Жүйелі бақылау және жауапкершілік

Мемлекеттік қызмет
Мемлекеттік қызметте этикалық нормаларды сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ 2026 жылға арналған өңірдегі ветеринария саласының даму перспективалары облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов баяндама жасады.
Ол мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге, мансаптық өсудің гибридтік моделін енгізуге, кадрлық үдерістерді цифрландыруға және мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы жөнінде ақпарат берді. Мұнда этика мәселелеріне аса көңіл бөлінеді: мінез-құлық нормаларын сақтау, бюрократия мен сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу қағидалары, кибербуллинг пен құмар ойындарға тыйым салу.
Баяндамашы этикалық нормалардың сақталуына ең алдымен басшылар жауапты болатынын, олар қарамағындағы қызметкерлерге үлгі болуға тиіс екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ тиімді мемлекеттік қызмет қызметкерлердің жаңа мәдениетін қалыптастыратыны айтылды. Ол — адалдыққа, жауапкершілікке, қоғам мүддесіне қызмет етуге және азаматтардың сеніміне негізделген мәдениет.
Облыс әкімі мемлекеттік қызметтің жаңа мәдениетін қалыптастыруда жүйелі бақылау мен басшылардың жеке жауапкершілігінің маңызды екенін атап өтті.
— Әрбір басшы жаңа заң талаптарының орындалуын және Әдеп кодексінің сақталуын жеке бақылауы қажет. Жұмыс ашық, адал және жауапты болуға тиіс, кез келген заңбұзушылыққа жедел әрекет ету керек. Бірлескен күш-жігер арқылы азаматтардың сенімін нығайтып, тиімді мемлекеттік қызмет құра аламыз, — деді өңір басшысы.
Екінші мәселе — 2025 жылдың қорытындылары туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай баяндады.
Оның айтуынша, өңірде 2,3 миллионнан астам ауылшаруашылық жануары аса қауіпті 13 ауруға қарсы толықтай вакцина алған. Үй жануарлары сырға, чип және GPS-құрылғылар арқылы толық сәйкестендіріліп, ірі және ұсақ мал, жылқы, шошқа мен түйенің 800 мыңнан астамы бірыңғай тізімге енгізілген. Ал биыл 9 миллионнан астам малға вакцинациялау және серологиялық зерттеу жүргізу, ветеринариялық пункттер мен мал қорымдарын қосқанда жалпы саны 167 нысан салу және жабдықтау, сондай-ақ модульдік ветеринариялық станциялар мен жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр.
Бүгінде облыста эпизоотиялық жағдай тұрақты, алайда цифрландыру, вакцинацияны бақылау және жануарларды есепке алу жұмысы жалғасын табады. Барлық шара өңірдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аса қауіпті аурулардың алдын алуға бағытталған.
Облыс әкімі ветеринария саласының өңірдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын атап өтті. Ол материалдық-техникалық базаны жаңартуды, инфрақұрылымды кеңейтуді, кадрлық әлеуетті күшейтуді және барлық үдерісті толық цифрландыруды жалғастыруды тапсырды.
Д.ҚАЗИХАН.



