Құқық

Мал ұрлығы: кінәлі кім?

Редакцияға Ырғыз ауданына қарасты Құрылыс ауылынан Мұхтар Ізмағамбетов деген ақсақал келді. Ауылдың 3 тұрғынының жылқылары ұрланып кетіпті.

Қаңтардың 5-і күні малым жоғалып кетті. Біздің ауыл «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Жылқылар ауылдың маңында, сол ұзын жолдың бойында жайылып жүретін. 2-3 күнде бір қарайтынбыз. Желтоқсанның 27-сі күні жайылып жүрген мал 29-ы күні жоқ болып шықты. Іздедік. Қаңтардың 5-і күні ауыл маңынан бір аяғын таптық. Биені атып өлтіріпті. Сол жерде қан-жынының орны қалған екен. Сәуір айында тағы бір аяғын таптық.

Тек менің емес, ауылдағы Жансұлтан Қаласов деген кісінің де биесі жоғалды. Ол да аудандық ішкі істер бөліміне арызданды. Тағы бір кісінің жабағысы жоғалды. Бірақ ол арыз берген жоқ.

Айтайын дегенім, қаңтардан бері бірнеше ай өтсе де, әлі қылмыстың беті ашылар емес. Облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы білгім келетіні, құзырлы мекемелерден істің мән-жайын анықтап берсеңіздер деген өтініш, — дейді Мұхтар Ізмағамбетов.

Біз Ырғыз аудандық  ішкі істер бөлімінің бастығы Мәди Бижановқа қоңырау шалдық.

Мұхтар Ізмағамбетов пен Жансұлтан Қаласовтың арыздары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілді. Бірақ әзірге оң нәтиже жоқ. Іздестіру шаралары әлі жүргізіліп жатыр.

Ырғыз ауданына аң аулап келетіндер бар. Олардың кейбірі аң аулай алмаған соң, мал атып кететін жайт кездеседі. Ырғыз ауданы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің бойында орналасқан. Мұнда жүргіншілер көп. Ауданда мал ұрлығы дерегі көп тіркеледі деп айта алмаймын. Бірақ осындай жағдайлардың орын алуына ауылдың ұзын жолдың бойында орналасуының да себебі бар. Жақында бір кісінің жылқысын көлікке тиеп алып кеткен. Дегенмен, ол кісі ішкі істер бөліміне арызданған жоқ, — дейді Мәди Бижанов. Оның айтуынша, Ырғыз ауданында 6 айдың қорытындысы бойынша 5 қылмыстық іс ашылмаған. Соның 3-еуі мал ұрлығына байланысты екен.

Ауылда мал ұрлығы көп емес. «Малымыз табылмай жатыр. Ұрланып кетті» деп шағымданғандар болды. Бірақ артынан табылды. Мысалы, жақында ауылдың бір тұрғыны 5-6 түйесінің жоғалғанына байланысты арызданып, сол бойынша  іздестіру шаралары жүргізілді. Кейін түйелерді ешкім ұрламаған болып шықты. Мал иесі түйелерін жайылымнан тапты.

Әркім өз малын жиі-жиі бақыласа, мал жоғалмайды деп ойлаймын, — дейді Құрылыс селолық округінің әкімі Алтынбек Сарин.

 Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button