Ауыл

Мал шаруашылығын қалай ұйымдастырған жөн?

Тосын пікір

Байырғы әдіс

Бір кезде қазақ халқының өзіндік мал бағу жүйесі қалыптасқаны белгілі. Үш жүз түгелдей, қыс бойы малдың жағдайымен Сырдың арғы бетінде, оңтүстігінде отырады екен. Сосын көктемде дарияның мұзы түспей тұрып, малмен солтүстікке қарай өтетін болған. Қардың еруімен ілгері қарай қозғала береді. Арада шамалы күндер өткенде қоңырбас шөп көтеріледі. Ал қоңырбас шөптің қоректілігі — бидаймен бірдей. Бірақ ол ұзақ тұрмайды, бір жеті-он күнде күйіп кетеді. Бұлайша жайып бағатын малда малшының еңбегінен өзге шығын жоқ. Қора тұрғызбаған, шөп шауып, мал азығын дайындамаған. Содан да шығын аз болғасын малдың өнімінің өзіндік құны төмен. Мал эпидемиялық ауруларға көп шалдыға бермейді. Ал қорада тұрған малдың біреуі ауырса, қалғандарына  тез жұғады. Не жойып, не сойып құтылуға тура келеді. Кеңістікте,  таза ауада жайылған мал ондай аурулардан қауіпсіз. Тіпті ауыра қойғанның өзінде, еркін жүрген мал даладан өзіне қажетті шөбін тауып жейді. Ит екеш итке дейін сөйтеді. Бұл жағынан хайуан — адамнан сезімтал.

Алайда бұлай мал өсірудің кемшілік жағын да айтпай кетуге болмайды. Мал бағатын адам өркениеттен жырақ, киіз үйін арқалап, отбасын арбаға тиеп көшіп жүрген. Екінші кемшілігі — жұт жылдары. Күнкөрісін малмен байланыстырған қазақ үшін ең ауыр жағдай жұт болған. Жазы қуаңшылықты болып, жайылым нашарлаған, қыс қатты болған жылдары жұтқа ұшырап, малдарын қырып алып отырған. Халқымыздың «Бай — бір жұттық» дейтіні содан.

 

Бертінде

 

Мал бағудың бұл атам заманғы дәстүрі өзгеріп, келе-келе одан гөрі жетілген екінші әдісі орнықты, мал жартылай жайып бағылатын болды. Яғни жылдың жылы маусымдарында мал жайылымда бағылып, қыста (тебінге түсетін жылқы түлігінен басқасы) қолға қарайды. Алдын ала, жаз айларында қыста қолға қарайтын малға жеткілікті пішен, жем дайындалады. Кешегі кеңес заманында қазақ мал бағудың осы әдісіне бүтіндей көшті. Мал өсірудің мұндай әдісін жолға қойған кезде шығын молайғанмен, шаруашылық аз да болса сенімді болды. Алдын ала дайындалғандықтан, қуаңшылықтан да, қаһарлы қыстан да қорқа қойған жоқ.

Бүгінде қоғам өзгергенмен, мал бағудың осы кеңестік әдісі әлі де жалғасып келеді. Тек қоғамдық меншіктің орнына, жеке меншік сипат алды. Бұдан мал бағудағы шешуші тұлға малшының тұрмысы жеңілдеген жоқ, қайта кеңес кезіндегіден нашарлады. Жайлауда отырған малшы-шопанға баяғыдай автоклуб, автолавка, жылжымалы монша бармайды. Тұрмыс жағынан бүгінгі малшы Кенен атамыз жырлайтын малшының таз кепешін қайта киді. Басылымдардағы, электрондық ақпарат құралдарындағы жарнамаларға көз салсаңыз, мал өсіретін шаруа қожалықтарының, кооперативтердің, ауылдардағы шаруа қожалықтарының жан қиналысын көресің. Жұмыссыздық белең алып тұрған шақта ауылдан мал бағатын адам таба алмайды. Айлығы аз, оның үстіне  әлгіндей ит тірлікке ешкім барғысы келмейді. Осы кезге дейін көпшілік кәсіпкерлер Қарақалпақстаннан келген оралмандарды пайдаланады екен, енді олар да қашатын болған.

Сонда не істеуіміз керек, мал бақпаймыз ба? Әрине, олай ата кәсібімізден ажырап тағы отыра алмаймыз. Әлемдік рынокқа шығудың бірден-бір тиімді жолы мал өсірумен байланысты екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан бұл кәсіпті жаңа дәуірдің талабына сай, басқаша ұйымдастыруға тура келеді. Бұл жерде, бұрынғы атам заманғы мал бағу әдісін де, кешегі кеңестік кезеңде ұстанған малды жартылай жайып бағу тәсілін де ұмытпай, оған бүгінгі өнеркәсіп пен өркениеттің ықпалын күшейту қажет. Менің бұл мақаладағы айтпақ басты ұсынысым, пікірлерім осы бағытта болады.

Бұдан бұрын басын ашып алатын тағы бір мәселе бар. Ол — әлемдік рынокта азық-түлік өнімдерінің өтімділігі мен тиімділігіне байланысты. Сондықтан егер қазақ елі мал шаруашылығын қазіргі заманғы талапқа сай жауап беретіндей ұйымдастыра алатын болса, әлемдік рыноктан өз орынын оңай таба алады. Оның сапалы еті мен сүтін, басқа да өнімдерін тек Ресей емес, өзге де елдер алатын болады.

Қоғамның бүкіл дамуына көз жіберсек,  қазіргі күнге дейін, өмірдің қалай қалыптасуы мен қоғамдық саяси құрылысқа қарамастан, бірінші кезектегі шешуші мәселе — адам тұтынатын азық-түлік және оның сапасы болып келді. Қазақ мұны: «Ұшқан құс, жүгірген аң — бәрі тамақ іздейді» дейді. Біздің қазақ жерінде, адамның қолымен жасалған аштықтар болмаса, еш заманда халық тамақтан кенде болып көрмеген. Құдай берген табиғат, құйқалы жер, шұрайлы жайылым, бай тіршілік әлемі — алыстан тамақ іздеткен жоқ. Қол астында байтақ аймақтың болуы, қолайлы табиғи-климаттық жағдай, кең матау жайылымдардың мүмкіндігі, көшпенділік өмір кешіп, малды түрлі шөпті соны жайылымда жаю — құнарлы азықты қамтамасыз етті. Қазақ бүгінгі айтып жүрген дәрумендердің барлық түрін мал өнімдерін тұтыну арқылы алды. Біздің халқымыз үшін өндірістік конвейер мал шаруашылығы болды. Үйір-үйір жылқы, табын-табын түйе, сиыр,  мыңдап қой-ешкі ұстады. Көшпенді елдің бұл байлығы, яғни өндірістік конвейері сырттан қосалқы бөлшек, торап, тетік іздеткен жоқ, сағаттың тетігіндей мүлтіксіз жұмыс істеп, мәңгілік қозғаушы күш боп ілгері сүйреп отырды. Қолайлы табиғи жағдайда, тыныш тұрмыста мал адамның бақылауымен геометриялық прогреспен өсті.

Әрине, тарихқа көз салсақ, елдердің даму жолы бірдей емес. Өнеркәсіп, өндіріс ілгері озған елдерде азық-түлік мәселесі екінші кезекке ығыстырылды. Қазір де әлемнің өнеркәсібі мен өндірісінің дамуы ерен сипатқа ие. Сөйтіп отырып, жер шарында жыл сайын миллиондаған  адамдар аш құрсақ өмір сүреді, жүздеген мың адамдар кәдімгідей аштықтан өледі. Азық-түлік жетіспеушілігі бар екені қазір құпия емес. Мұның орынын толтыру үшін ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға қатысты не түрлі генетикалық сұрқия тәсілдерді ойлап табуда. Алайда ол адамзаттың өсіп-өнуіне, ертеңгі болашағына салқынын тигізетіні қазірдің өзінде көзі қарақты жандарға аян.

 

Үшінші жол

 

Бір қарағанда, ауыл шаруашылығы саласы жұмыс істеп тұрған сияқты көрінеді. Бірақ шетелден келетін тамақтардың ораған қағазы мен сипаттамасы ғана көз алдап тұратынын біз жақсы білеміз. Ал оның сапасының қандай екенін, меніңше, қазір әрбір саналы адам түсініп келе жатыр. Өкінішке орай, мұндай тағамдар жыл өткен сайын біздің дастарқанымызды билеп барады.

Сондықтан да мен тап қазіргі кезде байырғы (көшпелі) мал бағу әдісімізге, осы саладағы әлемдік ғылыми жетістіктер мен қазіргі заманғы технологияларды қосып, жеңілдете отырып, кірісетін қолайлы сәт туды деп есептеймін. Бұған елімізде адам күші де жетеді, мал бағудың ежелгі дағдысын білетін оралмандарды (әсіресе, Моңғолиядан келген қазақтарды), ауыл адамдарын молынан пайдалануға болар еді.

Алайда мына жағдайды ескермеуге болмайды: Қазақстан жері шөбінің өнімділігі Еуропаға қарағанда 6 есе төмен және шөбінің сан түрлілігі жағынан ерекшелігі бар. Сондықтан малды қысы-жазы қораға қамап бағу, бір жайылымда ұстау тиімді болмайды. Бұл әдіс арқылы мал өнімімен біз Еуропаның алдына шыға алмаймыз және біздің өндірген өніміміз өтімді де болмайды. Жайып баққан мал мен тұрғызып баққан  малдың қайсының өнімі сапалы болатынын түсіндіріп жатудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Менің мал бағудың Қазан төңкерісіне дейінгі отарлы-көшпелі мал шаруашылығы мен кеңес кезіндегі өрістік жерді пайдалану тәсілін және осы заманғы жетістіктермен байытып жүргізу керек дейтінім содан.

Ауыл шаруашылығы саласын нарықтық жағдайға көшіру кезінде ұжымшарлар мен кеңшарлардың жойылуы мал өнімдерін ұйымдасқан түрде өңдеуге беруді қысқартты, бұл ірі ет комбинаттарының жаппай жабылуына соқтырды. Оның орнына шұжық цехтары, ұсақ ет комбинаттары пайда болғанмен, олардың мал өнімдерін терең өңдеуді қамтамасыз ете алмайтыны белгілі болды. Малдың қаны, сүйегі, мүйізі мен тұяғы, ішек-қарыны, өті, безі өңделмейді. Тері баяғы қарапайым әдіспен өңделеді. Бұл жағынан ежелгі ата-бабамыздың тіршілігінен аса алмай қалдық.  Ит пен құсқа, дүние жүзінің алаяқтарына жем болдық. Бір ғана мысал,  виолончель мен скрипканың  ысқышы шетелде 50 доллар тұрады. Ал алаяқтар оны бізден  спорттық төсеніш  ретінде  сол ақшаға алады.

Қазіргі кезде бұрынғы партия-кеңес қызметкерлері, жақсы байыған «жаңа қазақтардың» араласуымен ауыл шаруашылығына жан бітіру қадамдары жасалып жатқан сияқты. Бірақ олар Қазақстанның аймақтық ерекшеліктерін, бабаларымыздың мал бағу тәсілдерін  ескермей, олардан өздерін ақылды санап, Еуропаның  тәжірибесін соқыр сеніммен көшіруде. Алайда бұл қадам пайдасыз, орасан шығынды, еліміздің байлығын тонауға бағытталған. Мұның бір дәлелі — құмға сіңген судай қыруар қаржыны жұтқан үш жылдық «Ауыл жылдары» бағдарламасы.

Қытайға қарай салынып жатқан қуат көзіндік-көліктік дәліздің  (Бейнеу-Хоргос) мүмкіндіктерін пайдалана отырып, отарлы көшпелі мал шаруашылығына оралу ғана еліміздің әлемдік рынокқа сапалы мал өнімін беруіне жағдай жасайды. Бұл түптеп келгенде тиімді болып шығады. Сонымен мұны жүзеге асыру үшін не керек?

Қуат көздік-көліктік дәліз адамға және малға қажетті жағдайларды жасап, еліміздің оңтүстігіне қарай өтеді. Бұл — 15-тен 18-ге дейінгі газкомпрессорлық станция және бұрынғыларын қосқанда 50-ге жуық теміржол разъездері мен станциялары, яғни теміржол, автомобиль жолдары мен  кабельдік байланыс  жүйелерінің бойында орналасқан, бірінші дәрежелі   электр,  газ жүйелерімен, су құбырларымен қамтамасыз етілген  елді мекендер болады.

Жолдарды бойлай малшылар мен мамандардың отбасы тұратын тірек пункттері ұйымдастырылады. Осы тірек пункттері арқылы мал вахталық әдіспен қыста оңтүстікте, жазда солтүстікте жайлауларда жайып бағылады. Мал шаруашылығына қора құрылыстарын салудың, мал азығын дайындаудың қажеті жоқ болады.

 

Не істеу керек?

Мал шаруашылығы тірек пунктерін құру үшін мынадай мәселелерді шешу керек:

Тұрғын үй.  Өндірістің  құрылыс сметасына енетін  уақытша ғимараттар мен құрылыстарды біржола берік етіп салу керек. Оңтүстік вариантта барлық коммуникациясымен  қамтамасыз етілген  бұл ғимараттар өндірістің  құрылысы  біткеннен соң малшыға тапсырылу қажет.

Электрмен жабдықтау. Сол жердегі елді мекендерді қоректендіретін бірінші дәрежелі электр желілерін қолдану керек.

Газбен жабдықтау.  Тұрғын үй КС-тердің немесе разъездер маңына орналасу керек, елді мекендердің газ құбырынан, ал ондай нүктелерден қашық болған жағдайда, газ баллондары мен резервуарларды пайдалануға болады.

Сумен жабдықтау. Елді мекендердің ауыз су жүйесінен не скважиналардан, қажет болған жағдайда, ауыз су тазартатын қондырғыларды пайдалану керек болады.

Байланыс. Елді мекендердегі АТС, ондай болмаған жағдайда спутниктік жүйені пайдалану.

Телевидение: Спутниктік немесе кабельдік.

Көлік. Автомобиль және темір жол.

Азық-түлікпен және бірінші қажетті заттармен қамтамасыз ету.

Елді мекендердің сауда кәсіпорындары немесе дүкен-вагондар.

Медициналық қызмет. Елді мекендердің денсаулық сақтау мекемелері және автомобиль мен темір жол арқылы жоспарлы түрде малшыларға қызмет көрсететін медициналық керуендер шығару. Жоспардан тыс жақын маңдағы ауруханалардың сырқаттарды аралап қызмет көрсетуін ұйымдастыру, автомобиль және темір жол арқылы сырқатқа жедел қызмет көрсетуді жолға қою.

Балаларды мектеппен қамту. Елді мекендердегі мектептер.

Малды қамсыздандыру. Қыс қолайсыз, мұздақты болған жылдары (жұт) малдың жаппай қырылуын болдырмау үшін қамсыздандыру жарналары есебінен сақтық компаниялары арқылы таяу теміржол бойларында мал азығының қорын жасау. Қажет болған жағдайда оларды жеткізу немесе теміржол көлігімен малды қолайлы ауданға уақытша  көшіру.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді ұйымдастыру. Күзде, еліміздің  оңтүстігіне шоғырланған мал өнімдері, малдың негізгі бөлігін өңдеуге тапсыру үшін  КС-терге салынған ірі ет комбинаттарына ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жеткізеді.

Кадрлармен қамтамасыз ету. Жайылымда мал бағуға Моңғолиядан келген оралмандарды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге Түркиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Украинадан, Молдавиядан келген оралмандарды тарту, Ресейден техника алу. Осы жұмыстарға ортақ тілдерді игерген, істі білетін қазақ кадрлары  басшылық жасау керек. Осы арқылы қазіргі кезде тағдыры тығырыққа тірелген  оралмандар саясатын дұрыс жолға қоюға болр еді.

 

Малдың берекеті

 

Жүйелі ұйымдастыра білсе, мал шаруашылығының төңірегінде көптеген қосалқы шаруашылықтар құрылады. Біз әңгімелеп отырған мал шаруашылығына арналған энергиялық-көлік дәлізі бойынан ең арзан жұмыртқа мен құс етін өндіретін  ірі құс фабрикасын салуға болар еді. Себебі, құс фабрикасы қайта өңдеу өндірісінің өнімі — сүйек ұнын пайдаланатын негізгі тұтынушы.

Жылыжай шаруашылығын ұйымдастыруда да бізде ескерілмей жүрген жағдайлар аз емес. Қарап отырсаңыз, қыруар қаржы шығарып салынған жылыжайлар қысқы маусымдарда пайдаланылады да, жазғы ыстықтарда текке тұрады.

Менің есімде, бір кезде Алматы облысының Түрген ауылында өнертапқыш Н. Жалыбин жылыжай үшін тегіс қалайы қаңылтарды пайдалануды енгізген еді. Оның бұл жылыжайының ерекшелігі — ыстық маусымда еш шығынсыз тасымалданып, ашық топыраққа ауыстыра қоюға ыңғайланған болатын. Яғни бұл жылыжай жыл он екі ай пайдаланылады. Міне, осындай жылыжайларды еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік батысында, дәлізде тиімді пайдалануға болады. Көкөніс өсіру үшін табиғи тыңайтқыш қолданылады. Израильде қолданылып жүрген  көкөністі суарудың түрлі әдістерін пайдалану қажет.

Тағы бір мәселе. Қазір малдың қиынан  қуат көзін алу — жаңалық емес. Бірсыпыра жерлерде оның сынамалық қадамдары қолға алынды. Біз әңгімелеп отырған жағдайда мұны жүйелі жолға қоюдың толық мүмкіндігі туады.

Мал шаруашылығына арналған энергиялық-көліктік  дәліз бұл тек пайданың көзі емес, тіліміз бен дәстүрімізді бекітудің, дамытудың да жолы. Бұл — сәті келіп тұрған тарихи мүмкіндік, уыстан шығарып алуға болмайды.

Ең маңыздысы, дәліздің айқындалған ауқымдағы бүкіл аумағын заңдылық және қаржылық-экономикалық құжаттарымен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының   қарауына беру керек.

Мен мал шаруашылығына байланысты мұндай дәлізді жасау идеясын өз ойымнан шығарып отырғаным жоқ. Бұл — менің әкем Ғабдол Қуатовтың  ойы еді. Ол кісі Мәскеудің мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы экономист. Ойыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары — жоспарлау бөлімінің бастығы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Әрине, қанша қызмет атқарса да, бұл ойларын жүзеге асырудың мүмкіндігі болған жоқ. Себебі, кеңестік жүйенің саясаты басқаша еді.

Әкем әңгімелеген осы жоба менің ойымда жүретін. Мұны біз отбасымызда талай талқыладық. Менің өзім жоғары білімді энергетикпін, өндірістен жинақтаған көптеген тәжірибем бар. Інілерім — Серікжан мен  Темірбек жоғары дәрежелі инженерлер, ұлым  Нұрлан — Мәскеудің мемлекеттік университетінің түлегі, экономист, екінші ұлым  Әмір де жоғары білімді биотехнолог, Астананың ауыл шаруашылығы академиясын бітірген.

Сондықтан ортақ ойға келетін ретіміз бар еді.

Мен бұл ойларымды, жобамды еліміздің құзырлы орындарына да білдіргенмін. Бірақ нәтиже жоқ, Абай атамыз айтқандай,  «жартасқа бардым, күнде айғай салдым, баяғы жартас — бір жартас…».

Осы мақсатты жүзеге асыруды көздеп Ауыл партиясына мүше болдым, Ақтөбе филиалы төрағасының орынбасарымын.   Жақында облыстық саяси кеңестің отырысында осы мәселені қозғап баяндама жасадым. Мен жазып отырған пікірлерге байланысты көпшіліктің қосатын ақылдары болса, қуана-қуана қабылдаймын.

Сансызбай ҚУАТОВ,

кәсіпкер.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Салеметсизба! Мени кой жане ешки шаруашылыгы кызыктырады.Озим Атырау каласында турамын.Сиздин макаланыздан коптеген акпараттар билдим.Мен осы шаруашылык туримен айналыскым келеди.Укимет тарапынан кандай комектер бар?Жане коймен ешкини кай облыстан алган дурыс?Ортага ой тастап болисулеринизди сураймын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button