Қарсаңда
(романнан үзінді)
(Үзіндінің соңы. Басы 76-77-санда)
Бұ жолы шақырылған адам саны тіпті көп-ті. Сол себепті, өзінің сүйегі ауыр сегіз қанат үлкен ақ үйіне қонақтар сыймас деп, тағы да алты қанат екі үйді (керегелерінің бір-бір қанатын алып тастап) жалғастыра тіккізген. Сонысы – дұрыс болған екен. Жақсы-жайсаңдар үш үйге де лықа толды.
Қақ төрге, қонақтардың қасына Шеркеш Тұрманбет би, Беріш Алдар би, Адай Атағозы батыр қатарлы үлкендерді отырғызып, олардың оң жағына: Төртқара Қаракөбек, Өтебас; Шекті Құдаш, Бәйіш, Сегізбай; Кете Көккөз секілді билер бастаған Әлім ата балаларын; сол жағына: Табын Тіленші би мен Барақ батыр, Тама Қадыр мен Садыр; Жағалбайлы Сағыр, Тотай батырлар мен Кердері Қоныс би бастаған Жетірудың игі жақсыларын жайғастырып; өз төңірегіне: Ысық Қаратау би, Беріш Қара батыр, Масқар Дөнен қатарлы ығай-сығайларды жиып алған Сырым би, жұрт жайғасып болды-ау деген бір кезде:
– Ал игі жақсылар! Ұлы жиын ертең! Анау боз төбенің басында! Күллі халық сол жерде бас қосады… Салиқалы жиынды салғыласуға айналдырмай, халық алдында айтылар сөзді әуелі өзіміз кең отырып талқыға салып, әбден пісіріп алу үшін, бүгін осы жерде алдын ала бір келелі кеңес құрғанды мақұл көрдік.
Бұл – көпшіліктен жасырын өткізіп отырған бас қосу емес! Біздің халықтан жасырар да, құпия қыларлық та ештеңеміз жоқ. Тек, әр елдің ағалары, мына сіздерден! Уа, аузы уәлі билер, сіздерден! Арқалы да аруақты батырлар, сіздерден! Барша жақсы-жайсаңдар, өздеріңізден!… иә, осы отырған бәріңізден артылар не сөз бар?! – деп қана, осылай етіп отырмыз. Жиын – бүкіл халықтікі болғанмен, қашанда мыңдаған халықтың өзі топқа түсіп, жарыса сөйлемейді; сол мыңдардың, немесе жүздердің, ең кемі ондардың атынан сөйлейтін – бәрібір сіздерсіздер!
Сондықтан ел ағалары деген аттарыңызға сәйкес, көңілдеріңізде не бар? Не айтқыларың келеді? Қай-қайсыңның да жолың ашық! Қазірден бастап сөздеріңізді жұптай беріңіздер! — деп, жаңа ғана түйіліп тұрған екі қасының арасындағы терең қос сызық енді жазыла түсіп, жазық та кең маңдайы жарқырап, беташар сөзді өзі бастап кетті.
– Иә, бірден ашығын айтайық… — деді, сонсоң алпамса кеудесін көтеріңкіреп, бойын тіктеп алған зор денелі би. — Бүгінгі жиын — көздерің көріп, көңілдерің үйренісіп кеткен бұрынғы дағдылы жиын емес, жақсылар! Дағдылы жиын еместігі сол – бұл жиында, әдеттегідей, ел ішінің ертеден бері тиянағын таппай келе жатқан, құлындағы сақауды, құнандағы тісеуді қозғайтын небір ескі даулары да; біреудің біреуге кеткен есесін түгендер арыз-шағымдары мен жаңадан туындаған қақтығыс-соқтығыстардың жай-жапсары да қаралмайды. Бұ жолы қаралатын мәселелердің ауқымы тым үлкен де, ірірек! Ірірек болатыны, Сіздердің талқыңызға салынғалы отырған жайттар — әлдебір жеке адамның, яки белгілі бір атаның, немесе тіпті тұтас бір ру-тайпаның да мүддесі емес, тар кезеңге тап келген жұртымыздың — қазақ дейтін халқыңның тағдырына тікелей қатысты жайлар болып отыр.
«Бұл неден туындады?». «Кеден – кеден болды, кедергі неден болды?!» – десеңіздер, тағы да бірден ашығын айталық… Бұрын да елге талай-талай қиянат жасаған Хандарыңыздың енді халыққа ашықтан-ашық опасыздық жасағандығынан туындады, жарандар! Опасыздығы емей немене, «Бұл ел айтқаныма көніп, айдағаныма жүрмейді!» деп хан жасырын түрде орыстан әскер шақыртып, халықты талатпақ болса!?
Уа, сыбырлағанды Құдай есітпей ме екен, халайық?! Естиді, әрине! Жаратқан Иеміз түгілі, бүкіл жұрт естіді!
Ісі әшкере болған Хан, қазір шеп бойына қаша көшіп кетті, қара басын сағаттап! Ел қалды басшысыз, басқарушысыз!!!
Осыдан келіп көп-көп сауалдар туындап отыр.
Ең бірінші кезекте, Ханы қара басын сағаттап қашып кеткен мына елдің Елдігін енді қалай сақтап қаламыз? Тар кезеңге тап келген жұртымызды бұл тығырықтан қайтіп шығарамыз? Ендігі жерде ел басқару ісі қалай жүргізілмек?
Екіншіден, көп жылдардан бері оңбай тұрған – іргелес жұрттармен қарым-қатынасты қалай түзеуге болады? Әсіресе, қысқа күнде қырық рет атысып-шабысып отырған мына казак-орыстардың ылаңын қайтіп тыйғызамыз?
…Анау Жайық бойындағы тас қамалдардың қараңғы үйлерінде, тар қапаста тарығып жатқан туыс-бауырларды қалай шығарып аламыз?
Ақырында, ертеден шешілмей келе жатқан ескі дау — Жайық бойындағы, әсіресе, оның оң бетіндегі өріс-қоныстарға қалай қол жеткіземіз? Күз иек астында. Артынан қылышын сүйретіп қыс келеді. Өріс пен қоныстан тарлық көріп келе жатқан қазақ баласының осы көрген құқайы көрген күйінде қала бере ме?!
Қысқасы, Алаш ұлына қайтсек теңдік тиеді! Қайтсек, еліміз тыныш та берекелі, бақуатты тірлік кеше алады?!
Соның амалын табуға ақыл қосыңыздар!
Биылғы жаздан бері, Орынборға жаңадан келген жандарал-гүбірнатыр бірқатар ел ағаларына, соның ішінде мына маған да, қайта-қайта хат жолдап, хабар жіберіп, кісі салып; осы жайларға өзі де алаңдаулы екенін; соны қайтсек те реттеу керектігін білдіріп жатыр. Бір-жар рет келіп кеткен кісілердің кейбіреуі қазір осында, орталарыңда да отыр. Олар: анау төрдегі – өздеріңіздің бауырларыңыз, Орынбордағы Ақ Базарға барғанда Сіздерді алып-сатарға жем қылмайтын, арқа сүйер ағайының Шекті Шүкірәлі; қасындағы – піріміз Әбужәлел қожаның баласы, орыс кеңсесінде қызмет істеп жүрген Нұрмұханбет деген інілеріңіз. Ал, кеше кешкілік мына Меңдияр мырза бастап келген қонақтардың ішіндегі Орынбор мешітінің Бас имамы, һәм осы өлкедегі бүкіл мұсылман қауымының бірінші дәрежелі ахуны мына Мұхаметжан хазірет жандаралдың тапсырмасымен тіпті екінші рет арнайы келіп отыр.
Имандай шынымыз, аузымыз күйе-күйе, үрлеп ішуге лажсыз дағдыланған біз, осы кісілер айтып келген үлкен ұлықтың сөзіне алғаш тіпті де илана қойған жоқ едік… Бірақ бүкіл елге «Ашық хат» жолдап, сол хатта айтылған сөзіне сәйкес, кейбір өздерін «қылмысты» сезініп жүрген кісілер амалсыз алдына барса, мына жандарал оларға шынымен кешірім етіп, рахымшылық жасағанының шет жағасын қазір естіп те отырмыз; көзіміз көріп те отыр.
Сондықтан бүкіл ел болып, сол елдің бас көтерер ағалары мына өздеріңіз болып, бәріміз ертеңгі халық кеңесінде падишадан бастап, әлгі жандарал-гүбірнатырға дейін айтылар талап-тілектерімізді әуелі осы жерде біржола жұптап алсақ деген ой бар.
Бұған қоса айтарым: «ертеңгі халық кеңесінде»… деген бір сөз аузымнан шығып қалды, жарандар! Бұрынырақта, ел басына осындай қиын-қыстау күн туғанда, Хан халыққа сауын айтып, үлкен кеңес өткізеді екен. «Хан кеңесі» деп аталатын сол басқосу кезінде, талай-талай қиын түйіндер шешіледі екен… Ежелдің ең күнінен келе жатқан сол жосық әбден бұзылып, бұл елде Хан кеңесінің өтпегеніне, міне, тура отыз жыл болыпты!
Сондықтан болса керек, халқымен кеңесуден қол үзген хандық билік те бұл күнде бұлдыраған сағымға айналған. Ал ханның өзі қара басын сағаттап жайына кеткенін жаңа ғана айттым ғой! Ендеше, ең болмаса ел екенімізді білдіріп, ертеңгі күні өзіміз өткізгелі отырған ұлы жиынымызды өзіміз «Халық кеңесі» деп атайықшы осы! Атасына нәлет, «бетеге кеткенмен, бел қалады; бектер кеткенмен, ел қалады»; хан қашқанмен, халық орнында ғой әйтеуір! Сол халықтың бас қосқан ұлы жиынын неге «Халық кеңесі» атамасқа?! Халықтан ұлы не бар? Керек десеңіз, «Халық – Құдайдың өзінен бір-ақ жас кіші!» демей ме, біздің қазақ! – деп, Сырым би бір сәт қызына сөйлеп еді.
– Дұрыс-ақ, би!
– Шынында, бұл бір табылған сөз екен!
– Хансыз-ақ, халықтың өзі бас қосып өткізгелі отырған жиын – «Халық кеңесі» болмағанда, не болады!? Атасақ, атайық солай! – деп, Ысық Қаратау, Кете Көккөз билер бастаған ел ағалары жамырай қостап кеткен. Іле:
– Болсын! Болсын.. солай!
– Қолтума Кеңесіміз құтты болсын, ағайын! – деп, төрдегі үлкендер де желпіне қостап, барша жұрт бет сипасты.
– Ал, ендеше.. айтылмыш жайлар туралы қандай ойларыңыз бар?! Қане, соған көшелік… Құлағымыз өздеріңізде! — деп, Сырым би бастаған топ сөз тосып тынып қалған.
– Уа, ағайын! Қарап отырсам, осы жұрттың ішіндегі жасы үлкені – мен екем… Ендеше, ағалық жолымен бір-екі ауыз ғана сөз айтайын! – деп, сақал-мұрты қудай аппақ Беріш Алдар би отырған орнында бірер ырғалып алып, кенет көтеріңкі үлкен қаттырақ дауыстап сөйлеп кетті. – Иә, жарандар! Жаңа сіздер «кеңес», «Хан кеңесі»… дегенді көп айтып жатырсыздар. Сіздерге аңыз секілді боп көрінгенмен, сол кеңестерге – әлгі «Хан кеңесі» дегендеріңізге қатысып қана қоймай, ондағы айтыс-тартыстардың талайының қақ ортасында өздері болған біраз ағаларың дәл қазір осы жерде, орталарыңызда отыр. «Олар кімдер еді?» десеңіздер, мына отырған Адай Атағозы батыр екеуміз; ана отырған: Шекті Сегізбай би, Кете Көккөз би, Шеркеш Тұрманбет би, Ысық Қаратау би, Табын Тіленші би мен Есіркеп билер…
О күнде Ордада айтысып-тартысқанда, алдымыздағы ағаларымыз да, біз де бақай есеп, бас пайда дегенді білгеніміз жоқ! Не айтсақ та, ел қамы, ұлыс қамы, ұрпақ қамы деп айтыстық, сол үшін тартыстық! Бір ғажабы, ол заманның адамы – мәрт еді… Орынды сөзге, орайлы уәжге тоқтай қалушы еді! Сондықтан үлкен-кіші қанша айтысып-тартысса да, жөнге, жүйеге жығыла қалушы еді; оңтайлы шешімге оңай көне қоюшы еді!
Обалы не керек, осы елді отыз жеті жыл емін-еркін билеген мына опасыз ханның өзі де, әкесі Әбілқайырдан қалған алтын тақытқа отырған соң, сегіз жылдай ата жолын бұзбай, ақсақалды ағалармен ақылдаса, кеңесе отырып ел басқарып, жұрт көңілінен шыққандай кезі болған. Алайда енді-енді ғана бедел жинап, белі көтеріліп келе жатқанында, есі шығып кетті мұның!
– Ей, еңсегей бойлы ер Есім! Есім-ай, сені есірткен, есіл де менің кеңесім! – деп жарықтық Жиенбет жырау айтпақшы, өзіне ақыл айтып, кеңес берген, күні кешегі күллі игі жақсыларды сыртқа теуіп, кенет… «қалың қазақты сендерсіз-ақ бір өзім билей алам! – деген дертке шалдықты бұл. Сондықтан «Хан кеңесін» таратып жіберді де, ойына не келсе, соны істеуге көшті. Құдай-ау, қойшы екеш қойшы да, алдындағы малын қажетіне жарату үшін, әуелі жөндеп бақпай ма?! Бұл болса, елді бақпақ түгілі, тек шетінен талап жеуді ғана білді; күші жеткендерін отыз ұлымен бірге аунатып жеді; күші жетпегендерін – орыспен бірігіп, астыртын олжалады. Күзде – бір, көктемде – екі, Жайықтан әрлі-берлі өткендеріңде, көш басы сайын бір жылқы, бір қой бермей өткендерің бар ма, сірә! Қане, айтыңдаршы!? Жоқ қой, жо-о-оқ! «Жердің оты мен суы – Жаратқанның пенделеріне тегін берген несібесі!» Неге біз оған төлем төлеуіміз керек?! – деп, қысастыққа көнбей кеуделеп өтіп кеткендерге істегені:
— Әні, айтқанды тыңдамай, бір топ қарақшы Жайықтан өтіп кетті. Ойлары – шеп бойындағы сіздердің күтірлеріңізді шабу. Ал, шарасын өздерің қарастырыңдар! —деп, орысқа ойбай салу болмады ма!? Бар жазығы – ханға алым бермей, Жайықтан өтіп кеткені ғана болған талай боздақтарды осылайша орысқа қудыртып, қайырып әкеп қараңғы үйге қаматтырмады ма?!
Жә, құрсыншы, қайсыбірін айтып тауысарсың! Ақыры, міне, «ашыққаннан – құныққан жаман» деген… араны әбден ашылып кеткен бұл хан, уысынан шығып бара жатқан елді орысқа талатып, қайтадан бауырына қуып тыққызбақ әрекеге барып, өз жұртына өзі жексұрын болып отыр.
«Хан ғой… Елдің басы ғой!» – деп, жұрт оның талай-талай зорлық-зомбылығын да, озбырлығын да кешірген. Бірақ енді қарамағындағы қара орман халыққа ашықтан-ашық жасаған опасыздығын көріп отырып, ешкім де, ешқашан да кешіре алмайды оны. Кешіруге болмайды да!
«Хан орнынан алынсын!» – дегенді біздің Беріш балалары түгел қолдайды деп есепте, Сырым би! Ертең күллі халықтың алдында да айтар сөзіміз – тек осы! – деп, зілдене тоқтады Алдар би.
Беріш биінің мына кесімді сөзіне жұрт қалай қарар екен деп, Сырым би де, қасындағы серіктері де, төрде отырғандардан бастап, төмендегілерге шейін жағалай көзбен сүзіп шыққан… Ел ағаларының ешқайсысы да мұны теріс көрген пиғыл танытқан жоқ.
Соны сезуі мұң екен, осы жиынды өткізуге Сырыммен бірдей атсалысып жүргендердің бірі Кете Көккөз би әңгіме желісін үздірмей:
– Бұл – басы ашық мәселе ғой, Сырым би! Осы отырғандардың басым бөлігі – «Хан орнынан алынсын!» деген хатқа қол қойған адамдар. Сондықтан, «қарсымыз» деген кісілер болса, солар ғана сөйлесін… Жоқ болса, әңгімені әрі қарай жалғастырайық, – деп, жиын басшысын демеп жіберген.
Әрине, достық пейілмен демеу – демеу ғой… Әйтсе де, сөзді ел ағаларының өз аузымен біржола бекітіп алуды одан да гөрі мақұлырақ көрген Сырым би:
– Ал, игі жақсылар! Сіздер бұған не дейсіздер?! – деп, жұртқа қайыра сұрау салып еді.
– Бәтуамыз — бәтуа, би! Ауыздан шыққан сөз — атылған оқ; ол қайта оралмайды! Алынсын, Нұралы хан орнынан! — деп, әр жер-әр жерден дабырлаған дауыстар естіліп қалды.
Кеудесін көтеріңкіреп, Құдай тағала кең пішіп, мол жаратқан сом денесін тіктеп алған Сырым би енді күллі жұрттың төбесінен шола қарап:
– А-ал, бұларыңды «Хош!» делік, халайық! Ханды орнынан алады екенбіз… Одан соң не істемекшісіздер? Елді қалай басқарғыларың келеді?! Кімге басқартқыларың келеді?! Енді соны айтыңыздаршы! — деген.
Жұрт бір сәт жым-жырт болып, сілтідей тынып қалды. Шамасы, бұл жайында әзірше ешкім де бас ауырта қоймаған болса керек.
– Ағайын! Нұралы ханды орнынан алумен өмір тоқтап қалмайды! Ендеше, ханды тақтан түсірген соң, қайтіп тірлік қыламыз? Қалайша ел боламыз?! Сол туралы ақыл қоссаңыздаршы енді… — деп, Сырым би ел ағаларын тағы да сөзге тартып еді.
– Уа, халайық! Атамыз қазақ: «Төресіз – ел болмайды; төбесіз – жер болмайды!» – демейтін бе еді!? Нұралы хан кеткенмен, сонымен бірге төре тұқымы түгел құрып кетпеген шығар… Шақырайық тағы біреуін! Анау ұлыс басы Ералы сұлтанның ерлігі мен өрлігі кімнен кем? Келсін, ұстасын, атасынан қалған ел тізгінін!.. — деп, Төртқара Қаракөбек би бір ұсыныс тастаған.
Бағанадан тым-тырыс отырған жұрт, аяқ астынан шу ете қалды жақтырмай.
Әсіресе, даусы қаттырақ шығып кеткен — жаңағы Кете Көккөз би еді…
– Қаракөбе-е-ек!!! – деп бастағанынан-ақ, Төртқара биінің әлгі сөзіне оның ашынулы екені ащы даусынан бірден байқалған. Іле: – Мақтап отырған Ералыңыздың ерлігі былтырғы ма, би?! Біздің Кетелер башқұрттан еселерін әрең қайтарып, барымтадан біраз мал әкеліп еді. Төрең соны: «Иелеріне қайтарам» деп, бізден алып кетіп, ақыры бәрі-бәрін өз бас пайдасына жаратты. Артынан башқұрттар қуып келіп еді: – «Ұрыларың – Кетелер! Малдарыңды солардан даулаңдар!» – деп, оларға екі кісісін куәлікке қосып беріп, көз көрекі жұртқа қиянат жасады.
Біз бұл жерге ел қамқорын; әділетті қорғар жан іздеп келіп отырсақ, Сіз «түйенің танитыны – жапырақ» дегендей, қайтадан баяғы ұялас бөрілердің біреуінің орнына екіншісін — өз ұлысыңыздың басын ұсынғыңыз келеді. Жоқ! Қуаттамаймыз сөзіңізді! Қолдамаймыз Ералыңызды! — деп түтіге сөйлеп тоқтады.
– Сабыр, ағайын, сабыр… – деп осы жерде Ысық Қаратау би сөзге араласқан. – Сіздер бір нәрсені ескермей отырсыздар, жарандар! – деп бірден басу айта сөйледі. — Нұралы хан ел билеген қырық жылға жуық уақытта, бұл әулеттің халыққа істеген қиянаты, шынында да, бастан асып кетті. Сондықтан да біз өздерің қол қойған өткендегі хатта Падишадан тек қана Нұралыны тақтан тайдыруды сұрап қойған жоқпыз; сонымен бірге, Әбілқайыр ханның ата жолынан айныған бүгінгі ұрпақтарын түгелімен билік басынан кетіруді талап еттік. Сол себепті, ағасының орнына енді Ералы сұлтанды ел билігіне тағайындауды тіпті де өтіне алмаймыз. Мұны – бір деңіздер!
Екінші, әлгі хатты апарып қайтқан кісілерден жандаралдың бізге айтып жібергені: «Егер ел ағалары «Нұралы хан орнынан алынсын! Бұл әулет билік басынан түгел кетірілсін!» десе, онда ханның да, оның төңірегіндегі төрелердің де барша кінәсі мен күнәсін мойындарын қойсын!» — депті. Сондықтан біз бұлардың бүкіл қысастығы мен қиянатын баяндап, жандаралға жаңадан хат даярлап та қойдық. Соның ішінде Ералы сұлтанның да елге істеген қараулығы айтылмай қалған жоқ. Ендеше, өзіміз солай деп хат жазып отырып, өзіміз қалайша оны қайтадан хандыққа тағайындауды сұраймыз!? Бұл — болмайтын шаруа, ағайын! Сондықтан басқа жолын қарастырыңыздар! — деп, екі араға бітуәжа айтып барып тоқтады.
Жұрт лажсыз ойланып қалды қайтадан.
«Иә-ә-ә!… Бүкіл батыс беттегі Кіші Жүз төрелері – тек қана Бөлекей-Қояннан тарайтын Әбілқайыр хан әулеті екені ел ағаларының бәріне де айдан анық. Ал жиынды басқарып отырған мына кісілердің сөз ыңғайына қарағанда, бұлардың ойы – Әбілқайыр ханның ата жолынан айныған бүгінгі ұрпақтарын түгелімен биліктен шеттету; мүмкіншілік болса тіпті ел басқару ісіне жолатпау секілді. Сонда хан тағына кімді отырғызбақ?! Билік басына кімді әкелмек?!»
Дәл қазір ел ағаларының бәрінің де көкірегінде сайрап тұрған жалғыз сауал — осы еді! Әрі ойлап, бері ойлағанда, тиянағын таптырмай тұрған да — осы сауал-тұғын. Сондықтан көпшіліктің көкейіндегі сол сауалды сыртқа шығарған Шекті Сегізбай би болды:
– Сырым би! Кешпес, кешірілмес күнә жасаған хан Нұралыны тақтан түсіру жайлы пікірге күллі Кіші Жүздің игі жақсылары түгел үн қосқаны Құдайға аян! Бәріміз де қолдадық оны; қостадық та. Бұған «Хош!» делік. Ал, енді… «елге қиянат жасаған – бір ғана Нұралы ханның өзі емес, бүкіл әулеті! Хан соларға арқа сүйей отырып, азар берді жұртқа… Сондықтан бұл әулет билік басынан түгелімен кетсін!» – десеңіздер, жарайды, тіпті солай-ақ болсын! Мұны да қолдайық, қуаттайық. Бірақ… сонда ел тізгінін кімге сеніп тапсырмақпыз?! Өздерің айтпақшы, елдің елдігін сақтап қалу үшін енді не істеуіміз керек?! Қане, өз ойларыңызды айтып көріңіздерші, бір кезек біз де тыңдалық… – деп, көркем тігілген дөңгелек құндыз бөркін маңдайынан сәл жоғары ысырып қойды.
Тығырыққа тірелгендей болып отырған жұрттың күткені де осындай бір сөз еді. Бәрі дүрр етіп:
– Иә, өз ойларың нешік?! Шынында, әуелі соны айтыңыздаршы… Тыңдап көрелік! – деп, көпшілік те қоштай кетті.
– Ағайын! Сөз түйінінің ақырғы тірелген жері осы болса, жарайды, онда біз өз пікірімізді айтуға көшелік… – деп, екі қасының арасындағы терең қос сызық қайтадан қазыла түсіп, қабағы түйіліп кеткен Сырым би сәл кідіріп, ойын да, бойын да дереу жиып алды.
–Иә, игі жақсылар! — деді сонсоң даусын қатайта түсіп. — «Қасқа жолды» салған Қасым өлгенде де, «Ескі жолды» салған Есім өлгенде де, қылшығы қисая қоймаған дүние, хан Нұралы мен оның әулеті билік басынан қуылады екен деп, сыны бұзылып, сиқы кете қоймас! Ақиқатын айтар болсақ, тіпті осы «хан», «хандық» дегендеріңіз де — ежелдің ең күнінен келе жатқан елдігіміздің бір белгісі болған соң ғана бауыр басып, етіміз әбден үйреніп кеткені болмаса, бұл күнде мәні де кеткен, мағынасы да жоғалған нәрселер! Біз болсақ, емшектегі баладай, әлі күнге соған емексумен келеміз.
Ал, шындығында ше?
Шындығында, хандарымыздың қолынан билік кетіп, хандығымыз сонау Петербордан мына Орынборға шейінгі орыс ұлықтарының иек қағуына қарай қимыл жасайтын болғанына не заман!? Тап соны өз көздеріңізбен күнде көріп отырсаңыздар да, көпшілігіңіздің әліге дейін өз көздеріңе өздерің сенгілерің келмей, қиял жетегінде жүргендеріңізге мен қайран қалам.
Бірақ сіздер өз көздеріңе сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, ақиқат деген — ай мен күндей, өз орнында өзгермей тұра беретін нәрсе, жарандар! Ол сіздердің есекдәме көңіл ауандарыңызға қарамайды. Сондықтан біз тек қана шындықтың бетіне тура қарауға үйренуіміз керек. Ал сөйтер болсақ, өзімізді өзіміз өтірік алдарқатпай, адалын айтайық: осы біздің Алашта баяғы Әз Тәукеден кейін бірегей ұлы хан да, біртұтас ұлы хандық та болды ма?! Кейінгілер «бөлінгенді бөрі жер; жарылғанды жау алар» деместен, «ортақ өгізден – оңаша бұзауың артық» көріп, үш Жүздің әрқайсысының басына жеке-жеке хан болғанына мәз болған жоқ па?! Кейде тіпті бір Жүздің басына екі ханнан отырған кез де болды ғой! Әріге бармай-ақ, қазіргі халімізді тілге тиек етсем, осы біздің көк найзалы Кіші Жүздің бір өзінде, – батыс бетте Нұралы; түстікте Қайып, – екі хан отырған жоқ па?! Мұның ең жаман жері – сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген хандықтарымыздың арасында кейінгі жылдары аралас-құраластық тіпті азайып, қарым-қатынас та мүлде сиреп бара жатқаны болып отыр. Біз бірдеңеден қауіп етер болсақ, алдымен осыдан қорқуымыз керек-ақ еді. Қорықпадық! Ойласуымыз керек-ақ еді. Ойланбадық!
Өз басым: ойым онға, санам санға бөлініп, талай түнді ұйқысыз өткізгенде, екі-ақ түрлі тоқтамға тірелдім, ағайын! «Сонау бір кезде, ел ағаларымен кеңесе отырып, он сегіз жыл ел басқарған Әбілқайыр хан марқұмның мына әке жолынан айныған ұрпақтарын билік басынан түгел кетірсек, күллі Кіші Жүзге бас ие боларлық кім бар?» – дегенде, ең бірінші ойыма келген – Қайып болды!
Өздеріңіз білесіздер, ол – осы күнге дейін бір шығыршығы үзілместен ел ұстап келе жатқан, кіл шынжыр балақ, шұбар төстің тұқымы; қазақтың ежелден бергі төл хандарының тікелей ұрпағы! Міне, ойым: «Сол Қайыпты хандыққа шақырсақ» деген еді. Қайып – хан болса, бұл – қазір екіге жарылып отырған көк найзалы Кіші Жүздің басы қайтадан бірігіп, ұлан-байтақ жерді алып жатқан халқымыздың іргесі беки, қабырғасы тұтаса түскені де болар еді; әрі Орта Жүздегі Жәдік әулетінен шыққан хандармен түпкі туыстығын пайдаланып, Қайып екі елдің арасын бұрынғыдан да гөрі шегендеп, бекіте түсер ме еді! дегенім еді. Бұған қоса, ертеден бері араларында алауыздық бар Нұралы әулетінің наразылығы біліне қалса, оны да басып тастай алатын – тек сол, Қайып болар деген үмітім еді.
Бірақ… «хан», «хандық» дегендеріңіздің бұрынғы мағынасы жоғалғанын өз көзіммен көріп отырған Мен, анау отырықшы сарттың қасында… «Таш хаулі» секілді салқын сабат Сарайда жан бағып жаман үйреніп кеткен Қайыптың сайын сақарадағы біздің ортамызға келіп, алтын діңгегіміздей, яки қаққан қазығымыздай хан боларына үлкен күдігім бар! Дегенмен, менің көңіліме қарамай-ақ қойыңыздар! Егер осы отырған бәрің бұл ұсынысты түгел қолдап, «Хан сайлайтын жорамыздан айрылмайық; шақырайық Қайыпты!» – дер болсаңыздар, ойланыңыздар! Менің де оған қарсылығым жоқ!
Бұл – бір!
Алайда, екінші ойым айтады:
«…Осы қазақ – тұмсығын тесіп тығырық кигізсе болды, жетекке еріп жүре беретін төрелердің түйесі ме?! Әлде, ат төбеліндей аз ғана төрелерден басқа, ел басқаратын ешкімі жоқ па осылардың?! Ендеше, неге: «Текпен озған төреден, мимен озған қара артық! Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық!» – дейді. Бұрын тіпті: «Құл жиылып, бас болмас; құм жиылып тас болмас!» деп кекетіп жатса да үндемей жүре беруші еді жұрт. Қазір: «Құл да жиылып бас болады, құраушысы – Құдай болса; құм да жиылып тас болады, басын қосар ылай болса!» дегенді шығарыпты. Неге? Неге айтылып жүр осы әңгімелер?!
Әрине, тегіннен-тегін емес!
Бұл — қазақтың қалың қара жұртының өз тізгінін өз қолына алуға ұмтылысы; соған әбден пісіп-жетілгенінің белгісі! Көздеріңді ашыңқырап қарасаңыздар, жеке адам – Хан билеген заманның өткені де; хандық дәуреннің осымен біткені де ап-айқын көрініп тұр, жарандар!
Біздің қазақ хандарының ішінде, Жәнібектен кейін, «Әз» деген атаққа ие болған – тек қана Тәуке хан екен. Неге олай болды?! Өйткені Әз Тәуке шынында да данышпан хан еді. Данышпандығы сол — заман өзгерісін тап басып, тани білді ол! Төңірегі қазіргіден де көбірек төрелер бола тұра, ол ел тізгінін туыстарына берген жоқ; билікті әр Жүздің аса ірі де ықпалды билерінің қолына берді. Ұлы Жүздің тізгінін Үйсін Төлеге, Орта Жүзді Қаракесек Қаз дауысты Қазыбекке, Кіші Жүзді Алшын Әйтекеге ұстатты. Қара бұлт үйірілген қазақтың басын қиын кезде солар аршыды тұманнан!
Сол секілді, тар кезеңге тап келген мына біздің тұсымызда да, мен ел тізгінін қара ормандай қалың қазақтың өз ішінен шыққан билерге берсек деп ем. Алты ата Әлім, он екі ата Байұлы, ноқта ағамыз – жеті аталы Жетіру! Әрқайсыңыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан бір-бір кісілеріңізді ертең Ұлы жиында ел иесілігіне өздеріңіз ұсынсаңыздар! Елді солар басқарса! – деп ем.
Біз мойындасақ та, мойындамасақ та, бүгінде көшпендінің ат басы тас қамалға тірелді, ағайын! Әзірге, сол қамалдың үстінен баршамызды қас қақпай бағып тұрған көз бар. Қатал да қатыгез көз! «Сол көздің сұғына қараған ызғарына жалғыз өзі төтеп бере алмай, бүкіл елді бір өзім билеймін деп әспенсіп жүріп, байғұс Нұралы хан байқамай бейшара күйге ұшырап қалған жоқ па екен?!» – деп те ойлаймын мен кейде. Ал енді бүгін… үлкен-үлкен үш ата баласының басында қарағайдай-қарағайдай қадірлі үш кісіміз отырса, олар қандай қатал да қатыгез көздің ызғарынан қаймықпай, тиісті сөздерін айта алатынына мен имандай сенем!
Міне, ағайын, ел тізгінін енді кімге сеніп тапсырмақпыз дегендеріңе айтпағым – осы еді…
Атамыз қазақ: «Кеңесіп пішкен тон – келте болмайды!» – дейді. Ендеше, ертеңге дейін кеңесіңіздер! Келісіңіздер!.. Қайып хан болуға көнген күннің өзінде, үш атадан сайланған үш би бәрібір санатқа кіреді. Хан болуға Қайып көнбесе де, ендігі жерде «Халық кеңесінің» шешімдері сол үш бидің тікелей қатысуымен, ауызбіршілігімен мақұлданады. Сондықтан бұл іске тек аса үлкен жауапкершілікпен қарауларыңызды ғана өтінем, ағайын!
Іске сәт!
Бүгінше, әңгімемізді осымен доғара тұралық — деп, екі беті алаулай қызарып кеткен Сырым би көпшілікке тоқтау айтқандай болып еді.
– Иә, ойланайық! Ойланбасқа болмайтын шаруа екен бұл.. — деп, ел ағалары да мұны мақұлдай кетті.
Сонымен…
Жан-жаққа тараған жұрт, әрқайсысы өзіне тәбия қауымдарына барған соң, қайтадан бір үлкенінің шаңырағында бас құрап; қадірлі қариясы бастаған сөздің отын оған тетелес билер мен батырлар қопара көсеп; жастары дуылдатып тамызық тастап; елге өкімі жүріп қалған белгілі-белгілі ақсақал-қарасақалдар әңгіме ауанына жөн сілтеп; ақырында, бәрі жабыла талқылап-талдай келе, ертеңгі ұлы жиында үш ата баласынан ел тізгінін ұстар үш биді анықтауға арналған бас қосу – бұл күні үш жерде де өтіп еді; үшеуі де тым ұзаққа созылған.
Әр рудың сөзін ұстаған шешен билер кешке дейін айтысты, тартысты. Келісе алмаған кездерінде сыртқа шығып кетіп, өз өрен-жарандарымен ақылдасып алып, талқыға қайта келіп отырғандар да болмай қалған жоқ. Әйтеуір, түбі қайыр… Ұзаққа созылған айтыс-тартыстан кейін, ортақ бір шешімге келген ел ағалары, ертеңгі өткелі отырған ұлы жиын — Халық кеңесіне үш атадан өздері ұсынатын үш адамды да, ақыры, сақадай сайлап қойған…
Осы кезде, жиын басшысы Байбақты Сырым бидің өз үйінде де бір оңаша әңгіме жүріп жатты. Бұрын бір рет келіп кеткен Мұхаметжан хазіреттің өтінішімен, осы жиынды өткізуге бас болып жүрген бірқатар кісілер: Ысық Қаратау би, Кете Көккөз би, Беріш Қара батыр мен Алдар би, Есентемір Сасықбай батыр, Таз Құлжабай би, Табын Тіленші би мен Барақ батыр, Таманың ағайынды Қадыр, Садыр батырлары, Адай Атағозы батыр, Шекті Құдаш би мен Сегізбай би, Төртқара Қаракөбек би мен Өтебас би, Шеркеш Тұрманбет би, Масқар Дөнен батыр, Алаша Өтеулі би, Қызылқұрт Жанбай батыр, Кердері Қоныс билер Сырым үйінде қалдырылған болатын.
Абыр-сабыр басылып, жұрт аяғы саябырсыды-ау дегендей бір сәтте:
– Құрметті Сырым батыр! Қадірлі ел ағалары! Бүгінгі бас қосуларыңыздан кейін, осы жиынды өткізуге мұрындық болып жүрген мына өздеріңізбен әуелі оңаша отырып ақылдасатын бір жайттар туындап отыр… — деп, кешеден бері бір тіл қатпастан тымсырайып жүрген қонақтардың басшысы Меңдияр мырза бүгін мысықтабандап, ақырын ғана әлдебір әңгіменің шетін шығарды.
«Естек деген өзіміз секілді аңқылдаған, ағеден жұрт қой» деп, қазақтар бұрын арқаны кеңге салып қойып, әрлі-берлі сөйлей беруші еді. Мына башқұрт қанын ішіне тартып алған, сұп-сұр неме екен! Ділі тым қатты кісі көрінді. Сондықтан жұрт бөстекі әңгімені доғарып, тек қана соның аузын баққан…
–…Енді ашық айта беруіме әбден болады, – деді, сөзін қайта сабақтаған Меңдияр Бекчурин. – Шындығына келгенде, генерал-губернатор Игельстром мырза бізге: – «Мүмкіндігі болса, елді ханмен татуластырудың жолын ақырына дейін қарастырыңыздар!» – деп қатты тапсырып еді. Бірақ… бүгінгі бас қосудан аңғарғанымыз: ел мен ханның басы бірігуден біржола кеткен секілді. Сондықтан қазір біз буынсыз жерге енді пышақ ұрғымыз келмей отыр!
Дегенмен, ханның орнынан алыну-алынбау мәселесі, әлі де болса, жоғары жақтағылардың құзырында екенін естеріңізден шығармаңыздар. Ол – генерал-губернатордың да қолындағы нәрсе емес; билігі — әріректегі, жоғарырақтағы нәрсе! Алайда халық түу төменгі Жайық шебіне қуып тастаған хан Нұралы қайтып оралады деп мен әсте ойламаймын. Ал түстіктегі Қайыпты Ұлы мәртебелі патшайым анамыз хан етіп бекіте ме, жоқ па?! Ол да күмәнді нәрсе! Сондықтан уақытша болса да, қырғыз-қайсақтың Кіші Ордасындағы үш ата баласынан үш би сайлап, елді соларға басқартамыз дегендеріңіз – ең ұтымды ұсыныс секілді көрінеді бізге.
Жарайды, бұл – өздеріңіздің ішкі істеріңіз делік.
Ал, енді… көршілес елдермен: өздеріңіз айтып отырғандай, «қысқа күнде қырық рет атысып-шабысып отырған» мына казак-орыстармен және біздің башқұрттармен ара қатынастарыңды қайтіп реттейсіздер?! Сіздер өз уәждеріңізді; казак-орыстар мен башқұрттар өз уәждерін айтып, талас-тартыспен күн кеше бересіздер ме, жоқ әлде, мұның бір ақырғы шешімін табасыздар ма?!
Меніңше, сіздер біздің башқұртпен тіл табыса аларсыздар; бірақ діні ғана емес, ділі де бөлек, заң-зәкүні, салт-дәстүрі, ұғым-түсінігі мүлде өзгеше орыспен тіл табыса қоюларыңыз екіталай, мырзалар! Күні кешеге шейін, біздің башқұрт та құлағына қол апартпайтын асау ел еді. Біздің де салт-дәстүріміз, жол-жоралғымыз – өздеріңдікі секілді, орыс заңымен мүлде қабыспайтын. Әйтсе де, Ұлы мәртебелі падишамыз Екінші Екатеринаның осыдан он жыл бұрын шыққан «Губернияларды басқару жөніндегі Ереже» дейтін тәртібі, қазір күллі Русиядағы сияқты бізге де орнықты.
Мен – заң адамымын! Өздеріңнің бауырластарың – башқұрттың баласымын. Бұған қоса, күнбе-күн сол Заңмен жұмыс істеп отырған – Уфадағы екінші төменгі расправаның судьясымын, яғни Сотпын!
Сондықтан күнбе-күн заңмен жұмыс істеп отырған адам ретінде, мені жоғары мәртебелі генерал-губернатор Осип Андреевич Игельстром мырза «осыны түсіндірсін» деп, сіздерге арнайы жіберіп отыр. Ол кісі: «Қырғыз-қайсақтармен арадағы жай-жағдайды реттеу үшін, Орынбордан, екі жаққа да ортақ, Шекаралық сот орнын ашайық!» – дейді.
Сіздер бұған қалай қарайсыздар!?
Өз тарапымнан, мен мәселенің басын бірден ашып айтайын: Сіздер бұл ұсыныстан шошымай тұра тұрыңыздар. Неге? – Өйткені, біріншіден, ортақ сот орнын ашайық дегенде тұрған пәлендей шошынарлық ештеңе де жоқ! Рас, мұндай мәртебелі орынның басшысы – лауазымы өте жоғары кісілердің бірі болуға тиіс. Мәселен, Шекаралық Соттың төрағасы – Шекара істері жөніндегі экспедицияның бастығы, һәм Орынбордың обер-коменданты генерал-майор Яков Михайлович Зенбулатов болуы мүмкін.
Алайда, екінші жағынан, барон Игельстромның әзіргі жобасы бойынша, Сот құрамы он екі адамнан тұратын болса, соның тең жартысы – тек қазақтар болуы керек! Мәселен, сот құрамында екі орыс; Сейіт посадынан – екі татар; башқұрттан – бір адам; мешерлерден де – бір адам болса, сіздерден – алты адам! Қазақ мүддесін сол алты адам қорғайды!
Қалай да біршама әділеттілік бар ма, мұнда?! Меніңше, сөзсіз… әділеттілік бар! Жоғары мәртебелі генерал-губернатордың мұндай ұсынысы – тек қана құлақ қоярлық нәрсе! деп білем. Сондықтан мына бас қосуларыңызда осыған бір нақты жауаптарыңызды берсеңіздер, өте орынды болар еді, жарандар! – деп, жағалай отырған жұрттың жүзін жедел бір сүзіп өтті.
– Құрметті Меңдияр мырза! Қадірлі меймандар! Мен бағана, жиын басталарда-ақ, әңгіменің басын бірден ашып айтқан жоқпын ба… — деп, Сырым би қонақтарға қоса, төңірегіндегілерді де түгел шолып өтті. — Тағы да қайталайын… – деді сонсоң нықтай түсіп. — Біздің халықтан жасыратын да, құпия қылатын да ештеңеміз жоқ! Қайта, елдің еркіне жығылу — осы отырған ел ағаларының қай-қайсысының да ең басты парызы деп есептейміз біз! Сондықтан, бұл мәселені де ертең елдің келесіне салып көрейік! Жұрт не дейді; әрине, тек сол болады ғой… — дей беріп еді…
– Сырым би! Қадірлі ел ағалары!.. — деп, Меңдияр мырзаның әлденеге қипақтап қалғанын жұрт бірден байқады. Үні де әлгіндегідей емес, біртүрлі тайғанақтау шықты. — Игі жақсылар! — деді сонсоң тағы да, – бұл мәселенің шешімін жалпы халықтың талқысына салмай-ақ, осы отырған өздеріңіз «билер кеңесінің шешімі еді» деп шығара салсаңыздар нетеді?! Көпшіліктің аты — көпшілік; қара халық ұқпай қалса, әңгіме аяғы қиындап кетеді ғой!
— Біз сол қиындықты көппен бірге көтереміз деп, тек көпке ғана арқа сүйеп келіп отырған адамдармыз, Меңдияр мырза! Сондықтан бұл мәселені де көпшілік — тек «Халық кеңесі» шешеді! – деп, әлгіндей жұмсақ үнмен емес, бұ жолы Сырым би кесіп тастады.
Дүниеде жек көретіні — осындай бір күбір-күбір, жыбыр-жыбыр; әлдекімдердің жанындағы жұрттан жасырып, оңаша бұғып отырып істейтін істері еді. Сол сүйкімсіз іс енді өз алдына көлденең тартылғанда, ертеңгі күні: «Байбақты Сырым да бір кезде сөйтіпті ғой!» делінер сөзден екі беті ду ете қалған би, ұят пен ызадан өртеніп кете жаздап, әрең сабыр сақтады.




