АРМАНЫ АСҚАҚ АЙСӘУЛЕ

Жас өркен
Бүгінгі білімді ұрпақ — ертеңгі ел тірегі. Осындай ел үмітін арқалаған, таланты мен табандылығы қатар өрілген шәкіртіміздің бірі — Айсәуле Жұмабай. Ол — Кеңес Нокин ауылында орналасқан №65 жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» үміткері.
Айсәуле —1-сыныптан бастап бүгінге дейін үздік оқудан айнымай, жыл сайын мақтау қағаздарымен марапатталып келе жатқан озат оқушы. Ол білім алуда ғана емес, мектептің қоғамдық, тәрбиелік шараларына да белсене қатысып, көзге түсіп жүр.
Айсәуленің жетістіктері — тынымсыз еңбектің, жүйелі дайындықтың және биік мақсаттың айқын дәлелі.
2025-2026 оқу жылында ол 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде ағылшын тілі пәнінен ІІ орын, ал облыстық кезеңінде ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының қалалық кезеңінде ІІ орынға қол жеткізді.
Лингвистикалық олимпиадада да Айсәуле өзінің жан-жақты қабілетін дәлелдеп, қалалық кезеңде — І орын, облыстық кезеңде ІІ орынмен марапатталды.
Алайда оның ең үлкен жетістіктерінің бірі — 2026 жылғы қаңтар айындағы ҰБТ нәтижесі. Айсәуле 138 балл жинап, республика бойынша абсолютті бірінші орын иегері атанды. Бұл — бір оқушының ғана емес, бүкіл мектеп ұжымының зор жетістігі.
Айсәуле болашақта ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуды мақсат етеді. Бұл жолда оған бағыт-бағдар беріп, кәсіби қолдау көрсеткен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бауыржан Тулеповтің еңбегін ерекше атап өткен орынды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара сенім мен еңбектің нәтижесі осындай биік жетістікке жеткізді.
Айсәуле — білімді ғана емес, арманы айқын, мақсаты нық, болашағынан зор үміт күттіретін жас. Осындай шәкірт тәрбиелеу — әр ұстаз үшін үлкен бақыт, зор мәртебе.
Айсәулеге алдағы ҰБТ-да, үлкен өмір жолында сәттілік тілей отырып, биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспін!
Шынар БАЙСҰЛТАНОВА,
Ақтөбе қаласындағы №65 мектептің
математика пәні мұғалімі, сынып жетекшісі.



