Басты жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

Жиын

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қызметі талқыланды. Отырысқа Президент тапсырмасына сәйкес өңірдің инвестициялық омбудсмені міндетін атқарушы облыс прокуроры Марат Әбішев қатысты.

Күн тәртібінде корпорацияның былтыр атқарған жұмысы, қол жеткізген нәтижесі және алдағы кезеңге арналған жоспары туралы есебі қаралды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өңірлік даму институттарын трансформациялаудағы шешуші рөлін бірнеше рет атап өткенін тілге тиек етті. Президент тапсырмасына сәйкес корпорация формалды әкімшілендіруден бас тартып, өңірлердің экономикалық өсімінің нақты драйверіне айналуы керек, ашықтық, өзін-өзі ақтау және нарықтық тиімділік қағидаттарымен жұмыс істеуі, сондай-ақ жеке инвестициялар мен заманауи қаржы құралдарын белсенді тартуға тиіс. Осы тұрғыда «Ақтөбе» ӘКК жүзеге асырып жатқан трансформация Мемлекет басшысының орнықты өңірлік экономиканы дамыту жөніндегі стратегиялық ұстанымдарына толық сәйкес келеді.

Басқарма төрағасы Әуез Таймбетов баяндамасында 2024 жылдан бастап корпорация өңірлік даму институтының орнықты моделін қалыптастыруға бағытталған кешенді трансформация жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Негізгі өзгерістердің қатарында ашық корпоративтік басқаруды енгізу, бизнес-процестерді цифрландыру, қаржылық тұрақтылықты арттыру және нарықтық қаржыландыру құралдарына көшу, т.б. бар.

2024 жылдың қорытындысы бойынша корпорация табысқа қол жеткізіп, облыстық бюджетке тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етті, ал корпоративтік басқарудың тәуелсіз бағалауы «дамыған тәжірибе» деңгейін растады.

Жиында инвестициялық қызмет пен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелеріне назар аударылды. «Ауыл аманаты» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында мыңдаған кәсіпкерге қолдау көрсетілгені, агроөнеркәсіптік кешенде және индустриялық аймақта жобалар жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.

Облыс әкімі индустриялық аймақ аумағын кеңейту мәселесін қарастыруды, жобалардың іске асырылуы мен пайдалануға берілуіне мониторингті күшейтуді, сондай-ақ салалық басқармалармен, «Ақтөбе» АЭА және «Kazakh Invest» АҚ-мен бірлесіп, жаңа инвесторларды тартуды тапсырды.

Асхат Шахаров халықаралық кредиттік рейтинг алу «Ақтөбе» ӘКК мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылуға тиіс екенін алға тартты. Оның айтуынша, тәуелсіз кредиттік рейтингтің болуы инвесторлардың сенімін арттыруға және бюджет қаражатын пайдаланбай, нарықтық шарттармен қаржыландыру тартуға, соның ішінде облигациялар шығару мен борыштық нарық құралдарын қолдануға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты облыс әкімі барлық рәсімді аяқтап, Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігімен шартқа қол қою үшін нақты мерзімдер белгіледі, ал тиісті басқармалар мен корпорацияға бұл міндеттің үйлесімді әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ Асхат Шахаров тұрақтандыру қорының қызметіне көңіл бөлді. Өңір басшысы көкөніс өнімдерін сақтау шарттарына бақылауды күшейту қажеттігін айтты.

Тұрақтандыру қорының жұмысы жүйелі әрі ашық түрде ұйымдастырылуға тиіс. Ол баға тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған, сондықтан өнімді сақтау және өткізу кезеңдерінде барлық талаптың сақталуын қамтамасыз ету маңызды, деді облыс әкімі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на ішкі тексеру жүргізу, тауар өндірушілермен жасалған шарттық міндеттемелерді орындау және жеке жауапкершілікті күшейту тапсырылды. ‍

Облыс прокуроры Марат Әбішев қоғамды ашық әрі айқын ақпараттандырудың, сондай-ақ инвесторлар мен тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button