Әйтеке би ұрпақтары (мұрағат ізімен)

Атақты Болпыш бидің балалары Әжібай мен Арал алыстан ат арытып бүгінгі Өзбекстан жеріндегі Нұрата төңірегін жайлаған төртқара Жалаңтөс батырдың немере інісі Әйтеке бидің ақ батасын алуға келгенде, қазақ кемеңгері: «Ел жайы — ер азаматтың күндіз есінен, түнде түсінен шықпайтын киелі ұғым. Бұл қазақ нені бастан кешпеді, қазақ болғалы. Өткен — ереуіл, қалған — салауат деумен күн артынан ай, ай артынан жылдар өткізумен, талай қайырма мәуесі күйсе де, тамыры аман келе жатқан жер бетінде екі халық болса бірі — қазақ, бір халық болса — өзі екені, мен ежіктемей-ақ, өздеріңізге мәлім. Сонда оның тамырын сақтаған — әуелі бір Алла тағала, сосын мына өздерің секілді сенімді сайыпқыран жампоздар. Шеге тағаны сақтайды, таға тұлпарды сақтайды, тұлпар ерді сақтайды, ер елді сақтайды. Елді сақтар Ерлер аман болғай», — деп елінің ертеңіне сеніммен қараған екен. Міне, осы Әйтеке биден бата алған асыл ұрпақ ата-баба сенімін ақтауға барын салды.
Тарих соқпағы бұралаң жолдарда оларды сынға салды, шыңдады. Оның даналығын сезінген Әжібай да, Арал да ұрпақтарына өздері алған батаны аманаттады. XVIII ғасырдағы Ресей мұрағаттары деректері Әжібай мен Аралдың қазақ елінің қоғамдық-саяси өмірінде белді роль атқарғанын айғақтайды. Орынбор шенеуніктері Әбілқайыр, Әбілмәмбет хандар және Нұралы, Абылай, Барақ, Ерәлі сұлтандар, Есет батырлармен бірге әрдайым олардың тұрғылықты мекендері туралы ақпараттар жинап отырған (РИССМ, 122 қ., 1747, 122/1 т., 3 іс, 268 п.; КРО 1, С. 369). Өз бауырларымен бірге Ембі өзенінің ар жағындағы Көктөбеде көшіп қонған Әжібай бидің Орынбор губернаторы И.Неплюевке 1747 жылғы 10 шілдеде жолдаған хаты мұрағатта сақталған (КРО 1, С. 339). Әжібай бидің тағы бір бауыры — Алтай батыр есімі 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың қабылдауында болған ағылшын суретшісі Джон Кэстль еңбегінде аталады (Кэстль Джон. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. — Алматы, 1996, 32 б.). Алтай батыр ағалары атынан 1742 жылы қазақ пен қалмақ арасында бір ұрпаққа дейін, яғни сол кездегі «еңбектеген бала еңкейген кәрі болғанға дейін» соғыс ашпау туралы бітім жасауға қатысып, Әбілқайыр ханды қолдаған (РИССМ. 122 қ., 1742, 122/1 т., 4 іс, 50-57 п.; КРО 1, С. 201). Келтірілген мұрағат деректері Әйтеке бидің Әжібай, Арал, Алтайлардың әкесі Болпыш бимен замандастығын дәлелдейді. Өкінішке орай, Әйтеке, Болпыш туралы мұрағат деректері еш сыр ашпайды. Соған қарағанда, олар Ресей империясының қазақ даласын «Азияны жаулап алудың кілті» деп жар салған кезеңінде өмірде болмаған болуы керек. Мұның өзі биді 1700 жылы қайтыс болған деген пікірлерді жоққа шығарады. Сонымен бірге, белгілі ғалым О.Смағұловтың би туралы «Жетпіске келген не одан асқан адам болуы керек. Дегенмен сүйектің Әйтеке бидікі екендігі жөніндегі дәлелдер нақты дей аламын» деген қорытындысын толықтай қолдауға болады (Смағұлов О. Әйтекенің сүйегі бидің ұзақ жасағанын көрсетеді. // Аңыз адам. №24 (36) желтоқсан 2011, 11 б.). Әйтеке есімі мұрағатқа түспесе де, ол Әз Тәукенің арқа сүйер бас билерінің бірі болған, артына елі ұмытпайтын баталы сөз қалдырып, өз кіндігінен тараған ұрпақтарына елі үшін адал қызмет жасауды аманаттаған. Әйтеке би ұрпақтары туралы мұрағаттық деректер осыны айғақтайды.
Ата шежіреде Әйтеке би — Сығай ханмен замандас Сейітқұлдың шөбересі. Сейітқұлдан туған Ақша Ходжентке (Қоқанға), Жалаңтөс баһадүр Самарқандқа хан болған екен. Әйтекебитанушы көрнекті қаламгер Мұқадес Есламғалиұлы «Әйтеке — Ақшаның он баласының үлкені», — дейді.
Әйтекенің өзі Нұрата тауының Бұхара жеріне қарай созылып жатқан Қыз-Бибі тауы етегінде дүниеге келген. Ел ішінде Әйтеке биді Әз Тәукенің жиені, оның анасының аты Қыргүсұлу болған деген де әңгімелер бар (Қуандықов Б. Әйтеке би Әз Тәукенің жиені болған // Аңыз адам. № 24 (36) желтоқсан 2011, 11 б.). Әйтекеден Өтебас, Жалтыр, Қонысбай туған. Шежірешілер бұл тізімге Тоғанды да (кейбіреулер Құрыс дейді) қосып, Өтебасты бәйбішеден, ал қалғандарын әмеңгерлік жолмен алған қайтыс болған ағасының әйелінен таратады («Аңыз адам» №24, желтоқсан, 2011). Өкінішке орай, Тоған жөнінде мұрағат деректерінде ештеңе айтылмайды. Сонымен бірге Әйтеке бидің кенже қызы Шақшақ Жәнібекке тұрмысқа шыққан екен. Орыс мұрағаты деректерінде Әйтеке би ұрпақтарының есімі алғаш рет 1748 жылы Әбілқайыр хан өлімінен кейін атала бастайды. Хан тамыз айында қаза тапқан. Хан өлімін анықтауға барған аудармашы Я.Гуляев қазан айы басында «Төртқара руынан Әйтеке би балалары Жалтыр мен Қонысбай Батыр сұлтан ауылына келгендігін» айтса, Кіші жүзде сол сәтте болған казак атаманы Смайл молда Абдрезяков та аталған ауылда төртқара руынан Қаратоқа, Қонысбай билердің, Жалтырдың, Мырзагелді батырдың, Дәулет бидің болғандығын Орынборға жеткізеді (КРО 1, С. 430, 433). Яғни, Әйтеке би балалары ата қоныстан қашық емес Арал теңізінің оңтүстік-батыс бағытында көшіп қонып, Хиуа ханы Қайыппен, оның сол маңда тұрақтаған әкесі Батыр сұлтанмен тығыз араласқан. Өтебай, Жалтыр мен Қонысбайлар аға ретінде Қаратоқа бидің айналасында болған. Қаратоқа би төртқара Сейітқұлдан тараған ұрпақтар атынан Я.Гуляевке «Батыр сұлтанның баласы Қайыптың Хиуада хан болғанының өзі оған (сұлтанға) жарайды. Ал хан сайлау, сайламау — біздің шаруамыз» деп ашық айтқан. Сонымен бірге 1748 жылғы 23 қыркүйекте Әбілқайыр ханның күйеу баласы Жәнібек сұлтан Барақ сұлтанның өзінің болашақ тағдырын төртқара Қаратоқа, қаракесек Қозанай, Мәмет аталық, Бағаналы найман Өтебай билерге тапсырғанын және билердің шешіміне көнетіндігін естіген (РИССМ. 122 қ., 1748, 122/1 т., 4 іс, 357 п.; 8 іс, 34 п.). Мұның барлығы Қаратоқа бидің төртқара руы ғана емес, барлық қазақ рулары алдында үлкен сенімге ие болғандығын дәлелдейді. Бір кезеңде Қаратоқа би беделі Жоңғар билеушісі Қалдан Церенге де жеткен болатын. 1742 жылы қаңтар айы басында Әмудәрияға жақын жерлерде қыстаған Әбілқайыр ханға жоңғар елшілері Қашқа және Баранг нойондар арнайы келіп, Қалдан Церен атынан қазақтардан аманат талап етіп, Әбілқайырдан ұлы Айшуақ сұлтанды отбасымен, төртқара Қаратоқа би баласы Мырзагелдіні, шөмекей Жайылған бидің бауыры Айтбай батырды, шекті Мөңке би баласы Ерназарды, Баймұрат би баласы Өтейді, таз Байысқұл би баласы Түлкібайды, алаша Байсау немересі Қойсары мырзаны, алтай Тойғыл би баласы Қобландыны, қарасақал Тілеуберді баласы Ерназарды, қаракесек Қоңыр батыр баласы Көшімді сұрағаны, оған қосымша әрбір 100 түтіннен бір қарсақтан төлеу, көшіп-қонуды реттеу мәселелерін талап еткендігі тарихтан белгілі (Русско-джунгарские отношения (конец XVII — 60-е гг. XVIIІ в.). Документы и извлечения. Барнаул, 2006. — С.79-81).
Орыс шенеуніктері Батыр сұлтанның соңғы жылдардағы тұрғылықты мекені Ұлы жүзбен шектесіп жатыр деп көрсетеді. Бұл жерде қазақ рулары мен Қайып хан, Батыр сұлтан т.б. Әбілқайырдың Ресеймен қарым-қатынасына сенімсіздік танытып, орыс патшасының әрбір қадамына күдікпен қарағанын көреміз. Ол 1748 жылы 15 қазанда Батыр сұлтанның хан сайлануынан анық көрінді. Жәнібек тархан шөмекей, шекті, қарасақал руларының билерін төртқара руы қазақтары арасында жүрген Батыр сұлтанның жанынан кездестірген.
Сонымен Әйтеке би балалары Өтебас, Жалтыр, Қонысбай, немере ағалары Қаратоқа т.б. 1748 жылы 2 қазанда Ырғыз өзенінің сол жақ тармағындағы Қайыңды өзені жағалауында өткен Нұралы сұлтанды хан сайлау рәсіміне бармайды. Мұның өзі олардың Ресей араласқан хан сайлауына ашық қарсылығын білдірсе керек. Бірақ төртқара руынан Құдайназар, Дәулет, Апай, Болат, Тілеубет билер Нұралыға барып қайтады (РФ ОрОММ 3 қ., 1 т., 18 іс, 177 п.). Көп ұзамай елдің оңтүстігінде Кіші жүздің екінші ханы Батыр сұлтан ақ киізге көтеріліп, хан сайланады. С.Абдрезяковтың айтуынша, 1748 жылы 15 қазанда Әлімұлдарының шекті, шөмекей, қарасақал, төртқара руларының 20 белгілі би, батыры Батыр сұлтанды өздерінің ханы ретінде мойындаған. Кейін Нұралы ханға келген қазақтар «Батырдың хандыққа өзінің өтініші бойынша сайланғандығын және одан ешқандай қауіп-қатер болмайтындығын» хабарлаған (РФ ОрОММ 3 қ., 1 т., 18 іс, 311-312 пп.). Бұл жайды зерттеген орыс зерттеушілері де оңтүстіктегі хан сайлауын «Ресейге қарсылық» ретінде түсіндіреді (Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. – СПб., 1865, С. 12; Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. Т – 1, СПб., 1903, С. 57). Қаратоқа би 1748 жылдың аяғында Барақ сұлтанның мәселесін қараған билер сотына қатысады. Сот құн төлете отырып, Барақты ақтап алады. Бұл арада соттың Батыр иелігіндегі жерде өтуі және сот мүшелерінің Батыр, Барақ иелігінде көшіп қонуы да белгілі дәрежеде ықпал етсе керек.
Батырдың хан сайлануы, Барақ сұлтанның ақталуы сырт көзге қазақ қоғамындағы шиеленістің басталуы болып көрінгенімен, оның арты ішкі бірлікті бұзатындай талас-тартысқа ұласпады. 1749 жылғы 11-25 шілдеде Орынбор қаласында өткен орыс-қазақ келіссөзіне белгілі сұлтан, би-батырлар түгелге жуық жиналды. Кездесуде Нұралы хан бастауымен Ерәлі, Қожахмет, Айшуақ сұлтандар, Есет, Жәнібек тархандар, Серке батыр, төртқара Қаратоқа би т.б. көрінеді. Келіссөз барысында Қаратоқа би екі қайта сөз алып Орынбор губернаторы И.Неплюевке Әбілқайыр ханның орнына Нұралының сайлануын және оны Ресейдің мойындағанын құптап, екі жақты өзара пайда үшін сауда-саттықтың еркін дамуына қолдау көрсететінін жеткізген. Кездесу барысында Батыр хан қарамағында шекті Төлеміс бай басқаратын 500, шөмекей Бөбек би басқаратын 200, төртқара Қонысбай би басқаратын 300 түтін бар екендігі белгілі болды (КРО 1, С. 462, 463, 472).
Қаратоқа би 1749 жылы 3 тамызда Батыр ханмен бірге Әбілқайыр ханның асына қатысқан. Капитан А.Яковлевтің айтуынша, асқа Кіші, Орта жүзден 200-ге тарта белгілі тұлғалар қатысқан. Жәнібек, Есет тархандармен бірге төртқара руынан Құдаш би, Дәулет би, Құтылымбет би, Сары молла, Момын би, кете руынан Алыбай жасауыл, Алтай, Арал батырлар, алаша руынан Байсақ би, Тілеу би, Бабатай би, адай руынан Мырзатай батырлар Барақ сұлтанды іздеп табу, Әбілқайыр ханның қалмақ әйелінен туған қызын Жоңғар ханына қалыңдыққа беру, тұтқындар алмасу мәселелерін арнайы талқылаған (РИССМ. 122 қ., 122/1 т., 1749, 4 іс, 245-248 пп.). Сонымен бірге А.Яковлев шекті руы қазақтарының Нұралыны «аға хан» деп атауға келіскенін атап өтеді.
Дегенмен бұл кездесулерге Әйтеке би балалары бармаған. Олар немере ағалары Қаратоқа би, Құдаш билерді жіберіп, өздері оңтүстікте қалған.
1750 жылы 18 қаңтарда Нұралы хан И.Неплюевке жолдаған хатында төртқара руының Сейітқұл бөлімінің сауда-саттықта өзіндік орындары бар екендігін ашық жазып, кей жағдайда оларға өз билігінің жетпей қалатындығын да мойындайды (КРО 1, С. 490).
Бұл жылдары Өтебас, Жалтыр, Қонысбай бірге көшіп қонып, Хиуа ханы Қайыппен, әкесі Батыр ханмен сенімді қарым-қатынас орнатады. Олар шекті билері Мойнақ, Бақтыбай, Айдарғали, ақ кете Әжібай, Алтай билермен бірге Ресейде қамауда жатқан Бақтыбай, Алтай балаларын босату жолында ізденеді. Орынбор әкімшілігі белгілі би, батырлардың туған-туыстарын сауда-саттық кезінде ұстап қалып, өз талаптарын орындатуға әбден машықтанып алған-ды. Нұралы да өз билігін күшейтіп, оңтүстіктегі Қайып, Батыр хандарға бағынатын қазақтарды бағындыру үшін кейде арнайы орыс шенеуніктерін айдап салып отырды. Әрине, мұндай жағдайдан Батыр да хабардар болатын. Бірде Қайып хан Ерәлі сұлтан, Мұсылман би т.б. би-батырларға: «сендер Ресейдің сыйлықтарына алданғансыңдар, сондықтан олармен жақсы болғыларың келеді» деп реніш білдірген (РИССМ 125 қ., 125/1 т., 1753-1754, 1 іс, 55 п.).
XVIII ғасырдың екінші жартысында оңтүстіктегі төртқара руы қазақтары шамамен 3000 түтінге жеткен. Өтебас би, Жалтыр би, Қонысбай би және Қонысбайдың балалары Қаракөбек би, Есекене мырза Қайып хан балалары Сейіт, Шомқара, Ескендірмен бірге Сырдария бойындағы Бұрлыбас елді мекенінде тұрақтаған (РМКАМ 10 қ., 3 т., 585 іс, 44 п.). Әйтеке би балалары, немерелері бұл кезеңде алдымен Батыр ханға, 1771 жылы ол қайтыс болғаннан кейін, Хиуадан Сырдария бойындағы өз иелігіне оралған Қайып ханға бағынады. Сонымен бірге олар Кіші жүздің оңтүстігіндегі кейбір қазақ руларын басқарған Ерәлі сұлтанмен де сенімді қарым-қатынас орнатқан.
1776 жылы 25 маусымда Нұралы хан Орынбор губернаторы И.А.Рейнсдропқа хат жолдап, өзінің қыстан кейін ел аралап, табын және тама руларындағы Көзкөрмес, Әулие, Арбағыш немесе Жанкөрмес, Көктемір (есімдері өзге-өзге болғанымен бәрі бір адам) бастаған қозғалысты анықтауға күш салғандығын хабарлайды. Ерәлі сұлтанның ханға жазылған хатында төртқара руынан Өтебас, Қаракөбек билерді жібергендігі айтылған. Хан «Досалы сұлтан мен Жетіру қазақтарын адастырып жүрген Көзкөрмес деп жүргеніміз әйел адам, оны өлтіріп, үйін өртейін деп барсам, ол Ерәлі сұлтан иелігіндегі Қиыл өзені бойына көшіп кетіпті» деп хабарлайды (РФ ОрОММ. 3 қ., 1 т., 153 іс, 123-126 пп.; Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. А., Ғылым, 2001, 118 б.). Хаттан белгілі болғандай, Өтебас, Қаракөбек билер ханмен бірге ел ішіндегі орыс тұтқындарын босатумен қатар, Көзкөрмес қозғалысын, сауда-саттық мәселелерін талқыға салған. Осыдан кейін Ерәлі сұлтан, төртқара билері өз малдарын Бұхара, Хиуа, басқа да Азия елдеріне саудаға шығару туралы келісімге келген.
1776 жылдың қыркүйек айында Ерәлі сұлтанға хан атынан Сырым батыр келген. Сырым сұлтан қол астындағы билермен кездесіп, шекті руы қазақтары тоқтатқан орыс керуені мен оның адамдарын іздестірген (РФ ОРОММ, 3 қ., 1 т., 153 іс, 171, 268-274 пп.). Біздіңше, осы жолы Сырым Әйтеке би ұрпақтарымен де кездескен. Сөйтіп Өтебас би өзінің немере інісі Қаракөбекті Нұралы хан төңірегіндегі билермен таныстырып, ел ісіне араластыруға кірісті. Қаракөбектің осы жолғы Сырым батырмен бірге маңызды мәселелерді шешуге талпынысы өзара сенім мен достыққа ұласады. Араға уақыт сала Қаракөбек Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғаларының біріне айналды. Ол немере ағасы Өтебаспен бірге Кіші жүздегі би, батыр, старшындардың 1785 жылғы шілдедегі жиналысына қатысқан. Жиналыс жайылым мәселесін шешу, Жайық бойындағы казак-орыс әскерлерінің озбырлығын тоқтату сияқты күрделі күн тәртібін талқылап, Нұралы ханның өз билігі мен халық сенімінен айрылғандығын атап өтіп, оны орнынан босату туралы бір ортақ пікірге тоқтады. Содан Кіші жүздегі 25 рудың 21-інің атақты би, батырлары қол қойып, хатты орыс патшасы ІІ Екатеринаға жолдайды (Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Москва-Ленинград, 1940. С. 53). Төртқара руынан Өтебас, Қаракөбек билер, Телбай баһадүрлер ел ішінде беделді шекті Сегізбай, кете Көккөз, шеркеш Тұрмамбет, Жарқын, ысық Қаратау, адай Атағозы, беріш Қара, Саржала, масқар Дөкен, байбақты Сырым, жағалбайлы Тотай батырлармен бірігеді. Қазақ рулары қалыптасқан жағдайда оңтүстіктегі Батыр ханның ұлы Қайыпқа үміт артып, оның хан тағына отыру мүмкіндігін көтере бастайды. Әрине, оның сенімді үгітшілері негізінен шекті, төртқара руларының беделді билері болатын. Олар Қайыптың ата-бабасының қазақтың бас ханы болғандығын, оның тегінің парсы елімен, Хиуа, Бұхаралармен байланысын ескеріп, Ресейдің саясатына айтарлықтай байлаулы еместігін түсінді. Бұл уақытта Қайып ханның Қаракөбек бидің иелігінде екендігі анықталды. Оны Сырым батырға Ақсақал Барбы мекенінен келген бауыры Дос хабарлайды. Дос 1785 жылы 2 қазанда Қаракөбек бидің Қайып ханды тұтастай отбасымен, ағайындарымен бірге өз жанына көшіріп алып, қазақ билері мен батырларынан хабар күтіп отырғанын жеткізеді (Исмурзин Ж.А. Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихы (1745-1860 жж.). Тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясы. Орал – 2008, 69 б.).
Сонымен Кіші жүзді ұзақ жылдар бойы басқарған, соңғы жылдары елімен байланысын үзген Нұралы ханды ауыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылады. Сырым батыр да Қайып Батырұлына сеніммен қарайды. Бұл саясат жүзеге асса Әбілқайыр өлімінен кейін екіге бөлінген хандық қайта бірігетін еді. 1785 жылы Орта жүзде болған капитан И.Г.Андреев өз жазбасында «Алшын болысында айрықша хан Қайып бар. Ол Нұралы, Уәли хандардан еш кем емес. 12000 шаңырақты басқарып, Сырдария өзені бойында көшіп-қонады» деп жазады (Андреев И.Г. Описание Средней Орды киргиз-кайсаков. – Алматы, 1998, С. 118). Ал 1786 жылы 9 наурызда Сырым бастаған Халық Кеңесіне куә болған ахун М.Хұсайнов пен адьютант М.Черкасский Әбдіжәлел қожадан Қайыптың бұрын Хиуаны басқарғандығын, 16 жылдан бұрын Кіші жүзге оралғандығын, қазір Ұлы Борсықта мекендейтіндігін естиді (РМӘТМ. 52 қ., 1/194 т., 367 іс, 102 п.). Кеңеске қатысқан би, батырлар — барлығы 1000 жуық елдің игі жақсылары Қайыпқа үміт артады.
Осындай жағдайда 1786 жылы көктемде Орынбор әкімшілігі Нұралы ханды ел ішіндегі күрделі мәселелерді талқылау сылтауымен Ресейге кездесуге шақырып, 3 маусымда хандық дәрежесінен айырып, Уфа қаласына жер аударды. Патша шенеуніктерінің мұндай шешімі — қазақтың өзі шешетін мәселені қолға алып, Нұралыны елден Ресейге көшіруі — би-батырлардың заңды наразылығын туғызды. 1786 жылдың жазында Өтебас би, Қаракөбек би, шекті Сарытай Байжанов, төртқара Қарабыз Тілеумурзин, Ақбота Үсенов, жағалбайлы Тотай батыр т.б. 80-ге жуық белгілі тұлғалар Орынбордан «Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанды елге қайтаруды» талап етті. Осындай мәтіндегі хат Сырым атынан да жолданды. Бірақ хатқа Сырым мөрі соғылмады. Сондықтан орыс әкімшілігі Сырымның хаты дегенге күмәнмен қарады (РИССМ 122 қ., 122/3 т., 1786-1787, 12 іс, 9-13 пп.). Өйткені, Сырым шамамен 1786 жылдың маусымында (РИССМ 122 қ., 122/3 т., 1786-1787, 12 іс, 27-28 пп.) Ерәлі сұлтан иелігіне күшпен әкетілді деген хабар жеткен-ді. Мұрағат деректері Есім сұлтанның Сырымды төртқара руының биі Қаракөбек ауылына ертіп келгендігін айғақтайды. Сырымтанушы М.П.Вяткин бұл жағдайды ескере отырып, Қаракөбек би Ерәлі сұлтанды қолдап, еш негізсіз Сырымды аулында ұстап, батырға дұшпандық көзқараста болды деп түйіндейді (Вяткин М.П. Батыр Срым. Москва – Ленинград, 1947, С.232). Біздіңше, Қаракөбек Сырымды өз ауылында қамауда ұстады деген пікір еш сын көтермейді. Біріншіден, Қаракөбек атам заманнан бері Ерәліге емес, Батыр хан, Қайып хандарға бағынды және олармен іргелес қоныстанды. Мұны бидің 1785-1786 жылдары Қайыпты Кіші жүз ханының тағына көтеруді қолдауы да дәлелдейді. Екіншіден, дәл осы сәтте би-батырлар күтпеген жағдай болғаны, Ресейдің Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанды кездесуге шақырып, елге қайтармай Уфаға жер аударғаны белгілі. Ханды қайткенде де елге қайтару, оны тақтан айырса да, ішкі бірлікті сақтау мәселесі күн тәртібінде тұрды. Ол үшін би-батырлар, сұлтандар барлық мүмкіндікті пайдаланды. Оның бір жолы патшаға хат жазу болса, Өтебас та, Қаракөбек те, Қайып ханның бауыры Қарабай сұлтан да сол тізімде болды. Яғни, Әбілқайыр, Батыр ұрпақтары Нұралы ханды елге қайтаруда өзара бірікті. Ал оның екінші жолы ретінде Өтебас би, Қаракөбек би т.б. Бұхарадан шыққан орыс керуендерін тоқтатты. Ол жөнінде орыс көпестері, М.Дилянчев пен И.Григорьев 1787 жылы тамызда Орынборға хабарлайды. Олардың айтуынша, қазақтарды Ерәлі сұлтан мен оның күйеу баласы Артық сұлтан басқарған (РФ ОрОММ. 5 қ., 1 т., 21 іс, 38, 67, 78-81, 84-87 пп.).
Үшіншіден, кейін мұндай жағдайды тексерген О.А.Игельстром «төртқара ауылында жатқан Сырымды Қаракөбектің немере бауыры арқылы босаттым. Оған бостандық берген Ерәлі сұлтан емес, Қаракөбек старшын» деп жазады (РИССМ. 122 қ., 122/3 т., 1786, 4 іс, 5 п.; Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. – Алматы, 2001, 152-153 б.). Бұл мәліметті Орынбор обер коменданты Я.М.Зенбулатовтың орыс әкімшілігіне жазған хаты да толықтыра түседі. Хатта Ерәлі сұлтанның шекті Сарытай биге, төртқара руының басшысы Өтебасқа Сырымды ешқайда жібермеуді тапсырғаны, бірақ Қаракөбек пен Басықараның келісіп Сырымды босатып жібергені жазылған (РФ ОрОММ. 5 қ., 1 т., 29 іс, 331-338 пп.).
Мұның барлығы Сырым батырдың Әйтеке би ұрпақтарымен сенімді қарым-қатынаста болғанын дәлелдейді. Бұған қоса дәл осы кезеңде, 1787 жылы жазда, Қаракөбек бидің немере бауыры Орынбордағы сауда үйіне оңтүстіктен керуен бастап келеді. О.А.Игельстром онымен жеке кездесіп, Қаракөбекке хат жолдаған. Нәтижесінде Сырым батыр оңтүстіктен Жайық бойына қайтып келеді (Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.) С. 114-115).
Содан 1787 жылы 14 қыркүйекте Сырым, Сегізбай, Саржала, Көккөз, Атағозы, Қаракөбек, Бөдене, Қаратау, Сопыра, Дөнен — барлығы 18 би — қол қойып, О.А.Игельстромнан Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанды елге қайтаруды талап етеді. Нәтижесінде Айшуақ елге оралды (РИССМ. 122 қ., 122/3 т., 1786-1787, 12 іс, 50-51 пп.). Хатқа назар аударсақ, қол қоюшылар арасында төртқара Басықара бидің де есімі кездеседі. Ол — Қаракөбек бидің немере бауыры, атасы Сейітқұлдың үшінші баласы Төлестен тарайтын ұрпақ. 1787 жылғы қыркүйекке дейін Қаракөбектің есімі үнемі немере ағасы Өтебас бимен бірге аталса, бұдан әрі оның жанынан Басықара биді байқаймыз.
Осы кезеңде патша шенеуніктері Кіші жүзде хандық басқаруды жоюдың бастапқы шаралары ретінде Байұлы, Әлімұлы және Жетіру бірлестіктерінде 3 расправа құрып, біртіндеп ел билігіндегі сұлтандарды ығыстыра бастайды. О.А.Игельстром расправаның қызметі жанданбай тұрған кезде, билікті бас старшындарға жүктейді. Әлімұлдарына Сарытай, Қаракөбек, Мұратбек билер, Байұлдарына Сырым, Қаратау билер, Жетіруға Тіленші, Жанболат батырлар басшылыққа ұсынылды. Қазақ рулары патша реформасына, яғни қазақтың дәстүрлі басқару жүйесін жойып, жаңа орыстық басқару енгізуге ашық қарсылық танытты. Билер Қайыпты хан сайлау жоспарын жалғастыра берді. Мұны ескерген патша үкіметі Сырым батырға, Қаракөбек биге тархандық атақ беріп, оларды өз саясатын қолдаушылар қатарына қосуды көздейді. Алдымен, 1787 жылдың 19 қарашасында Сырым батырға тархандық атақ берілсе, 1789 жылы наурыз айында Қаракөбек биге арнайы грамота жіберілді. Тархандық грамота мәтінінде: «Қазақтың Кіші Ордасының Әлімұлы руының старшыны Қаракөбек бидің бізге адал қызметімен берілгендігі үшін, оның балалары мен ұрпақтарына тархандық атақ берілді. Қырғыз-қазақ сұлтандары мен би-батырлары және барлық қырғыз-қазақ жауынгерлері мен қарапайым халқы Қаракөбек биге берілген тархандық атақты танып, құрмет тұтып, сыйлауларын және барлық хаттарда есіміне тархан шенін тіркеп жазуды бұйырамын. Қаракөбек бидің және оның балалары мен ұрпақтарының біздің ықыласымызды сезініп, бізге адал қызметімен берілгендіктерін дәлелдейтін қызметтерін және қайырымды істерін мәңгі жалғастыра беретіндіктеріне сеніп, Қаракөбек биге осы тархандық грамотаны тарту еттік» делінген. (Вяткин М.П. Батыр Срым. С. 258; КРО-1,С.132-133). Патша сыйлаған тархандық атаққа билер масаттанбай, керісінше оның шекара бойындағы кейбір мүмкіндіктерін пайдаланып, қазақ-орыс қатынасындағы күрделі мәселелерді шешуге ұмтылды. 1790 жылы 2 тамызда Қаракөбек тархан мен төртқара Жантөреұлы Шұбар би Ресей Сыртқы істер коллегиясының мүшесі А.А.Безбородкоға «атаман Д.Донсков басқаратын казак-орыстар әйелдерді өлтірді, кейбіреулерінің ішін жарып, балаларын суырып алып, бастарын шапты» деп ашына хат жолдады (Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. 162 б.).
1790 жылдың тамыз айында Уфа қаласында 1748-1786 жылдар аралығында Кіші жүзді билеген Нұралы хан қайтыс болды, ал бұдан бір жыл бұрын билер үміт артқан Қайып Батырұлы да дүниеден өтеді. Екі бірдей ел басқарған тұлғаның қатарлас дүниеден өтуі тағы да ішкі арасалмақты өзгертті. Орынбор әкімшілігі оны ұтымды пайдаланып, хандық билікті әбден шайқалту мақсатында, 1791 жылы 4 қыркүйекте қартайған Ерәлі сұлтанды хан сайлап тынды. Орынбор губернаторы А.А.Пеутлинг «хан сайлау кеңесіне Әлімұлдары, Байұлдары мен Жетірудан екі-екіден старшындар қатысып, Ерәліні сайлады» деп патша әкімшілігіне хабарлайды. Ата дәстүрді бұзып, қазақ би-батырларының барлығын жинап келісімін алмаған мұндай қасақана жасалған заңсыздыққа тағы да Сырым, Мұратбек, Қаракөбек, Басықара т.б. би-батырлар қарсы көтерілді (Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. 164-167 бб.). Осы тұста Сырым мен Қаракөбек Қайып хан ұрпағы Әбілғазы сұлтанмен бірлесіп, үлкен кеңес өткізеді.
1792 жылы 25 шілде де қазақ билері А.А.Пеутлингке наразылық хатын жолдап, өзара келісімнің бұзылғандығын хабарлайды. Құйтырқы саясатқа қарсылық ретінде қыркүйек айында Ордадан Сырым, Қаракөбек, Басықара билер Нұралы хан баласы Есенғали сұлтанды хан сайлайды (РФ ОрОММ 5 қ., 1 т., 44 іс, 136-137, 285-286 пп.).
Аталған билерге шекті Сегізбай, төртқара Сары Алтай қосылып, 1792 жылы 11 қыркүйекте А.А.Пеутлингке жазылған хатта «Ресейдің халық кеңесінсіз және билер келісімінсіз хан сайлап алғандығын» ашық айыптайды. Көп ұзамай билер Ресейге қарсы соғыс жариялайды. Хабарды естіген бойда губернатор Сырымға, Тіленшіге, Бөденеге, Қаракөбек пен Басықараға арнайы молдалар арқылы хат жолдап, патша рақымын ұсынып, қоқан-лоқы көрсетуден аса алмады (Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. 169-170 бб.). Бұл хатқа назар аудармаған билер губернатор А.А.Пеутлингтің саясатын Петербургке жаза бастайды. Сырым, Қаракөбек, Боранбай билер Петербургтегі қазақтар депутаты Шерғазы Қайыпұлы арқылы граф П.А.Зубовқа (1793 жылы көктемде), 1794 жылы 4 қаңтарда ІІ Екатерина патшаға хат жеткізеді. Осыдан кейін Шерғазы сұлтан шиеленіс себептерін анықтау үшін Ордаға жіберіледі (РМКАМ. 193 қ., 1 т., 334 іс, 9-11 пп.; Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. 172-173 бб.). П.А.Зубовтың хабарына сенсек Шерғазы сұлтан 1793 жылы шілдеде Орынборға жіберілген. Сұлтан қолында ешқандай билік болмаса да, қазақ-орыс қатынасын реттеу үшін, А.А.Пеутлингтің небір кедергілеріне қарамастан, Сырым бастаған би-батыр, сұлтандармен кездесуге келеді. Кездесу 1793 жылы қазан айында Елек қорғаны маңында өтіпті. Бұл жолы Сырым батыр жанынан Басықара биді кездестіреміз (Вяткин М.П. Батыр Срым. С. 322-323). Араға уақыт сала, 1794 жылдың наурызында Шерғазы сұлтан П.А.Зубовқа кездесу қорытындысын және Сырым батыр, Қаракөбек би мен өзге де тұлғалардың өзін Ордаға жібергені үшін алғысын жеткізеді. (Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. 175-176 б.).
1794 жылы 10 маусымда Ерәлі хан қайтыс болды. 1795 жылы 17 қыркүйекте Есім сұлтан хан сайланды. Осы кезеңдегі тарихи оқиғаларда Әйтеке би ұрпақтарынан елге беделді Қаракөбектен басқа, оның інісі Басықара, Боранбай, Өтебас би баласы Жанас есімдері аталады. Жаңа жағдайда Есім хан Әйтеке би ұрпақтарының сеніміне ие болуды көздейді. Сол үшін ол 1794 жылы 10 қыркүйекте Шақғазыұлы Абылай сұлтанды Әбілғазы мен Қаракөбекке жіберіп, «Ресеймен татуластырам» деген уәде береді (РФ ОрОММ 5 қ., 1 т., 53 іс, 131 п.). Ал Жанас Өтебасұлы 1794 жылы 18 маусымда Орынбор экспедициясына Мұратбек Айбасов, Қараша Қалыбеков, Базарбай Құдайбергеновтер арқылы Есімді хан сайлау қажет деп хат жолдайды (РФ ОрОММ 5 қ., 1 т., 58 іс, 16-17, 49 пп.).
Мұндай жағдайда Сырым мен Қаракөбек билер бауырлары байбақты Қойсары мен төртқара Боранбайды қайта-қайта Есімге жіберіп, оны ел ортасында өтетін жалпы қазақтық кеңеске шақырған. Бұл жайды Есімнің өзі 1794 жылы 17 қазанда А.А.Пеутлингке хабарлаған (ҚРОММ 4 қ., 1 т., 190 іс, 1-5 пп.).
Есім хан сайланғаннан кейін Ресей бағытын ұстанып, ел ортасындағы кеңестерге бармай қояды. Өзара келісім үшін жасалған қадамдар сәтсіз аяқталып, оның соңы 1797 жылы 27 наурызда Есім ханның өлтірілуіне әкеп соғады. Орыс үкіметі мен Нұралы хан ұрпақтары Сырымның соңына түседі. Соған қарамастан 1797 жылы 29 тамызда Сырым батыр жанына Қаракөбек, Басықара, Манас Өтебасұлы, Жанназар, Көккөз, Наурызәлі бастаған әлімұлдарын, Бекмамбет, Құлмамбет, Бөдене, Сасай, Марқаш бастаған байұлдарын, Жетірудің би-батырларын ертіп, 1000-ға жуық адамымен Хан кеңесіне келеді. Кеңес соңында қазақ-орыс қарым-қатынасындағы талас мәселелерді шешу үшін әлімұлдарының басшылығы Қаракөбекке, байұлдарының билігі Сырымға жүктеледі (РФ ОрОММ 5қ., 1 т., 63 іс, 145-148 пп.). Бұған қоса Қаракөбек бидің немере інісі Боранбай би Кіші Қобда бойында Айшуақ сұлтанның басқаруымен өз жұмысын бастаған (1797 жылы 8 тамыз) Хан кеңесіне сайланды. Яғни, би-батырлар Әбілқайыр хан ұлдарынан қалған ақсақал Айшуақ сұлтан арқылы белгілі дәрежеде ішкі келісімді қалыптастыруға мүдделігін танытты.
1798 жылы күзде Сырым, Қаракөбек, Жанназар, Сарышоңай, Көккөз т.б. билер бірлесе отырып, шекарадағы әскерилердің озбырлығын Ресей коммерция министрі И.П.Румянцевке жеткізеді (РМТМ. 129/қ., 81 т., 13 іс, 1-3 пп.).
Сонымен Әйтеке би ұрпақтары XVIII ғасырда ел алдына жарқырай шығып, қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігімен көрінді. Ресей саясаткерлері оларды қазақтың қамқоры ретінде таныды. Өтебас, Қаракөбек, Боранбай билердің, олардың бауыры Басықараның ел ішіндегі беделін үнемі есепке алып, назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, Әйтеке бидің немересі Қаракөбектің Ордада аса беделді екендігіне, тіпті Айшуақ ханға қарағанда халық алдында Қаракөбектің сөзі өтімділігіне куә болды. XVIII ғасырдың соңғы 50 жылын саралаған Орынбордың әскери губернаторы Н.Н.Бахметев орыс патшасы І Александрға: «Ордада шекті, төртқара, шөмекей рулары өз еркіндігімен әрі көптігімен көзге түседі. Олардың басшылары Қаракөбек, Жанназар билер Сырдария, Қуаңдария бойларында, Ембі, Елек өзендерінің жоғары жақтарында көшіп-қонады. Оларды 10 мың әскери күшпен бағындыру қажет» деп хабарлайды.
Кейін Қаракөбек бидің ХІХ ғасырдың басында Әбілғазы хан, Шерғазы сұлтан, шекті Жанназар, Жанұзақ, өз бауырлары Есекене, Басықара, Жанас, Манас, Боранбай, олардан басқа, төртқараның Құламан бөлімінен Қара Алтай, Сары Алтай, Ақтүн бөлімінен Ақбұт, Алтай билермен бірге көшіп-қонатыны анықталды. Бұған қоса мүфти М.Хұсайыновтың 1805 жылдың 25 маусымындағы жазбасы арқылы төртқара руының үлкен 4 бөлімге, ал олардың 41 бөлімшелерге бөлінетіндігін, солардың ішінде Қаракөбек тархан мен оның інісі Есекене (қайтыс болған) билердің барлық жанұялары, балалары, немере, шөберелерін қосқанда 100 түтіннен асатындығы белгілі болды ((Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). С.195, 222, 227). ХІХ ғасыр басында Қаракөбек би Қайып хан әулетімен құдандаласып, Шерғазы сұлтанды өзіне күйеу бала етеді (РФ ОрОММ. 6 қ., 10 т., 278 іс, 9 п.).
Әйтеке би ұрпақтары туралы құнды деректерді 1803 жылы 23 шілдеде Орынбордан Бұхараға шығып, кейін 30 қыркүйекте қайта оралған поручик Я.П.Гавердовский қалдырды. Ол сапар барысында Қаракөбек, Басықара, Боранбай билермен кездескен. 1803 жылы 12 тамызда Басықара ауылына келіп, қонақ болған поручик «Бізді киіз үйден қашықтау жерден бидің балалары күтіп алып, аттарымызды жетектеп үй алдында күтіп тұрған Басықараға әкелді. Би көңілденіп, әрқайсымызды аттан түсіріп, қонақжайлық танытты. Киіз үйге қымбат кілем төселген. Бәріміз отырған соң, би өзі қымыз құйып, балалары арқылы бізге берді»,— деп жазған. Орыс елшісі Қаракөбек ауылына 14 тамызда келген. Осында Я.П.Гавердовский төртқара руының шығу тегі туралы естіп, оны жазбаға түсірген. Би ауылында орыс керуенінің Бұхараға жетуі туралы кеңес болып, оны Қаракөбек бидің өзі жүргізген. Поручик төртқара руының Қаракөбек биге бағынатындығына көзі жетіп, әрі оның жанұясында 100-ге дейін адам бар екендігін анықтайды. Бұған қоса «Қаракөбек — бізге кездескен қазақтар ішінен ең дәулеттісі. Оның 2000-дай жылқысы, 10000-дай қойы, басқа да малдары бар. Оның киіз үйі керуен тауарларына толы» деп сипаттайды (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. V том. – Алматы, 2007. С.72, 82, 194, 209).
Мұның барлығы Әйтеке бидің ұрпақтары мен бауырларының қалың қазақтан оза шығып, еліне қызмет жасағандығын дәлелдейді. Би, батыр, мырза атанған олар халқымен бірге көшіп-қонды, қиын-қыстау жаугершілік заманда ауыртпалықты елімен бірге көріп, одан шығар жолды да бірге іздеді. Ел азаттығы үшін Сырым көтерілген тұста, оның жанынан табылды, қазақ-орыс қатынасы шиеленіскен жылдары қауіп-қатерге қарамастан ел игілігі үшін Орынбор-Бұхара керуен жолдарын өз мойындарына алып, осыған байланысты мәселелерді оңтүстіктегі Хиуа, Бұхара хандықтарымен, ал ел ішіндегі түрлі мәселелерді Әбілқайыр, Батыр хандар ұрпақтарымен бірлесе шешіп отырған.
Бір сөзбен айтар болсақ, бабасы мұраттаған: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме?! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?! Ел тірегі — ері, ер тірегі — елі бола білген қауымның бағы кетер ме?» деген асыл сөз Әйтеке би ұрпақтарының ант-аманатындай болды.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
профессор, тарих ғылымдарының
докторы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың
ғылыми және халықаралық байланыстар
жөніндегі проректоры.



