Спорт

Бақ шапты ма, бап шапты ма?..

Газетке теледидардың жеделдігі бұйырмаған, сол себепті кез келген оқиғаны оқырман-көрерменге кешігіп ұсынады. Еуропа чемпионаты туралы футбол мамандары мен білгірлерінің болжамдарына сүйеніп «Он төртінші дода: бақ шаба ма, бақ шаба ма?..» деп аталатын материал жариялағанымызда да («Ақтөбе» газеті, 24.05.2012) осы жай есімізде болған.

Біз енді осы футбол додасының газет шыққанға дейін мәлім болып үлгеретін нәтижелерін түгелдей ұсынып отыруды мақсат еткен шақта да кездесулер барысын тұтастай баяндау әдісін ұстанбадық. Біздің ұсынатынымыз — қысқаша анықтамалық мәліметтер мен оймақтай пікірлер.

 Алғашқы…Алғашқы…

 №1. «А» тобы. Польша-Грекия— 1:1.

8 маусым. Варшава. «Национальный» стадионы.

Алғашқы кездесу болған соң алғашқы гол соғылуы мүмкін. Алғашқы тең ойын немесе алғашқы ұтыс әйтпесе алғашқы жеңіліс тіркелетіні және белгілі.

Бірақ сол алғашқы кездесуде осыларға қоса алғашқы «қызыл қағаз» көрсетіліп, алғашқы он бір метрлік айып добы белгіленуі немесе сол он бір метрлік айып добы алғаш рет қақпаға енбей қалуы жиі кездесе бермейтін жағдай екені және рас.

Польша мен Грекия арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталғанымен, әлгіндей оқиғаларға толы болған соң жанкүйерлерді жалықтыра қоймады.

Әрине, тең есепке, әсіресе, поляктар онша риза болған жоқ. Біріншіден, олар өз алаңында ойнаған еді, екіншіден, қарымта допты гректер азшылықта ойнап жүріп соғып кетті. Дегенмен поляктар жұбанарлық оқиға да болды. 69-минутта грек шабуылшысын амалсыздан аяқтан шалып құлатуға мәжбүр болған поляк қақпашысы алаңнан қуылған сәтте екінші қақпашы қақпаны талассыз дерлік голдан аман сақтап қалды.

Ал гректердің өкініші — сол он бір метрлік айып добын қарсыластар қақпасына енгізе алмай қалғаны.

Кездесу барысында ылғи дереу қатаң шешімдер қабылдаған испандық төреші Карлос Веласко Корбальоның қаншалықты әділ болғаны көптеген талқылаулардың еншісінде қалды.

Гол авторлары: Роберт Левандовски (Польша) 17-минут (1:0); Димитрис Салпингидис (Грекия), 51-минут (1:1).

Жасыл алаңнан қуылғандар: қорғаушы Сократис Папастатопулос (Грекия), 44-минут; қақпашы Войцех Щесны (Польша), 69-минут.

Ескерту қағазын алғандар: қорғаушы Сократис Папастатопулос (Грекия), 35-минут; қорғаушы Хосе Олебас (Грекия), 45+2-минут; жартылай қорғаушы Георгис Карагунис (Грекия), 54-минут.

71-минут. Грек Георгиос Карагунис соққан он бір метрлік айып добын поляктардың жасыл алаңға енді ғана шыққан қақпашысы Пшемыслав Титонь қақпаға дарытпады.

Үш Роман, бес Томаш

 №2. «А» тобы. Ресей-Чехия — 4:1.

8 маусым. Вроцлав. «Мейский» стадионы.

Бұл кездесуде де алғашқы голдың өз ерекшелігі болды. Алғашқы голды Ресей құрамасының ең жас ойыншысы, 21 жастағы Алан Дзагоев соқты. Оны 24-минутта Роман Широков қолдады.

Осыдан соң бұл топта Ресей ширек финалға бірінші орынмен шығады деген болжамдар шындыққа айналғандай болып көрінген. Бірақ екінші таймда, 52-минутта чех Вацлав Пиларж соққан гол, одан соң чехтардың ширақ ойынға көшуі әлгі әдемі болжамға қайтадан қара бұлтты төндіріп-төндіріп қойды. Сөйтіп жатқанда тағы да «алғашқы» деген тіркес тілге орала кетті, Алан Дзагоев чемпионаттағы алғашқы «дубльдің» — бір ойындағы екі голдың авторы атанды.

Одан соң Роман Павлюченко соққан голға тағы да «алғашқы» деген тіркес жармаса кетті. Себебі осы голдан соң бұл чемпионаттың финалдық кезеңіндегі алғашқы, мұндай додаларда көп қайталана бермейтін ірі есеп нәтижесі (4:1) тіркелді. (Өткен 2008 жылғы чемпионаттағы 31 кездесуде ірі есептер нәтижесі 4 рет қана тіркелді: Голландия-Италия — 3:0; Голландия-Франция — 4:1; Испания-Ресей — 4:1; Испания-Ресей — 3:0.)

Қысқасы, бұл кездесуде Ресей құрамасындағы үш Романның (Широков, Павлюченко, Шаронов) екеуі гол соқса, мұндай сәт Чехия құрамасындағы бес Томаштың (Сивок, Хюбшман, Росицки, Нецид, Пекхарт) ешқайсысына да бұйыра қойған жоқ.

Гол авторлары: Алан Дзагоев (Ресей), 15 минут (1:0); Роман Широков (Ресей), 24-минут (2:0); Вацлав Пиларж (Чехия), 52-минут (2:1); Алан Дзагоев (Ресей), 79-минут (3:1); Роман Павлюченко (Ресей), 82-минут (4:1).

Заңды жеңіс

 №3. «В» тобы. Голландия-Дания — 0:1.

9 маусым. Харьков. «Металлист» стадионы.

Бұл кездесуден тікелей репортаж жүргізген шолушының (басқалардың да) Данияны ешкім қуат-қарымын білмейтін жұмбақ құрамаға теңегеніне немесе Данияның жеңіп жатқанын сенсацияға бағалап қылғынғанына аса келісе қоймадық. Өйткені, жоғарыда келтірген мақаламызда, айтулы мамандардың пікірлеріне сүйеніп, Голландия туралы: «…Тап қазіргі шақта Германия мен Дания голландықтарға қарағанда тым тамаша ойын өрнегін көрсетіп жүр», — деп жазсақ, олардың қарсыласы туралы: «Дания құрамасы биыл…мамандардың болжамынша, жартылай финалға ентікпей жететін сияқты», — деп келтіргенбіз және даниялықтардың іріктеу кезеңіндегі ойындарда өз қақпасына алты доп қана кіргізіп алғанын қадап айтқанбыз.

Сол себепті де бұл ойында Данияның сәл басымдылықпен болса да жеңіске жетуін заңдылық ретінде қабылдаған жөн сияқты. Ал ойынның көп бөлігінде допқа иелік етіп, тәп-тәуір шабуылдар ұйымдастырғанымен, голландиялық футболшыларды даярлаудың  бір иленуі кем екендіктері көрініп-ақ тұрды.

Гол авторы: Микаэль Крон-Делли (Дания), 24-минут, (1:0).

Ескерту қағазын алғандар: Марк ван Боммель (Голландия), 67-минут; Симон Поульсен (Дания), 78-минут; Вилльям Квист (Дания), 81-минут.

Мүлт кеткен мүмкіндіктер

 №4. «В» тобы. Германия-Португалия — 1:0.

9 маусым. Львов. «Арена Лвьов» стадионы.

Осы чемпионатта алтыннын алқа тағуға үміткер екеу болса, соның бірі болып есептелетін Германия, көпшілік болжағандай, Португалия құрамасын жеңді. Бірақ, әзер жеңді деуге болады, әйтеуір, үш ұпай Германия қоржынына оңай түскен жоқ.

Ал Португалия ұтыс әперетін немесе есепті теңестіретін тамаша мүмкіндіктердің (Пепе, Роналду, Нани, Варела) біреуін де пайдалана алмай қойды. Дегенмен іріктеу кезеңіндегі ойындарда Кипр (4), Исландия (4), Норвегия (1), Дания (3) тәрізді елдердің құрамаларымен болған кездесулерде қақпасына 12 доп енгізіп алған, мына финалдық кезеңге қосымша кездесулер арқылы ғана шыққан Португалияның бұл алғашқы ойында шеберлік көрсетіп, бір доп есебімен ғана жеңілуі бұлардың тап қазір оңай шағыла қоймайтын жаңғаққа айналғанына даусыз дәлел бола алар ма екен?..

Гол авторы: Марио Гомес (Германия), 72-минут (1:0).

Ескерту қағазын алғандар: Элдер Поштига (Португалия), 45-минут; Хольгер Бадштубер (Германия), 43-минут; Фабиу Коэнтрау (Португалия), 60-минут; Жером Боатент (Германия), 69-минут.

Қызықты спектакль

 №5. «С» тобы. Испания-Италия — 1:1.

10 маусым. Гданьск. «Арена Гданьск» стадионы.

Есеп теңелгеннен кейін, 74-минутта алаңға шыққан Фернандо Торрестің

Испанияға жеңіс әперерлік екі нақты мүмкіндігі болды, бірақ әлемге әйгілі итальяндық қақпашы Буффоннан айласын асыра алмады. Жалпы бұл кездесуде екі құраманың да қақпашылары өте жоғары деңгейде қимылдады.

Қай кезде де қорғанысқа мықты көңіл бөлетін итальяндықтар бұл ойында, оған қоса, енді тамаша шабуылдар ұйымдастыра алатындарын да көрсетті. Дегенмен, шындығына көшсек, бұл кездесуде испандықтар жеңіске сәл лайықтылау болды.

Ал жалпы ойын барысы көрермендердің (бұл ретте жанкүйерлердің) көңілінен шыққан, оқиғалары ынтықтырып отыратын қызықты спектакль секілді болды.

Гол авторлары: Антонио ди Нателе (Италия), 61-минут (0:1); Сеск Фабрегас (Испания), 64-минут (1:1).

Ескерту қағазын алғандар: Марио Балотелли (Италия), 37-минут; Леонарда Бонуччи (Италия), 66-минут; Хорди Альба (Испания), 66-минут; Джорджио Кьеллини (Италия), 79-минут; Фернандо Торрес (Испания), 84-минут; Альвара Арабелло (Испания), 84-минут; Кристиан Маджо (Испания), 89-минут.

Екінші «дубль»

 №6. «С» тобы. Ирландия-Хорватия — 1:3.

10 маусым. Познань. «Мейский» стадионы.

Хорватияның жеңісі, бәлкім, көпшілік күткен нәтиже болғанымен, өз тобындағы басқа екі команда үшін тіпті де қуанышты сый емес. 2008 жылғы чемпионаттың финалында Хорватияның Австрия мен Польшаға дес бермегенін былай қойғанда, Германияны 2:1 есебімен жеңіп, өз тобынан жартылай финалға бірінші орынмен шыққанын, ал жартылай финалда Түркиядан негізгі, қосымша уақыттардан соң пенальти есебімен ғана жеңілгенін ескерсек, бір ұпайдан  ғана жинаған Испания мен Италия хорваттарға қарсы қандай айла қолданатындарын мықтап ойластыруы керек-ақ.

Бұл кездесуде екі гол соққан (дубль) Марио Манджукич 8 маусым күнгі ойындағы ресейлік Алан Дзагоевтің есебін қайталады.

Гол авторлары: Марио Манджукич (Хорватия), 3-минут (0:1); Шон Сент-Леджер (Ирландия), 19-минут (1:1); Никица Елавич (Хорватия), 43-минут (1:2); Марио Манджукич (Хораватия), 48-минут (1:3).

Ескерту қағазын алғандар: Кит Эндрюс (Ирландия), 45+1-минут; Лука Модрич (Хорватия), 53-минут; Нико Краньчер (Хорватия), 84-минут.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button