Әлеумет

Есебін білмеген есесін жібереді

Еңбек заңнамасы кодталған, құқық шеңберінде тұрғындарды әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, әлеуметтік-құқықтық жүйеде проблемалар да бар.

Қазақстанда қолданылатын әлеуметтік заңнамалардың резервтері жеткілікті деңгейде іске қосылмаған.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласынан

 

Есебін білмеген есесін жібереді

 

Қазіргі уақытта азаматтардың заңдылық сауаттылығы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда артып, жұмысшы-қызметкерлердің өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі кеңейгендігін атап өтуге болады. Алайда, соған қарамастан қызметкерлердің бұл реттерде де жұмыс беруші тарапынан қиянатқа ұшырау жағдайлары кездесіп қалатындығы байқалып жүр. Осыған байланысты біз Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Қалижан Өтемұратовпен сұхбаттасқан едік.

 

— Қалижан Мұстайұлы, бұқаралық ақпарат құралдарында, түрлі жиындарда жұмысшы-қызметкерлердің құқықтарының бұзылатындығы туралы ішінара болса да айтылып қалып жатады. Сіз мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде өзіңіздің қызмет барысында кездескен жайлардан осыған сәйкес нақты мысал келтіре аласыз ба?

— Әрине, қазақта айтатындай, «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды». Сіз айтқан мәселе төңірегінде заңдылықтардың бұзылуы, қызметкерлердің құқығы қорғалмауы деректері біздің алдымыздан да жиі шығып тұрады. Мәселенің мәнісі, бір жағынан, азаматтардың өз құқықтарын қорғауға салғырт қарауынан басталады. Екіншіден, кәсіпорын, мекеме басшылары да бұл ретте жанашырлық таныта бермейді. Осындай себептерден заңда көрсетілген жеңілдіктер ескерілмей қалып жататын сәттер де туындайды.

Қазақстан Республикасының 1992 жылы шыққан «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 13-бабының 2-тармақшасында Ақтөбе облысының Шалқар ауданы кіретін экологиялық апат аймағында тұрып, жұмыс жасап жатқандар үшін жалақыларына, стипендияларына қосымша 1,5 коэффициенті қолданылып есептелетіндігі көрсетілген.

Алайда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен еңбек ұжымдары арасындағы 2009-2011 жылдарға жасалған ұжымдық шарт талаптарына сәйкес Арал өңірі экологиялық апат аймағына кіретін Шалқар, Мұғалжар және Темір аудандарында тұрып, жұмыс жасап жатқан қызметкерлердің айлықтарына қосымша есептелетін 15 пайызды 1 разрядтық тарифтік мөлшерлеме бойынша төлеп келген.

Негізінде бұл заң талаптарына сәйкес қызметкердің айлық тарифтік мөлшерлемесі (қызметтік айлық еңбекақысы) есебінен төленуі тиіс болатын. Біз тексеру барысында осы аралықтағы заңсыздықтарды аштық.

Түсінікті болу үшін нақты мысалдар келтірейін. Мәселен, Шалқар ауданындағы 7-разрядты электр монтерінің айлық тарифтік мөлшерлемесі 66 мың теңге. Ол тексеру жүргізілгенге дейін 8640 теңге үстеме алып келді. Негізінде заңға сәйкес ол ай сайын 33000 теңге үстеме алуы керек еді. Сонда осы уақыттар ішінде ай сайын 24360 теңгені кем алып отырған.

Мұғалжар, Темір аудандарында еңбек ететін 11-разрядты электр механигі ай сайын 14148 теңгеден «желініп» келген.

Осындай деректерді байқаған Қызылорда облысының Сексеуіл өңірінде және Ақтөбе облысының Шалқар ауданында орналасқан теміржол мекемелерінде жұмыс жасайтындар республика Бас прокуратурасына бірнеше мәрте ұжымдық шағымдар жолдады. Бұл мәселенің заңдылықтарын тексеру Көлік прокуратурасы желісімен Қандыағаштағы аймақтық прокуратураға тапсырылған болатын. Өз кезегінде бұл орган Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне тексеру жүргізу туралы талап қойды. Содан кейін біз аталған мәселе бойынша іске шұғыл кірістік.

— Тексеру арқылы қандай нәтижеге қол жетті? Жалпы осы мәселеге қатысты жұмысшы-қызметкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Біздің департаменттің мемлекеттік еңбек инспекторлары Шалқар, Мұғалжар және Темір аудандарында орналасқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалдарына жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, 2009 жылдың қазаны мен 2011 жылдың наурыз айлары аралығында экологиялық төлемдер есептеу бойынша кем төленген сомалардың мөлшерін анықтап, оны төлеттіру жөнінде нұсқаулар шығарып, бұл құжаттар филиал басшыларына, сондай-ақ тексеру материалдары көлік прокуратурасына прокурорлық ықпал жасау үшін жолданды.

Қандыағаш көлік прокуратурасы осы негізде қозғалыс жасап, ақырында ҚР Бас прокуратурасы Жоғарғы сотқа талап-арыз берді. Онда жауапкер ретінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Арал апатты аймағында тұрып жатқан қызметкерлерге айлықтарына қосымша есептелетін пайыздық үстемелерді айлық тарифтік мөлшерлеме есебінен төлеуі қажеттігі айтылды.

Осылайша заң органдарының талап етуімен қазіргі кезде әділеттілік орнады.

Бүгінгі күні облыс аумағындағы Арал апаты аймағына жататын Шалқар, Мұғалжар және Темір аудандарында жұмыс істейтін қызметкерлердің айлықтарына қосымша есептелетін пайыздық үстемелер айлық тарифтік мөлшерлемесі (қызметтік айлық еңбекақы) есебінен төленіп отыр. Атап айтқанда, осы үш аудан аумағында орналасқан он бес теміржол мекемелері қызметкерлеріне 2009 жылдың қазаны мен желтоқсан айы аралығы және 2010-2011 жылдардағы кезеңіне барлығы 573 млн. 711 мың теңге төленді.

Таратып айтар болсақ, Шалқар ауданында орналасқан төрт темір жол мекемелеріндегі 1306 қызметкер-жұмысшы осы шарадан кейін 269 млн. 894 мың теңге алды. Аталған мекемелер арасында Шалқар жол дистанциясы, Біршоғыр жол дистанциясы, Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясы және Шалқар электрмен жабдықтау дистанциясы бар. Заңдылық қалпына келтірілгеннен кейін осы мекемелерде еңбек ететін әр адам орта есеппен 206657 теңгеден ақша алды.

… Сонымен, тиісті орындардың араласуы нәтижесінде әділдік қалпына келді. Қай кезде де есебін білмеген есесін жіберуі оңай нәрсе. Сондықтан да азаматтардың заңдылықтарды білуі, бұл орайдағы сауаттылықты көтеру маңызды деп айтар едім.

 

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.   

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button