Басты жаңалықтар

ТАРИХИ ТАҢДАУ АЛДЫНДАҒЫ ТАЛҚЫ 

Дүйсенбі күні облыс әкімдігі ғимаратында жаңа Конституция жобасы талқыланды. Атқарушы билік өкілдері, онлайн режимде қосылған аудан әкімдері, белсенділер арнайы комиссияның жұмысы жөнінде де пікір алмасты.

Жиынды ашқан облыс әкімі Асхат Шахаров ел дамуының келешегін айқындайтын Конституциялық комиссияның жұмысы және жаңартылған Ата Заңның жобасын талқылау маңызды мәселе екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Конституциялық реформа қоғамның сұранысына негізделіп, халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Ата Заң жобасы еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Бұл реформа ашықтық, диалог және қоғамдық келісім қағидаттарына сүйене отырып жүргізілуде. Конституциялық комиссияның құрамына қоғамның барлық әлеуметтік тобы мен өңірлерден өкіл енгізіліп, ұсыныстар кеңінен талқыланды, — деді.

Облыс әкімінің айтуынша, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру, оның маңыздылығын жан-жақты талқылау және алдағы түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру — өңірдегі әртүрлі деңгейдегі басшылардың міндеті.

Дей тұрғанмен Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылатыны айтылды. Бұл жақында ғана өткен Ұлттық құрылтай отырысында да Мемлекет басшысы тарапынан нақтыланған болатын.

Конституциялық комиссияның жұмысы және Мемлекет басшысының бастамалары туралы облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева:

Қазақстан Президентінің Жарлығымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамына енгізілдім. Бұл — үлкен сенім әрі жауапкершілік.

Комиссия жұмысының негізгі мақсаты елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған, қоғамның сұранысына сай жаңа Конституция жобасын әзірлеу болды.

Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, сарапшылар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің төрағалары, азаматтық қоғам өкілдері енді.

Жұмыс барысында қазақстандықтардан екі мыңнан астам ұсыныс түсті, оның ішінде электронды платформалардан келіп түскен өтініштер де көп болды.

Бұл халықтың реформаларға бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде еліміздің басты ұлттық құндылықтары айқын әрі нақты көрініс тапқан. Онда қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен өркениеттің терең тарихи тамыры, Ұлы даладағы мемлекеттер сабақтастығы атап көрсетіледі.

Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы өзгермейтін қағидат ретінде бекітілген.

Сонымен қатар кіріспеде «Әділетті Қазақстан» құндылығы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты нақты белгіленген.

Адам құқығы мен бостандығы мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланып отыр.

Этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамдық бейбітшілік пен орнықты дамудың негізі ретінде көрсетілген. Білім, ғылым, мәдениет пен инновация елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты фактор ретінде айқындалды.

Табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық жауапкершілік те жалпыұлттық құндылық ретінде бекітілген.

Конституцияның бірінші бөлімінде мемлекеттің басқару нысаны нақты айқындалды. Қазақстан — президенттік республика. Президент мемлекет пен атқарушы биліктің басшысы болып қала береді.

Бұл «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. 

Маңызды жаңалықтың бірі — халық мемлекеттік биліктің ғана емес, егемендіктің де бірден-бір иесі екендігі нақты бекітілді. Бұл норма мемлекеттік биліктің заңдылығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.

Сонымен қатар республикалық референдум ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертілді. Бұл ең маңызды мәселелерді бүкіл халықтың тікелей қатысуымен шешуге бағытталған.

Азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілікті күшейтетін заңдардың кері күші болмайтыны нақты белгіленді. Бұл — құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ететін және әділеттілік қағидатына сай келетін маңызды норма.

Конституцияның екінші бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталып, адам құқықтарына ерекше мән берілген. Өмір сүру құқығы абсолютті әрі ажырамас құқық ретінде бекітіледі. Әр адамның жеке бас бостандығына кепілдік беріледі.

Ар-намыс пен қадір-қасиеттің қорғалуы, жеке өмірге қол сұқпау, жеке және отбасылық құпияны сақтау, дербес деректерді қорғау нормалары кеңейтілді.

Цифрлық технологияларды қолдану кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау алғаш рет Конституция деңгейінде нақты көрсетіліп отыр.

Еңбек ету құқығы нақтыланып, әр азаматтың табиғатты қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау міндеті бекітілді.

Экологиялық жауапкершілікті Конституцияда көрсету тұрақты даму саясатының берік құқықтық негізін қалыптастырады.

Президент бөліміне бірқатар маңызды түзету енгізілді. Жаңа институт — Вице-президент лауазымын енгізу жоспарлануда. Вице-президент Президенттің тапсырмасымен ел ішінде және халықаралық деңгейде өкілдік етеді. Бұл лауазым иесінің партиялық немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салынады, бұл саяси бейтараптықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Парламент орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Құрылтай 145 депутаттан тұрады және бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланады.

Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару үдерісінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобаларын үш оқылымда қарау тәртібі енгізіледі.

Сонымен қатар Құрылтайда әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған партиялық квоталар сақталды. Түпкі мақсат — кәсіби және тиімді Құрылтай қалыптастыру.

Құрылтай Конституциялық Соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын бекітуге өкілеттік алады.

Жаңа Конституцияда Қазақстан Халық Кеңесі деген жоғары консультативтік орган құрылады.

Кеңес заң шығару бастамасын көтеру және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы ұсыныс енгізу құқығына ие болады.

Сонымен қатар Конституциялық Соттың мәртебесі күшейтіліп, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз орган ретінде бекітіледі.

Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бөлімі де қайта қаралды.

Бұл өзгерістер өңірлердің рөлін күшейтуге, жергілікті деңгейде шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Қорытындылай келе, Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық өтті. Барлық отырыс тікелей эфирде көрсетілді.

Біз комиссия мүшесі ретінде тек Конституция жобасын дайындадық. Ал түпкілікті шешімді Қазақстан халқы жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды.

Бұл — еліміздің болашағына қатысты тарихи таңдау. Сондықтан әр азаматтың саналы          түрде қатысуы аса маңызды, — деп сөзін түйіндеді.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Конституция жобасы бойынша көтерілген ұсыныстар мен айтылған ойлар қоғам үшін аса өзекті екенін айтты.

Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өзгерістер халықтың тікелей қатысуымен, ашық және әділ форматта іске асырылуда. Осы орайда баршаңызды жаңа Конституция жобасын қолдауға, сондай-ақ оның негізгі бағыттары мен маңызын тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамын, — деді Асхат Шахаров.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button