Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Ақысыз демалыстың шекті мөлшері бар ма?

Қызметкерлер бір жылда қанша рет жалақысы сақталмайтын демалысқа шығуға құқылы?

Жазира Болжанқызы,

Қандыағаш.

Еңбек кодексінің 111-бабының 3-тармағында жұмыс берушi қызметкердің жеке тұрмыстық жағдайларына, атап айтқанда, некеге тұруына, баласы тууына, жақын туыстары қайтыс болуына байланысты, сондай-ақ, еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген өзге де жағдайларда қызметкердiң жазбаша өтiнiшi негiзiнде күнтiзбелiк бес күнге дейiн жалақы сақталмайтын демалыс беруге мiндеттi екені көрсетілген. Ал басқа реттерде қызметкердiң өтiнiшi негiзiнде оған жалақы сақталмайтын демалыс жұмыс берушінің (бастықтың) келiсiмi бойынша ғана берiлуi мүмкiн. Бұл тәртіп мемлекеттік мекемеде (қазыналық кәсіпорында) жұмыс істейтін азаматтық қызметшілерге де, қызметкерлердің, жұмысшылардың басқа санаттарына (оның ішінде мемлекеттік емес мекемелердегі) да бірдей қатысты. Жалақы сақталмайтын демалыстың ұзақтығы заңмен тікелей шектелмейді және қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiм бойынша айқындалады.

Кісі өліміне заңды тұлға жауапты бола ма?

Қалалық соттың заңды күшіне енген үкімімен жолаушы тасымалдайтын автобуспен көше қиылысынан өтерде менің он жеті жасар қызымды қағып кетіп, бір сағаттан кейін ауруханада көз жұмуына душар еткен Т. Айбас деген азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп табылып, тиісті жазасын алды. Жол-көлік оқиғасына Айбас көлікке рұқсат қағазынсыз отырып, ұрынған. Ал куәландырылған сенімхат негізінде рульге отыруға заңды құқығы бар жүргізуші Б. Оспанұлы бұл кезде автобус ішінде болмаған.  

Отбасында орнаған қайғылы оқиғаға байланысты кешірім сұрап, көңіл айтып келген, жерлеу ресімдеріне материалдық көмек көрсеткен ешкім болған жоқ. Енді соларды сотқа бергім келеді. Тікелей кінәлі Айбаспен қосақтап автобусты оған жауапкершілігіне қарамай заңсыз бере салған Оспанұлын да сотқа тартып, материалдық та, моралдық та зиянды өндіре аламын ба? Қызымның мезгілсіз қазасына жауаптылардың қатарына автобустың заңды тұлға болып табылатын меншік иесі «Дархан Транс-Мир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де қосуға бола ма?

Н. Ахметқали,

Ақтөбе.

ҚР Азаматтық кодексінің 931-бабында қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi (бұл жағдайда автобус) келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi екені көрсетілген. Автобус иесі «Дархан Транс-Мир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай заңды тұлғалардың санатына жататындықтан да, оны Айбаспен және Оспанұлымен бірге жауапкер ретінде талап арызда көрсетуіңіз заңға сияды.

Аталған заңды тұлғаның автобустың жолға шығуы мен оның тізгінін  сеніп тапсырған жүргізушінің қызметіне тиісінше бақылау жасай алмағаны көрініп тұр. Сенген жүргізушісінің қауіптілігі жоғары көлік құралын  басқа біреуге заңсыз бере салуының ақыры қайғылы оқиғаға әкеліп соқтырған.

Жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты зиян үшiн жауапты  жеке және заңды тұлғалар ҚР АК-нің 946-бабына сәйкес жерлеуге қажеттi шығындарды бірлесе өтеуге мiндеттi. Осы шығындарды көтерген азаматтардың жерлеуге арнап алған жәрдемақысы зиянды өтеу есебiне қосылмайды.

Моральдық зиян мүлiктiк зиянға қарамастан  ақшалай өтеледi (ҚР АК-нің 952-бабы).

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 51-04-13; 8-707 892 55 14; 8 701 586 11 10

E-mail: sultan.ns@mail.ru

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button