Айнұр мен Болат

… 2005 жылдың соңында Бакуден Ақтауға шыққан «АН-140» ұшағы апатқа ұшырап, Каспий теңізіне құлады. Қаза болған жолаушылар арасында ақтөбелік Айнұр Сүлейманова да болған еді. Құтқарушылар Айнұр мен оның сүйген жігіті Болатты ортақ белдік тағынған, жұптары жазылмаған күйінде тапты.
Айнұр 1977 жылы Қобдада дүниеге келген. Оның ата-анасы — тоғыз бала тәрбиелеп өсірген қарапайым жандар. Айнұр — отбасында алтыншы бала. Қобда орыс орта мектебін, Ақтөбе коопертивтік колледжін үздік бітірген. Одан соң Қарағанды экономикалық университетінде оқыды. Оны да қызыл дипломмен тәмамдады. Ағылшын тілін меңгерді. Қазақ-Америка университетінде, «Сеймар», «Мұнайтас» компаниясында жемісті еңбек етті. Жан-жақты ізденіске құмар Айнұр «Таң» телеарнасында жүргізуші болып та істеді, 2003 жылы республикалық «Қазақстан аруы» байқауына қатысып, «Ең сүйкімді ару» деген атаққа ие болды. Өзінің жеке кәсібін де жолға қойды. 2004 жылы өз білімін жетілдіру үшін, Айнұр Лондондағы Еуропалық бизнес мектебіне түсті. Бұл мектеп халықаралық бизнестің көшбасшыларын дайындауда әлемдегі жетекші оқу орны болып табылады. Ағылшын тілін барынша жетік меңгеруді ойлаған Айнұр ерлі-зайыпты ағылшын қарттардың үйіне орналасыпты. Ал келесі жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондондағы Кардиф университетінің магистратурасына түсті.
Болат Кәрентаевпен ол «Мұнайтас» компаниясында танысқан, осында екеуі бірге еңбек етті. Олар құрдас еді. Жұмыс барысымен араласа жүріп, бірін-бірі қатты ұнатты. Айнұр Лондонға оқуға кеткеннен кейін, Болат та сол жаққа асықты. Ол да «Болашақ» бағдарламасымен Кардиф университетінің магистратурасына түсті. Кардифке оқуға түскенге дейін Болат «Мұнайтас» компаниясында, Ақтау халықаралық теңіз-сауда портында жемісті еңбек етті. Тіпті кандидаттық диссертациясын қорғауға дайындалып жүрген. Ал Лондондағы университет қабырғасында Айнұр мен Болат өте білімді, еңбекқор жастар ретінде көзге түсті. Өз құрбыларымен арман-тілектерін бөліскен сәттерде, Болат: «Ақтауда дамыған елдердегі секілді халықаралық порт салсақ» — дейтін, ал Айнұрдың арманы — Астанада Лондонның Еуропалық бизнес мектебі сынды оқу орнының іргетасын қалау болатын.
2005 жылдың желтоқсанында, Англиядағы Рождество мерекесіне байланысты демалысты пайдаланып, екеуі елге асықты. Олардың шаңырақ құруға қатысты жоспарлары ата-аналарына мәлім еді. Екі жақтың келісімімен Жаңа жыл қарсаңына — құдалық кәдесін жасау, ал наурыз айына үйлену тойы белгіленіп қойған…
Олар алдымен Лондоннан Бакуге ұшып келді. Одан әрі Ақтауды бетке алған ұшаққа отырды. Ұшақ Баку әуежайынан кешкі сағат 22.19-да көкке көтерілді. Арада жарты сағат та уақыт өтпеді — ұшақ апатқа ұшырады.
Екеуі екі әулеттің үлкен үміті, мақтанышы болған, қапияда қазаға ұшыраған жастардың тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмады. Екі жастың қазасына оларды ешқашан көрмеген, білмеген мыңдаған жандардың қабырғасы қайысты. Солардың бірі — Алматы облысының Талғар қаласындағы М. Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Нәйла Үмбетова екен. Өткен жылы «Жұлдыздар отбасы» журналына (№24) берген сұхбатында ол өзінің республикалық басылымдардың бірінен Айнұр мен Болат туралы мақаланы оқып отырып, жылап жібергенін баяндай келіп, былай дейді: «… екі жастың әдемілігі, білімге деген құштарлықтары, отаншылдық сезімдері, болашаққа құрған батыл жоспарлары, адал махаббаттары, қайғылы тағдырлары — бәрі-бәрі маған қатты әсер етті. Ертеңіне жұмысқа барған соң орынбасарларымды жинап алып, мақала туралы айтып бердім. Сосын мақаланың бірнеше көшірмесін жасап, оқу орнының әрбір қабатына іліп қоюды тапсырдым. Біздің колледжде әр дүйсенбі сайын сынып сағаты өтеді. Менің бастамаммен келесі дүйсенбі күні сынып жетекшілері Болат пен Айнұрға арналған сынып сағаттарын өткізді. Ал 14 ақпанда «Болат пен Айнұрды еске алу күні» деп, колледж сахнасында «Қос мұңлық періште боп пейішке кетті ұшып» деген атпен, сахналық қойылыммен өрнектелген әсерлі кеш өткіздік».
Бұл — 2006 жылдың 14 ақпаны. Жастарымыз 14 ақпанды «Валентин күні» ретінде атап өтуден бас тартар емес. Ал Талғар агробизнес және менеджмент колледжі қабырғасында бұл күн жыл сайын «Болат пен Айнұрды еске алу күні» ретінде атап өтіледі. Сондай-ақ, бұл оқу орнында жыл сайын ең үздік оқушыларға Болат Кәрентаев және Айнұр Сүлейманова атындағы стипендиялар тағайындалады.
Жамбыл облысының бірнеше қоғамдық ұйымдарының бастамасымен, 2007 жылы Таразда Болат пен Айнұр атындағы «Ғашықтар аллеясы» ашылып, «Махаббат символы» ескерткіші тұрғызылды. Тұғырына Абайдың, Мұқағалидың, А. Кочетковтың махаббат туралы өлеңдерінен үзінділер қашап жазылған бұл ескерткіш алдында әр күн сайын гүл шоқтары жатады. Ал өздері оқыған мектептерде Айнұр мен Болат атына музейлер ашылған. Бұл музейлердегі жәдігерлер Арман, Еңбек, Махаббат деген асқақ ұғымдардың жаршысындай…
Ал… тірі болғанда, биыл олар 35 жасқа толар еді…
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.




Алла тагалам отбасына куш куат бергей!
не деген ауыр тағдыр, қатты әсер етті, құдай аясын.