Әлеумет

Мұханбетжанның мәнді тірлігі

… Мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге көмек қолын созатын болады. Бірақ азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс.

Және бұл әділетті болмақ!

Нұрсұлтан Назарбаев.

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласынан

 

Мұханбетжанның мәнді тірлігі

 

Хромтау ауданының Бөгетсай ауылында тұратын Мұханбетжан Әбдіровті ауылдастары ғана емес, аудан жұрты да  жақсы таниды. 40 жыл бойы темірді газбен, электрмен дәнекерлеумен айналысқан оған шаруасын айтып қолқа салатындар аз емес.  Өзінің кәсібіне адал, кісіден қол қайырын аямайтын  Мұханбетжан ағаны ауылдастары «дипломды сварщик» деп атайды.

Мұханбетжан өзінің қолының місекері бар екенін ауылда жүргенде білген жоқ. Дәнекерлеуші боламын деп ойлаған емес. Жасынан шығармашылыққа бейімі бар, әдебиетке құмар, өлең жазатын  ол болашақта  сол салаға  мойын бұрармын деп ойлаған. Отбасында  үш қыздың ішіндегі жалғыз ұл болғандықтан, ата-анасының қасынан шідер үзіп, алысқа оқу қуып кете алмады. Кеңшарда жұмыс істеді, автомектепте оқыды. Сөйтіп жүргенде әскер қатарына шақырылып, бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербордан бір шықты. Ол жерде де қарап жүрмей өлең жазып, шығармалары әскери бөлімнің қабырға газетіне жарияланып жүрді. Өзі туып-өскен ауданның газетінде де өлеңдері басылды.

О, туған жер, алтын бесік, жылы ұям,

Құлпырсын деп жайлауыңа жыр құям.

Қолын бұлғап кейін қалды көгілдір

Ор өзені, мені өсірген қыр-қияң.

Мен өмірден сыбағасыз қалмаппын,

Міне, қазір қатардағы солдатпын, — деп жазатын.

Мұханбетжанның сауаттылығын, елгезектігін байқаған әскери бөлім бастығы оны іс-қағаз жүргізуші етіп қояды. Арада біраз уақыт өткен соң әскердегі мамандарды қайта даярлайтын училищеде оқып, дәнекерлеуші-арматурашы мамандығын алып шығады. Ленинград қаласында салынып жатқан көп қабатты екі үйдің құрылысына атсалысып, олардың балкондарын салуда білікті дәнекерлеуші маман ретінде көзге түседі.

Әскери борышын өтеп болған соң,  Мұханбетжан жоғары санатты дәнекерлеуші болып ауылына оралды. Мұндай мамандықты игергендер қазірдің өзінде саусақпен санарлық, ал ол уақта тіпті қат еді. «Бөгетсай» кеңшарына төртінші  санатты дәнекерлеуші жас жігіт құт болып қонады. Ауыл халқы темірден түйін түйген Мұханбетжанды көп іздейтін болды. Кеңшардың шаруасы дүрілдеп тұрғанда оның техникасының мүлтіксіз жұмыс істеп тұруына қосқан үлесін жұрты біледі. Жұмысына ықтиятты, не істесе де тындырып істейтін Мұханбетжанның жерлестерінің алдында беделі де жоғары болды. Мамандығының қыр-сырына қанығып алған соң, одан қол үзгісі келмеді. Бірақ өлең де көкейінен кетпейтін. Жыр шумақтары жанына тыным бермейтін, оларды ақ қағазға түсіріп, аудандық газетке жолдайтын. Тіпті сол кезде  жазуға икемі бар болғандықтан, аудандық газетке тілшілік қызметке де шақырыпты. Айналысып жүрген кәсібін қимай бармаған.

Ел тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамда көп өзгерістер болғаны мәлім. Кеңшар тарап жатқанда пай үлестіру кезінде Мұханбетжанның еншісіне  тіркелмелі дәнекер құралы тиіпті. Жұрт не істерін білмей дағдарған шақта да Мұханбетжанның шаруасы тұралаған жоқ, баяғы кәсібіне деген сұраныс  бәсеңдемеді. Бөгетсай ауылына көгілдір отын құбыры тартылып жатқанда, Мұханбетжан таптырмайтын маман болды. Үйлерге жылу жүйесін қондыруға кірісті. Мұндайда онсыз іс бітпейтін. Хромтау қаласының тұрғындар «Жаңа станса» деп атайтын бөлігінде газ құбырларын тартып жатқан фирма Мұханбетжанды келісімшартпен жұмысқа алды. Тіпті Ақтөбе қаласындағы жаңа үй салып жатқандар да жылу жүйесін,  қос қабатты коттедждердің баспалдақтарын орнатуға тапсырыс бере бастады. Тіршілік бар жерде құрылыс жұмысы таусылған ба, Мұханбетжан сүйікті кәсібінің арқасында қазір де нәпақасын айырып отыр. Істеген ісінен мін табылмайтын дәнекерлеушінің адал еңбегін елі біледі.

Қазірдің өзінде тіркемелі құралы мен автогені күнделікті шаруасына жарап тұр. Бөгетсайдың шаруа қожалықтарының науқандық жұмыс кезінде техникалық құралдары сынған болса, сол бойда оны жамап  іске қосып беруге ерінбейді.

Мұханбетжан ағаға хабарласып, облыстық газеттен екенімді айтқанда, ол кісі бірден: «Мені жазып не қыласыңдар, анау бастық, директор  болғандарды жазбайсыңдар ма?» — деді.  Мұның өзі  қақ-соқта жұмысы жоқ, өз жұмысын ғана білетін еңбек адамының сөзі емес пе?

Мұханбетжан Әбдіров — зайыбы Мәриям екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының басшысы. Мәриям апай өмірін ұстаздыққа арнаған адам. Қызы Ләззат әкесі Мұханбетжанның арманын жалғап,  журналистік жолды таңдады.Ол қазір Хромтау аудандық газетінде редактордың орынбасары болып қызмет етеді. Қалған ұл-қыздары тау-кен саласында еңбек етеді. Өзі әлі күнге өлеңін тастамайды. Балаларының тойында:

Ор бойының сылдырлаған құрағын,

Балама айтам, ұмытпа деп, шырағым.

Туған жердің қасиетін қастерле,

Болса-дағы қайда, мейлі, тұрағың.

Ор бойының желі самал, шөбі көк,

Жұпарына тұнып жатар төңірек.

Жеті сайын, ай сайын кел  демеймін,

Жылына бір уақыт бөліп келіп кет, — деп өсиет айтады.

Мұханбетжан аға:

— Кәсібімнің бейнетін де, зейнетін де көрдім. Техникасы заманға сай болса, дәнекерлеуші деген жақсы кәсіп. Қазір бұл жұмыспен айналысып жүргендер көп, әрине. Бәрі де адал еңбек етуге байланысты. Өзгені де өзіңдей көр, қолыңа алған жұмысты тастай етіп тындыр. Қолыңнан іс келсе, қандай жағдайдан да жол тауып шығасың, — дейді.

Расында, бүгінде жарнамасын қанша асырып жатса да, кәсіптік лицейге баруға намыстанатын жастар көп. Қазір дәнекерлеушінің, электриктің, аспаздың, тағы басқа да мамандықтардың аты озып тұр. Сол кәсіптің бірін меңгерсең, ешкімге салмақ салмай, қиналмай-ақ  жан бағуға  жетіп жатыр. Біз балаларымызды баяғы сот, тергеуші, экономист болса дейміз. Қалтасында қос-қос дипломы бар жұмыссыздар қатары көбейіп барады. Мұханбетжан аға сынды адамдарды көргенде: «Осы біздің жерге түсетін уақытымыз болған жоқ па?» деген ойға кетесің.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button