Спорт

Үш күнде — үш алтын!

Өткен аптаның соңғы үш күні Лондонға елеңдеген қазақ жанкүйерлерін ерекше қуантты. Жұма күні — ауыр атлетші Светлана Подобедова, сенбі күні — барша қазақтың сүйіктісі Илья Ильин, жексенбі күні жеңіл атлетші Ольга Рыпакова Олимпиада алтынына қол жеткізді. Сөйтіп, Қазақстан қоржынындағы медальдар саны алтыға жетті. Алтауы да — алтын! Жалпыкомандалық есепте еліміз 7-орында тұр.

3 тамызда, 75 кг салмақ дәрежесіндегі Светлана Подобедова жарысқа қосылар тұста, интернет-басылымдар оған ресейлік қарсыластары айтарлықтай қиындық тудыратынын жарыса жазды. Бұрын өз құрамалары қатарында өнер көрсеткен Подобедоваға Пекин Олимпиадасына Қазақстан атынан қатысуға Ресей жағы рұқсат бермей қойған еді. Бұл жолы 75 кг салмақ дәрежесі бойынша Ресей өзінің екі мықтысын сайысқа шығарды: 2011 жылғы әлем чемпионы Надежда Евстюхина және Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері Наталья Заболотная.

Жұлқа көтеру сайысында Надежда Евстюхина үш талпынысында да 125 кг зілтемірді көтере алмады. Сөйтіп, жарыстан шығып қалды.

Енді алтын үшін талас Заболотная мен Подобедованың арасында өрбіді. Қос сайыс қорытындысы бойынша, бұл спортшылардың екеуі де бірдей көрсеткіш көрсетті: 291 кг. Ал мұндай жағдайда спортшылардың салмағы шешуші рөл атқаратыны белгілі. Қарсыласынан салмағы аз болғандықтан, жеңіс біздің Подобедоваға берілді. Сондай-ақ Светлана серпе көтеруде Олимпиада рекордын жаңартты.

Заболотная — күміс жүлдегер, ал қола Беларусь атлеті Ирина Кулешаға бұйырды.

Қазақстан қоржынына бесінші алтынды даңқты ауыр атлетші Илья Ильин (94 кг) салды.

Илья жұлқа көтеруде — 185 кг, ал серпе көтеруде 233 кг көрсеткішке қол жеткізді. Серпе көтеруде 233 кг көрсеткіш — әлем рекорды болып табылады! Бұған дейін баспасөзге: «Ильин қарсыластарынан небәрі 1-2 килограммен ғана алға озып жүр» — деп сұхбат берген ресейлік Александр Ивановтың жалпы көрсеткіші — 409 кг болды. Ильиннен 9 кг кем көтерген ол күміс медальға ие болды. Үшінші орында — Анатолий Кирику (Молдова).

Осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз, 19 жастағы Алмас Өтешов жетінші орынға қол жеткізді.

Ал жексенбі күні кешкілік қазақстандық жанкүйерлер назары үш қарғып секіруден өткен жарысқа ауды. Бұл сайыста екі мәрте Азия Ойындарының чемпионы, 2011 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ольга Рыпакова өнер көрсетті. Ольга да өз жанкүйерлерінің сенімін ақтады. 14,98 метр көрсеткішпен Олимпиада чемпионы атанды!

Оның негізгі қарсыласы саналған украиналық Ольга Саладухина 14,79 метр көрсеткішпен қолаға ілінді. Ал екінші орында — колумбиялық Катерина Ибаргуен (14,80 метр).

Сондай-ақ біздің алты боксшымыз ширек финалға жолдама алды. Лондонға аттанған боксшылар арасынан Данабек Сужанов, Қанат Әбутәліпов, Ілияс Сүлейменовтер жарысты алғашқы айналымдарда аяқтаған болатын. Өзгелері кеше ширек финалдық жекпе-жектерін бастады. Кеше шаршы алаңға Ғани Жайлауов (60 кг) пен Иван Дычко (+91 кг) шықты. Ғанидың қарсыласы — кубалық Толедо Лопес, ал Дычко канадалық Симон Кеанмен қолғап түйістірді.

Жексенбі күні грек-рим күресінен сайыстар басталды. Кеше боз кілемге үш палуанымыз шықты: Алмат Кебіспаев (60 кг), Нұрмұхан Тінәлиев (120 кг) және Даниал Гаджиев (84 кг).

Жалпыкомандалық ресми емес есеп бойынша, дүйсенбі күні Қазақстан 7-орында тұрды. Бірінші орында — Қытай. Бұл елдің спортшылары 30 алтын, 17 күміс және 14 қола жүлде иемденіп отыр. Одан кейінгі орындағы АҚШ-тың 28 алтыны бар. Ұлыбритания — үшінші орында.

Қазақстан тағы да ТМД бойынша бірінші көрсеткішке қол жеткізіп тұр. Қоржынында 35 медалі (олардың төртеуі ғана алтын) бар Ресей — 9-орында.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button