Құқық

3979 грамм есірткі тәркіленді

Статистикалық деректер бойынша, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтар саны өсіп отыр.

Ақтөбе бекетіндегі желілік ішкі істер органдары биылғы жылдың алғашқы алты айы ішінде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 11 қылмыс тіркеді, ал өткен жылы 16 қылмыс тіркелген болатын. Сонымен қатар, 7 есірткі сату фактісі тіркелді. Әкімшілік құқық бұзу фактілері   бойынша биылғы көрсеткіш былтырғыға қарағанда едәуір өскен.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 3979,1 грамм есірткілік заттар тәркіленген, оның ішінде: 322 грамнан астамы — гашиш,  4,44 грамы — героин, 3652,34 грамы — марихуана.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту мақсатында құқық қорғау органдары тарапынан көптеген шаралар қолға алынды. Бірақ ол шаралардың нәтижесі талап деңгейінде емес, атап айтқанда, есірткіні ірі көлемде жеткізушілер мен сатушыларды анықтау бағытындағы жұмыстар осал.

2012 жылдың бірінші жартыжылдығында есірткі контрабандасымен  айналысудың бірде-бір фактісі анықталмаған. Бұл жағдай, Қазақстанның Кеден одағына кіруіне байланысты, мемлекеттік шекарада жүктерді өткізудің жаңа қысқартылған ережесінің қолданыла бастауынан деп түсіндіріледі.

Мамандар бұл орайда күрес шараларының тиімділігін арттыру үшін, ҰҚК Шекара қызметі шекарадағы жұмысты барынша күшейтіп, бекеттерді заманауи техникалармен қамтамасыз етіп, ҰҚК ШҚ кинологиялық қызметін  жандандыруы тиіс деп есептейді.

Есірткі контрабандасына Қазақстанға іргелес жатқан мемлекеттердің  — Ресей, Өзбекстан — азаматтары қатысады. Осы жағдай ұдайы есте ұсталуы тиіс.

Ақтөбе облысы Ресейдің Орынбор облысымен, Өзбекстанмен шекаралас жатыр. Желілік ішкі істер қызмет көрсететін 4 бағыттағы теміржолдар мен “Ақтөбе” халықаралық әуе жайы арқылы күнбе-күн жүздеген жолаушылар тасымалданады.

Біздің облысымыз Орталық Азиядан Еуропаға есірткі заттары тасымалданатын жолда тұр. Біздің пікірімізше, есірткіге қатысты қылмыстың өсуіне осы жағдай ерекше әсер етіп отыр.

Сондықтан полиция әрдайым қырағы болулары тиіс.

 Ләззат ШАНОВА,

Ақтөбе көлік аймағы бойынша құқықтық статистика саласындағы

заңдылықтардың сақталуын қадағалау және арнайы есеп жөніндегі

аға прокурор, әділет кеңесшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button