Басты жаңалықтар

ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік қызмет ардагері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымының экс-депутаты (1999-2004 жж.)

Қазақстан өзінің даму жолындағы аса маңызды кезеңді бастан өткеріп отыр. Ел тағдырын айқындайтын жаңартылған Ата Заңның жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарылды. Оның түпкілікті шешімі жалпыұлттық референдумда қабылданбақ. Бұған дейін Конституцияға енгізілген барлық өзгеріс Парламент арқылы қабылданатын. Ал жаңа Конституция жобасының бүкіл халықтың дауыс беруіне ұсынылуы — түбегейлі жаңа әрі тағдырлы қадам. Бұл тәсіл Конституцияның қорғалуын күшейтіп қана қоймай, оның тарихи сабақтастығын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, халық мемлекет болашағын айқындайтын шешімнің тікелей қатысушысына айналып отыр.

Жаңа Конституцияның редакциясы терең әрі кешенді өзгерістерді қамтиды. Онда адам құқықтарының рөлін күшейтуге, білім мен ғылымды дамытуға, адами капиталды арттыруға, мемлекеттік билік жүйесін жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды қорғауға және цифрлық дәуірдің талаптарын ескеруге басымдық берілген. Әрине, ұсынылып отырған өзгерістерге әртүрлі көзқарас бар: бірі қолдайды, бірі күмәнданады, енді бірі толықтырулар ұсынады. Бұл — табиғи құбылыс. Себебі кең қоғамдық диалог дәл осы үшін қажет. Ал соңғы сөзді Қазақстан халқы референдумда айтады. Шешім ашық әрі әділ түрде қабылданады.

Алайда ең маңыздысы — бейжай қалмау. Әрбір азамат Конституция жобасын оқып, талқылап, өз ұсынысын білдіруге тиіс. Конституция — баршамыздың ортақ болашағымыз. Ал мемлекеттің тұрақтылығы біздің осы тарихи таңдауға қалай қарайтынымызға тікелей байланысты.

Жоба аясында бірқатар маңызды институционалдық өзгерістер ұсынылып отыр. Соның бірі — 145 депутаттан тұратын бірпалаталы Парламент — Құрылтайды қалыптастыру. Депутаттар партиялық тізімдер негізінде пропорционалды жүйе арқылы бес жыл мерзімге сайланатын болады. Бұл модель саяси партиялардың рөлін арттыруға, депутаттардың жауапкершілігін күшейтуге және заң шығару сапасын жақсартуға бағытталған.

Ерекше назар аударарлық тағы бір жаңалық — Халық Кеңесінің құрылуы. Бұл — заң шығару бастамасы құқығына ие болатын жоғары консультативтік орган. Яғни қоғам заңдарды қалыптастыру процесіне тікелей қатыса алады. Бұл — нағыз халық билігіне жасалған маңызды қадам. Сонымен қатар Халық Кеңесінің құрамына өңірлерден шын мәнінде беделді, ойы кемел, елге сыйлы азаматтар енуге тиіс. Әрбір аймақ лайықты деңгейде ұсынылуы қажет. Бұл формалды тағайындау емес, халық мүддесін шынайы білдіретін шынайы институт болуы керек.

Сондай-ақ вице-президент институтының енгізілуіне қатысты да түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылуда. Аталған лауазым билік жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, елдің ішкі және халықаралық деңгейдегі өкілдігін қамтамасыз етуге бағытталған және саяси бейтараптық қағидаттары қатаң сақталады. Сонымен бірге Конституцияда өзгермейтін, қол сұғылмайтын құндылықтар нақты бекітілген: Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы және унитарлық мемлекет ретіндегі сипаты. Бұл негіздер қайта қарауға жатпайды.

Осы орайда мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы құрылымдардың жобаны түсіндіру бойынша белсенді әрі жүйелі ақпараттық жұмысы аса қажет деп санаймын. Үкімет өкілдерінің сөзін тыңдай отырып, тағы да бір маңызды ой айтылғанын естідім: көп нәрсе жергілікті деңгейдегі жұмысқа байланысты. Халықпен кездесулерді жиілету, ашық талқылаулар өткізу, жаңа Конституция жобасының әрбір нормасын егжей-тегжей түсіндіру қажет. Қазірдің өзінде құжаттың мәніне үңілмей-ақ қарсы дауыс беруге шақыратын жалған ақпараттар тарауда. Егер әкімдіктер мен мемлекеттік органдар халықпен жүйелі жұмыс жүргізбесе, ақпараттық вакуумды қауесет пен бұрмаланған пікірлер толтырады. Ашық диалог пен адал түсіндіру арқылы ғана азаматтардың саналы ұстанымын қалыптастыруға болады.

Бүгін біз тарихи таңдау алдында тұрмыз. Әрбір азаматтың талқылауға және референдумға белсенді әрі жауапкершілікпен қатысуы Қазақстанның болашағын, оның ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен дамуын айқындайды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button