Бес жылдық белес

Қаржылық мониторинг
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің құрылғанына биыл 5 жыл толды. Осыған орай Шығармашылық академиясының ғимаратында салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген өңір басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Агенттік қысқа мерзім ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген.
— Бес жыл деген аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде көп жұмыс атқарылды, біраз тәжірибе жинақталды. Агенттік еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Бұл жолда аға буынның, қызметкерлердің еңбегі орасан, — деді Асхат Шахаров.
Өңір басшысы былтыр жобалау және құрылыс саласында анықталған заңбұзушылықтар нәтижесінде 5,3 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты үнемделгенін айтты. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарығында жүргізілген мониторинг барысында шекті сауда үстемеақысын негізсіз арттырудың 27 дерегі анықталғанын жеткізді. Жалпы мөлшері 1 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынған.
Сондай-ақ облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу қажеттігі туралы тапсырмаларын алға тарта отырып, Қаржылық мониторинг агенттігі заманауи технологиялық дамудан артта қалмауға тиіс екенін атап өтті.
Іс-шара аясында аталған саланың дамуына үлес қосып жүрген 10 қызметкер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шарада облыс прокуроры Марат Әбішев, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Қуат Әбдіханов сөз сөйлеп, 7 қызметкерге агенттік медалін тақты.
Ресми бөлімнен кейін қатысушылар назарына Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметі туралы бейнеролик көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Өз тілшіміз.



