Басты жаңалықтар

МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТЫҢ МАЗМҰНЫ

Жақында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Аталған реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды. Осыған байланысты облыстық мәслихаттың мәжіліс залында жиын өтті.

Жаңа Конституцияның жобасымен танысып, оны талқылауға арналған жиынға ардагерлер, облыстық мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиынның тізгінін ұстаған облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде ой-пікірін өзі бастап ортаға салды.

— Жалпы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысының негізгі мақсаты — елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған, қоғамның сұрнанысына сай жаңа Конституция жобасын әзірлеу болды. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, сарапшылар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері енді. Осы комиссияға мен де мүшемін. Бұл — үлкен сенім әрі жауапкершілік. Комиссияның жұмысы барысында ел тұрғындарынан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Оның ішінде электронды платформалар  арқылы келіп түскен өтініштер де көп болды. Бұл халықтың реформаларға бейжай қарамайтынын көрсетеді, — деді Гүлқасима Сүйінтаева. Одан әрі қарай ол баяндамасын оқып, жаңа Конституция жобасының әр бөліміне тоқталып, кеңінен түсіндірді.

Одан соң облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Тәттігүл Талаева сөз сөйлеп:

— Жаңа Конституция жобасында еліміздің негізгі ұлттық құндылықтары, адам құқықтары мен бостандықтары, әділеттілік пен заң үстемдігі нақты айқындалды. Мемлекеттік басқару жүйесі жетілдіріліп, халықтың билік және егемендіктің басты иесі екені заң жүзінде бекітілді.

Құжатта саяси жүйені дамытуға, өңірлердің рөлін арттыруға, азаматтардың әлеуметтік, экологиялық және цифрлық құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды жаңашылдықтар бар. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты — әділетті, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті Қазақстан қалыптастыру. Енді түпкілікті шешімді халық жалпыұлттық референдум кезінде қабылдайды. Сондықтан әрбір азамат бұл тарихи таңдауға белсенді әрі жауапкершілікпен қатысуға тиіс, — деді.

Облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Вишняк жаңа Конституцияда Халық кеңесіне ерекше мән берілгенін атап өтті.

— Бұл — мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін, ашық әрі қолжетімді қоғамдық алаң. Оған еліміздің кез келген азаматы, өзге этнос өкілдері мен кәсіпкерлер қатыса алады. Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын ұсыну құқығына ие. Осы арқылы азаматтардың пікірі мемлекеттік шешімдерге тікелей ықпал етеді. Бұл — халыққа берілген нақты конституциялық мүмкіндік.

Сонымен қатар еліміздің президенттік басқару нысаны сақталып, «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидаты нығайтылды. Халықтың егемендіктің бірден-бір иесі ретінде бекітілуі биліктің жауапкершілігін арттырады. Ал жалпыхалықтық референдум институтының енгізілуі маңызды мәселелерді ел болып шешуге жол ашады, — деді депутат.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Әбдуахат Мырзалин жалпы өзгерістер мен толықтырулар Ата Заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілгенін, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызы екенін айтты. Алға ауданының мәслихат төрағасы Марат Төлеуов те тұшымды ойларын ортаға салды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button