ОБЛЫС БЮДЖЕТІ НАҚТЫЛАНДЫ

Сессия
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма үшінші сессиясында алты мәселе қаралды.
Сессияда қаралған маңызды мәселенің бірі — облыстық мәслихаттың «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу болды. Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 25-бабына сәйкес кірістердің өзгеруі 2026 жылға арналған облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстарын нақтылауды талап етті. Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов баяндамасында атап өткендей, бюджетті нақтылау кіріс көлемінің ұлғаюы мен жыл басындағы бос қалдықтар есебінен жүзеге асырылуда. Жаңа түзетулер бойынша жалпы 18,7 млрд теңге қаражат бөлінуі жоспарланып, оның 9,8 млрд теңгесі даму бюджетіне бағытталады.
— Бөлінетін қаражат негізінен құрылыс, жол, білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларын дамытуға жұмсалады. Құрылыс басқармасы бойынша 3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде мектептер, спорт және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаржы бағытталмақ. Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар ауданындағы 4 орта мектеп құрылысына 889 миллион теңге жоспарланды. Сонымен қатар политехникалық колледж үшін IT Хаб-қа арналған оқу корпусының құрылысын аяқтауға 383 миллион теңге қарастырылды. Сондай-ақ «Келешек мектептері» жобасы аясында Шұбарқұдық ауылындағы 600 орындық мектепке электр желісінің құрылысына 46 миллион теңге көзделуде, — деді Абзал Әбдікәрімов.
Бюджетті жоспарлау және орындау көбіне бюджет қаражатын бақылау және ұтымды пайдалану тиімділігіне байланысты. Сондықтан депутаттар бюджеттік шығыстарды сапалы жоспарлау, бөлінген қаражатты толық және тиімді игеру жағына назар аударып, қаржылық бұзушылықтарды болдырмау үшін облыстық басқарма басшыларына орындаушылық тәртіпті күшейтуді ұсынды, депутаттық сауал жолдады.
Облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева білім беру жүйесінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қолдану, әсіресе жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Ол цифрлық технологиялар арқылы өңірдің білім беру саласында қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын және алдағы жоспарларды нақтылауды сұрады.
Бұл сауалға облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда білім саласында «Дара бала» платформасы аясында 3 жоба іске асырылуда. Ол — Талдау, Қолдау және Бақылау.
— Біріншіден, жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі талданып, бақыланады. Екіншіден, психологтардың жұмысын жеңілдету мақсатында оқушыларға жүргізілетін психологиялық тесттер онлайн форматқа көшірілді. Жасанды интеллект тест нәтижелерін жедел талдап, мамандарға ұсыныс ретінде ұсынады, — деді басқарма басшысы.
Ал депутат Ербол Данағұлов өңірге қажетті жұмысшы мамандықтар даярлау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қазіргі таңда аса сұранысқа ие мамандықтың бірі — лифтер.
— Қалада көп қабатты тұрғын үйлердің саны артып келеді. Меншік түріне қарамастан, жаңа үйлер салынып жатыр. Сондықтан лифтер мамандығына сұраныс көп. Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінде бұл мамандықты оқытуға база бар, ғимараты жөнделген, енді тек жабдықтар алу қажет, — деді депутат.
Бұл сауалға жауап берген облыстық білім басқармасының басшысы аталған колледжде лифтёр мамандығын ашуға барлық мүмкіндік бар екенін жеткізді.
— Маман да, оқулық та жеткілікті. Енді арнайы кабинет жабдықтау қажет. Ол үшін шамамен 120 миллион теңге қаржы керек. Айта кету керек, бұл мамандық басқа өңірлерде әзірге даярланбайды, — деді Бұлбұл Күзембаева.
Депутат Кәмшат Төлеуова Ырғыз ауданындағы өрт сөндіру қызметінің жағдайына қатысты депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, өрт сөндіру ғимараты ескі, техника талабы сақталмайды, ал шалғай елді мекендер мен жолдың қиындығы бұл қызметке түсетін жүктемені арттырып отыр. Жақында Жайсаңбай ауылындағы іздестіру жұмысы кезінде жол талғамайтын техниканың жоқтығынан сырттан көмек тартуға тура келген.
Облыс әкімі Асхат Шахаров облыс бюджетін тиімді пайдалану бойынша бірқатар тапсырма берді. Ең алдымен, ол салалық басқарма басшыларына әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылауды, жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бюджет қаражатының барынша ашық және ұтымды жұмсалуын тапсырды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында реформаларды жүзеге асыру мен бюджет саясатының тиімділігін арттырудың маңызын атап өтті. Біз облыстық бюджет қаражатының мақсатты әрі ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл ең алдымен әлеуметтік және инвестициялық саладағы бюджеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауға қатысты. Білім беру, медицина және спорт нысандарын салу мен жөндеудің сапасы мен мерзіміне, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ерекше назар аудару қажет. Жауапты басқармаларға жобалардың орындалу барысын қатаң бақылауды, анықталған мәселелерді мерзімінде жоюды және бюджет қаражатының ашық пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жол салу мен жөндеу, көлік қолжетімділігін жақсарту, газдандыру және сумен жабдықтау жұмысын жандандырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық жоспарланған іс-шараның тиімді әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажет, — деп өңір басшысы берілген тапсырмаларды жеке бақылауында болатынын айтты.
Сессияда қаралған барлық мәселе депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.
Арайлым НҰРБАЕВА.



