Мереке

Қазақстанның Қарулы Күштері: Кеше, бүгін, ертең

7  мамыр — Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше күн. Осыдан 20 жыл  бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері құрылды. Содан бері бұл күн — Отан қорғаушылар күні болып мерекеленіп келеді.

Тәуелсіз елдің тыныштығын сақтайтын Қарулы Күштердің қалыптасуы үшін 20  жыл көп уақыт емес. Осы жылдар ішінде Елбасы,  Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жоғары жауынгерлік әзірліктегі армия құрылды деуге толық негіз бар. Әскеріміз айбынды. Қорғаныс өнеркәсібінің дамуы қарқынды. Әскери қызметкерлердің тұрмысы жақсы: жалақысы жоғары. Оларды баспанамен қамтуды да мемлекет міндетіне алып отыр.

Мереке қарсаңында Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты қандай екендігін білмек ниетпен әріптесіміз, Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы, полковник Қайсар Мұғаловты әңгімеге тартқан едік.   

 

Қарулы Күштер қалай құрылды?

 

Мемлекеттік саясаттың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы алғашқы қадамдарының бірі — Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 25 қазанда шыққан «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы болды. 2  айдан кейін, 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, ол «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп анықтады.

Өзінің дербес Армиясын құруға заңды құқығын еліміз 1992 жылғы 7 мамырда ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шығуымен іске асырды, — дейді Қайсар Мұғалов.

Қарулы Күштер мынадай басқару органдарына ие болды: стратегиялық —  Қорғаныс министрлігі (орталық атқару органы) және Штабтар бастықтарының комитеті (ведомство), жедел-стратегиялық — Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскер тектері қолбасшыларының басқармалары, жедел-аумақтық —  өңірлік қолбасшылықтар басқармалары, жедел-тактикалық — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлері әскер тектері бастықтарының басқармалары, тактикалық — құрамалар мен әскери бөлімдер басқармалары, жергілікті — қорғаныс істері жөніндегі облыстық департаменттер (аудандар мен қалалар басқармалары және бөлімдері).

1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың адамдық топтары болды.

Кадр мәселесін шешу қиындады. Бұл туралы Қайсар Қайырбайұлы былай дейді:

Өз армиямызды құрып жатқан аса жауапты кезеңде Қазақстанда қызмет етіп жүрген көптеген офицер қызмет істеуді Тәуелсіз мемлекеттер достастығының басқа мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдады. Яғни, әр ұлттың әскери қызметшілері өз елдеріне кетті. Екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі ең жоғарғы деңгейге  тізімдік құрамның 89 пайызына жетті. Сөйтіп, Қазақстанның жас армиясында әскери  мамандар тапшы болды.

1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 40 пайыз, ал Георгиевтегі мотоатқыштар полкі тек 27 пайыз ғана жасақталды.   

Қарулы Күштер құрылысының бастапқы кезеңіндегі аса маңызды проблема — егемен ел Армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру-тын. Жаңа мемлекеттің жаңа Армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен бір уақытта ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыруда тынымсыз жұмыс жүргізілді.

1993 жылғы ақпанда Қазақстанның бірінші Әскери доктринасы қабылданды.

Онда Қазақстанның, егер оның өзі немесе одақтастары қарулы агрессия объектісіне айналмаса, қандай да бір мемлекетке қарсы әскери іс-қимылдарды ешқашан, ешқандай жағдайда да бірінші болып бастамайтындығы көрсетілді. Сонымен қатар доктринада барлық мемлекеттермен қарым-қатынасты қауіпсіздік мүддесін өзара ескеру негізінде құруға әзір екендігі, әскери үстемдікке  ұмтылмайтындығы атап көрсетілді. Одан кейінгі жылдарда Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы 2000 жылғы 10 ақпанда бекітілген екінші Әскери доктринаның базисіне айналды. Нақ сол кезде алғаш рет Қарулы Күштерді елдің жалпы ішкі өнімінің кемінде  1 пайыз көлемінде кепілді бағдарламалық-мақсатты қаржыландырып отыру ұстанымы нормативтік түрде бекітілді. Жаңа доктрина Қарулы Күштерді құру мен реформалаудың басты бағыттарын айқындады.

2007 жылғы Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген жауаптылық аймақтарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскерлердің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болып айқындалды, — дейді Қайсар Мұғалов.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі дамыту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы №1085 Жарлығына сәйкес Қазақстанның Қарулы Күштері: әскери басқару органдарын; Қарулы Күштердің үш түрі: Құрлық әскерлерін, Әуе қорғанысы күштерін, Әскери-теңіз күштерін; арнайы әскерлерді;

Қарулы Күштердің Тылын; әскери оқу орындарын; әскери-ғылыми мекемелерін қамтиды. Құрлық әскерлерінің құрамалары мен бөлімдері «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарына, сондай-ақ Аэроұтқыр әскерлеріне, Зымыран әскерлері мен артиллерияға біріктірілген.

 

Халықаралық әскери әріптестік

 

ҚР Қарулы Күштер басшылығы халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдер армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді.

ТМД мемлекеттерімен әріптестікке Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ қорғаныс сипатындағы жекелеген мәселелер бойынша екіжақты келісімдер негіз болды.

Бұл ретте, тиісті келісімдерге қол қойылмай тұрып-ақ, тек мемлекет басшыларының шешімдері негізінде нақты бірлескен шараларды қабылдауға өмірдің өзі мәжбүр етіп отырды. Сөйтіп, 1993 жылғы маусымда Тәжікстанға оның Ауғанстанмен шекарасын күзетуге көмек көрсету үшін Қазақстанның жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Кейін келе, бітімгерлік операцияларға қатыстыру үшін Қапшағайда «Қазбат» қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылды. Бұл бітімгер құралым біздің елдің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы міндеттемелерін орындауға арналды. Батальонның негізгі міндеті — даулы мәселелер мен жанжалды ахуалдарды болдырмауға, шешуге және реттеуге, сондай-ақ жанжалдасушы тараптар көзқарастарын жақындастыруға көмек көрсету мақсатымен бітімгершілік қарекетке қатысу. 

«Қазбат» жауынгерлері 2003-2008 жылдарда Ирактағы көпұлтты халықаралық ұжымдық қауіпсіздік күштері құрамында бітімгершілік миссия орындау кезінде жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарды. Біздің әскери қызметшілерге жарылмай қалған оқ-дәрілерді іздестіру мен жою, далалық сумен жабдықтау пункттерін жарақтау, су көздерін тазалау және жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету тапсырылған болатын.  Осы уақытта аса қаупті 4 миллион зат  жойылды, 7 мыңнан астам ирак азаматына медициналық көмек көрсетілді.

Өкінішке орай, қазасыз да болмай қалған жоқ —  жауынгерлік тапсырма орындау кезінде капитан Қайрат Құдабаев көз жұмды, — дейді Қайсар Қайырбайұлы.

Қарулы Күштердің әлеуеті мен қуаты жауынгерлік әзірлік екені анық.

Сол себепті, біздің негізгі мақсатымыз — жауынгерлік әзірлікті әр кезде жоғары деңгейде ұстап, әскери қызметшілердің кәсіптік біліктілігін шыңдау.

Биылғы оқу жылында Қарулы Күштердегі жауынгерлік іс-шаралары «Қарулы Күштердің құрылғанына 20 жыл толуына — Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің ерен еңбегіміз!» ұранымен өткізіліп жатыр. Осы жылы халықаралық дәрежедегі бірқатар оқу-жаттығулар өткізу жоспарланып отыр. Мысалы, маусым айында Тәжікстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында өтетін «Бейбіт миссия — 2012» оқу-жаттығуына қазақстандық әскери қызметшілер де қатысады. Сондай-ақ, күзде Арменияда өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы «Өзара іс-қимыл — 2012» жаттығуына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тізімге Қазақстанда өтетін «Дала қыраны», «Алдаспан» сынды халықаралық жаттығуларды да қосуға болады, — дейді Қайсар Қайырбайұлы.

 

Қорғаныс өнеркәсібі

 

ҚР Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды технологиялық жаңарту және қару-жарақ пен әскери техника өндірісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында біраз шаруа қолға алынды. Бағдарлама жүктеген міндет — жаңа қару-жарақ пен әскери техниканың жыл сайынғы өсімін 7 пайызға арттыру. Сондай-ақ 2015 жылы әскери және екі жақты мақсаттағы өндірілетін өнімдердің қазақстандық үлесін 50 пайызға дейін жеткізу.

Қорғаныс өнеркәсібінің дамуы туралы Қайсар Қайырбайұлы былай дейді:

2003 жылғы наурызда Үкімет Қаулысымен «Қазақстан инжиниринг ҰК» Акционерлік қоғамы құрылды. Бұл компания холдингтік құрылым ретінде бірнеше қорғаныс өнеркәсібі кешендерінің басын біріктіріп отыр. Компания құрамына 29 еншілес және тәуелді кәсіпорын кіреді. Оның 17-сі қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ мұнай-газ, теміржол, агроөндіріс, жылуэнергия кешендеріне арналған өнімдерді шығарып, оларды жөндейді. 

Мемлекеттік басқаруды жетілдіру мақсатында 2008 жылғы ақпан айында Үкімет Қаулысымен Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі кешені мәселелері бойынша комиссия құрылды. Бұл комиссия — Үкімет жанындағы бірден-бір консультативті кеңес. Онда қорғанысты қамтамасыз ету, әскери-техникалық саясатты жүзеге асыру, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың негізгі бағыттары, әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

2010 жылдан бері жыл сайын бекітілетін еліміздің мемлекеттік қорғаныс тапсырысы тұтастай отандық қорғаныс кәсіпорындарына жүктелді. Биыл 2009 жылмен салыстырғанда, тапсырыс 7  есеге артып отыр, — дейді Қайсар Мұғалов.

Қазақстан қазірдің өзінде шетелдермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласында жаңа сатыға көтерілді десе де болады. Біздің отандық өндірушілеріміз жаңа нарыққа шығып, кооперациялық байланыстарды нығайтты. Қосалқы бөлшектерді дербес экспорттау мен кепілден кейінгі қызметке құқығы бар «Қазарнаулыэкспорт» республикалық кәсіпорнының белсенділігі айтарлықтай артып отыр.

— 2011 жылы украиндық әріптестермен бірлесіп, «Семей инжиниринг» акционерлік қоғамының өндірістік қуатын жаңарту шаралары басталды. Нәтижесінде, бұл жерде биылдан бастап Т-72 танктеріне күрделі жөндеу жасалатын болады.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында жоғары технологиялық өнімдер разрядына жататын авиациялық қозғалтқыштарға күрделі жөндеу жасалып жатыр.  «Сергей Киров атындағы машина жасау зауыты», «Зенит», «Тыныс», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамдары өндірген қару-жарақтар да сұранысқа ие.

Қорғаныс министрлігі «Зенит» зауытына зымыранды-артиллериялық кеме жасауға тапсырыс берген болатын. Сәуірдің  25-і күні  «Зенитте» жасалған «Қазақстан» кемесі суға жіберілді. Бұл жауынгерлік кеме Каспийдің қазақстандық бөлігін күзету мақсатындағы тапсырмаларды шешуге және жауынгерлік патруль жүргізуге пайдаланылады. Жалпы 2012-2013 жылдары Әскери-теңіз күштері үшін 3  жауынгерлік кеме жасалады.

Қазір көптеген отандық қорғаныс кәсіпорындары жөндеу және құрастыру жұмыстарынан өзге жекелеген әскери өнім түрлерін өндіру арқылы өз саласына сүрлеу салды. Байланыс, барлау және басқару, радиоэлектронды күрес жүйесі, ұшқышсыз ұшу аппараттары, құлтемірлеген екпінді кешендер, заманауи көлік авиациясы, жауынгердің ұрыс алаңындағы жеке қорғаныс жүйесі, жоғары дәлдікті қарулар және онымен күрес құралдары қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың басым бағыттары екені сөзсіз.

Бұл жұмыстардың Қорғаныс министрлігінде 2 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын және ізашар болып отырғанын атап өткен жөн. Толыққанды, дербес қорғаныс өнеркәсібі кешенін құруға бірнеше жыл керек. Сонымен қатар дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қорғаныс өнеркәсібі кешенін тек мемлекеттің күшімен дамыту жеткіліксіз. Қорғаныс өнеркәсібін дамытуда мемлекеттік әрі жеке әріптестікті қалыптастыру маңызды. Оның ішінде шетелдік және отандық инвестицияларды тарта отырып, жаңа қорғаныс кәсіпорындарын құрудың қажеттілігін бөліп айтуға болады.

Қазақстан әскері жаңа қару-жарақ пен әскери техника жүйелерімен қамтамасыз етіліп, қазіргі заманға сай жауынгерлік қимылдар жүргізуге бейімделген жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуді жалғастыра бермек, — дейді Қайсар Қайырбайұлы.

Мереке қарсаңында, мамырдың 3-6-сында Астанада ІІ қазақстандық халықаралық «KADEX-2012» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өтеді. Осыдан екі жыл бұрын өткізілген алғашқы көрменің қорытындылары шығарылады. Көрмеге қатысуға қазірдің өзінде 236 отандық және шетелдік компаниялардан өтініш түсіпті. Қазір шетелдік әскери техника үлгілерін орналастыруға және олардың мүмкіндіктерін көрсетуге арналған арнайы полигон жасалуда.

Қорғаныс министрлігінің өкілетті органы — «Казспецэкспорт» кәсіпорны 2010 жылы бірнеше шетелдік компаниялармен құны 1,5 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасасты. Соның арқасында қазір ел аумағында бірнеше бірлескен кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында электронды-оптикалық құралдар өндіретін түріктің «Қазақстан Aselsan Инжиниринг», ЕС 145 тікұшақтарын өндіріп, оларға техникалық қолдау көрсететін француз-немістік «Eurocopter Қазақстан Инжиниринг», радиостансалар өндіретін француздың «Tales Инжиниринг» және испандық «Indra Қазақстан» сияқты жетекші компаниялар бар.

 

Әскерилердің тұрмысы: жоғары жалақы мен жеке меншік баспана

 

Елбасы әскерилердің әлеуметтік жағдайын тұрақты назарда ұстап келеді.

Биылғы жылы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Қазақстан Қарулы Күштеріндегі басты оқиғаның бірі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болды. Бұл — бұрыннан қолданыста бар «Әскери міндет пен әскери қызмет» және «Әскери қызметшілердің мәртебесі және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау туралы» заңнамалық актілердің негізгі ережелерін біріктірген әскерилердің басты құжаты. Жаңа Заңда әскерилерге қатысты қажетті әлеуметтік аспектілер кеңінен қамтылған. Бұл туралы әңгімені Қайсар Қайырбайұлы әрі қарай былай өрбітті:

Әскери қызметте болудың шекті жасының мерзімі ұлғайтылды. Соған сәйкес,  жоғарғы сержанттық құрам әскери қызметшілері мен подполковниктер — 45 жастан 47 жасқа, полковниктер — 53 жастан 55 жасқа, генерал-майор мен генерал-лейтенанттар — 58 жастан 60 жасқа дейін қызмет етеді. 

Тұрғын үйге мұқтаж барлық санаттағы әскери қызметшілер әскери қызметін өткеру кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Жаңа заң бойынша 2013 жылдан бастап әскери қызметте 10 және одан көп жыл болған әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан беріледі. Олар үйді еліміздің тұрғын үй заңнамасындағы тәртіппен жекешелендіруге құқылы.

Жалпы биыл Қарулы Күштер бойынша 2 707 Отан қорғаушыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Зейнетке шыққан әскери қызметшілерге лайықты қамқорлық жасалып отырғандығын айта кеткен жөн. Жаңа заңға байланысты әскери қызметшілердің жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері артты. Енді әскери қызметте кемінде 10 жыл болғандарға 3 айлық қаражат төленеді. 10-20 жыл жұмыс істегендерге — 5 айлық, ал 20-30 жыл еңбек еткендерге  — 20 айлық қаржы беріледі. 30 жылдан астам қызмет еткендер 30 айлық көлемінде ақша алады. Жәрдемақы зейнетке шығатын әскери қызметшінің баспанасының бар жоғына қарамастан төленеді.

25 жыл еңбек еткен подполковниктің орташа зейнетақысы — 119 мың теңге.  

Айта кету керек, жаңа заңға байланысты азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын бітірген студенттерге қайтадан «запастағы лейтенант» әскери атағын беру енгізіледі (бұған дейін оларға «запастағы сержант» атағы берілді).

Сауатты және неғұрлым дайындалған мамандарды қызметке тарту, кәсіби кадрлардың жаппай кету факторын болдырмау мақсатында 2008 жылы Қорғаныс министрлігі әлеуметтік пакетті бекітіпті. Әскери атақтары үшін әскери қызметшілердің лауазымдық өсуі мен кәсібилігін арттыруға мүмкіндік беретін дифференциялық негізде жалақы төлеу үлгісі кіргізілген. Бұл туралы Қайсар Қайырбайұлы былай дейді:

Солдат және сержант лауазымындағы келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің сыныптылығы үшін төлемі өсті. Сондай-ақ Әуе қорғанысы күштері ұшу және инженерлік-техникалық құрамының сыныптылығы үшін төленетін төлемдердің көлемі артты. Қазір жас лейтенанттың жалақысы — 110 мың теңге, полковник 330 мың теңге алады. Келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер 140 000 теңгеден алады. Жалақының көп болуы  — қызмет атқарған уақыт пен мансапқа да байланысты.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Қорғаныс министрлігі биылғы көктемде 18 бен 27 жастағы
16 мыңнан астам ер-азаматты әскер қатарына шақыруды жоспарлап отыр. Оның 8 мыңға жуығы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне алынады. Қалған азаматтар Республикалық ұланның, ІІМ Ішкі әскерлерінің, ҰҚК Шекара әскерлерінің, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.

Биыл көктемгі әскерге шақырылушылардың саны ұлғайып отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ олардың білім деңгейлері мен денсаулықтарына қойылатын талап та күшейді. Биылдан бастап тәжірибе ретінде Қарулы Күштердің қатарына бойы 1.65 см асатын жігіттер алынады. Сонымен қатар азаматтардың моральді-психологиялық ахуалына да барынша мән берледі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button