Сембек Жұмағалиев: «Өнер жан тазалығын қалайды»
Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлованың, туғанына биыл 90 жыл толатын Мәншүк Мәметова мен Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың құрметіне арналған «Үш жұлдызы Батыстың» атты V республикалық патриоттық әндер байқауына қазылар алқасының төрағалығына шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, белгілі әнші Сембек Жұмағалиевпен сұхбаттасқан едік.
— Сіздің Атыраудың жігіті екеніңізді білеміз, бала Сембек қандай болды, өткеніңізге ойша оралыңызшы, әнге деген әуестік неден басталды?
— Атыраудың Балықшы ауданында туып-өстім. Балықшы поселкесінде Әліби Жангелдин атындағы мектепті бітірдім. Бала кезімде бойымда табиғи дарыным бар екенін қайдан білейін, әйтеуір сондай тынымсыз, білуге құштар, елгезек бала болдым. Шашым тас бұйра сары бала едім, кейін ғой қараторы жігітке айналғаным. Анам да, үй ішіндегілер де «Сары» деп атайтын. Мектепке бармай тұрып-ақ әріптерді біліп алдым, 1-класта ішім пысатын сабақта. Біздің уақытымызда жұрт жабылып радио тыңдайтын, транзисторға жабысып алып. Мен де ән тыңдағанға әуес едім, орыстың Юрий Гуляев деген әншісін жақсы көретінмін. Қай әншінің даусының тембрі жақсы екенін білетін едім, туа-бітті талғам болған шығар. Сурет те салатынмын, әлі күнге сол әдетімді тастағаным жоқ, баламмен бірге сурет сабағына дайындалып, өзімше «главный»художник» болып отыратыным бар. Ауылда футбол командасын құрып, қатарларымды өзіме бағындырып жүретінмін. Сосын қолдан трафарет жасап, команда құрамын сырлы бояумен жазып қоятынмын. Допты армансыз тебетінбіз.
1969 жылы бір көршіміз әскерден гитарамен оралды. Әлгі жігітке таң қаламыз, біз үшін ұлы музыкант сол, қасынан шықпаймыз. Мен де бес-алты аккордты үйреніп алдым, өзімше еліктеп ән айтамын. Үйіміздің шарбағында су құятын цистерна бар еді, соның ішіне айғайласаң даусың жаңғырығып естіледі, өз дауысым өзіме ұнай бастады. Сол цистернаның ішіне сыйып кетем, жалықпай өз даусымды тыңдап жататынмын. Қайда барсам да ыңылдап ән айтып жүреді екем, оны кейін шешем айтатын. Өзі де ән айтқанды жақсы көретін анам Бөкен бір күні маған 7 шекті қызыл түсті гитара сатып әперді. Ондай аспап мектепте ешкімде жоқ. Әнші болам деп ойлағам жоқ, бірақ актер болсам деп армандайтынмын. Өйткені мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Ұлмерек апай драма үйірмесін ұйымдастырып, спортзалда соғыс тақырыбына арналған пьеса қоятын. Сол қойылымдарда колхоз бастығы, батыр бейнелерінде көріндім. Сол қойылымдарымызды басқа мектептерге барып қойып жүрдік. Рольдерімді жанымды салып ойнайтынмын. Осы үйірме менің сахнаға деген сүйіспеншілігімді оятты. Біздің кезімізде «Артист болам» деген сөзді жұрт онша дұрыс қабылдамайтын. 1968 жылы Атырауда ашылғалы жатқан музыкалық училищеге оқушылар іздеп келген комиссияның назарына іліккенмен, шешем жібермей қойды. Мектепте жақсы оқитын, белсенді оқушы болғандықтан, ұстаздарымның айрылғысы келмеген болуы керек, олар да рай бермеді.
Мектептен кейін 1972-74 жылдары Түрікменстанның Мары деген жерінде әскери міндетімді өтеп жүргенде, 10 айдан соң сол жердегі үрлемелі халық аспаптар ансамбліне шақырды. Ансамбль жетекшісі Евгений Төлегенов деген жігіт алматылық, Бибігүл Төлегенованың інісі екен. 25 адамнан тұратын хордың құрамы 6 ай сайын ауысып тұрады. Бұл ансамбльге келген адам биді де, әнді де қатыратын, бесаспап болуы тиіс болатын, Женяның ойынан шыққан болуым керек, хордың әншісі болып қабылдандым. 10 айдай хорда ән айтып, Түрікменстанның түкпір-түкпірін араладық. Өнер адамдарының гастрольдік өмірін сол арада көрдім, жаныма жақты. Әскерден соң ауылыма келіп балық консерві комбинаты жанындағы «Балауса» ансамбліне жетекшілік еттім. Ансамбльде 5 қазақ жігіті бармыз, сол кездегі сән бойынша шашымыз иығымыздан келеді. Облыстық байқауға қатысып, 1-орын алдық. Атырау облысы тарихында тұңғыш рет қазақ ансамблі 1-орын алғаны екен, атымыз қатты шықты. Атырау пединститутының ғимаратында өткен байқаудан соң институт ректоры оқуға шақырды.
Бірақ менің асыл арманым — Алматыға кету еді. Сол жылы мамыр айында Алматыға тартып кеттім. Сонда политехникалық институтта оқитын таныстарыма бардым. Бірақ қандай оқуға тапсыратынымды білмеймін. Студенттер жазғы сессияға қызу дайындық үстінде екен. Танысыма гитара іздеп тапқыздыртып алдым. «Орбита» ықшам ауданындағы политехникалық институттың 5-6,7 жатақханаларының арасындағы талдың түбінде отырып алып, әнге салдым. Студенттер тыңдай қалып, ду қол соғып жатыр. Менің алғашқы тыңдаушыларым солар болды. Біреулері: «Қай оқуға тапсырасың? Дауысың керемет қой, консерваторияға неге бармайсың?» деп жатыр. Әнші болу үшін консерваторияда оқу керегін қайдан білейін. Содан консерваторияға келдім, Бекен Жылысбаев деген кісінің алдына барғанда бар даусымнан айырылып қалғандай болдым, өте сұсты адам екен. Ол кісі артық сөз айтпады, тек қана: «Сен эстрада-цирк студиясына бар» деді. Студияға барсам, онда да Бекен аға отыр. Нұрғисаның «Алатауын» айтып, оқуға түстім. Бірінші курста жүргенде «Гүлдер» ән-би ансамбліне шақырды. Сол ансамбльде 20 жыл қызмет еттім.
— «Гүлдер» ансамблінің дауысы керемет, дудар бас әншісі едіңіз, Мақпал екеуіңіз орындаған «Ғашықтар жыры» ел есінен кеткен жоқ, кейін біраз уақыт үлкен сахнадан көрінбей кеттіңіз…
— «Гүлдерде» жүргенде 1980 жылдардың үстінде композитор Кеңес Дүйсекеев көріп: «Менің әндерімді неге айтпайсың?» деді. Мен оған: «Біреулер орындап жүрген әндеріңді қайталайтын тотықұс емеспін ғой, маған арнап ән жаз, орындайын» дедім. Кеңестің қыз бен жігіттің дуэтіне арналған «Ғашықтар жыры» деген жаңа әні бар екен, Нағима Есқалиеваға арнапты. Әннің әуеніне, сөзіне қарағанда, Нағиманың табиғатына келіңкіремейді, Сосын мен ол әнді ансамбльге жаңадан келген жас әнші Мақпал Жүнісовамен орындап көрейін деп шештім. Осы әнді 1983 жылдың аяғында болған «Тамашада» орындадық. Өзіме ұнады, өнер адамының өзіне өзі ұнауы қиын ғой. 30 жылдан бері халық осы әнді тыңдаудан жалыққан емес. Мақпалдың да бағын ашқан ән болды. «Қазақтың 100 әнінің» қатарына енді.
Ал енді Алматыдан Атырауға бір жылға барып қайтам деп кетіп, 9 жылдан кейін оралғаным рас. Атырауда да өнерден қол үзгенім жоқ. Ол кезде Атыраудың әкімі Иманғали Тасмағамбетов болды, сол кезде оның өнер адамдарына үлкен қолдау жасағанын халық біледі. Маған да «Елге қызмет жаса» деп, бар жағдайды туғызды. Атырауда жастар ансамблін құрып, соның көркемдік жетекшісі болдым.
2004 жылы Алматыға келіп, ердің жасы елуге толуыма орай «Кездер-ай, ерке кездер-ай!» деген концертімді бердім. «Қазақконцертте» жұмыс істедім, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде шәкірт тәрбиеледім.
— Мақпал әріптесіңіз туралы не айтар едіңіз?
— Мақпал — жақсы әнші, жаратылысынан тамаша адам. Оның өсек-аяңмен жұмысы жоқ, ақкөңіл, ержүректігі де бар, ойындағысын бүкпесіз айтып тастайды. Күлкісінің өзі қандай, ашық, ақжарма күлкі, жаны таза адамдар ғана солай күледі. Роза Рымбаева неге олай күлмейді?
— Өнердегі ұстазым деп кімдерді айтар едіңіз?
— Тасқын Оқаповты айрықша айтар едім. «Гүлдерге» келгенде жол-жоба көрсетіп, жөн сілтеген, көмегін аямаған адам. «Дудар-айды» айтуыма да сол кісі ықпал етті. Ол кісі керемет сауатты, адамгершілігі мол, өте мәдениетті музыкант еді.
— Қазір сахнаға әртүрлі адамдар шығып кетті ғой. Нағыз әнші мен аз ғана дауысы бар адамдардың сахнада қатар жүргеніне қынжылмайсыз ба?
— Жоқ, мен іші тар адам емеспін, сахнада жүрген әріптестеріме құрметпен қараймын, этика, әдеп деген болады. Бір әріптесім жайлы «Неге олай, неге бұлай?» деуге хақым жоқ. Қазақ айтады: «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деп. Әр әншінің өз жолы, мәнері бар.
Мен өзімнің қандай әнші екенімді, шамамды өзім білемін. Ішімнен дауыстарына қарап «Е, ұзаққа баратын әнші екен» деп баға беріп отырамын. Өз әріптесің туралы көңілге кірбің түсіретін пікір айтудан аулақ болған жөн деп санаймын. «Ана әнші әнші емес, жаман» деген пікірді айтып жүргендерді естіп жүрміз, ол мәдениеттілікке жатпайды.
«Гүлдер» ансамбліне келгеннен кейін Ленинградта, қазіргі Санкт-Петербургте «Ленконцерт» жанындағы эстрада өнері шеберханасында екі жыл білімімді жетілдірдім. Сонда мен көп нәрсені көңілге түйіп қайттым, еврейлерден талай нәрсені үйрендім. Тек ән айтуды ғана меңгергенім жоқ, дүниетанымым, білім көкжиегім кеңейді.
— Қызмет бабымен Астанаға барғаныңызды кешелі бері естіп жатырмыз. Отбасыңыз, алдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз.
— Астанадағы Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсахожаева жұмысқа шақырды, биылғы наурыздан бері сол жерде доцентпін.
Алдағы жылы, құдай қаласа, алпысқа аяқ басамын. Соған әзірлікті биылдан бастамасақ болмайды. Әндерімнің альбомын шығармақпын. Өмірбаяным туралы деректі фильм түсірту ойда бар. Сосын ел алдындағы есеп іспетті концертімді беру ойда бар.
Отбасыма келсек, жұбайым Айгүл екеуміз Әлинұр атты тәп-тәтті ұл тәрбиелеп отырмыз. Баламыз 4-класқа көшті. Айгүлдің мамандығы — заңгер.
— Өмірде басыңыздан небір күлкілі оқиғалар немесе жан-дүниеңізді астан-кестен еткен сәттер өткен шығар…
— 1991 жылы басымнан бір оқиға өтті. Оның арғы-бергісін қазбаламай-ақ қояйық. Сонда әншейінде дос деп, «Сембектің досымыз» деп атымды пайдаланып жүрген адамдарым теріс айналып, 180 градусқа өзгергенін көргенде, қатты налығаным бар. Басыңа қиын-қыстау күн туғанда жанын беретін шын достың жоқтығын, дос деген атқа кір келтірген күнді де көрдім.
— Жалпы осы өмірде сізді не шошытады?
— Бүгінде қазақтың несібесі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен заман болып тұр. Еліміздің бар байлығы талан-таражға түсіп кетіп жатыр. Баламның, кейінгі ұрпақтың болашағы не болады деп шошимын. Қазақтың үйі жоқ, күйі жоқ, жұмысы жоқ, базарда арба айдап құл болып жүр. Соны көріп қынжылам, қиналам. Айта берсе, ойға батыратын жайлар аз емес.
— Өнер адамдарына қатысты не ойыңыз бар?
— Қазір жұрт арасында «Бұрын Ленин «Өнер — халықтікі» дейтін еді, қазір «Өнер — олигархтікі» дейтін болып жүр. Өйткені қалталыларға өнер адамдары жалшы болып жүр. Керек қылса, шақырып алады, сатып алады.
Сахнаның киесінен қорықпайтын болдық, бұрын сахнаға шығатын адамның өнеріне көркі сай болушы еді, қазір киелі сахнаны сайқымазаққа айналдырдық. Кім көрінген шығады. Бұрын өнер адамдарының өз ортасы болатын, мысалы, Әуезов атындағы академиялық театрдың, Абай атындағы опера және балет театрының артистері, неміс, ұйғыр, корей театрларының адамдары бір-бірін танитын. Қазір жастар театрдың не екенін білмейді. Білім деңгейлері төмен, тіпті Қазақстанда қанша облыс барын, олардың орталықтарын білмейді. Әнші болу деген бір-екі клип түсіру деп ойлайды. Өнер ұсақтап кетті.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



