Басты жаңалықтар

ТӘРБИЕШІ — БАЛАНЫҢ РУХАНИ ЖЕТЕКШІСІ

Балабақша

Қазіргі таңда қоғам дамуының барлық саласында көп өзгеріс орын алып жатыр. Білім беру жүйесі де бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Әсіресе мектепке дейінгі тәрбиеде тәрбиешінің рөлі ерекше мәнге ие.

Заманауи тәрбиеші — білім беруші ғана емес, баланың жан дүниесін түсінетін, оның жүрегіне жол таба білетін рухани жетекші. Сондықтан бала жүрегіне жол табу — заманауи тәрбиешінің ең басты өнері әрі кәсіби шеберлігінің көрсеткіші.

Әр бала — өзіндік мінезі, қабілеті, қызығушылығы бар қайталанбас тұлға. Бала жүрегіне жол табудың алғашқы қадамы — оны тыңдай білу. Көп жағдайда ересектер баланың ойын елемей, өз пікірін ғана дұрыс санайды. Ал заманауи тәрбиеші баланың әр сөзіне мән беріп, оның ішкі жан дүниесіндегі күйзелісті, қуанышты, қорқынышты сезе білуі керек. Бала өз ойын еркін жеткізе  алатын ортада ғана өзін қауіпсіз сезінеді және тұлғалық дамуы қалыптасады.

Қазіргі балалар — технология мен ақпарат дәуірінде өсіп келе жатқан ұрпақ. Олар жылдам ойлайды, сұрақ қоюдан қорықпайды. Сондықтан бүгінгі тәрбиеші дәстүрлі оқыту тәсілдерімен шектелмей, жаңашыл әдістерді тиімді қолдану қажет. Ойын арқылы оқыту, шығармашылық тапсырмалар, диалогтік қарым-қатынас, жағдаяттық сұрақтар баланың қызығушылығын арттырып, оның ойлау қабілетін дамытады.

Тәрбие процесінде тәртіп пен талап та маңызды. Мейірім мен әділ талап  баланы жауапкершілікке, өзін-өзі бақылауға үйретеді.

Заманауи тәрбиеші ата-анамен тығыз байланыста жұмыс істей білуі де маңызды.

Бала тәрбиесі — тәрбиеші мен ата-ананың ортақ еңбегі. Егер осы екі тарап бір бағытта әрекет етсе, баланың дамуы да үйлесімді болады. Сондықтан бала жүрегіне жол таба білген тәрбиеші — қоғамның ең құнды байлығы.

                                                                Бибінұр ҚУАНДЫҚОВА,

№3 «Балауса» бөбекжай-бақшасының тәрбиеші-модераторы.

Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button