Ерліктің естеліктері
Жақында Ақтөбе кооперативтік колледжінің директоры Сәуле Берестинова бастаған мұғалімдер мен оқушылар Ұлы Отан соғысының ардагері Мәлік Мавлюдовты үйіне Жеңіс күнімен құттықтап барды.
Мәлік Мавлюдов облыстың қаржы саласында 54 жылдан астам уақыт еңбек етті. Бастапқыда Ойыл ауданында, кейін Ақтөбе қаласында облыстық тұтынушылар одағында түрлі қызметтер атқарған. 20 жыл қатарынан колледжде өткен мемлекеттік емтихандарда комиссияның төрағасы болыпты.
Майдангер ақсақал оқушыларға сұрапыл соғыс жылдары майдандас достарының көрсеткен ерліктері туралы баяндады. Отан қорғау жолында өзі қатысқан Воронеж қаласын азат етудегі, Сталинград түбіндегі шайқастар туралы кеңірек әңгімеледі.
Өз кезегінде колледж басшысы Сәуле Берестинова Мәлік ақсақалды Ұлы Жеңістің 67 жылдығымен құттықтап, гүл мен ақшалай сыйлық табыс етті.
Мәлік ақсақал колледж ұжымына көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдірді.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.
7 ардагерге құрмет көрсетілді
Қалалық екі айлық сенбілік аясында Благодар селолық округіне қарасты Садовый ауылындағы бастауыш мектепте де таза бейсенбі және сенбілік шаралары жиі-жиі өткізіледі.
Біздің Садовый бастауыш мектебінде бір Ұлы Отан соғыс ардагері, алты тыл ардагері тіркелген. Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында мектеп оқушылары жеті ардагердің үй қабырғаларына «Бәйтерек» логотипін жапсырып, аулаларын жинастырып, қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, ардагерлерді 8 мамыр күні мектепте өтетін концерттік бағдарламаға және мерекелік дастарқанға шақырды.
Сенбілікте Садовый ауылында тұратын, бірақ оқуларын Пригород орта мектебінде жалғастырып жүрген 5-11 сынып оқушылары белсенділік танытуда. Бірнеше апта бойғы сенбіліктер барысында еңбектеніп жүрген Азамат Асанов, Әмина Шәріпова, Манар Отарбаева, Гүлһар Махамбетова, Аяжан Абдуллина, Бақытжан Максимов, Бекет Закенов секілді оқушылар ауылдықтардың алғысына бөленуде.
Айтпақшы, Садовый ауылындағы жаңа мектеп құрылысы да ойдағыдай бой көтеріп келеді. Мектепті салуға тікелей ықпал еткен Ақтөбе облысы әкімі А.Мұхамбетовке Садовый бастауыш мектебі ұжымының және ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Балалар да осы мектептің аяқталуын асыға күтіп жүр.
А.БАЛЖАНАЙ.
Батырдың тойы басталды!
Кеңестер Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевтың туғанына биыл 100 жыл толады. Соған байланысты кең ауқымдағы шаралар облыс көлемінде басталып та кетті.
Ерді елі қашан да іздеп отырады ғой. Облысымызға белгілі ардагер ағалардың бірі, ұзақ жыл аудан басқарған Нұрқожа Орынбасаров батырмен бір ауылда өскен екен. Оның інісі Ысқақпен бірге ойнап, балалық шақтарын бірге өткізіпті. Кейін жас жігіт Нұрекең аудандық комсомол комитетінде қызмет атқарғанда Ідіріс Талдықұм бастауыш мектебінде сабақ берген. Сол кезде олар қызмет бабында жиі жолығысып, пікірлес болып тұрады. Нұрғожа аға кейін айтқан естеліктерінде Ідіріс мұғалімнің белсенді, қоғамшыл, өте мәдениетті, қарапайым жолдас ретінде жадында сақталып қалғандығын келтіреді. Ол үлкендердің де сауатын ашып, комсомолдардың саяси үйірмесіне жетекшілік еткен.
Нұрекең сыйлас болған ағасын кейін де ұмытқан жоқ. Беріректе Темір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезінде Шалқардағы аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакторы Тауман Төрехановқа өтініш жасап, Ідіріс батыр туралы қалам тербеттірді. Көп ұзамай журналистің «Сарқылмас ерліктен туған даңқ» атты очеркі дүниеге келді. 1982 жылы жазылған сол туынды батыр туралы шежіре-баяндар қатарын лайықты түрде толықтырды.
Шалқар қаласындағы №496 орта мектепке сонау 1964 жылы Ідіріс Үргенішбаев есімі берілуі — ерлікті ескерудің елдік үлгісі іспетті болып еді. Шалқар ауданын басқарған жылдарында арғы-бергіні ақылға салып, салмақтап отыратын азамат Мәлік Жекеев өзі бас болып батыр рухын тірілтуге көп қызмет етті. Сол уақыттарда қаланың басты көшелерінің біріне ескерткіш қойылды.
Шалқар аудандық мұражайында батырға арналған экспозиция жинақталған. Онда майдангердің өмір жолын қамтитын құнды заттар мен құжаттар сақтаулы. Бұл жәдігерлердің арасынан Ідірістің 1942 жылы зайыбы Жәмиламен бірге түскен суреті, жас жұбайлардың неке куәлігі, мұғалімнің еңбек кітапшасы, Ідіріс директор болған бастауыш мектептің қоңырауы, батырдың ер-тұрманы, сондай-ақ мұғалім болған кезінде білімін жетілдіру мақсатында қысқа мерзімді курстардан алған әр түрлі куәліктері көзге түседі.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында да батыр өмірінің әр кезгі белестерінен дерек беретін құнды мағлұматтар бар. Осында 2004 жылы арнайы өткізілген кеш рухқа тағзым етудің өнегелі бір шарасына айналды. Осы кездесуге батырдың келіні Зиягүл Үргенішбаева, немересі Арман Есенгелдіұлы шақырылды.
2005 жылы тарих ғылымының кандидаты Беркін Құрманбеков зерттеулер жүргізіп, батыр туған өңірге арнайы сапар шегуі нәтижесінде «Ідіріс Үргенішбаев» атты еңбекті дүниеге әкелді.
Батырдың майдан жолы туралы бірер сөз. Ол 1942 жылы әскер қатарына алынады. 1943 жылы 1-5 қазан күндері Днепр өзенінен өту кезінде немістердің қарсы шабуылы кезінде жаудың 90 солдатының көзін жояды. Осы ерлігінің өзі оны өшпес даңқа бөледі.
Шалқарлық ақын Зиядин Әбдуалиев «Өшпеген жалын» атты дастан жазды.
Қарады маған бір аға,
Қабырғадағы суреттен.
Ерлігі тірі — мұраға,
Елімді сүйген құдіреттен.
Мектеп те оның атында,
Мирасын күтіп ұстайық.
Халқымның мәңгі жадында:
Ідіріс Үргенішбаев!—
деп толғады ол.
… Талдықұм атты шағын ауылдан отыз бір боздақ майдан даласынан елге оралмапты. Солардың бірі — Ідіріс Үргенішбаев еді.
Міне, соғыс өрті сөнгеніне де алпыс жеті жыл болды. Арада қанша кезең аунап түссе де, ерлік ізі өшпейді. Жаңғыра береді. Батыр Ідіріс Үргенішбаевтың бүгін бастау алған ғасыр тойы да соның дәлелі болмақ.
Әлия ҚҰЛМАҒАМБЕТОВА.
Бір күндік жалақыларын аударды
Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне орай Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде Ұлы Отан соғысының және облыс бойынша қаржы полициясы органдарының ардагерлерімен кездесу өтті.
Жиында департамент басшысы Қайрат Бижанов ардагерлерді мерекелерімен құттықтап, сыйлықтар табыс етті. Ал ардагерлер кеңесінің төрағасы Мирлан Сатыбалдин департамент басшылығына алғысын білдіріп, кеңестің алдында тұрған өзекті мәселелерге тоқталды. Оның ішінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына материалдық көмек көрсету, зейнеткерлердің және олардың отбасында орын алған әлеуметтік жағдайларға байланысты кеңес тарапынан қол ұшын созу секілді мәселелер сөз болды.
Бұдан соң департамент қызметкерлері мерекеге орай Ақтөбе облысы бойынша қаржы полициясы ардагерлерінің қоғамдық кеңесінің қорына бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ мереке қарсаңында ардагерлердің қатысуымен футбол, шахмат турнирлері өткізілді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Ғибратты құрмет
Жеңістің 67 жылдық мерекесіне орай Ақтөбе қаласындағы №5 орта мектепте «Қаһарман ұрпаққа мың тағзым» атты шара өтті. Оқушылар Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Каблаевтың үйіне барып мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыс етті. Ардагерге арнап өлең айтып, ән салды. Петр ақсақал балаларға ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды. Соғыс жылдарындағы жауынгерлердің ерлігі туралы әңгімелеп берді. Кездесудің оқушылар үшін ғибраты мол болды.
Г.ІЗТАЕВА,
мектеп директорының бастауыш сынып жөніндегі орынбасары.
Майдан куәгерлері
Жақында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың абонемент бөлімі Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесу кешін ұйымдастырды. «Отан үшін от кешкендер» деп аталатын шараға жоғары оқу орындарының студенттері, арнаулы оқу орындарының оқушылары, №37 мектептің оқушылары және кітапхана оқырмандары қатысты.
Шара алдында «Отан үшін от кешкендер» атты фото-шежіре слайд көрсетілді. Абономент бөлімінің кітапханашысы Н.Бердіғалиева «Отты жылдар» деп аталатын кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Жиын майданда қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Одан соң Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұса Алданиязов, Өтеш Жалмағанбетов, Ғанибай Аманғосовтардың естеліктері тыңдалды. Ардагерлер жауынгерлердің қан майданда Отан қорғау жолындағы ерен ерліктерін баяндады. Өздері ие болған орден, медальдардың қандай ерліктері үшін берілгендіктерін айтты. Майдангерлер әңгімелерінің соңында елімізге тыныштық, бейбіт өмір тілеп, Ұлы Жеңістің 67 жылдығымен құттықтады.
Басқосу барысында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері Жадыра Арыстанова («Бұрым»), Гүлсім Юсупова («Әлия»), облыстық халық шығармашылығы үйінің әншісі Роза Жуминалар («Катюша», «Лейтенант») өнер көрсетті.
Кеш соңында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директорының орынбасары Қ. Абдрахманова кеш қонақтарына алғыс айтып, ардагерлерге гүл шоқтарын ұсынып, сыйлықтар табыс етті. Жастар ардагерлермен бірге естелікке суретке түсті.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Күтумен өткен ғұмыр
Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 67 жыл толады. Бұл — сол сұрапыл соғыс кездері халықтың ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, егін даласында жүрген, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Жеңіс күнін соғыста өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды.
Менің әжем Мағрипа Матайқызы өмірінің соңына дейін соғыстан оралмаған аяулы жарын тосумен өтті. Саналы ғұмырының соңғы сәтіне дейін Ұлы Отан соғысы туралы түсірілген деректі фильмдер көрсетілсе, елең ете қалатын. «Қараңдаршы, сендердің аталарың жайында хабар беріп қалар», — деп немерелерін теледидардың алдына қаз-қатар отырғызып қоятыны әлі есімде.
Мағрипа әжем де ел қатарлы Жеңіс күнін тойлайтын, қуанатын. Әйтсе де, сұм соғыс жылдарында азаматынан көз жазып қалған әжем бізге бұл күні атамыз туралы, оның мінез-құлқы, адамгершілігі жайында айтудан жалықпайтын.
Зұлмат жылдар әжемнің шешесі Ақбала Оралбайқызына да қайғы-қасірет әкелді. Төрт баласы бірдей майданнан оралмаған ананың жанына медеу болу үшін әжем баласы Тәкібайды ертіп, біржола төркіні тұрған мекен — Талдықұмға қоныс аударады. Сондағы мақсаты — екі жасар немересі Орынбасармен қалған анасы Ақбаланы қамқорлыққа алу еді.
Екеуі біріне-бірі сүйеу болып, бұғанасы бекімеген балаларды жетектеп жүріп, жеткізеді. Қиын күндерді бастарынан өткерсе де, еш мойымай, ақ жолдан таймай, қайсарлықпен күн кешеді.
Әжем ағайынның арасында өте сыйлы болды. Сымбатты, сырбаз, он саусағынан өнері тамған шебер кісі болатын. Соғыс жылдары күндіз кеңшар жұмысы, ал түнде майдангерлерге қолғап, шұлық тоқып, тері илеп, тон шалбар тіккендерін айтып отыратын.
Денсаулығы сыр алдырғанға дейін немерелерге қисса-дастандар мен ертегілер, батырлар жырларын айтудан жалықпайтын. Әсіресе, әжемізден «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек» ертегісі мен «Жүсіп-Зылиха» дастанын жиі-жиі айтып беруін өтінетінбіз.
Бауырмалдық, ананы құрметтеуді ісі арқылы мойындатып, кейінгі ұрпаққа өнеге, тәлім-тәрбие беруден еш жалықпаған әжем өмірінің соңына дейін соғысқа кеткен бауырлары мен жарын күтуден күдер үзген жоқ.
Әулетке ғана емес, бір ауылға көрік беріп, өз ісімен кейінгі келіндерге өнеге болған асыл әжемнің тәрбиеге толы ғибратты сөздері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғырып келеді.
Клара ТӘКІБАЙҚЫЗЫ.
Жылтыр селосы,
Шалқар ауданы.
Тағзым шеруі
Жеңіс күні әуенін әуелеткен біздің Қарғалы ауданы орталығы да салтанатты күйге бөленді.
Ұлы Жеңістің 67 жылдығы мерекесіне орай аудан әкімдігі тұсына жиналған тыл еңбеккерлері, мекемелер қызметкерлері мен ауыл тұрғындары сап түзеп, Ұлы Отан соғысынан оралмаған жерлес жауынгерлерге арналған «Мәңгілік алау» ескерткішіне бет алды. Топ-топқа бөлінген мерекелік шеруді Ұлы Отан соғысының ардагерлері мінген көлік бастап отырды. Мерекелік шеру тоқтаған Тағзым скверінде ел Әнұраны ойналып болғасын, жиналғандар майдан даласында қаза болған боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Әуелі аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев қарғалылықтарды мерекесімен құттықтап, ауданымыздың көп ұлтты халқымен бірге жеңімпаздық рухын биік ұстап келе жатқандығын әңгімелеп, ардагерлерге егемен елдің перзенттері атынан алғыс айтты.
Өз кезегінде сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері Темірболат Қайсаров:
— Жас ұрпаққа ардагерлер атынан алғыс айтамын. Қазіргі таңға дейін бетімізден қақпайтын халқыма, әрқашан көмектерін беретін, «Ардагер ата!» деп қадірлейтін мектеп оқушыларына, ұстаздар мен мекеме қызметкерлеріне, үлкенді сыйлайтын басшыларға үлкен рахмет! Майдангерлерін қадірлеген халық қана өсіп келе жатқан ұрпақтан игілікті істер күте алады! Жеңіс құтты болсын, аспанымыз ашық болсын! — деді.
Құттықтау тілектер мен естеліктер айтылып болғасын, Мәңгілік алауға аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев пен Ұлы Отан соғысының ардагері Темірболат Қайсаров бастаған аудан орталығындағы мекемелердің басшылары, ардагерлер, мектеп ұжымдары гүл шоқтарын қойды. Боздақтар еске алынып, автоматтардан оқ атылды.
Индира СПАНОВА
Қарғалы ауданы.
«Ұрпақтың» ұраны
Ақтөбе қаласындағы №30 «Ұрпақ» мектепке дейінгі ұйымында Жеңіс мерекесіне арналған шара өтті.
Бұл күні балабақша ауласына түрлі жалаушалар мен шарлар ілініп, күйтаспадан мерекелік әуендер ойнатылды. Ересек және ортаңғы топ бүлдіршіндері мерекелік шеруде «Мен де ұлан боламын!» атты ұранмен әскери киім киіп, балабақша ауласын бір айналып өтті. Бұдан өзге, мереке қарсаңында балабақшаның барлық топтарында балалармен «Ерлікке тағзым — тарихқа құрмет» тақырыбында әңгімелесу сабақтары жүргізілді. Еркін әңгімелесу сабағында бүлдіршіндерге Ұлы Отан соғысының ардагерлері олардың ерліктері туралы кеңінен түсінік беріліп, жас ұрпақты Отанды сүюге, үлкенді құрметтеуге арналған тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтылды.
Балабақшада ұйымдастырылған «Отан үшін от кешкендер ешқашан ұмытылмайды» тақырыбындағы тәрбие сағаттарынан бүлдіршіндердің ұққандары көп.
Мамыр мерекелеріне арналған шаралардың бірі — Отан қорғаушылар күніне арнап балабақшаның ересектер және ортаңғы топ бүлдіршіндері салған суреттер Жеңіс мерекесі күні көрмеге қойылды.
Роза ТІЛЕУОВА,
№30 «Ұрпақ» балабақшасының әдіскері.
Ақтөбе қаласы.
Атаның ақ батасы
Жеңіс күніне орай Құршасай орта мектебінде «Ардагерге сыйлығым» атты ұранмен оқушылар тылда еңбек еткен ардагердің бірі Кенжеғазы Бермағамбетов ақсақалға көмектесті. Ардагердің ауласын тазартты. Кенжеғазы атай балаларға сол бір қиын-қыстау заман туралы әңгімелеп, ақ батасын берді.
Сондай-ақ мереке қарсаңында мектепте «Жеңіс жасасын!» атты патриоттық әндер байқауы өтті. «Жеңіс. Естеліктер. Отаншылдық» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге «Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады» атты тақырыпта мерекелік концерт ұйымдастырылып, ардагерлерге ақ дастарқан жайылды. Жаңақоныс селолық округінің әкімшілігі атынан ардагерлерге сыйлықтар табыс етілді.
Замира СИСЕНОВА,
мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Ардагерлердің ақ батасын алды
«Ұлы ерлік — ұрпаққа үлгі» атты Жеңіс мерекесіне арналған шара Ақтөбе қаласындағы №50 орта мектепте өтті.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша мектеп ұжымы Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласындағы, соның ішінде Заречный елді мекенінде тұратын соғыс жауынгерлеріне құрмет көрсетіп, сый-сыяпат ұсынуды әдетке айналдырған. Бұл жолы мерекелік шараға қырыққа жуық соғыс жауынгерлері мен тыл еңбеккерлері шақырылды.
Қонақтарды Жеңіс мерекесімен құттықтаған мектеп директоры Мейрамгүл Құдайбергенова былай деді:
— Ерлік пен елдіктің ерен рухын паш еткен Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ел басына күн туған кезеңде кешегі жауынгер, бүгінгі ардагерлер қайсарлық пен қаһармандық танытып, Отан үшін от кешті. Жауынгер аталарымыздың ерліктерін өскелең ұрпаққа таныту — біздің міндет. Ардагерлеріміз жасаған ерен ерлік — ешқашан ұмытылмайды, жыл өткен сайын жадымызда жаңғыра түспек, — деді ол.
Мерекелік шара мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Жастар әскери және патриоттық әндер шырқап, соғыстың отты жылдарынан көрініс қойды.
Ардагерлер атынан мектеп басшылығы мен ұжымына, өнерлі оқушыларға алғысын айтып, ақ батасын берген қариялар Шайдулла Қажығалиев пен Құсайын Шанбаевтың ғибратты сөздерін жастар ұйып тыңдады.
— Біз жастайымыздан соғыстың от жалынынан өттік, ажалмен бетпе-бет кездестік. Келешек ұрпақ ешқашан соғыс өртін көрмесін. Заманымыз тыныш, ұрпақтарымыз аман болсын, — деп тіледі ақсақалдар.
Кеш соңында мектеп ұжымы қарияларға мерекелік сый-сыяпат ұсынды. Жастар ардагерлермен бірге естелік суретке түсті.
Алмира ЖӘЛІМБЕТОВА,
мұғалім.
Ақтөбе қаласы.
Әкеміз сыйлаған мереке
Жеңіс күніне біздің отбасымызда қай кезде де ерекше мән берілетін. Жыл сайын әкеміз нақ осы күнді «тәубе, шүкір» деп атап өтетін. Соған бала кезімізде соншалықты мән де бермеппіз. Ал есейе келе, әсіресе, әкеміз өмірден өткен соң осы тұрғыдан көбірек ойланатын болдық.
Әкеміз Жұмағали Өтешов 1941 жылдың желтоқсан айында он бестен он алты жасқа қарап тұрған бозбала кезінде Шалқар қаласындағы әскери комиссариат арқылы майданға аттаныпты. Өзі үнемі айтып отыратындай, 1942 жылдың қаңтар айында Ржев маңындағы №688 жаяу әскер полкінде, 1943 жылы қайта құрылған сол майдандағы №143 жаяу әскер полкінде қатардағы жауынгер ретінде сапта болған. Он алты жасар жас балаға соғыс талабына үйрену оңайға соқпағанын айтып отыратын. Тіпті бойының шағындығын «пайдаланған» ұзын бойлы солдаттар өздерінше әлімжеттік те жасаған секілді, бірақ қайсар мінезді әкем қиындыққа төзіп бағады.
1943 жылы арнайы оқу-жаттығудан өткен әкемді әскери басшылық №145 батальонның саперлер бөлімшесіне жіберіп, жау миналарынан тазарту жұмысына қосады. Саперлердің өмірде бір-ақ рет қателесетінін біз әкеміздің аузынан жиі еститін едік.
Осындай қауіп-қатер ортасынан әкеміз елге аман-есен 1945 жылдың орта шенінде оралады. Оның кеудесінде ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, басқа да жауынгерлік медальдар жарқырап тұратын.
Ол соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласында тынымсыз еңбек етті. Мал дәрігерлік жоғары білім алды. Сол мамандығына сай «Сарыбұлақ», «Айшуақ» кеңшарларында ұзақ жыл бас мал дәрігері болды. Сол шаруалар басындағы еңбек жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалін иеленді.
Әкеміз шаруашылықта еңбек еткен кездерінде бірнеше апталап үй көрмей, жазда жайлауда, қыста қыстақтарда көп жүретін. Содан шаршап-шалдығып үйге оралғанда балаларының үлкендерін аймалап, кішілерін төбесіне көтеріп, бір мәз болатын.
Міне, оның өмірден өткеніне де ширек ғасырға жақындап қалыпты.
Біз әкемізді, оның ерлік жолдарын ұмытпаймыз. Жыл сайын ұл-қыздары болып әр шаңырақта «бұл мереке — бізге әкеміз сыйлаған мереке» деп атап өтеміз.
Лариса ӨТЕШОВА,
Шалқар қаласы.



