Тарих

Орыс патшалары және қазақ даласы

Тарих

Тарихшылар Қазақстанның Ресейге қосылуын Әбілқайыр ханның патшайым Анна Иоановнаға Кіші жүзді Ресей қарамағына алу туралы өтінішін жіберуінен бастайды. «Бұл өтініш неліктен жазылды?» деген сауалға әркім әр түрлі жауап айтады. Бір тарихшыларымыз Әбілқайырдың мұндай қадамға баруын өзінің жеке билігін нығайту мақсатымен байланыстырса, екіншілері: «Әбілқайыр бастаған… бодандық мәселесі – бостандықтан айрылу емес, әскери одақ, дәл осы кезеңде қауіп-қатері кемірек, күш-қуаты мол, үлкен жұрттың саяси демесін, ұзын арқау қорғанышына сүйене отырып, өзінің елдігін, тәуелсіздігін сақтап қалу тәсілі ғана», – дейтін Мұхтар Мағауинмен («Қазақ тарихының әліппесі») пікірлес.

Бұл пікірлердің қайсысы шындық екендігіне төрелік айта алмаймыз. Біз білетін шындық – Қазақстанды қосып алу мәселесіне келгенде, Ресей билеушілерінің, әрине, Әбілқайыр бабамыздың қандай да бір мақсатынан тыс, өз көздегендері, мүлде басқа есебі болғаны анық.

1731 жылы Кіші жүз қазақтарын Ресейдің қол астына алу туралы грамотаға қол қойған Анна Иоановнадан басталық.

Анна Иоановна Ресей патшасы тағына 1730 жылы отырды. Сол жылдың қыркүйек айында Әбілқайыр хан оған батыр Сейітқұл Қойдағұлұлы мен би Құттымбет Қомтайұлы бастаған елшілерін жіберді. Ресей елшілерді үлкен құрметпен қарсы алыпты. І Петр «бүкіл Азия елдерінің қақпасын ашатын кілт» санаған Қазақ Ордасын қосып алудың ең қолайлы сәті туып тұрғанда, орыс билеушілері ол мүмкіндікті қайтып қолдан шығарсын?

Анна Иоановнаның қазақтарды Ресейдің қол астына алу туралы грамотасын кезінде 1937-де жазықсыз кеткен арыстарымыздың бірі Телжан Шонанұлы өзінің «Қазақ жер мәселесінің тарихы» атты атақты еңбегінде аударып берген екен.

Соны назарыңызға ұсыналық:

«Ресейдің қол астына алу туралы бастығы Әбілқайыр ханға һәм барлық қырғыз-қайсақ аламанына берілген жарлық хат. Құдайдың жарылқасыны арқасында біз, ең нұрлы, ең қуатты ұлық ханы Анна Иванқызы барлық Ресейдің патшасымын һәм жеке-жалғыз билеушісімін және тағы басқа дәрежелер иесімін.

Қырғыз-қайсақ ордасының бастығы Әбілқайыр ханға һәм барлық қайсақ аламанына патша қазіретіміздің жарылқасыны жаусын. Сен Әбілқайыр ханның жіберген елшілері Қомтайұлы Құттымбет пен Қойдағұлұлы Сейітқұл арқылы барлық жерің, еліңмен біздің қол астымызға кіріп, Ресейдің қарашаларымен һәм башқұрттармен тату тұрамын деп жазған тілегіңізді біз көрдік. Әбілқайыр ханның елшілері, сені қайсақ аламанымен бірге біздің қол астымызға мына шарттармен кіргің келеді деп баяндады:

Әуелі, сіз біздің патша хазіретімізге шын көңіліңмен қызмет қылып, башқұрттарша салық төлегіңіз келеді.

Екінші, Ресейдің қарашалары тарапынан сізге ешбір соққы һәм талан-тараж болмаса екен дейсіз.

Үшінші, сіз қайсақтарға бір жау тие қалса, біздің патша қазіретіміз сіздерді Ресейдің басқа қарашаларымен тең көріп, қорғаса екен дейсіз. Және біз де тұтқынға алған орыстарды қайтарып, башқұрт һәм қалмақтармен тату тұрамыз деп уәде бересіз. Біз ұлық ханым қазіретіміз, бастығы Әбілқайыр ханға һәм барлық қырғыз-қайсақ аламанына жарылқасынымызды тигізіп, жоғарыда жазылған шарттарыңызды тілегіңіз бойынша қабыл алып, сіздерді қол астына кіргізуге бұйрық еттік. Соның үшін сіз, Әбілқайыр хан, һәм барлық қайсақ аламаны біздің патша қазіретімізге һәм біздің орынбасарларымызға шын көңілмен қызмет етуге тиіссіздер. Бұл жерге қызметке бар деген патша қазіретімізден жарлық бола қалса, Ресейдің барлық қарашалары мен башқұрт һәм қалмақтармен қатар тартынбай, көрсеткен жерге барасыңдар. Жайықтың атты казактарына, башқұрттарға, қалмақтарға һәм басқа қарашаларымызға тимей, оларға қарсы жорыққа аттанбай, зәбірлемей, тыныш-тату тұрасыңдар. Сіздің ордаңызға арнап шыққан болмаса сіздің ордаңыз арқылы өтіп бара жатқан саудагерлердің керуеніне жол тоқтату қылмай, зәбірлемей, қауіпті жерлерден өтерде қорғап, жәрдем бересіңдер. Сен, Әбілқайыр ханның елшілері біздің дидар шартымызды көрді, Мәскеуде тұрғанда оларға нәпақа беріліп тұрып, қайтарында біздің тарапымыздан алапа берілді. Енді олар сен, Әбілқайыр ханға қайтарылды һәм олардың жолына көлік һәм нәпақа берілді және сен, Әбілқайыр хан, біздің патша қазіретіміздің жарылқасынына дәмелен. 1731 жылы, ақпанның 19-ы күні, біздің патша болғанымыздың екінші жылы, Мәскеуде берілді».

Сол жылғы 30 сәуірде патша өкіметі қазақтардан ант алу үшін Әбілқайыр ханға А.И.Тевкелев бастаған елшілік жіберді. Кіші жүздің ақсүйектерінен, атқан мінген би-батырларынан ант алу Тевкелевке тіпті де оңайға түскен жоқ.

И.А.Левшин өзінің «Қырғыз-қазақ немесе қырғы-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» еңбегінде былай дейді: «Тевкелевтің Ордаға келуі қулығы күшті Әбілқайырдың билікке құштар ойларын түгелдей ашып берді. Ресейдің қол астына жаңадан өтетіндерден ант алу үшін келген шенеуніктердің өздеріне жүктелген қызметіне сай жылы қарсы алынбағаны былай тұрсын, олар тіпті келген бойда-ақ өз өмірлерінен айрылып қала жаздады. Қырғыздар (қазақтар) өздерінің тағылық табиғи бостандығын жоғалтып алатыны жөнінде ойланған кезде ашу-ызаға булықты, орталарына келген орыстарды көріп, кенеттен қатты толқыды. Тевкелевті тіпті сол жерде-ақ құрбандыққа шалып жібере жаздады. Оны ханның өзі қорғап қалды».

Ант 1731 жылдың 10 қазанында Майтөбе аталатын жерде қабылданған. Ант беруге Әбілқайыр хан, сұлтандар және 13 рудың би-батырларынан тұратын шағын топ қатысты. Тарихи деректерге сай, Әбілқайыр хан патшаға берген антына «адал» бола қойған жоқ. Ол өмірінің соңғы күніне дейін патша әкімшілігіне бағынбауға бар күшін салып бақты. Өз тарапынан Анна Иоановна да сол кезде жоңғарлармен соғысып жатқан қазақ жұртына ешқандай әскери көмек көрсетпеді.

Анна Иоановна тұсында, 1734 жылы қазақтарға Жайық өзенінің оң жағалауына көшіп-қонуға тыйым салынды. Сондай-ақ, қазақ-орыс шекарасының өн бойына әскери бекіністер салына бастады. Қазақ жеріне құрамында 2,7 мың мүшесі бар Орынбор экспедициясы жіберілді.

Анна Иоановна орыс тағында 1740 жылға дейін отырды. Бұған дейін Сәмеке, Әбілмәмбет хандар басқарған Орта жүз рулары да Ресейдің қол астына өту жөнінде өтініш еткен еді.

1741 жылы билікке І Петрдің қызы Елизавета Петровна (1741-1761 ж.ж.) келді.

Бұл кезеңде патша үкіметінің айдап салуымен қазақ-башқұрт арасы қатты шиеленісті. Туысқан екі халықтың достасуына, бас біріктіруіне жол бермеу үшін патшаның қолшоқпарлары сан қилы қитұрқы әрекеттерге барды. Ондай әрекеттерге «шебер» шенеуніктердің бірі Орынбор өлкесінің губернаторы И.И.Неплюев еді. Патша шенеуніктері туысқан халықтар арасындағы араздықты олардың еркіндігін шектеу мақсатында барынша пайдаланды.

1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапты. Оның орнына ұлы Нұралы хан болды. Ол  қазақтар өздерінің қалауы бойынша сайламай, патша өкіметі лауазым иесі ретінде бекіткен бірінші хан еді. Сондықтан оны Кіші жүз рубасыларының бәрі бірдей мойындаған жоқ. Мысалы, Шекті руы Батыр сұлтанды билеушіміз деп таныды. Сөйтіп, енді патша қолшоқпарларына қазақтардың өз арасына алауыздық ұрығын себу үшін жаңа «мүмкіндіктерге» жол ашылды.

ХVІІІ ғасырдың 50-жылдарында ұзындығы мың шақырымға таяу Ертіс шекаралық шебінің құрылысы аяқталды. Қазақтардың бұрын көшіп-қонған жерлері, мал жайылымдары жаңадан белгіленген «шекараның» арғы жағында қалып қойды. 1755 жылы қазақтардың Ертістің оң жақ жағалауына өтуіне қатаң тыйым салынды. Сондай-ақ, қазақтарға Ресей әскери бекіністеріне 30 шақырымнан жақын баруға да тыйым салынды.

Бір жағы қалмақ, екінші жағы башқұрттармен шайқаста жүрген қазақтардың енді өз жерлері үшін Ресей әскерилері – казактармен де жиі қақтығысқа баруына тура келді.

Елизавета Петровнаны  орыс тағына 1613 жылы келген Романовтар әулетінің соңғы патшасы десек те болады. Өйткені одан кейін патша тағына Романовтардың І Петрдің Анна есімді қызынан тарайтын жиендері келді. Ата жағынан алғанда олар Гольштейн-Готторп герцогтарының ұрпағы еді. Елизавета өзіне мұрагер таныған ІІІ Петр орыстарға тіпті де ұнаған жоқ. Сондықтан ол нағашы апасы қалдырған тақта бір жылдай ғана отырды.

Алексей Орлов ІІІ Петрдің көзін жойғаннан кейін оның орнына әйелі ІІ Екатерина патшайым (1762-1796 жж.) таққа мінді.

Бұл тұста қазақ даласында орыс отаршылдығына қарсы күрес барынша өршіді.

1771 жылы қазақтар қалмақпен арадағы екі ғасырға созылған соғысты жеңіспен аяқтап, сол жылы Түркістанда Абылай ханды үш жүздің ханы  етіп сайлады. Абылай хан қазақ халқының ішкі бірлігін, жерінің тұтастығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсады. Ал Ресеймен қарым-қатынаста ол бағыныштылықтан гөрі, тату-тәтті көршілік саясат ұстанды. 1778 жылы патша өкіметі Абылай ханды тек қана Орта жүздің ханы деп танып, ант қабылдауын талап етті. Бірақ Абылай хан ол талапты орындаған жоқ. Шын мәнінде ол тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды көксеген еді. Орыс ғалымы И. Крафт Абылай хан туралы: «Ол қалыптасқан нақты жағдайларға қарай бірде Ресейге, бірде Қытайға, енді бірде Жоңғарияға шын берілген болып көріне білді, ал шын мәнінде ешкімге де бас иген жоқ», – деп жазды. Абылай хан 1881 жылы көз жұмды.

ІІ Екатерина тұсында қазақтар Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты. Көтеріліс басылғаннан кейін патша өкіметі арнайы жарлықпен Жайық өзенін – Орал өзені, ал Жайық қалашығын Орал қаласы деп атауды бұйырды.

1786 жылы ІІ Екатерина Кіші жүзде хан билігін жою жөніндегі Орынбор губерниясы бастығы О. Игельстромның ұсынысын қолдады. Хандардың орнына ру ақсақалдарынан тұратын «расправалар» билік жүргізуі тиіс еді. Бірақ қазақтар тарапынан қолдау таппағандықтан, хан билігін реформалау жобасы бұл жолы жүзеге аспады.

ІІ Екатерина тұсындағы тарихи маңызды оқиғалардың бірі – Сырым Датұлы бастаған көтеріліс. Осы көтерілістен кейін патша өкіметі бірқатар мәселелер бойынша, соның ішінде қазақтардың Еділ мен Жайық аралығында (яғни Жайықтың оң жақ беті) көшіп-қонуына рұқсат ету жөнінде де едәуір жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды.

ІІ Екатеринадан кейін оның ұлы І Павел (1796-1801 ж.ж.) таққа отырды. 1801 жылы ол Бөкей сұлтан мен оның қол астындағы қазақтардың Жайықтың оң жақ бетіне қоныстануына рұқсат ету жөнінде жарлық шығарды. Сөйтіп, Ішкі Орда (кейіннен – Бөкей хандығы) құрылды.

І Павелдің ұлы І Александр (1801-1825 ж.ж.) қазақтарды шоқындырып, христиан дініне кіргізу мақсатындағы алғашқы қадамға барды. Ол сол тұста қазақтардың аса ауыр жағдайға – ашаршылыққа ұшырағанын пайдаланып, 1808 жылғы 23 мамырда Орынбор әскери губернаторына қазақ балаларын сатып алу жөнінде жарлық жолдады. Олар 25 жасқа жеткенде бас бостандығын алып, өз еркі өздеріне тиеді деп атап көрсетілді. Әйткенмен бұл жарлықтың соңында қазақ балаларын христиан дініне тартуды көздеген сұрқия саясат жатқан еді және іс жүзінде де солай болды. Бұл балалардың көпшілігі кейін христиан дініне өтті.

І Александр әжесі бастаған шаруа – хан билігін жоюды іс жүзіне асырды. Алдымен ол әр жүзді бұрынғыдай бір хан емес, бірнеше хан билейтіндей етті. Мысалы, 1815 жылы Орта жүзде Уәли ханмен бірге Бөкей сұлтанды да хан етіп тағайындады. Ал Уәли мен Бөкей көз жұмғаннан кейін ол Орта жүзге жаңа хан тағайындамады, оның орнына «Сібір қырғыздары туралы жарғыны» жолдады. Бұл 1822 жыл еді. Жарғыға сай, Орта жүз аумағында басқарудың округтік жүйесі енгізілді. Округтер – болыстарға, ал болыстар ауыл әкімшіліктеріне бөлінді. Округті – аға сұлтан, болыстарды – болыстар, ауылдарды старшындар басқаратын болды. Ал 1824 жылы Кіші жүзде де хан билігі жойылды. І Александр бекіткен «Орынбор қырғыздары жөніндегі жарғыға» сай, Кіші жүз жерінде округтер басшылары басқарушы-сұлтандар болды. Егер Орта жүздегі аға сұлтандар сайланатын болса, Кіші жүзде ауыл станшындарынан бастап басқарушы-сұлтандарға дейінгі бүкіл лауазым иелерін Орынбор губернаторы тағайындауы тиіс-тін.

І Николай (1825-1855 ж.ж.) тұсында отаршылдық езгі күшейе түсті. Ата қонысы шетсіз-шексіз бола тұра, қазақтар ұлтарақтай жерге зар күй кешті. Исатай Тайманұлы (1836-1838 ж.ж.), атақты Бөкенбай батырдың немересі Жоламан Тіленшіұлы және қазақтың соңғы ханы Кеңесары Қасымұлы бастаған ірі көтерілістер осы І Николайдың тұсында бұрқ етті. 1841 жылдың қыркүйегінде қазақтар бұрынғы ата-баба дәстүрімен Кенесарыны үш жүздің ханы етіп сайлады. Патша өкіметі үшін бұл өте жайсыз хабар болды.

1843 жылы І Николай Кенесарыға қарсы жорық ұйымдастыру жөнінде жарлық шығарды. Мұнда ханның басы үшін үш жүз мың сом мөлшерінде сыйлық тағайындалды.

ІІ Александр (1855-1881 ж.ж.) тұсында Ұлы жүз де Ресей құрамына өтіп, қазақтың үш жүзі де орысқа қарады. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығын құру туралы жарлық шықты. Оның орталығы Ташкент қаласы болды. Жетісу өлкесіне де Ресейден казактар мен шаруалар көшіріліп әкеле бастады. Қоныс аударған әрбір ер адамға 30 десятинадан жер телімі берілді. Тарихшылар 1865 жыл – Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі толық аяқталған жыл деп санайды.

1867-1868 жылдары Қазақстанда әкімшілік реформа жүргізілді. Енді аға сұлтандар мен басқарушы – сұлтандар да биліктен ығыстырылды. Округтер де жойылды. Бүкіл қазақ жері үш генерал-губернаторлыққа бөлінді. Әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді, әрі қарай: әр облыс – уездерден, әр уезд – болыстардан; болыстар ауылдардан тұрды. Генерал-губернаторды, сондай-ақ облыс, уезд басшыларын да өкімет тағайындады.

Сонымен қатар қазақтардың орыс отаршылдығына қарсы күресі тоқтаған жоқ. ІІ Александр тұсында Жанқожа батыр, Досан батыр, Есет Көтібарұлы, т.б. басқарған ірі көтерілістер болды.

ІІІ Александр (1881-1894 ж.ж.) Қазақстандағы әкімшілік реформаны жалғастырды. Бұл істе ол қайта-қайта көтеріліске шығып, қолынан қару түспеген Кіші жүзді жан-жаққа таратып, бөліп жіберуді көздеді. Мысалы, 1890 жылы «Закаспийск облысын басқару туралы уақытша ережені» бекітті. Аталмыш облыс бес уезден тұрды: Красноводск, Ашхабад, Теджент, Мерв пен Маңғыстау. Сөйтіп, адайларды басқа қазақтан бөліп, түрікмендерге қосты да жіберді. Кіші жүздің тағы бір бөлігі Дала генерал-губернаторлығы құрамына енсе, ал Ішкі Орда өз алдына бөлек қалды. Осылайша, біртұтас Кіші жүз енді үшке бөлінді.

ІІ Николай (1894-1917 ж.ж.) тұсында Столыпиннің аграрлық реформасына сай, Ресей шаруаларының қазақ жеріне жаппай қоныс аударуы бастады. Әрине, қоныс аударушылар бұрын да келген. Дегенмен енді патша өкіметі шаруалар арасында қазақ жеріне қоныс аудару жөнінде кең түрде насихат жүргізді. 1907 жылы ғана Ресейдің орталық губернияларында осындай насихатты көздеген 6,5 миллион кітапша мен парақша таратылған. Қазақстанға қоныс аударған әр шаруаға үй-жай, т.б. есептемегенде,  егін салу үшін тағы 15 десятина жер бөлінген. Оларға берілетін жер, әрине, қазақтардан тартып алынды. Мысалы, қоныс аударушылар үшін деп Омбы уезінде бүкіл жердің – 52 пайызы, Қостанай уезінде – 56 пайызы, Ақмола уезінде 73 пайызы тартып алынды. 1917 жыл қарсаңында байырғы тұрғындардан тартып алынған жер көлемі 45 миллион десятинаға жеткен!

Міне, осындай жағдайда, 1916 жылғы 25 маусымда патшаның І Дүниежүзілік соғысқа байланысты 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтарды тыл жұмыстарына алу жөніндегі жарлығы шықты. Бұл 1916-1917 жылдарда бүкіл Қазақстанды қамтыған ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Ал көтерілісшілерді жазалау мақсатында патша өкіметі тарапынан ұйымдастырылған қуғын-сүргіннің қазақ даласына әкелген қасіреті айтып жеткізгісіз. Тек қана бір күн -1917 жылғы 1 ақпанда ғана Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин 347 адамды өлім жазасына кесу туралы сот үкімін бекіткен. Өлтірілген қазақтардың саны жүздеген мыңға жетті. Жазалаудан қашып Жетісу халқының төрттен бір бөлігі – 300 мыңнан астам қазақ Қытайға өтіп кетті.

1917 жылы қазақ халқына осынша қасірет шектірген патшалардың соңғы өкілі ІІ Николайға да зауал жетті. Сол жылғы Ақпан төңкерісінде ол тақтан тайдырылып, бүкіл отбасымен қамауға алынды. Ал сол жылғы қазан айында билік басына В.И.Ленин басқарған большевиктер келді.

«Барлық халықты теңдікке жеткіземіз» деген ұранмен билікке келген большевиктердің де патшалар саясатын жалғастырғаны белгілі. Мысалы, Никита Хрущев 1962 жылы ІІІ Александр бастамасын қайта «тірілтіп», «түрікмендердің мұнай өндіруде тәжірибесі зор» деген сылтаумен Маңғыстауды Түрікменстанға қосуға әрекеттенді. Тек сол кездегі Қазақстан басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың күш салуына, қарсылығына байланысты бұл ойы жүзеге аспады. Ал тың сұрапылы ІІ Николай тұсындағы Столыпин реформасын еске түсіреді. Коммунистер патшалардың қазақты ұлт ретінде жойып, орыс ұлтына сіңістіріп жіберу саясатын ілгері апарып, осы орайда тіпті КСРО Қауіпсіздік комитетінің құпия жоспары да болған екен…

Тарих беттерін ақтарған Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button