Денсаулық

Жүрегіңізді күтіңіз!

Қазіргі таңда халық арасындағы мүгедектік пен өлім-жітімнің негізгі себепшісі — жүрек-қан тамыр аурулары.  Және кісі өлімінің 47 пайызға жуығы — жүректің созылмалы ишемиялық ауруы мен оның асқынуларының үлесінде. Ал жүректің ишемиялық ауруы тікелей қан қысымына байланысты.  Яғни жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз ететін қан тамырлары бітеліп қалады. Бұған көбінесе жүрек талмасы (стенокардия), атеросклероз және миокард инфарктісі ауруы жатады.

Жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде ең көп кездесетін түрі — жүрек талмасы (стенокардия). Жүректі қоректендіретін күретамырдағы қан айналымы бұзылып, жүрек өзіне қажет қорек пен оттегіні ала алмайды. Бұндай кезде адамның төс асты қысылып, шаншу сияқты ауырсынулар пайда болады. Ауырсыну сол қолға, иекке, мойынға берілуі мүмкін. Ұзақтығы 1-15 минутқа созылып, нитроглицерин пайдаланғаннан кейін басылады. Жүрек талмасының басты белгілері  — ентігу, тез шаршау, жүрек соғысының жиілеуі, қан қысымының жоғарылауы. Егер төс астындағы  ауырсыну 15 минуттан артыққа созылса, миокард инфарктына соқтыруы мүмкін.

Миокард инфарктісі — жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларының бітелуінен болатын сырқат, яғни жүрек бұлшық етінің өлі еттенуі (жансыздануы). Мұндайда жүрек етінің жыртылып кетуі де мүмкін. Миокард инфарктісі кейде адамдарды  мүгедектікке соқтырып, тіпті өмірімен қош айттырады. Соңғы жылдары миокардпен орта жастағы адамдар, тіпті жастар да жиі ауыратын болды. Адам аталған ауруға шалдыққанда, кеуде қуысында, төс артында қысу, шаншу, күйдіру  сияқты ауырсыну пайда болады. Ауру төменгі иекке, мойынға, екі қолға, арқаға беріледі және суық тер шығып, жүрек айнып, тыныс тарылады. Іштің жоғарғы бөлігі ауырып, адам құсып, жүрегі айниды. Науқастың тері жамылғысы бозғылттанып, салқын тер басады. Аяқ-қолы салқындайды, жүрек соғысы сиреп, қан қысымы төмендейді. Науқас есінен танып қалуы мүмкін.

Егер сіздің жақындарыңызда миокард белгілері пайда болса, тез арада жедел жәрдем шақыртыңыз. Сырқатты жатқызып, тілінің астына нитроглицерин салыңыз немесе изокет-спрей бүркіңіз. Жедел жәрдем келгенше науқасты қозғамаған дұрыс.

Жүректің ишемиялық ауруын болдырмас үшін,  аурудың пайда болу себебін білгеніңіз жөн. Яғни қандағы холестериннің көбеюі, денедегі май алмасуының бұзылуы, жоғары қан қысымы, шылым шегу, алкоголь, гиподинамия (аз қозғалу), гипергликемия (қанда шекердің көбеюі), қан диабеті, семіздік, эмоциялық стрестер жүрек ауруына шалдықтырады.

Жүрек ауруына шалдықпас үшін ішімдік пен темекіден бойды аулақ салған жөн. Майлы тамақтарды шектеген дұрыс. Қант диабеті бар науқастар қандағы қант мөлшерін қадағалап, ем-дәм (диета) ұстануы қажет.

Ә.ЕРІМБЕТОВА,

№1 қалалық емхананың терапевті.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button