінде жаңадан футбол алаңы ашылады. Қазір Оқушылар сарайының ұжымы сол ашылу салтанатында қоятын концертке дайындық үстінде.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Тірек болар төрт бағыт

 

«Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар».

(ҚР Конституциясынан)

 

Еңбек ету — қай қоғамда болмасын басты орынға қойылатын шарттардың бірі. Өйткені адамның еңбек етуі ғана сол қоғамды ілгерілетеді. Бұл ретте Мемлекеттің де мүдделі болуы мәселені оңтайлы шешуге, орынсыз проблемалар тудырмауға жол ашады.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы осы бағыттағы елімізде қолға алынып жатқан ауқымды шараларды қамтиды.

Бұл бағдарламаның бірінші бағыты «Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» бойынша мәселелерді көздейді.

Біздің облысымызда жалақыны ішінара қаржыландыру арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына 1989 адам жұмысқа орналастырылды, негізінде жылға белгіленген жоспар 1735 адам еді. Негізінде бұл жұмыстар мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Соның бір айғағы — 692 кәсіпорын-ұйымдармен әлеуметтік жұмыс орындарын құруға келісімшарт жасалуы. Осындай шаралар нәтижесінде жалақының орташа мөлшері 47,6 мың теңге құрап отыр.

Жастар тәжірибесі жас мамандарды жұмысқа орналастыру, алғашқы еңбек негіздерін қалауда игі қадамға айналуда. Мұнда бір жылға 1104 түлектерді қамту жоспарланса, ол қазірдің өзінде 1342 жасты қамтыды.

Бағдарлама аясында биылғы жылы 1420 адамды кәсіптік оқыту, кәсіптік даярлау, сондай-ақ біліктілігін көтеру жоспарланды. Мұның ішінде 670 адам оқуға жаңадан қабылданады.

Мерзімі екі жыл алты ай болып есептелетін кәсіптік оқыту жеті мамандық бойынша жүргізіледі. Оған 300 жас алынады.

Бағдарламаның екінші бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бойынша «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы микронесиелер беретін уәкілетті орган болып табылды. Қаржы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және облыс әкімдігі жалпы сомасы 264,5 млн. теңгеге үш жақты несиелік келісімшарт жасады.

Биылғы 15 тамызға дейін 93 несие алушыға 168,8 млн. теңге мөлшерінде несие берілді.

Бағдарламаның үшінші бағыты «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бойынша экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуге жәрдемдесу бойынша құрамында 231 адамы бар 56 отбасыны көшіру межеленді. Осы мақсатқа 386,0 млн. теңге қарастырылды.

Бағдарламаның төртінші бағыты — «Ауылдық елді мекендерді дамыту» бойынша әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға 15 жоба қарастырылды. Бұл жобалар білім беру, денсаулық сақтау салаларын қамтиды. Осы реттермен қосымша 561 жұмыс орындары ашылады.

— Төрт бағытты біріктіретін «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» бағдарламасы Конституцияда айтылған «Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар» деген баптың іс жүзіндегі көрінісінің айғағы деп айтуымызға болады,— дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Аман Жекеев. — Қазіргі уақыттың өзінде біз межелеген міндеттерді артығымен орындауға, сөйтіп, еңбекке қабілетті адамдардың жұмыспен неғұрлым молырақ қамтылуына қол жеткізіп отырмыз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.    

 

Ата Заң аясында

 

Хромтау аудандық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында «Ата Заң аясында» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, аудандық әділет бөлімінің және аудандық орталықтандырылған кітапхананың қызметкерлері қатысты.

Мұражайдың ғылыми қызметкері Б.Нұрмұханова қазір өзіміз игілігін көріп отырған тәуелсіздік бастауы тарихи оқиғалардан бастау алатынын айтып, Желтоқсан оқиғасы туралы әңгімеледі. Аудандық әділет бөлімінің бас маманы Анар Орынбайқызы «Неке және (ерлі-зайыптылар) отбасы кодексі» туралы жан-жақты мағұлмат берді.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Сержан Қалиев Конституцияда көрсетілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтары туралы айтты.

Сондай-ақ мұражайда Ата Заң күніне орай көрме ұйымдастырылып, тақырыптық экскурсия жүргізілді.

 

Ләззат ӘБДІРОВА.

 

Ата Заңым — айбыным

 

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Ата Заңның қабылдануы егемен Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды.

Бұл Конституция бүгінгі күннің өміршең талабына толық жауап береді. Конституцияда Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет деп атап көрсетілген. Құқықтық демократиялық мемлекетте азаматтар құқықтары мен бостандықтары ең басты орында тұрады. Демократия деген сөз грек тілінде «халық билігі» деген мағынаны білдіреді.

Ата Заңымыз қабылданғаннан бері құқықтық мемлекеттік негіз қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Міне, осының нәтижесінде біздің елімізді бүгінде әлемдік қауымдастық этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім орныққан тұрақты дамып келе жатқан болашағы айқын мемлекет ретінде танып отыр.

Г.Жаналина,

Хромтау аудандық сотының аға сот жасауылы.

 

Адамдарға қуаныш сыйла

 

Конституция күні қарсаңында «Дәстүр» үйінде  мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дастарқан жайылды. «Адамдарға қуаныш сыйла» атты акция аясында өткен шараны «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалы мен  қалалық мәслихаттың депутаттар фракциясы бірлесіп ұйымдастырды.

Қалалық сал аурулар қоғамының атқарушы директоры Гүлмирам Сражованың айтуынша, бұл жолғы басқосуға 14 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жастар шақырылыпты. Жиында Гүлмирам Сражова және  «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Дариға Байжанова мен «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрайымының орынбасары Ахат Мырзалин, қалалық мәслихаттың депутаты Андрей Кудеев жастарды мерекемен құттықтады. Бұдан соң қатысушыларға  сыйлық табыс етілді.

Шараның соңында өнерпаз қыз-жігіттер ән айтып, би биледі.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button