ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ БОЛҒАН ҰСТАЗ

Мектеп
Қазақстан тарихында әйелдердің қоғам өміріндегі орны айрықша. Тарихи деректерге сүйенсек, дала саясатында әйел затының елеулі ықпалға ие болғанын байқауға болады. Қазақ әйелдері әдеп пен парасатты табиғатынан бойына сіңірген, ақыл-ойы мен көрегендігі арқылы ел жадында сақталған тұлғалар қатарынан көрінді. Олардың тарихта із қалдыруына әлеуметтік тегі немесе жұбайының беделі ғана емес, жеке басының асыл қасиеттері де зор әсер етті.
Осындай айтулы тұлғалардың бірі — ағартушылық қызметімен танылған Хұсни-Жамал Нұралыханова. Ол — революцияға дейінгі кезеңде білім беру ісіне үлес қосқан санаулы қазақ қыздарының бірі. Қазақтың кең даласында еркін өсіп, өз дәуірінің білімді де зерек жандарының қатарынан көрінген Хұсни-Жамал қайраттылығымен, стратегиялық ойлау қабілетімен, жоғары деңгейдегі білімімен және талғампаздығымен ерекшеленді. Оның киім үлгісі де өзгелерден бөлек болып, көбіне еуропалық және шығыстық сән элементтерін ұштастыра білді. Ұлағатты ұстаз бірнеше тілді меңгерген, өте сауатты тұлға болған.
Хұсни-Жамал балаларға, әсіресе қыз балаларға білім беруді өмірінің басты мұраты санады. Осы мақсатта Омбы әкімшілігімен келісімге келіп, қазақ даласында мектеп ұйымдастыруға атсалысып, өз ұлын да оқуға берді.
Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы 1847-1917 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұл кезең Бөкей Ордасындағы хандық билік жойылып, Ішкі Қырғыз ордасын басқаруда уақытша Кеңес билігі орнаған тарихи уақытпен тұспа-тұс келді.
1841 жылы Бөкей Ордасының Хан Ордасында қазақ балаларына арналған Жәңгір хан мектебі ашылды. Ал 1868 жылы орыс тілінде оқытатын мектептер Владимировка, Новая Казанка, Таловка, Хан Ордасы және Ордадан 12 шақырым қашықтықтағы Нарын елді мекендерінде жұмыс істей бастады. 1879 жылы Ордадағы бас мектеп екі кластық селолық училище болып қайта құрылды.
1883 жылы Хан Ордасында тұңғыш рет қыз балаларға арналған училище ашылды. Алайда алыс ауылдардан жиналған, орыс тілін білмейтін қазақ қыздарының көпшілігі оқу бағдарламасын меңгере алмай, біраз уақыттан кейін елдеріне қайтуға мәжбүр болды. Осы олқылықты байқаған, қыздардың тағдырына бейжай қарамаған Хұсни-Жамал 1894 жылы қыздарды училищеге даярлайтын қысқа мерзімді орысша сауат ашу мектебін ұйымдастырды. Бұл мектеп киіз үйде орналасып, балалар негізінен күн жылы мезгілде білім алған. Оқу ақысыз жүргізілді, ал мектеп мемлекеттік оқу орны ретінде тіркелмеген, оқу мерзімі де нақты белгіленбеген.
Мінезі сабырлы әрі ұстамды Хұсни-Жамал ресми орыс мектебін бітірмегенімен, өзінің алғырлығы, талапшылдығы мен табандылығының арқасында орыс тілін өз бетінше меңгерді. Әйелдердің, әсіресе қазақ қыздарының білім алуына сұлтан қызы Хұсни-Жамал Нұралыханова зор үлес қосты.
Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева, Разия Мендешова, Әмина Мәметова, Ханифа Жақсылықова және тағы басқа адамдар аяулы ұстазы Хұсни-Жамалдың киіз үйдегі мектебінде оқып, алғаш рет орысша сауат ашқан. Олардың барлығы дерлік кейін оқытушы болып қызмет атқарған. Хұсни-Жамалдың шәкірттері өздерінің ұлағатты ұстазынан үлгі-өнеге, білім-тәрбие, ақыл-кеңес үйреніп өскендіктері туралы пікірлерін зор мақтанышпен айтқан.
Орынгүл ЕСІМӘЛИЕВА,
Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі.



