Мәдениет

«Өнер дегеніміз – әдемілік…»

26 мамырда Ақтөбеде Қазақтың Мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының гастрольдық сапары басталды.

Сол күні түсте әйгілі Асанәлі Әшімов бастаған театрдың бір топ әртісі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.

– Қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың 80 жылдық мерейтойына орай ұжымымыз қазақ жерін аралауға шыққан еді. Міне, үш жыл болды – гастрольдық сапармен барлық облыстарға бардық. Мерейтойлық гастрольдарымыз Ақтөбемен аяқталады. Сондықтан бұл – жай гастроль емес, тарихта, жылнамада қалатын оқиға, – деді Асанәлі Әшімов.

Белгілі әртістер мен журналистер арасындағы әңгіме өнер мен өмірдің байланысы, өнердегі бүгінгі ағымдар  төңірегінде өрбіді.

Біздің жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Жанғалиева:

– Көптеген театрлар, өнер адамдары жаңаға еліктейміз, жаңалық әкелеміз деп жүріп, өз жолдарынан адасып, өз бет-бейнесін жоғалтып алып жатады. Біздің театр ондайдан аулақ. Жаңалықтың да жаңалығы бар. Сондықтан оған өте сақтықпен қарау керек, – десе;

КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов:

– Өнер дегеніміз ең алдымен – әдемілік. Өнер әрдайым әсемдіктің, адамдықтың, жақсылықтың жаршысы болуы тиіс. Өнер өмірмен үндес болуы керек деп, небір былықты, келеңсіз жайттарды сахнаға, экранға алып шығуға мен қарсымын. Қозының орнына – бас бұзар, дүлей күшке сүйенетіндерді, ал Баянның орнына жезөкше қыздарды насихаттайтын болса, ол өнер емес. Өкінішке орай, сондай азғындықты «жалаулатып» жүрген дүниелер шетелдерде өтіп жататын қаптаған фестивальдарда сыйлық алғыш-ақ. Оның артында жымысқы саясат жатыр. Сенің халқыңның тұрмысы төмен-ақ болсын, бірақ оның өмір салтындағы бір жақсы, жылы қарым-қатынасты, әдемі дәстүрлерді насихаттайтын дүние жасасаң, ол еленбейді. Ал енді жаман жағын қоюлатыңқырап, азғын етіп көрсетер болсаң – сыйлық беріледі. Міне, сондай дүниелерімен шетелдерден сыйлық алып, әлдеқандай болып жүргендер бізде де бар, – деді.

Ал кешкілік Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында гастроль шымылдығы «Айман-Шолпан» музыкалы комедиясымен ашылды. Мұхтар Әуезов есімін иемденген өнер ордасының гастрольдық сапарын ұлы жазушының қаламынан туған «Айман-Шолпан» комедиясымен бастауы түсінікті жайт.

Бұл күні «Айман-Шолпан» комедиясын тамашалауға көпшілікпен бірге Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов те келді.

– Қазақтың Мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртістеріне «Қош келіпсіздер!» деймін. Сіздердің сапарларыңыз біздің қаламыздың тұрғындары үшін – үлкен мереке. Биыл Ақтөбе қаласының іргетасы қаланғанына 140 жыл толып отыр. Бұл өнер мерекесін қаламыздың мерейтойына арналған үлкен сый ретінде қабылдаймыз, – деді Архимед Бегежанұлы.

«Айман-Шолпан» қойылымының режиссері – Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев. Ал Айман мен Шолпанды сахнаға ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Данагүл Темірсұлтанова мен «Тарлан» сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина алып шықты. Сондай-ақ,  қойылымда Ерлан Біләл, Айдос Бектемір, Гүлнәр Жақыпова, Асылбек Боранбай сынды талантты актерлер  ойнады.

Мұндағы Айман мен Шолпан  – Маман байдың аса көрікті және бір-біріне өте ұқсас, егіз қыздары. Шекті руынан шыққан Арыстан батыр мен Жетірудың жігіті, батыр атағы болмағанымен, асқан бай Әлібек Айман мен Шолпаннан дәмеленіп, ауыл сыртын торып біраз жүреді. Қос қызды бір-бірінен ажырата алмай, онсыз да күлкіге ұшырап жүрген Арыстан мен Әлібектің жағдайын ортада жүрген қу тілді, пысық Жарас тіпті қиындата түседі.

Шөмекейлердің бір тойында қыздардың әкесі Маман бай мен Арыстанның ағасы Көтібар батыр қақтығысып қалып, соңында Көтібар батыр Маманның ауылын шауып, Айман мен Шолпанды тұтқынға алады. Көтібардың егіз қыздардың екеуін де әйелдікке алғысы келетінін естіп, оқиғаға  оның кіші тоқалы Теңге араласады…

Халық әндерімен, белгілі сазгерлер шығармаларымен өрілген комедия ойнақы да шуақты, көрермен көңілінде жылы әсер қалдырады.

М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының Ақтөбедегі гастрольдық сапары 4 маусым күні осы «Айман-Шолпан» комедиясымен аяқталады.

Ал кеше біздің жерлестерімізге Г. Гауптманның (аударма – Қалихан Ысқақтікі) «Ымырттағы махаббат» драмасы ұсынылды. Аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов қатысатын бұл қойылымды ақтөбеліктер екінші рет ертең, 29 мамыр күні тамашалай алады.

Ақтөбелік көрерменге «Айман-Шолпан» комедиясы мен «Ымырттағы махаббат» драмасынан басқа «Сыған серенадасы» мюзиклы (28 мамыр және 1 маусым), «Махаббат дастаны» (30 мамыр және 2 маусым) және «Ескі үймен қоштасу» (31 мамыр және 3 маусым) драмалары ұсынылғалы отыр.

И. ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button