МерекеҚұқық

Қылмыскер мені танитын болғасын шүріппені баспаған…

23 маусым —  Қазақстан Полициясы күні қарсаңында Ақтөбе қаласының ІІБ Патрульдік полиция қызметкері полиция капитаны Оразалы Жылқаманов ІІД бастығы полиция полковнигі Мұхаран Әміровтің қолынан Құрмет грамотасын алды. Ішкі істер органында 20 жылға жуық жұмыс жасаған, қазір  взвод командирі лауазымын атқарып жүрген Оразалы Жалғасұлы жұмысқа жаңадан қабылданған талай жас полицейлерге тәлімгер атанып жүр. 

— Әдеттегідей түнгі кезекшілікте жүргенбіз. Рация арқылы жарты сағат ішінде екі әйелді тонап кеткендігі туралы шұғыл хабарлама түсті. Қызметтік автокөлікпен Абай даңғылының бойында келе жатқанда бір жігітті көзім шалды. Жүрісі суыт көрінген соң соңына түстім. Көп қабатты үйдің ауласында аталған жігітті тоқтатып, мән-жайды білмек болғанымызда қарсыласып бақты. Қылмыскерді кісендейтін күш демекші, самбо күресінің тәсілімен қолын қапсыра құшақтап, ауырту әдісіне салғанда қойнынан бір бума зат түсті. Сөмкенің ішінен ұрланған ұялы телефон мен бірнеше мың теңге ақша табылды, — дейді Оразалы Жылқаманов.

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген О.Жалғасұлы 1991 жылы Германияда әскери борышын өтеп, органға жұмысқа орналасады. Қызметін қарапайым полицейден бастаған Оразалы взвод командиріне дейін көтеріліп, капитан шенін алды. Қазір О.Жылқаманов Ақтөбе облысының ІІД Патрульдік полиция қызметінде ең тәжірибелі кәсіби маманның бірегейі.

Талай мәрте қандықол қылмыс жасаған күдіктілерді қолға түсіру сәтінде денсаулығына зақым келген уақыттар да болғанын жасырмайды Оразалы. Бірде топ болып төбелесіп жатқан жігіттердің үстінен түсіп, тәртіпсіздікті тоқтатуларын талап еткенінде Оразалының көзіне бөтелкенің шынысын сұғып алған оқиға да болыпты. Тіпті, қарулы қылмыскерлерді Оразалының жалғыз өзі қолға түсірген кездері болған. Күдікті екі жігіттің сөмкесінен бетперде мен ұңғысы кесілген шолақ мылтықты тәркілеп, заң бұзған сезіктілерді полиция бөліміне жаяу жеткізген.

— 2008 жылы Ақтөбе қаласындағы Алтынсарин және Байғанын көшелерінің қиылысында такси жүргізушісін кепілдікке алған қылмыскер жөнінде жедел хабарламаны ести сала оқиға орнына жеттік. Көлік ішіндегі қылмыскердің қолында мылтық бар екенін білгендіктен, басында ол азаматпен тілдесуге жүрексіндік. Шолақ мылтықты кезеніп отырған күдікті мен автокөлікке жақындағанымда атам деп ескерту жасады. Бірақ  машина ішінде отырған азамат мені сыртымнан танитын болып шығыпты. Мен де бір-екі рет қоғамдық орында кездейсоқ кездесіп қалыппыз. Кейін қылмыскерді сөзге тартып, қолындағы мылтықты алдым, — дейді Оразалы Жылқаманов.

Отағасы Оразалының айтуынша, үйдегі үш баласының үлкені Арслан болашақта әке жолын қууға ниетті көрінеді. Ол жиырма жылдан астам уақыт органда жұмыс жасап, ҚР ІІМ үздік қызметкері, «Құқық тәртібін үздік қамтамасыз еткені үшін» және «ҚР 10 жылдығы» медалдарымен марапатталған. Ораздың өзі «осындай абырой мен айбынға ие болуыма жұбайым Күнсұлудың көмегі ұшан-теңіз» дейді…

 

Алмагүл БЕКТЕМІРҚЫЗЫ.

 

Мерей

 

ЫРҒЫЗДЫҢ ЫРҒЫЗБАЙЫ

 

Бұл жай айтыла салған сөз емес. Расында да, бұл азаматты тек есімі емес, осы бір қадірлі өлкемен байланыстырып тұрған тіндер өте көп. Кіндік қаны тамып, балалық бал дәурені өткені өз алдына, еңбек жолы да осы жерде басталды.

Ырғызбай Кенжеханов  әскер қатарында борышын өтеген соң,  Алматыдағы арнайы милиция мектебінде оқып, бітіріп 1974 жылы туған ауданына оралады. Содан табан аудармай жиырма бір жыл бойы Ырғыз аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарады. Аталған мекеменің біраз сатысынан өтті. Алатаяқ ұстап МАИ-да жол бақылау инспекторы болды. Қоғам мүлкін талан-таражға салатындармен күрес бөлімінің учаскелік инспекторы қызметін атқарды. Ырғыз аудандық ішкі істер бөлімінің жедел қызмет бойынша бастығының орынбасары, бастығы болып ел-халық алдында үлкен жауапкершілік жүгін арқалады. 1989 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды қаласындағы жоғарғы мектебін аяқтады. Бір сөзбен айтқанда, құқық қоғау органының білімді де, білікті, тәжірибелі басшысы ретінде қалыптасты.

Бұл кезде еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты ішкі істер органдары жаңа сипатқа ие болып, міндет-талабының ауырлағаны да белгілі. Әрине, қай кезде де халықтың тыныштығын күзету басты міндеті болып қала бермек. Сонымен бірге тәуелсіздігімізді, қоғамның тұрақтылығын  көздің қарашығындай сақтау — абыройлы міндеті.

Осы биіктен көріну үшін ішкі істер органдарын ұдайы нығайтып отырудың қажеттілігін  біздің мемлекетіміз жақсы түсінді. Сол себептен де, егеменді Қазақстанның ішкі істер органдары құрылған алғашқы күндерден бастап құқықтық тәртіптің, құқықтық базаның қалыптастырылуы басты назарда болды. Соның бір көрінісі — құқық қорғау органдарында жұмыс жасайтын болашақ кадрларды дайындайтын оқу орындары да көптеп ашыла бастауы. Осындай оқу орындарының бірі біздің облыста да ашылды. Ол Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе қаласында құрылған училищесі еді. Ырғызбай Смағұлұлы осы жаңа мекемеге жақсы басшы ретінде таңдалды.

Бұл кезде Ырғызбай 1995 жылы облыс орталығына көшіп келіп, Күзет басқармасы бастығының орынбасары, БКІІБ криминалдық полициясында қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарып үлгерген болатын.

Жергілікті жерде құрылған училищенің алғашқы басшыларының бірі болу жеңіл емес еді. Бәрін тыңнан жасауға тура келді. Оқу орынының базасын нығайту керек болды. Осы саланы жақсы білетін басшы командалық-оқытушылар құрамын талапқа сай ірктеді. Болашақ қызыметке үміткерлерді тек қана негізгі талаптар бойынша емес, ішкі істер органдары қызметіндегі жұмыстың барысына қарап қабылдады. Олардың алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді тереңірек ұғынуға бағытталған жұмыстар жүргізді. Болашақ қызметкерлерді қызметтік тәртіпті қатаң сақтауға, басшылық пен командирлердің талаптарын бұлжытпай орындауға, ішкі істер сарбазының антына адал болуға тәрбиеледі. Жаңа отау тігіп жатқан оқу орынының Ақтөбенің байырғы оқу орындарына теңелуіне бар күшін салды. Қыруар жұмыс тындырып, 2005 жылы осы оқу орынында басшы болып жүріп зейнеткерлік демалысқа шықты.

Ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, 1980 жылы «Кеңес милициясының үздігі» атанды. 1989 жылы «Кеңес милициясының үздік қызметкері» белгісімен марапатталды. Сонымен бірге Ырғызбай «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің үш бірдей дәрежесінің, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасының, Ішкі істер министрлігінің мақтау қағаздарының иегері.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесін» дейді халқымыз. Ырғызбай да әке үлгісімен тәрбиеленді. Әкесі Сұмағұл Кенжеханов Отан қорғауға қатысқан. Украина майданында гвардия сержанты, взвод командирі дәрежесінде шешуші ұрыстарға қатысқан. Майданнан «Қызыл жұлдыз»,  «Даңқ» ордендерімен бірге,  омырауына 8 әскери медал тағып қайтқан. Көп балалы отбасынан шыққан Ырғызбайдың полиция сардары жолын таңдауының осындай реті бар. Інісі Ерболат Кенжеханов та аға жолын қалап, ішкі қызмет сержанты болып отыр.

Әрине, зейнеткерлік демалысқа шықтым екен деп, Ырғызбай қарап отырған жоқ. Құрылыс жұмысымен айналысатын «Ақтөбе құрылыс монтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары. Бақытты отбасының басшысы. Өмірлік қосағы Жұмагүл апа екеуі екі бала тәрбиелеп өсіріп отыр. « Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деп, балалары да өзінің жолын қуды. Ұлы Нұрабек –полиция майоры, қызы Айнұр — Мұғалжар аудандық прокурорының көмекшісі. Екінші дәрежелі заңгер. Ата мен әже немерелерінің қылықтарын қызықтап, лайықты ғұмыр кешуде.

Әркімге де бұрынғы жұмыс орны, бірге істеген ұжымы—ыстық. Қолы бос уақытта Ырғызбай Сұмағұлұлы да бұрын қызмет атқарған ұжымына соғып тұрады. Жастарға ақыл-кеңесін айтады. Алғашқы дайындық курсы тыңдаушыларының бітіру емтихандарына, «Ашық есік» күндеріне, басқа да шараларға ұдайы қатысады.Бұл азаматтың, әсіресе, жастарға берері мол. Жастардың көрген жерде ағаны төңіректейтіні де содан. Тәжірибелі азаматтан көп нәрсені үйренгісі, білгісі келеді.

Биыл ішкі істер органдарының құрылғанына 20 жыл толу мерекесі қарсаңында тұрмыз. Ал Ырғызбай осы салаға саналы ғұмырын арнаған азамат.  Соны білетіндіктен де біз құрмет тұтып, ардагер ағаға бақытты ғұмыр, зор денсаулық тілейміз.

 

Роза ҚҰРМАНОВА,

Ақтөбе қаласы.

 

Заң тармақтары

 

Сіздің аты-жөніңіз…

 

Ақтөбе қаласында туу саны жылдан жылға өсіп келеді. Өткен жылы дүниеге 9649 нәресте келсе, биыл қазіргі күнге дейін 3680 сәби өмірге келді.

Былтыр 26 желтоқсанда жарық көрген, биыл 18 қаңтарда заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 63-бабы 1-тармағына сәйкес, баланың белгілі бір есімге ие болуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы бар. Әрбір ата-ана сәбиінің аты әдемі, мәнді, басқалардан ерекше болғанын қалайды. Қазіргі таңда халық арасында көп кездесетін есімдер: Санжар, Әмір, Али, Алишер, Аңсар, Мансур, Ару, Іңкәр, Кәусар, Інжу. Мынадай ерекше есімдер де кездеседі: Шейбани, Феррайя, Хабиб, Умайр, Әпмедин, Бегімсұлу, Фариза, Арианна, Шахислам, Шахриар, т.б. Сондай-ақ, баланың тегі мен атын қосқанда ерекше естілетін жағдайлар да кездеседі. Мысалы: Бибігүл Төлегенова, Жақсылық Досқалиев, Жәнібек Керей, Исатай Махамбет, Сұлтан Бейбарыс, Қайрат Нұртас, Сәбит Мұқанов.т.б.

Кодекстің 63-бабы 2-тармағына сәйкес, балаға есімді өзара келісім бойынша ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері береді. Әкесінің аты ата-аналарының немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің тілегі бойынша оның әкесі болып көрсетілген адамның аты бойынша беріледі. Бөлек жазылған жағдайда қосарланған ат беруге рұқсат етіледі, бірақ ол екі аттан аспауға тиіс. Мысалы, Баян Сұлу, Ғалия Бану. Алайда, қосарланған ат берген кезде, екі аттың да мәні болуы қажет, кейбір ата-аналар дұрыс түсінбей баласына Ай Ару, Би Фатима деген есімдерді қойып жатады. Әкесінде қосарланған ат болған жағдайда балаға әкесінің аты ретінде олардың біреуі не әкесінің екі аты бірге жазылып беріледі. Әкесі атын өзгерткен кезде — оның кәмелетке толмаған баласының, ал кәмелетке толған бала бұл туралы өтініш берген кезде оның әкесінің аты өзгереді.

Кодекстің 63-бабы 3-тармағына сәйкес, олардың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде ата-аналарының келісімі бойынша балаға әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Тәжірибеде көбіне әкесінің тегі жазылады, алайда кейбір жағдайларда әкесінің тегі жағымсыз естілетін болса, әкесінің келісімі бойынша анасының тегі берілген жағдайлар да бар. Мысалы, әкесінің тегі Пастух, Шмаров болған. Ата-аналарының қалауы бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, әкесі сияқты анасы тарапынан да әкесінің немесе атасының аты берілуі мүмкін.

Кодекстің 63-бабы 4-тармағына сәйкес, ата-аналар арасында баланың атына және немесе тегіне қатысты туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі. Алайда, ерлі-зайыптылар арасында мұндай жағдай болмағаны қуантарлық жайт.

Кодекстің 63-бабы 5-тармағына сәйкес, егер әкесі анықталмаса, баланың аты анасының көрсетуі бойынша беріледі, әкесінің аты баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша, тегі — анасының тегі бойынша немесе ұлттық дәстүрлер ескеріліп, баланың атасының аты бойынша беріледі.

Кодекстің 63-бабы 6-тармағына сәйкес, егер баланың ата-аналарының екеуі де белгісіз болса, баланың тегін, атын, әкесінің атын қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, медициналық немесе баланың тұрған жері бойынша оның құқығын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын басқа да ұйымдар береді. Тастанды балалардың аты-жөні, мысалы, Степан Найденов, Үміт Табылғанова деп қойылған.

Кодекстің 194-бабы 2-тармағына сәйкес, азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: -ұлы, -қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады. Жеке адамның тегіне «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» деген және де басқа сөздерді қосып жазуға жол берілмейді. Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты-тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты жазылмайды. Басқа ұлт адамдарының тілегі бойынша олардың тегін, атын және әкесінің атын жазу олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі мүмкін. Осы жылдың бірінші тоқсанында 1700 баланың тегі ұлттық дәстүрге сәйкес берілді.

Кодекстің 188-бабы 1-тармағына сәйкес, баланың тууын мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар баланың туған жері бойынша немесе ата-анасының не олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша жүргізеді.

Аталған Кодексте баланың туған жерін көрсету тәртібі өзгерген 188-баптың 3-тармағына сәйкес, туу туралы актінің жазбасында баланың туған жері болып, тууды мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің атауына сәйкес, баланың нақты туған жерінің атауы көрсетіледі. Мысалы, сәби Атырау қаласында дүниеге келсе, алайда анасының тұрғылықты жері Ақтөбе қаласы болса, туу туралы акт жазба Ақтөбеде тіркелген жағдайда, бұрынғы Заң бойынша баланың туған жері Ақтөбе деп көрсетілетін еді, ал Кодекске сәйкес қазір Атырау қаласы деп көрсетіледі.

Мәлімет үшін, оқырманға хабарлайтынымыз, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 189-бабына сәйкес, баланың тууы туралы өтінішті оның ата-анасы, не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.

 

Маржан ДІНҒАЛИЕВА,

Ақтөбе қалалық әділет басқармасы азаматтық хал актілерін

тіркеу бөлімінің жетекші маманы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button