Сахна тәрбиесі
Биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанындағы көп салалы колледжден актерлік өнер мамандығы бойынша алғашқы түлектер ұшқалы отыр. Жақында осы мамандықта оқитын барлық курстың оқушыларына
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының тәрбие ісі жөніндегі проректоры, профессор Аман Құлбаев «Сахна қозғалысының негіздері» тақырыбында дәріс берді.
Жастар сарайының сахнасында өткен дәріске актерлік өнер мамандығында оқып жүрген 30-ға жуық оқушы қатысты. Олар сахнада әуен ырғағымен сахна қозғалысына негізделген түрлі жаттығулар жасады, яғни, құлауды, секіруді, сымбатты жүруді, түрлі жылдамдықта қозғалуды үйренді.
Аман Құлбаевтың айтуынша, актер шеберлігі пәні «не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздесе, сахна қозғалысы пәнінің негіздері образдағы кейіпкерге бейімделіп, «қалай жасау керек?» деген сауалға жауап береді.
— Станиславскийге жүгінсек, «актер тек сыртқы қимыл-қозғалысты ғана емес, ішкі дүние тебіренісін де көрсетуге міндетті». Сахнадағы әрбір іс-қимыл, әрекет актердың оған қатысты көзқарасы, ішкі сезім дүниесінің толқын-тербелісі арқылы көрінуі қажет. Өз жан дүниесінің тетігін дөп баса білген актер, сол кейіпкерінің мінез-құлық, жүріс-тұрыс, сын-сипатына орай оның кескін-келбетіндегі әрбір белгі, ұсақ әжім сызығына дейін көрерменін барынша иландыра көрсетуге тырысады. Ал дұрыс тәрбиеленбеген жас адамдардың қимыл-қозғалыстары, жаңсақ дене қалпы уақыт өте келе жаман әдеттерге ұласады. Сахнада көрсетілген бұл әдеттер сахналық қимыл-қозғалысқа теріс сипат береді, ал кейде тіпті кейіпкер жүріс-тұрысын бұзып көрсетеді. Мұндай қателіктердің көпшілігі келбетке, жүріске, дене тұрғысына, отыру қалпына және ишараға кері ықпал етеді, — дейді Аман Құлбаев.
Одан әрі ол: «Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрына жұмыс істеуге келген бір топ жас актерлер елдеріне кетіп қалыпты. Бұл да ойландыратын жағдай. Негізі, өнер адамына, шығармашылық иесіне әрқашан қолдау болғаны жөн», — деді.
Әйтсе де, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып жүрген ақтөбелік жастардың көп екенін айтты. Оның бірі — болашақ режиссер Балтабек Нұрғалиев.
Сондай-ақ, Аман Құлбаев өнер академиясында білім алу тегін жүргізілетінін, бұл да болса мемлекеттің өнерге деген қамқорлығының көрінісі екенін атап айтып, ал аталған колледж оқушыларының ақылы оқып жатқаны көңіл қынжылтатынын әңгімеледі.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



