Денсаулық

Оба — аса қауіпті ауру

Обаның табиғи ошағы Қазақстанның 39 пайыз жерін қамтиды. Негізінен бұл аурудың инфекциясы табиғаттағы жабайы кеміргіштерде сақталады. Олардың арасында инфекцияны бүргелер тасымалдайды. Бірінші залалданған адамда оба бубонды, септикалық немесе біріншілік өкпелік формасы түрінде өтеді.

Ауру инфекциясының жұғу механизмдері де әртүрлі. Егер ауру тасымалдаушы бүрге адамды шақса, оны трансмассивті жұғу деп атаймыз. Айта кету керек, мысық және ит бүргелері бұл ауруды таратпайды. Обаның өкпелік түрі кезінде инфекция ауа арқылы сыртқы ортаға тарайды. Сондай-ақ, бұл науқас адамның пайдаланған заттары арқылы да жұғады.

Адам ауру инфекциясын жұқтырған жағдайда қалтырайды және науқастың қызуы тез жоғарылайды, 39-400С-қа дейін көтеріледі. Әлсірейді, жүрегі айниды, кейде құсу-ауруға тән белгілері, бұлшық ет ауырсынулары болуы мүмкін. Алғашқы уақытта жүрек қан-тамыр жүйесінің зақымдану белгілері дамиды.

Обаның біріншілік терілік формасы өте сирек және өтпелі түрде дамып, тері бубонды түрінде жергілікті өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Сондай-ақ, некрозды жара, сыздауық, гемморагиялық карбункул секілді дамиды. Некрозды жараға ауыспалы кезеңдер тән: дақ, папула, везикула, пустула, жара, терілік жаралар ұзақ уақытқа дейін тұрып, тыртық болып жазылады.

Ал обаның бубонды түрінің негізгі белгісі —  ауырсынуы бар лимфа түйінің ісінуі. Бубондардың орналасуы қоздырғыштың ену орнына байланысты, бірақ, негізінен шап аймағында, сосын қолтық, мойын аймағында орналасады. Алғашқы күндері бубон кішкентай болады, сосын лимфа түйіні ісінеді. Бұл жайылған ісіну алғашқы күндері шеміршек тәрізді тығыз болады. 8-12 күнде бубон жарылып, қою жасыл сары ірің бөлінеді. Қазіргі антибактериалды ем нәтижесінде бубонның жарылуы сирек кездеседі, олар сіңіріліп, склерозданады. Сонымен қатар, бубондардың дененің жоғары бөлімінде орналасуы оба менингитінің асқынуына әкеледі. Бұл асқыну емді кеш бастаған кезде болады.

Обаның өкпелік түрінде де қызу көтеріліп, әлсізденеді, кеуде аймағы ауырып, жөтел пайда болады. Өлім жағдайы көбіне тыныс алудың жиілеуінен, церкуляторлы жетіспеушіліктен болады.

Аурудың белгілері біліне бастаған алғашқы сәтте бірден дәрігерге көрініңіз. Одан әрі оба ауруына алынатын мынадай зертханалық материалдарды тапсырыңыз:

10 мл қан — екі пробиркаға 5 мл; қақырық; бубоннан пунктат; тамақтан жұғынды (мазок из зева).

Ем осы материалдар алынып, зерттелген соң ғана тағайындалуы тиіс.

Нұргүл ҚАРЫМСАҚОВА,

микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының оқытушысы.

Әйгерім СӘРСЕНОВА, лаборант.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button