Әлеумет

Кәсіпкер де зейнетақы жинақтайды

Сұрақ

Зейнегүл, жеке кәсіпкер:

— Жеке кәсіпкер зейнетақы жинақтау қорына қалай қатыса алады?

Жауап

Айнагүл Бердіғалиқызы, заңгер:

— Қазақстан Республикасы «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының

22-1 бабына сәйкес, адвокаттар, жеке нотариустар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер (патент немесе жалаң мәлімдеме негізінде шағын бизнес субъектілері үшін және шаруа (фермер) қожалықтары үшiн қолданатын арнаулы салық режимдерінен өзге) мәлімделетін табысынан 10 пайыз мөлшерiнде өз пайдасына жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндетті зейнетақы жарналарын аударуға міндетті (бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген жалақының ең төменгi мөлшерінің 10 пайызынан кем емес және жалақының 75 еселенген ең төменгі мөлшерiнiң 10 пайызынан жоғары емес).

 

Есімізді шығарған есептеу қондырғысы

 

Сұрақ

Гүлнар Арыстанбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Мен Ақтөбе қаласы Жағалау көшесі бойындағы 81-үйдің тұрғынымын.  Өткен жылы подъезд тұрғындары болып жылуға жалпыүйлік есептеу қондырғысын орнатқан болатынбыз. Бастапқы кезде ай сайын тұтынған жылуға төлейтін коммуналдық төлемақы мөлшері аз шығып жүрді. Кейінгі келген түбіртектерде тұтынған жылу үшін шамадан тыс мөлшерде қаражат төлейтін болдық. Мұны қалай түсінуге болады?

Жауап

Айтбай Дауылбаев, «Трансэнерго» акционерлік қоғамы бас инженерінің орынбасары:

— Жылу маусымы кезінде күнделікті тұтынатын ыстық сумен қатар, жылу да қоса есептеледі. Дегенмен, жылу маусымы кезінде ауа-райы бірқалыпты болмайды. Сол себептен, ыстық судың қысымы да тұрақты болмайды. Салқын күндері ыстық судың қысымы көтеріледі. Жоғары қысымдағы ыстық суды тұтынған кезде жалпыүйлік есептеу қондырғысындағы көрсеткіш те жоғарылайды. Мұндай кезде тұрғындардың тұтынған жылу мен ыстық суға төлейтін төлемақы мөлшері көбейеді. Жалпыүйлік есептеу қондырғысы — қаражат үнемдеудің бірден-бір кепілі. Жалпыүйлік есептеу қондырғысының тиімділігін жыл сайынғы ыстық су мен жылуға кеткен шығындарды есептеп, салыстырмалы түрде білуге болады.

 

Жалған ақпарат үшін жауапқа тартылады

 

Сұрақ

Арайлым Тоқбаева, 28 жаста:

— Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін қандай жаза көзделген?

Жауап

Б.Қоржымбаев, Ақтөбе көлік прокурорының орынбасары:

— Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 242-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген, яғни екі жүзден бес жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе алты-жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Арнайы қызметтерді әр шақырғаны үшін мемлекеттік бюджеттен ақшалай қаржы бөлінеді. Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 334-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көрсетілген, яғни айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Тәртіп бойынша тексеріледі

 

Сұрақ

Айбек Жаңабаев, Байғанин ауданының тұрғыны:

— Қауіпті өндірістік нысандардың төтенше жағдайға дайындығын тексеру қалай және бір жылда неше рет жүргізіледі? Тексеру жүргізуші орган қай заңға немесе қандай ережеге сүйене отырып жұмыс жүргізуі тиіс?
Жауап:

— Өрт қауіпсіздігі қызметі саласы  маманда­ры­ның мәліметінше, қауіпті өндірістік нысандардың төтенше жағдайға дайындығын тек­серуі Қазақстан Республикасының «Қа­зақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» және «Жеке кәсіп­кер­лік туралы» Заңдарына сәйкес, «Қауіп­ті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіп­сіздік туралы», «Өрт қауіпсіздігі туралы», «Қыз­меті үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы», «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңдарының талаптарын қолдау

бо­йынша жоспарлы тексеріс арқылы жүргі­зіле­ді.
Өрт қауіпсіздігі, электр қауіпсіздігі, эва­куациялық жолдардың ұйымдастырылуы және қызметкерлердің біліктілігі ҚР «Қа­зақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңының 15-бабына сәйкес, тексеру парағы бойынша тексеріледі.

 

Алимент өндіру ісі қалай жүргізіледі?

 

Сұрақ

Айбатша Мүсілімова, Қарғалы елді мекенінің тұрғыны:

— Сот шешімі шыққаннан кейін алимент өндіру ісі қалай жүргізіледі?

Жауап

М.Дүмбаева, Ақтөбе облысының сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:

—Егер әкесі баласына алимент төлеуден бас тартса, анасы сотқа арыз түсіреді. Сот шешімі шыққаннан кейін, істі жүзеге асыру сот актілерін орындау департаменті мамандарының міндетіне жатады. Сот орындаушысы сот шешімімен мұқият танысқаннан кейін борышкердің жұмыс орнын анықтайды. Борышкердің  жұмыс орнына еңбекақысынан белгіленген мөлшерде алимент ұстауға қаулы жібереді.

Сот бұйрығы шыққаннан кейін, оны міндетті түрде орындау қажет. Яғни, борышкер сот шешімімен, қаулымен танысады. Егер борышкер алиментті уақытылы төлемей, жұмыс орнын жасыратын болса, онда ол Қазақстан Республикасының  Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 524, 526- баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 

Сәбиіңді күннен қорға

 

Сұрақ

Жанар Құлбатырова, жас босанған ана:

—Жаз айларында емшектегі сәбиді күн астында жиі ұстау қажет дегенді естимін? Бұл қаншалықты дұрыс пікір?

Жауап

Тәттігүл Абилова, Ақтөбе қаласындағы №2 қалалық емхананың учаскелік педиатр дәрігері:

— Күннен қорғанудың ең тиімді жолы — көлеңке. Көлеңкелі жерде жүріп-тұру арқылы күн көзінен оңай қорғануға болады. Жасы екіден төмен балалардың денесінде ультра-күлгін сәулелерден (мысалы, күн сәулесі) қорғану қасиеті болмайды. Сол үшін көлеңкелі жерде де балаларды жалаңаш алып жүруге болмайды. Басына күн сәулесін өткізбейтін бас киім, балалар арбасында міндетті түрде шатыр болғаны абзал.

Балалардың кішкентай кезінде күн сәулесіне тап болып, терісін зақымдап алуы кейін есейгенде терінің қатерлі ісік ауруына шалдығу ықтималдылығын бес есеге арттырады. Сол себептен жас сәбилерді күннің астында қорғанышсыз қалдыруға болмайды.

 

 

 

Оқырман хаттарына жауап іздеген

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button