Мәдениет

Қобыз: өкініш пен арман

Қобыз туралы әңгіме қозғау қиын. Өте қиын. Біріншіден, ол – жай музыкалық аспап емес, ежелгі ата-бабаларымыздың кие тұтқан бір тотемі. Түркі әлемі қобызды Тәңірімен байланыстырған. Расында да, қобыздың табиғаттың біз сезбейтін қандай да бір құпия, тылсым күштерін қозғайтын қасиеті барына дау айту қиын.

Ал тәңірілік сенім, көптеген зерттеушілердің пікірінше, табиғат туралы күрделі ілімдер жиынтығы…

Екіншіден, Қазан төңкерісінен кейінгі сұрапыл жылдарда ескілікке, дінге қатыстының бәрі қудалауға ұшырағаны белгілі. Ел шолақ белсенділерден Құранды қалай жасырса, қобызды да солай жасырды. Жыршылардың, бақсылардың қолынан түркі жұрты мыңдаған жылдар бойы серік еткен киелі аспап күшпен тартып алынды. Нәтижесінде бүгінгі бізге қобыз бұрынғы қобыз емес, соның жұрнағы ғана болып жетті.

Дегенмен біз бүгін қобыз туралы әңгімені жөн көріп отырмыз: сұхбаттасымызға сендік. Ол – қобызшы, жыршы Жетес ЖӘМЕКОВ. Ел аузындағы аты – Жәкім сал.

– Музыкалық біліміңіз болмаса да, қолыңыздан қобыңызды тастамай, сол киелі аспаптың үнімен талайды толғандырып, тебірентіп жүрсіз. Қобызды алғаш қалай қолға алдыңыз? Кімнен үйрендіңіз?

– Иә, музыкалық білім менде жоқ. Бұдан отыз жылдан астам уақыт бұрын, біз мектеп бітірген кезде, жоғары оқу орнына түсу қазіргідей оңай шаруа емес-тін. Алдымен қара жұмыс істеп жүріп, кейін Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын бітірдім. Бірақ мен бала күнімнен музыкаға жақын өскен едім. Ауылда үлкендер күйлердің тарихы, бұрынғы өткен әнші-күйшілер, қобыздың құдіреті, Қорқыт ата туралы әңгіме қозғаса, мен бір сөзді жібермеуге тырысып тыңдайтынмын. Радиодан ба, клубтан ба – қай тұстан ән мен күй естілсе, сонда жүгіретінмін. Өзім де домбырамен «әу демесем» тұра алмаймын. Ал студент шағымда қайда жақсы әнші, жақсы термеші әйтпесе көне күйлердің тарихы, атақты жыршы-күйшілер туралы қызықты деректер айтатын адам бар дегенді естісем, сол кісіні іздеп тауып аламын. Олар да мені іздейтін еді. Сөйтіп, бір-бірімізді іздеп жүріп танысқан жандардың бірі – Бекболат Тілеуханов. Екеуміз білгенімізді бір-бірімізбен бөлісіп, аз-кем уақыт бірге жүрдік. 1990 жылдардың басында Алматыға барған бір сапарымда Бекболат маған: «Қазір қобызбен ән айтуды ойлап жүрмін», – деп, өзінің үйренген дүниелерін орындап берді. Содан қобызға көңілім құлағаны…

– Қобызға көңіліңіз құлады да, Бекболаттың қасында қалдыңыз?..

– Қайдан?! Елге қайттым. Елге келіп, жатсам-тұрсам, қобыз үні құлағымнан кетпей, іштей мүжіліп біраз жүрдім. Ол кезде Кішіқұмнан Қандыағашқа көшіп келген едік. Көшкенде қара шаңырақтан ала шыққан бір ағашым бар болатын. Ақыры, сол ағаштан қобыз жасап тындым. Қобыз жасалғаннан кейін, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, үш тәулік бойы Қорқыт күйлерін тыңдап жаттым. Өзімде күйтабағы бар еді. Сосын теледидардан, радиодан қобызбен орындалатын дүниелерді тыңдап алып қайталап, бітпейтін әуреге түстім. Қобызбен сөйтіп ешкімнің үйретуінсіз, ешкімнің жетелеуінсіз тіл табысқан жайым бар. Айта кетейін, Қытайдан келген қобызшы Сматай Үмбетбаев та қобызды ешкімнің үйретуінсіз, өзі жасап алып, тартып кеткен екен. Ал Бекболаттың ұстап жүрген қобызы да Сматай жасаған дүние.

– Қазақтың бүкіл тарихы, дүниетанымы, философиясы – күйде. Қазір күй десе, құлағымызға алдымен домбыра үні келеді. Ал кезінде Күй аруағы қобызда болған деседі. Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романында қобызшы Кербала мен домбырашы Байжігіт арасындағы тартыс суреттелетін тұс бар. Жас Байжігіт қарт Кербаланың «Қобызыма ие бол» деген тілегін қабылдамайды. Міне, «Сол сәттен бастап қобыздың бағы қайтады. Күй аруағы домбыраға көшеді», – дейді жазушы. Жазушының осы сөзінде бір үлкен сыр жасырулы жатқандай емес пе?

– Мүмкін, әрине. Өз ойымша, қазақ үшін домбыра мен қобыздың жақындығы, құндылығы бірдей болса керек. Бүгінге жеткен қобыз күйлері – үлкен қобыз дәстүрінің теңіздің тамшысы дейтіндей, азғантай ғана бір бөлшегі екені анық. Мысалы, 1970 жылдардың ортасында Әлкей Марғұланның айтуымен өнертанушылар қызылордалық Нышан бақсыны іздеп тауып, Қорқыттың тоғыз күйін жаздырып алған. Соған дейін зерттеушілер Қорқыттың жалғыз-ақ күйін місе тұтып келіпті. Ал Нышан бақсы атанған Смайыл Шәменұлы Қорқыт күйлерінің тек берідегі, соңғы буын орындаушыларының бірі ғой. Және ол кісінің қолындағы қобызын 1950 жылдары ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тартып әкеткен де, содан кейін ол жиырма бес жыл бойы  қолына қобыз ұстамапты. Қаншама қазынадан айырылғанымызды осыдан пайымдай беріңіз.

– Кейінгі жылдарда қобызбен қайта табыстық дейтін қуанышты үндер жиі естіледі…

– Бүгінде сақталып қалған қобыз күйлерін тыңдарманға жеткізушілер бар. Бірақ қобызбен ән айтып, жыр жырлайтындар өте сирек. Сондықтан көпшілік қобызды күйшілер мен бақсылардың ғана аспабы санайды. Ал кезінде қазақтың жыршы-ақындары мен әншілері де өз өнерлерін ел ішіне осы қобыз арқылы таратты емес пе? Айталық, Жанақ ақын, Базар жырау. Кезінде «Жанақ қобыздың көрікті үніне қосып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын күңіренте жырлап бергенде, Құнанбай оған үлкен сый тартқан» деген бір ауыз деректі Әлкей Марғұланның мақаласынан көргенім бар. Біз сол дәстүрді жоғалтып алып отырмыз. Неге қайта жандандырмасқа? Оқу орындарындағы қобыз кластарының оқытушылары тек бір жақты – күйшілік дәстүрді ғана емес, осы жағын да ескергендері жөн-ау?

– Қобыз десе, күй мен жыр ғана емес, көп нәрсе еске түседі: мысалы, бақсылар туралы аңыздар, Мағжан жырлаған «Қойлыбайдың қобызы»…

– Біз үшін адам сенгісіз оқиғалар секілді көрінгеніменен, сол аңыздардың ақиқат тұсы бар екеніне мен шүбәланбаймын. Қобыз сарыны неге адам емдемесін? Жалпы, бүгінде музыкотерапияны ғылым мойындап, соған ден қойып отыр. Музыканың адам санасына, жүйкесіне әсері орасан екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Музыка адамды емдеп-айықтыра да, керісінше, жүнжітіп, ауруға ұшыратып, тіпті, жынды етіп те жібере алады. Даңғырлақ музыкаға әуес елдерде психикалық дертке шалдыққан, өзіне-өзі қол жұмсайтын адамдар көп екенін статистикалық мәліметтер де дәлелдейді. Ата-бабаларымыз музыканың құдіретті күшін ежелден сезген, оны жақсы жағына пайдалана білген. Әсіресе, қобыздың қасиеті ерекше – оның үні адамның ішкі әлеміне, туабітті дыбысына өте жақын. Қобыз үні адамның қанын тазартады, адам бойындағы өмірге деген құштарлықты оятады. Ата-бабаларымыз осыны жақсы түсінген. Бірақ беріде бақсыларды жексұрын, құбыжық етіп көрсетуге тырысқан саясат қобызды бізден барынша алыстатып, оның құдіретті күшін тек аңыз, ертегі ретінде қабылдайтын болдық.

Ата-бабаларымыз ауру-сырқаулардан сақтану үшін ғана емес, ел қорғау мақсатында да осы қобыздың көмегіне сүйенген. Хан жанында үнемі қобыз ұстаған жыраулар жүрген, олар ханға әскери, саяси кеңесші болған. Бұрынғы өткен батыр бабалардың ерлігін асқақтата мақтап, ел рухын көтерген. Ұрыс кезінде қобызын сарнатып, аруақтарын шақырып, ұрпақтарын желеп-жебеуді сұраған, елді жеңіске бастаған.

Ал қобызын бәйгеге қосқан Қойлыбай бақсының кереметі туралы тек Мағжан жырынан ғана емес, халық ауыз әдебиеті үлгілерінен де, Шоқан Уәлихановтың «Тәңірі» атты мақаласынан да білеміз.

Ел аузынан жазып алынған «Бақсы» жырында:

«Аттардан озды қобыз бір-бір басып,

Адамдар бәйге жақтан қалды сасып.

Бұл қобыз кейде шауып, кейде желіп,

Қалады әрбір жерде ұма басып.

Бір-бірлеп қалды кейін одан аттар,

Не тұлпар, өзі жүйрік қазанаттар.

Бір қобыз бір ағашты сүйреп үзіп,

Не үшін қалды кейін шәріп заттар?» – делінсе,

Мағжан былай жырламай ма:

«…Сол кезде ат келетін құба жонды,

Түтіндей будақ-будақ бір шаң жапты.

Сол шаңның ортасында бір сексеуіл

Ербеңдеп, ойнақ салып келе жатты.

Екі басы жерді ұрып, кезек-кезек,

Сабалап, қырды жол ғып жаралапты.

Байланған сексеуілге қобыз берік,

Көз ашқанша жиынға келіп қапты».

Әнекей! Мен өз басым қобыздың құдіретіне сенемін. Қобызымды алып жиын-тойларға, кездесулерге, мәдени шараларға қатысып тұрамын. Сондайда түрлі оқиғаларға өзім де куә болып жүрмін.

– Нендей оқиғалар – біз де білсек?

– Қобызды ешкімнен сабақ алмай-ақ, өз бетіммен үйренгенімді жоғарыда айттым ғой. Ұстазың болмағанның бір қиыны – енді өнеріңді жарыққа шығаруға қысылады екенсің. Жұрт қалай қабылдайды? Әйтеуір, реті келіп, өнерді танып-бағалай білетін Бекарыстан Мырзабаевқа тыңдаттым бір күні. Сол кісінің ризалығын алғаннан кейін ғана жұрт алдына шыға бастадым. Бекарыстан ағаның шақыруымен Мұхтар Арынның «Бес анық» кітабының тұсаукесеріне қатысып, қобызбен ән айтқан едім. Кейін білдім, залда отырғандар арасында өзі – белгілі суретші, аяғы ауыр әйел болған екен. Қобыз үні естілгеннен-ақ іштегі бала мазасыздана бастапты. Соңы толғаққа ұласып, сол күні аман-есен босаныпты. Ертесіне жолдасы хабарласып: «Балам жарық дүние есігін қобыз үнімен ашты», – деп рахметін айтып жатыр. Мен сасып қалдым. Кейін де сондай оқиғалар кездесті… Енді бірде түс кезінде үйде өнерге жақын бір жолдасыммен әңгіме айтып отырғанбыз. Үйіміз үшінші қабатта еді. Бір кезде есік қағылды. Ашсам, бір бейтаныс апай тұр, әй-шәй жоқ: «Қобыз тартшы», – дейді. Мұнысы қалай? Әлгі кісіге таң қалып қарап қаппын. «Мені осы үйге қобыз үні алып келді. Басым қатты ауырып, медицинадан да, емшілерден де көмек болмай, көптен шаршап жүрген адаммын. Өзім Шымкент жақтанмын», – деді. Сосын ғана қолыма қобызымды алып, сарнатып қоя бердім. Апай ағыл-тегіл жылап отыр. Көмегі тиді ме, тимеді ме, рахметін жаудырып кетті. Тағы да бірде Ақтөбе қаласындағы №25 мектепте өткен кездесуге қатысып, қобызыммен өнер көрсеттім. Мен қобыз тартқанда, есік алдында сол мектепте еден сыпырушы болып істейтін орыс әжей ағыл-тегіл жылап отырыпты. «Неге жылайсың?» десе: «Мына музыка…», – дегеннен басқа ештеңе айтпапты. Осындай оқиғаларды естіп, маған: «Бірігіп емшілік жолға түсейік», – деп жармасқандар да болды. Оларға ермедім. Менің мақсатым – ақша табу емес, қобыздың құдіретіне жұрттың көзін жеткізу. Өйткені қобыз – қазақ рухының жебеушісі. Тереңірек үңіліп, ой жіберіп қараған адам түсінер еді: қобыздың тағдыры – қазақтың тағдыры.

– Сіздіңше, қобызды насихаттауға қаншалықты көңіл бөліп жүрміз?

– Республикалық қобызшылар байқауы өтеді. Қобызшыларды түрлі мәдени шараларға шақырып жатады. Оқу орындары қобызшылар дайындап жатыр. Дегенмен әріге үңіліп, тереңірек зерттеуді қолға алып жатқандар жоқтың қасы. Әлкей Марғұлан былай деп жазып кетіпті: «Қорқытпен байланысты қазақтың күй-аңыздары – мәдениет мұрасының ең күрделі түрінің бірі. Бірақ олардың терең сырларының көбі әлі ашылмаған». Қорқыт пен қобыз – егіз ұғым. Қобыздың көп құпиясына үңілуге Әлкей Марғұлан заманында мүмкіндік болмаған болса, ал қазір ол мүмкіндікті пайдалануға асықпай отырмыз…

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button