Әлеумет

Нанның дәмі

Біздің кейіпкеріміз Досмұрат Тынымгереев ел билеген әкім де, биліктің тұтқасын ұстаған үлкен басшы да, том-том кітап жазған ғалым да емес. Бірақ оның жасап жүрген еңбегі жоғарыда аталған қызметтердің бірінен де кем түспейді. Ол — қарапайым еңбек адамы. Оның наубайханасында піскен нанды Қобданың тұрғындары сүйсініп жейді. Әрбір естіген жақсы лебізге балаша қуанатын Досмұрат ағаны жұрт кең пейіл, елгезек, ашық-жарқын адам деп таниды.

Оның нан пісіру кәсібін нәсібіне айналдырғанына да көп бола қойған жоқ. Нан пісіріп сату туралы ой «кеңес адамының» бұрын үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Қазір Қобдада 2-3 наубайхана бар, әрқайсының атауы әртүрлі. Ал біздің кейіпкеріміз шығаратын нанды жұрт «Досмұраттың наны» деп атап кетті.

Қобданың іргесінде ертеректе жидегі, қарақаты, бүлдіргені төгіліп тұратын Қаратал, 17 үй, Адай деп аталған кішкентай ауылдар болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел экономикасындағы дағдарыс шыдас бермегенде тас түйін болып жиналып, тұрғындары қалаға, аудан орталығына көшіп кетті. Содан бері құлаған үйлердің ізі де қалмай, құм боп шөккен ауылдардың орнында қазір жұртта қалған қорымдар ғана қалқайып алыстан көрінетіні ата-баба рухына тағзым ете барғанда Досмұрат ағаны қатты толқытады.

Өткен ғасырдың басында кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған заман Маңғыстау өңірінен өкіметке қарсы көтерілген адай руының ұрпақтарын жаяу-жалпы қуғындап, Қобданың іргесіне жер аударды. Депортацияға ұшыраған қазақтардың Қобданың бойына орын тепкен жерлерін Адай ауылы деп атады. Сол Адайда туып-өскен жігіт кеңес өкіметінің уақытында халыққа тұрмыстық қызмет көрсетудің әр саласында қарапайым жұмысшы болды. Кәсіппен айналысуды оған алмағайып уақыттың өзі үйретті. Сол тоқсаныншы жылдары елді жұмыссыздық жайлағанда отбасының, туған бауырларының қамын күйттеген Досмұрат аға «заманның түлкіге айналғанын» жақсы түсінді. Ағысқа қарсы жүзді, құлдыраған кезеңнің ұрымтал тұсын дөп басты. Ол көгілдір отынға тұрғындары әлі күнге зәру болып отырған Қобданың жұрты үшін сол кезде де газ мәселесі оңай олжа емесін біліп, қаладан ауданға газ баллонын тасыды. Ұзақ жылдар бойы осы жұмыспен тұрақты айналысқандықтан, оны құрбы-құрдастары «Газмұрат» атап әзілдеген кездері де болды.

Кейін баллонға газ толтыратын арнайы құрылғылары бар станция аудан орталығында ашылғанда, тасымал әдісі бәсекеге қабілетсіз болып қалды. Енді тұтынушысы табылатын сұранысқа сай жаңа бір істі бастау керек болды. Бірақ нарық талаптары ерттеп мінуге дес бермес асаудай көрінді. Осы ойлардың жетегінде ол артқа бір қадам да шегінуге болмасын ұқты. Артта Мәскеу болмағанымен, одан кем түспейтін отбасы, туған бауырлардың сенімі, үлкен жауапкершілік жүгі тұрды.

Осыдан бес жыл бұрын Д.Тынымгереев алдымен «Қобда-Жер» серіктестігін ашып, көппен бірге ұлтарақтай жерге егін салды. Келесі көктемде ол 400 гектарға бидай, 50 гектарға арпа егіп, 3-4 жыл қатарынан құрғақшылыққа тап болды. Өзі сияқты диқандардың шаруасы шашырап, алға басқан адымы кейін кетіп жатқанын көрген Досмұрат аға егін шаруашылығына қосымша бір іспен шұғылдануды көп ойлады. Сөйтіп, наубайхана ашып, ең арзан бағамен сатылатын нан шығаруға бекінді.

— Алғашқы уақытта нанды көне пешке салатын болдық. Ол сұранысты өтей алмады, пештен шығар-шықпастан өтіп кетеді. Оны әйелім Әлия екеуіміз дүкендерге тасып апарып береміз. Біздің нан туралы бірінен-бірі естіген Қобдаға жақын маңайдағы ауылдардың дүкен иелері көтерме бағамен сатып алып кетіп жатады. Наның бөлкесін 38 теңгеден сатамыз. Бірте-бірте көне пештің жұмысы сұранысты ақтамайтынын түсініп, заманауи үлгідегі жаңа наубайхана пешін сатып алуды ойладық.

«Талпынған адамға Алла өзі береді» — дегенді анам марқұм жиі айтып отыратын еді. Салым суға кеткендей күй кешкен күндерде осыны ойлап жұбанамын да проблеманы шешудің жолдарын қарай бастаймын. Құрғақшылықтан астық шығымы нашар болса да, жыл сайын егуді тоқтатқан жоқпын. Қазір 10 000 гектар жерім бар, өткен маусымда 3500 гектарына бидай, 300 гектарына арпа, 400 гектарына күздік қара бидай ектік. Биыл да құрғақшылықтан құтыла алмадық, дегенмен шүкіршілік ету керек — мемлекет тарапынан қолдау бар. Осы Қарғалының Степнойынан 60 тонна «Саратов-5Б» сортты тұқым сатып алдық. Өткен жылы Қостанайдан жоғары сортты тұқым әкеліп ектік. Жеңілдетілген бағамен облыс бюджеті арқылы көктемде, күз айларында науқанға арнап берілетін жанар-жағармайдан да үлесімізді алып отырмыз, — дейді ол.

Досмұрат аға наубайханасын жаңарту үшін көп жұмыстың басын қосуды, түскен пайданы соған жаратуды жоспарлады. Жобалағандай жоспары іске асты — Еуропадан 67 000 евроға «Еуразия» банкі арқылы тәулігіне 5000 дана әртүрлі нан өнімдерін пісіретін құрал-жабдықтарымен жасақталған «REVENT-724» маркалы алып пеш сатып алды. Біздің наубайшы ондай пештің облыс бойынша тек бесеу ғана екенін мақтанышпен айтты. Біреуі — Досмұрат ағаның наубайханасында, екеуі — «Дина», тағы екеуі «Анвар» супермаркетінде бар. Алдымен қамырды былғауышқа салып, оны гидравликалық бөлгішпен бөліп,  қамыр салынған қалыптар орналастырылған үлкен шкафты іші-сырты лифтіден аумайтын алып пеш тетігін басып қалғанда өзі-ақ іліп әкетеді де, есігі сарт жабылады. Біз мезгілде 108 нан 230 градус температурада, 40 минуттың ішінде пісіп болады. Буы бұрқыраған ыстық нанды Досмұрат аға сол бойда дүкен сөрелеріне апарып тастайды.

Бұл қызмет түрі өзін-өзі ақтауы үшін біздің кейіпкеріміз шаруашылыққа диірмен сатып алып, нанды өздерінде тартылған ұннан пісіріп отыр.

Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосып жүрмін деген ойы болмаса да егін шаруашылығын жолға қою мақсатында жыл сайын Қостанайдағы «Евразия групп» компаниясынан арнайы мамандар шақыртып, тәжірибе алмасады, шаруашылықта жұмыс істейтін 15 адамға үйретеді. Егістік алқабына тыңайтқыштар мен гербицидтер пайдалану, пар айдау әдісі сияқты агротехникалық шараларды қолданып жүр. Күтіп-баптаған соң, жер өнімін әлдеқайда жақсырақ бере бастады. Ісі алға басқанын пайымдап, шаруашылыққа 2014 жылға дейін өтеуге уәде беріп, лизинг арқылы Канадада жасалған «Джондир» егіс кешенін сатып алды.  Өзі жерді жыртатын, тұқымды себетін, өнімді жинайтын «ақылды» техниканың тағы біреуі артық етпес деген ой жоспарда жоқ емесін жасырмады кәсіпкер. Одан басқа «Енисей-1200» комбайнын және серіктестік жұмысшылары жаз айларында шабындықта шөп шабуы үшін шалғы орақ, шөп тайлағыш, «МТЗ-82» тракторы сияқты қосымша техника түрлерін сатып алды.

— Шетелдік наубайхана пешін жаңадан қондырғанымызда, осы жерде оның тілін білетін адам болмады. Әйелімді, өзімді, осында нан пісіріп жүрген бір-екі қыз баланы үйрету үшін Чехиядан наубайшы шақырттық. Ол наубайхана өндірісінің технолог-кеңесшісі Ганчарчик Франтишек деген өз ісінің нағыз білгір маманы болып шықты. Әлемнің әр түкпірінде болып, нан пісіру технологиясын әбден меңгерген маманның қойын кітапшасы толған дүниежүзі елдерінің, әр түрлі халықтардың нан пісіруде қолданатын рецептілерінің жазбалары екен. Ол нанның қандай болмағын қамырдың түр-түсінен таниды. Елуді еңсеріп қалған жігіт ағасының өмірін нан пісіруге арнағаны бізге қызық көрінді. Бірақ қолынан шыққан бөлкелердің дәмі тіл үйіретіні сонша, оның мамандық таңдауда өз жолын тапқан жан екенін бірден түсіндік.

Өкінішке қарай, Чехиядан келген маманның 10 күн бойы үйретіп кеткен бөлкелерінің бәрін бірдей пісіру мүмкін емес. Ол бөлкелердің құрамына қосатын қоспалары қымбат, өзін-өзі ақтауы үшін әр данасын 100 теңгеден жоғары бағаға сатуға тура келеді. Сондықтан әзірге сұраныстың талабына сай қарапайым түрлерін ғана пісіріп сатамыз. Қазір нан — 38 теңге, басқа да бөлкелердің түрлері 30, 40 теңгеден сатылады, — дейді наубайшы.

Қыс айларында шаруашылықтың жұмысы азаяды, күзде қамбаға тұқым құйылып біткен соң, көктемгі науқанға дейін тым-тырыс жатуды жөн көрмейтінін айтқан кәсіпкер наубайханасында ғана қысы-жазы қызып тұратын жұмысты місе тұтар емес. Алты ай қыста ісі тоқтап қалмас үшін биыл мал сатып алуды жоспарлап отыр.

— Мал қазақ үшін жанының садағасы ғой. Ауылда шаруашылық ашқан соң, мал ұстау керек екен. Осыны жоспарлап, болашақта шаруашылықтың аясын кеңейту туралы ойларымды жүзеге асырмақпын.

Өзім де, бауырларым да қаршадайымыздан ата-анамыздың еңбекпен тапқан нанын жеп өскен қарапайым ауыл баласымыз. Анамыз марқұм кішкентайымызда обал, сауапты құлағымызға құйып, ненің адал, ненің арам екенін айтып отыратын. Қандай жұмыста да оңай олжа жоқ, майлы шелпек еңбексіз бұйырмайды. Дегенмен наубайханадан тапқан нәпақа — адал еңбекпен ғана ауызға түсетін жеміс. Әйелім екеуіміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Енді немерелерім адал еңбекпен піскен нанның дәмі қандай болатынын ұғып өссе екен деймін, — деп әңгімесін аяқтады наубайшы.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button