Жетістік — жүйелі еңбектің нәтижесі

Байғанин ауданының білім саласы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс деңгейінде үздіктер қатарынан көрінді. Бұл — сапалы білім беруге бағытталған жоспарлы жұмыстар мен педагогтер қауымының бірлескен еңбегінің жемісі.
Былтыр аудан мектептері оқу үдерісін жетілдіру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, тәрбие жұмысын күшейту бағытында нәтижелі жұмыс істеді. Ұстаздар республикалық, облыстық байқауларда, ал оқушылар пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен спорттық, шығармашылық сайыстарда жүлделі орындардан көрінді. Білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, цифрлық ресурстар кеңінен қолданылды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Дабыс облыстық пәндік олимпиададағы жетістікті ерекше атап өтті.
— Аудан командасы биыл облыстық кезеңде жалпы есепте екінші орынға ие болды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда нәтиже тұрақты өсім көрсетіп келеді. Сонымен қатар мектептердің аттестациядан сәтті өтуі мен оқушылар арасындағы тәртіпбұзушылықтың алдын алуға бағытталған шаралар да жоғары бағаға ие болды, — деді білім бөлімінің басшысы.
Соңғы төрт жылда ауданда өзіне-өзі қол жұмсау, ерте жүктілік, оқушылар арасындағы қылмыс фактілері тіркелмеген. Бұл — ата-аналармен жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен тәрбиелік іс-шаралардың нәтижесі.
Алдағы 2026 жылы облыстық олимпиадаға 32 оқушы қатысады. Мақсат — жоғары нәтижені сақтау және білім сапасын арттыру. Үздік түлектер мен олимпиада жеңімпаздарын ынталандыру дәстүрі де жалғасын таппақ. Сонымен қатар облыстық форум өткізу және білім саласының тарихи мұражайын ашу жоспарланып отыр.
Әйгерім ӘНУАРБЕК,
Байғанин ауданы.



