ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ — ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА ЖАСАЛҒАН СЕНІМДІ ҚАДАМ
Аманғос ТӨЛЕУОВ,
Қазақстанның Еңбек ері
Жақында Қызылордада Ұлттық құрылтай өтті. Бұл жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқының алдына маңызды әрі жауапты міндеттер қойды. Соның бастысы — Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі.

Кейбіреулер Президенттің шетелдік сапарлары туралы түрлі пікір айтып жатады. Алайда ол сапарлар бекер емес деп ойлаймын. Мемлекет басшысы дамыған елдердің тәжірибесін көріп, олардың озық үлгілерін Қазақстанда қалай қолдануға болатынын зерделеп жүр. Сол ізденістерінің нақты тұжырымдамасы Қызылордадағы Құрылтайда ашық айтылды.
Мен Президентімізді өте білімді, көреген, ел болашағын терең ойлайтын тұлға деп есептеймін. Сондықтан Қазақстан халқы оған сенеді. Ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістер де, Құрылтайдың өзі де уақыт талабынан туған дұрыс шешім. Халық бұл бастамаларды жақсы қабылдап жатыр.
Өзім ауылда тұрғандықтан жерлестеріме, малшыларға, егіншілерге, трактор тізгіндеген еңбек адамдарына жаңа Конституция жобасын түсіндіріп жүрмін. Өзгеріс неге қажет, оның ел үшін қандай пайдасы бар екенін айтып келемін. Көпшілік тарапынан қолдау бар.
Жаңа Конституция жобасымен толық таныстым. Онда ең алдымен адамның құқығын қорғау, ар-намысын аяққа таптамау мәселесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар табиғатты қорғау мәселесіне де ерекше мән берілгені қуантады.
Мен тұратын Қарғалы — Ақтөбе облысындағы ең көрікті ауданның бірі. Алайда соңғы уақытта табиғатты жөнсіз ластау, ағаштарды заңсыз кесу сияқты келеңсіз жағдайлар кездесіп отыр. Енді бұл мәселеге заң деңгейінде ерекше көңіл бөлінетініне қуанамын.
Біз әрдайым келесі ұрпаққа не қалдырамыз деп ойлауымыз керек. Егер таза табиғатты сақтап, елін сүйетін, білімді де еңбекқор азаматтарды тәрбиелеп өсірсек, Қазақстан шын мәнінде өркениетті ел болады деп сенемін.
Көпұлтты қазақстандықтардың ауызбіршілігі берік. Біздің «Степное» ұжымында қазақтармен қатар, орыс, украин, неміс, татар ұлттарының өкілдері еңбек етеді. Бәріміз бір үйдің баласындаймыз: қуанышта да, қиындықта да біргеміз. Біз ешқашан ұлтқа бөлінбейміз. Сөз соңында облыс тұрғындарын алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырамын. Бұл — елдің ертеңі үшін өте маңызды тарихи таңдау.



