Білім

Алақай, демалыс!

Оқу жылы аяқталды. Санаулы күндерден кейін оқушылар үшін  демалыс орындарының жұмысы басталады.  Биыл облыстық білім басқармасы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды мықтап қолға алып отыр. Ақтөбе қаласы мен аудандардағы білім ордалары аула клубтарының және сауықтыру, демалыс лагерьлерінің жұмысын жандандырмақ. Бұл мақсатқа қалалық және аудандық бюджеттерден 79 миллион 297 мың теңге бөлінді.

Мектеп жасындағы балалар үшін  жазғы демалыстың  маңызы ерекше. Әсіресе, қала баласының үш  ай каникулды тиімді өткізгені жөн. Өйткені бос жүрген оқушы көше бұзықтарына еріп кетуі де мүмкін. Ал ауыл баласы үшін шуы көп қала тірлігі қызық.  Сондықтан биыл облыстық білім басқармасы жазғы демалысты ерекше қылып өткізбек. Бұл мақсатта облыс аумағындағы 730 тынығу орны жұмыс істейді. Оның ішіне демалыс және спорттық алаңдар, аула клубтары, мектеп жанындағы ыстық тамақпен қамтамасыз ететін демалыс орындары, сауықтыру орталықтары мен лагерьлер бар. Қаладағы «Береке», «Әсем», «Достық», «Восток», «Энергетик» және Шалқар ауданындағы «Гүлдер»,  Ойыл ауданындағы «Жас қайрат», Хромтаудағы «Мұғалжар»  лагерьлерінің есігі де жылдағыдай оқушылар үшін айқара ашық. Биыл аула клубтарының жұмысына да баса назар аударылады.

Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін сәуірде облыстық әкімдіктің қаулысы шықты. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың төрағалық етуімен аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық білім басқармасы, аудандық  білім бөлімінің мамандары  кеңесіп, аула клубтарын жетілдіру жөнінде шешім қабылдады. Аталған шешімнің негізінде қала және аудандарда аула клубтары жұмыс істейді. Бұлардың жұмысына  12 500 бала тартылады. Аула клубтары мектептер жанында, қосымша білім беру ұйымдары базасында, көп қабатты тұрғын үйлер жанында ұйымдастырылады. Ұйымдастыру жұмыстарына педагогикалық оқу орындарының студенттері, жұмыссыз мұғалімдер тартылады. Балалар демалысын қызықты өткізу үшін олар арнайы жоспар құрып, түрлі шаралар өткізеді. Яғни клуб жұмысының қызықты өтуі ұйымдастырушыларға тікелей байланысты.

Өткен жылы жазғы демалыс кезінде балалардың 86,3 пайызы қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 88 пайызға өсіруді жоспарлап отырмыз. Егер аула клубтарының жұмысы оң жолға қойылып, балалардың бос уақыты тиімді  ұйымдастырылса, аталған межеге қол жеткізуге болады.

Биыл демалыс және сауықтыру орындарында 99 мың 614 бала тынығады. Оған қалалық және аудандық бюджеттен 79 миллион 297 мың теңге бөлінбек. Ал демеушілер тарапынан болатын қаржы көлемі әзірге белгісіз. Өйткені қаржылық дағдарысқа байланысты ірі кәсіпорындар мен кәсіподақтар бөлетін қаржы маусым айында белгілі болады. Олар қаржы көлемін есептеп, әр маусымға бөледі. Мәселен, Хромтау, Мұғалжар аудандарында демеушілер көмегімен жазғы демалыс орындарында тынығатын балалар көп, – деді облыстық білім басқармасы қосымша білім беру мониторингі және тәрбие бөлімінің жетекші маманы Майра Отарбаева.

Биыл «Тәуекел» тобындағы тәрбиесі қиын оқушылар қала сыртындағы «Достық» лагерінде тынығады. Лагерьдің толық бір ауысымы ішкі істер бөлімдерінің есебінде тұрған 200 балаға арналады. Бұл үшін облыс бюджетінен 5 миллион теңге бөлінді.

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 27 мамырда №40 мектепте  «2009 жылдың жазғы кезеңінде  балалардың демалысын, сауықтырылуы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері» тақырыбында  облыстық семинар өтеді. Жиынға  облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары мен өрт қауіпсіздігі, судан құтқару қызметінің өкілдері, асхана қызметкерлері, медбикелер және тынығу орындарының басшылары қатысады. Басқосуда демалысты ұйымдастыру ерекшеліктері, қауіпсіздік мәселелері талқыланады. Жаз мезгілінде таралатын түрлі жұқпалы аурулар төңірегінде әңгіме қозғалып, олардың алдын алу туралы ақпараттар таратылады.

Сауықтыру және демалыс орындарына бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған және ата-анасыз балалар жолдама алады. «ҚазМұнайГаз» АҚ демеушілігімен тамыз айында  Италия елінде  аз қамтылған отбасылардың  балалары, жетім балалар және жақсы оқитын, халықаралық жарыстар мен спартакиадалардың жеңімпаздары  тынығып қайтады. Биыл бұл шара төртінші рет ұйымдастырылып отыр.  Жалпы, осы жазда облыс бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған 16 мың 169 бала тынығу орындарына жолдама алады.

Қаладағы  жеке меншік демалыс орындары да оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізуге күш салуда.  Қызмет ету түріне байланысты олардың бағасы да әр түрлі. Жеке лагерьлердің биылғы бағасы -15-50 мың теңге аралығында. Ал мемлекет құзырындағы жазғы  тынығу орындарында демалу  аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін ақысыз. Демалыс орындары маусым айының 10-ынан бастап балаларды қабылдауды бастайды.

Сондай-ақ, қала аумағындағы интернаттар да назардан тыс қалмайды. Мәселен, Тамды қосалқы мектеп-интернаты мен дамуында кемшілігі бар балаларға арналған Жайсаң мектеп-интернаты және  Алға жетім балалар мектеп-интернаты да жазғы демалысты тиімді ұйымдастырмақ.

P.S.

Маусымның 10-ынан  бастап балалардың алғашқы легі тынығу орындарына жолдама алады. Қазіргі таңда демалыс орындары оқушыларды  қабылдауға сақадай сай. Балдырғандардың қауіпсіздігі үшін тынығу аймағындағы барлық шара қатаң қадағаланады.

АУДАН БАЛАЛАРЫ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?

Оқушылардың жазғы демалысы аудан мектептерінде де қызықты ұйымдастырылады. Мәселен, 1 маусымнан бастап Байғанин ауданындағы 18 орта, 2 негізгі мектепте және  аудандық Оқушылар үйінде мектеп жанындағы күндізгі лагерьлер жұмыс жасайды. Маусым айында күндізгі лагерьлерде бір мезгіл ыстық тамақпен 487 оқушы, ал тамақтанбайтын тынығу орындарында 821 оқушы қамтылады.

Тамыз айында көп балалы отбасылардан шыққан және  әлеуметтік жағдайы нашар, ата-анасыз балалар мен озат оқушылар, яғни барлығы 3901 оқушы демалыс орындарында тынығып қайтады. Ал жоғарғы сыныптың 553 оқушысы жұмыспен қамтылады. Олар «Жасыл ел» жасақтарында және мектепті жөндеу жұмыстарында еңбек етеді. Аталған жұмыстарға жалпыға бірдей оқу қорынан 2 миллион 77 мың теңге қаржы қарастырылған.

Биыл Италиядағы Адриатика теңізі жағалауындағы Чезнатико демалыс орнына сабақ үлгерімі жақсы Сағыз орта мектебінің оқушысы Ақжол Қалиев пен Т. Жармағамбетов атындағы орта мектептің оқушысы, халықаралық дәрежедегі тоғызқұмалақ ойынының жеңімпазы Оразбек Ғабитқан барады. Ақжол ата-анасынан айрылған бала.  Ал өткен оқу жылында 3724 бала  мектеп жанындағы лагерьде тынықса, 17 оқушы Астанаға саяхат жасап қайтқан болатын. Орал, Көкшетау қалаларындағы тынығу орындарына да біздің балалар  барып қайтты, – деді Байғанин аудандық Оқушылар үйінің директоры Зада Жұмабаева.

Ырғыздық оқушылар да жазғы демалыстарын қызықты өткізбек. Аудандағы сауықтыру орталықтары мен мектеп жанындағы демалыс және еңбек лагерьлері өз жұмысын бастайды.  Бұнда барлығы 3027 оқушы тынығады. Сондай-ақ, Ырғыз селосындағы «Аққайың» балабақшасының жанынан ашылған «Балдәурен» емдеу-сауықтыру лагерінде әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балалары, яғни барлығы 100 бала демалып қайтпақ. Бұған жергілікті бюджеттен 996 мың 400 теңге бөлінген. Ал Италиядағы Чезнатико демалыс орнына 6 бала барады.

Биыл балалардың жазғы демалысын қызықты өткізу мақсатында түрлі туристік саяхаттар ұйымдастырылады. Балдырғандар еліміздің көрікті жерлерін аралайды. Мәселен, Бурабай көлінің жағасына орналасқан «Балдәурен» емдеу-сауықтыру лагерінде оқу озаттары тынығып қайтса, көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 бала Астана қаласына саяхат жасайды. Ақтөбедегі М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың  жанындағы сауықтыру лагеріне 10 баланы жібермекпіз. Алдағы уақытта бұндай шаралар жалғасын табады, – деді Ырғыз аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрлыбек Жүсіпов.

Бұндай жұмыстар өзге аудандарда да қолға алынады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button