Мәдениет

«Өсер елдің әкімі ақынын іздейді»

Сейсенбі күні облыс әкімі Елеусін Сағындықов бір топ ақтөбелік ақын-жазушыларға шығармашылық табыстары үшін қаржылай сыйлық тапсырды.

– Қазіргі дағдарыс жағдайында рухани-мәдени саланы ақсатып алмауға күш салуға тиіспіз. Біз үшін қашан да ең үлкен байлық – рухани байлық, – деді Елеусін Наурызбайұлы.

Облыс әкімі сыйлығымен марапатталған ақын-жазушылар қатарында Мұхтар Құрманалин, Кәрім Айнабеков, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Амантай Өтегенов, Бауыржан Бабажанұлы, Жақсылық Айжанов, Төрежан Мәндібай, Гүлсамал Аймаханова, Базарбай Имановтар бар. Марапатталғандар арасынан А. Өтегенов, Б. Иманов, М. Ақдәулетұлы сөз сөйлеп, «Өсер елдің әкімі ақынын іздейді» дегендей, облыс әкімі Елеусін Сағындықов тарапынан ақтөбелік қаламгерлерге көрсетіліп отырған қамқорлық істерге ризашылықтарын жеткізді.

Бұл шараға ақтөбелік зиялы қауым өкілдері ғана емес, Алматы мен Астанадан келген қонақтар да қатысқан еді. Қонақтардың арасында КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, халық жазушысы Әбіш Кекілбай және ҚР Президенті Мәдени орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков болды.

Асанәлі Әшімов Ақтөбеге 1988 жылдан кейін бірінші рет келіп отырғанын айтты.

Бірақ бұл жақтағы жақсы жаңалықтардан хабардармын. Әрине, әр жақсы жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдаймыз. Бүгінгі кездесу де, міне, үлкен мейрам секілді: қаламгерлер, өнер адамдары, ғалымдар кездесіп, мәре-сәре болып жатқан жайымыз бар. Осындай басқосулар кезінде бір-бірімізді толықтырып, марқайып қаламыз, – деді ол.

Ал белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков:

Ақтөбе өңірін кешеден бері аралап келемін. Алыс ауылдарда болдым. Елдің еңсесі көтерілгенін, қайта жаңғырғанын өз көзіммен көрдім. Еліміз бойынша биыл 280 зауыт-фабрика ашылады деп жоспарланса, соның 54-і, яғни бестен бірі Ақтөбеде ашылады екен. Бұл – үлкен жетістік. Ақтөбенің жетістіктері аз емес және ең бастысы – сол жетістіктердің жемісін қарапайым халық көріп отырғанына қуанамыз. Жетім балаларға, мүгедектерге үй беріліп жатыр. Екі мың мұғалімге сыйлық табыс етіліпті. Ал қаламгерлерге көрсетілген құрметтің жөні бөлек. Ақтөбе – Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев сынды алыптар шыққан жер. 2007 жылы мұнда Қобыланды кесенесі көтерілді. Енді, міне, «Хан моласында» үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі – қазақтың бірлігі, тұтастығы үшін қажет істер, – деді.

Қонақтар лебізін жалғастырған Әбіш Кекілбай:

Ақтөбе жері – қазақ үшін о бастан орны бөлек өңір. Бұған көз жеткізу үшін Асан қайғы жырларына үңілу керек. Бүгін де осы өңірдегі әр жаңалыққа ерекше елеңдеп, әр жақсылыққа ерекше қуанып отырамыз. Көзің көріп отырған жақсылыққа қуанбау адамгершілікке жатпайды, – деп ағынан жарылды.

Кездесу соңында облыс әкімі Елеусін Сағындықов белгілі өнер қайраткері Асанәлі Әшімовке Ақтөбе жұртшылығы атынан сый-сияпат табыстады.

И. ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button