Басты жаңалықтар

Жасанды интеллект: адамзат жаңа дәуірге аяқ басты

«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.

Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады.

Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.

Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет».

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Жасанды интеллект — жаңа индустриялық революцияның негізгі құралы. Қазіргі таңда бүкіл әлем технологиялық өзгерістерге байланысты адамзат дамуының жаңа эволюциялық сатысыныңалдында тұр.

Биыл 6 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды одан әрі дамыту және жасанды интеллектіні жаппай ендіру мақсатында 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы Қаулыға қол қойды және ел Үкіметіне атаулы жылды өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қазақстанның үш жылдың ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керектігін, цифрлық державаға айналуы қажеттігін айтты. Осы мақсатта Цифрлық кодекс қабылданып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру мәселесі де айтылды.

Президент бұл ретте ел өмірінің бірқатар саласында жаппай цифрландыру технологияларын, жасанды интеллект құралдарын енгізу туралы міндеттерге назар аударды.«Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс. Әрине, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы — зор жетістік. Бірақ мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс. Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкімет цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді. Онда бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясында біріктірілетін болады. Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз», — деді Президент. 

… Жасанды интеллект деген не? Ол қашан және қалай пайда болды? Оның адам өміріндегі орны қандай? Артықшылықтары мен қаупі бар ма? Елімізде, облысымызда жасанды интеллектіні қоғамның әр саласына енгізу қалай жүргізіліп жатыр? Облыста ше? Мақалада осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік…

Сен қайдан келдің, ЖИ?..

Жасанды интеллект экономикалық дамудың озық құралы ғана емес, тұтастай техникалық және гуманитарлық ғылымдардың назарына іліккен құбылыс болып отыр. Ғалымдар ЖИ мәселесін философиялық тұрғыда түсіндіру үшін зерттеулер жүргізіп, оның перспективалары, артықшылықтары мен қауіп-қатері туралы жарыса жазып жатыр.

Қалай болғанда да өмірімізге «батпандап» кіріп, күн сайын жетіле дамып жатқан жаңа «ой-сана» — жасанды интеллект тірлігіміздің ажырамас бөлігіне айналуға аз-ақ қалды. Алпауыт елдер ЖИ-ді мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде қарастырып, дамудың негізгі өзегіне айналдырып үлгерді.

Ғалымдардың зерттеу еңбектеріне сүйенсек, «жасанды интеллект» ұғымы өткен ғасырдың елуінші жылдары алғаш рет қолданылған. Ал «миы бар машиналарды» жасау идеясы тіпті әріде — орта ғасырда Ежелгі Грекияда пайда болған. 1937 жылы А.Тьюринг әмбебап Тьюринг машинасын жасап шығарған, ал 1939 жылы Нью-Йоркте Sparco дейтін иті бар Electro атты алғашқы «механикалық адам» көрсетілді.

Алайда күрделі интеллектуалды тапсырмаларды орындай алатын программалар тек Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары компьютер пайда болғаннан кейін жасалған. Елуінші жылдары неврология саласындағы зерттеулер аясында адам миының нейрондық желі екенін дәлелдегеннен кейін ғалымдар «жасанды ми» құру идеясын ілгерілетті. Осылайша А.Тьюринг есептеулерді цифрлық түрде ұсынуға болатынын көрсетті, ал 1951 жылы М.Мински SNARC деп аталатын алғашқы нейрондық желіні жасады. Осы жылдары А.Тьюринг машинаның әрекетінің адам санасына ұқсастығын анықтайтын тест жасап шығарды. Кейін бұл тест «Тьюринг тесті» аталып кетті.

«Жасанды интеллект» термині алғаш рет 1956 жылы Дартмут конференциясында қолданылып, аталған сала ғылыми бағыт ретінде қалыптасты. Кейін адамның тілін түсінетін, диалог жүргізетін, ойын ойнайтын машиналар жасалды. Әйгілі шахматшы Каспаровтың компьютерден жеңілгені, В.Крамниктің компьютермен тең ойнағаны туралы жаңалықтар аға буын оқырманның есінде шығар?.. Сол, міне, «миы бар машинаның» адам санасымен тайталасқа түскен алғашқы қарлығаштары болатын. Бүгінде машинаның «миы» дамып, түсінетін, диалог құра алатын, ойын ойнайтын ғана емес, ауқымы өте үлкен деректерді тез арада жинау, өңдеу, сараптау, талдау сынды күрделі жұмыстарды жасай алатын көмекшіге айналды.

Дегенмен сонау елуінші жылдары Тьюрингтің «Машина ойлай ала ма?» деген сұрақ төңірегінде жасаған тестіне әлі нақты жауап табылмаған сыңайлы. Себебі ғалымдар әлі де осы сұрақ төңірегінде зерттеулер жүргізіп жатыр.

Ғалымдардың бір тобы жасанды интеллектінің адамның дүниені, қоршаған әлемді қабылдауына әсер етіп, жаңа түсініктер қалыптастыратынын айтады. Мәселен, философ Ник Бостром жасанды интеллектінің адамға төндіретін қаупі туралы айта келіп, адамның когнитивті мүмкіндіктерінен асып түсетін «асқан ақыл» (сверхразум) тұжырымдамасын жасады. Ал тағы бір ғалым Р.Курцвейл 2029 жылға қарай «миы бар машиналар» Тьюринг тестінен сәтті өтіп, ЖИ-дің «санасын» адамның санасынан ажырату қиын болатынын болжайды, яғни, оның пайымынша, ЖИ адам секілді түсініп, оқып, сұраққа адам секілді жауап беретін болады.

Қалай болғанда да жасанды интеллект — адамның ой-санасының жемісі, демек, оны басқару тетігі де адамның қолында болуға тиіс. Бүгінде ғалымдар жасанды интеллектінің адамзат қоғамына тигізер пайдасы мен қаупін сарапқа салып жатқанда әлемдегі алпауыт елдер оны дамудың негізгі бағыты ретінде белгілеп, іске кірісіп кетті…

Әлемде: алпауыттар арасындағы бәсеке

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТоқаевDigital Bridge-2025 халықаралық форумында сөйлеген сөзінде жасанды интеллектінің дамуына соңғы жылдары дүниежүзі бойынша бір триллион доллардан артық инвестиция салынғанын,  аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта жеті триллион долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтты.

«Технология саласындағы нағыз әлем­дік алпауыттар — АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка бас­шысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асы­ры­ла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жа­санды интеллект мәселесімен айна­лы­сатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ», — деді Қ.Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.

Сараптамалық деректерге сүйенсек, жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшылық үшін негізгі бәсеке АҚШ пен Қытай арасында жүріп жатыр. Бұл туралы AI-Hive.net аналитикалық платформасында жарияланған Х.Питер Алессоның зерттеуіндежазылыпты. Автор Stanford University Artificial Intelligence Index 2025, RAND Corporation және салалық есептердің деректері негізінде2024 жылы АҚШ-та жеке сектордың ЖИ-ге салған инвестициясы 109,1 млрд доллар болғанын жазады. Бұл көрсеткіш Қытайдағы 9,3 млрд доллармен салыстырғанда шамамен 12 есе жоғары. Stanford университетінің AI Index 2025 есебінде АҚШ инновация, ірі тілдік модельдер және есептеу инфрақұрылымы бойынша көшбасшы екені көрсетілсе, Қытай кадр даярлау, модельдерді енгізу және мемлекеттік реттеу арқылы өз позициясын күшейтіп келе жатқаны атап өтіледі. RAND Corporation сарапшыларының пікірінше, болашақтағы даму АҚШ-тың экспорттық шектеулері мен Қытайдың технологиялық өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетіне тікелей байланысты болмақ. Зерттеу материалдарында Қытай 2030 жылға қарай әлемдік көшбасшы болуды мақсат етіп отырғаны да айтылады.

Елімізде: алдағы дәуірдің жаңа алтыны

Қазақстан да бұл бағытта қамсыз отырған жоқ. Президент еліміздің цифрлық держава болатынын сеніммен айтты: «Қазақстан да экономика мен қоғам­дық өмірге жасанды интеллектіні енгі­зу­ге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты аяқ алысы, жақсы. Мемлекет көр­сететін қызметтерді, қаржы тех­ноло­гия­ларын, экономиканың бірқатар сек­то­рын цифрландыру ісінде нақты же­тіс­тік­теріміз бар. ІТ-стартаптарды қол­дай­тын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс іс­теп тұр. Екі мың компанияның басын қос­қан Astana Hub инновациялық клас­тері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арнал­ған CryptoCity пилоттық аймағы құры­лып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мем­ле­кеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді ал­­дағы дәуірдің жаңа алтыны деп са­най­ды».
Былтыр мамыр айында елімізде Жасанды ин­теллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істей бастады. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылып, Жасанды ин­теллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Президент сұхбатында Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылғанын, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясы­мен бірлесіп, дербес платформа құрғанын, елімізде Жасанды интел­лект мамандандырылған зерттеу уни­вер­ситеті ашылатынын да атап өтті.

Үкімет Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. Сондай-ақ цифрлық технологияны дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге және қауіпсіз әрі орнықты цифрлық ортаны қалыптастыруды қамтамасыз ететін Цифрлық кодекс қабылданды. Өткен жылдың соңында Астанада «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект ұлттық орталығы өз жұмысын бастады.

Ақтөбеде: өңірдің Цифрлық трансформация картасы бекітілді

Ақтөбе облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өңірдің Цифрлық трансформация картасы әзірленіп, бекітілген. Бұл карта өңірде цифрлық шешімдерді жүйелі енгізу үшін негізгі бағдар болады.

— Цифрлық трансформация картасы мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және «ақылды қала» дамуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық және жасанды интеллект шешімдерін енгізуге бағытталған. Құжат 11 негізгі саланы қамтиды және цифрландырудың нақты бағыттарын айқындайды.

Цифрлық трансформация картасын тиімді іске асыру мақсатындацифрлық трансформация жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін Кеңес құрылатын болады. Кеңес құрамына салалық мемлекеттік органдардың өкілдерін, IT-мамандарды, сондай-ақ мүмкіндік болған жағдайда бизнес, жоғары оқу орындары және қоғамдық ұйымдар өкілдерін енгізу көзделуде. Осы шаралар өңірдегі басқару тиімділігін арттыруға бағытталған, — деді ол.

Сонымен қатар Ахуалдық орталықты одан әрі дамыту жоспарланып отырғаны айтылды. Оның базасында барлық салалар бойынша деректерді біріктіретін және объективті ақпарат негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін SDU (SmartDataUkimet) аналитикалық платформасы құрылмақ. Бұл платформа шешім қабылдауды уақтылы әрі ашық жүргізуге жағдай жасайды.

— Аталған платформа өнеркәсіп, экология, агроөнеркәсіп кешені, әлеуметтік сала, экономика және инфрақұрылым бағыттарын қамтып, үлкен деректер мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы шешімдерді уақтылы әрі ашық қабылдауды қамтамасыз етеді, — дейді басқарма басшысы.

Болашақ мектептері: Tomorrow School және TUMO Center орталықтары ашылады

Қазіргі таңда өңірдің басты басымдықтарының бірі — IT-мамандарды даярлау. Осы мақсатта жалпы аумағы 1700 шаршы метр болатын IT Park ашу жоспарланып отыр. Ә.Отарбаевтың айтуынша, Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі базасында ашылатын IT Park базасында екі білім беру жобасы жұмыс істейтін болады. Олар:Tomorrow School және TUMO Center  орталықтары.

Tomorrow School18 жастан асқан қатысушыларға арналған. Бұл — Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer оқыту форматындағы жасанды интеллект мектебі. Бағдарламалау бойынша алдын ала тәжірибе қажет емес, оқу толық тегін.

Әсет Отарбаевтың айтуынша, бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — іріктеу және «бассейн» кезеңі, яғни қатысу екі онлайн-ойын арқылы логикалық ойлауды тексеруден басталады.

— «Бассейн» дегеніміз — арнайы іріктеу және дайындық кезеңі. Яғни, бұл — тұрақты оқу емес, уақытша, қарқынды сынақ кезеңі. «Бассейн» кезеңінде оқушылар негізгі оқуға дейінгі сынақтан өтеді. Яғни барлығы бір «бассейнге» түседі, әркім өз деңгейін көрсетеді, соңында мықтылар «жүзіп шығады», ал дайын емес қатысушылар өздері-ақ іріктеліп қалады деген сөз. Іріктеу жыл бойына бірнеше рет өткізіледі, барлығы 6 «бассейнге» дейін, әрқайсысында 150 қатысушыдан болады, әр «бассейн» 4 аптаға созылады. Осылайша жылына шамамен 900 адам осы қарқынды кіріспе кезеңнен өтеді, оның ішінде үздік 200-300 қатысушы негізгі оқу кезеңіне өтеді, — деді Ә.Отарбаев.

Екіншісі — негізгі оқу кезеңі: 18 айлық бағдарлама барысында қатысушылар алған дағдыларын практикада қолданады, 50-ден астам жобаны орындайды және бірнеше бағдарламалау тілін меңгереді, full-stack әзірлеуші мамандығына дайындалады. Үшінші кезең— мамандану: 6 ай ішінде қатысушылар таңдаған бағыттары бойынша кәсіби дағдысын жетілдіреді.

Екінші жоба — TUMO Center — 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған инновациялық білім беру орталығы. Оқыту тегін, қатысушыларға ешқандай талап қойылмайды. TUMO оқыту моделі оқушылардың өздігінен оқуын жетекші мамандардың қолдауы арқылы біріктіреді.

— Оқу 8 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі, әр бағыт шамамен 3-4 айға созылады. Осылайша оқушы барлық бағытты меңгерсе, оқу ұзақтығы 2 жылға дейін болуы мүмкін, ал кейбір бағытты ғана таңдаса, оқу 3 айдан басталады.Қабылдау тіркеу бойынша жүргізіледі. Алғашқы 1000 оқушы дереу бастайды, кейін бос орындарға сәйкес қабылдау жалғасады. Бір жылда оқитындар саны — 1000-3000 адам.Осы екі орталық өңірде болашақ IT-мамандарын даярлаудың негізгі драйвері болады, — деді Әсет Отарбаев.

Жасанды интеллект — білім беру саласында

Қандай өзгеріс болмасын алдымен адам капиталынан басталады. Қоғамның жаңаруы, яғни технологиялық дамудың да бастауы — сапалы білімнен, саналы тәрбиеден. Жасанды интеллект дәуіріндегі озық идеялар мен инновацияның көзі де білім мен ойлау, дағды мен құндылықтарға негізделеді. Демек, еліміздегі

жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға, яғни білім саласына үлкен міндет жүктейді. Осы ретте облыста білім беру саласына жасанды интеллект енгізу қарқынды жүргізіле бастады.

Мемлекет басшысының білім беру процесіне жасанды интеллектіні енгізуге арналған тапсырмасынан кейін облыстық білім басқармасы 2025-2028 жылдарға арналған Жасанды интеллект (ЖИ) енгізу жол картасын бекітті. Жол картасының мақсаты — білім беру ұйымдарында ЖИ технологияларын кезең-кезеңімен енгізу арқылы оқу сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін нығайту, оқушылардың заманауи цифрлық дағдыларын дамыту және информатика пәнін басқа пәндермен кіріктіріп оқыту.

ЖИ енгізу технологияны пайдалану ғана емес, педагогикалық тәсілдерді жаңарту, басқару мәдениетін жетілдіру және оқу ортасын барынша адамға бағыттау дегенді білдіреді. Сондықтан жол картасын әзірлеу барысында мұқият жоспарлау, халықаралық тәжірибеге сүйену және педагогтер, оқушылар, ата-аналар мен жергілікті қауымдастық арасындағы ынтымақтастыққа басымдық берілді.

Облыстық әдістемелік орталықтан «Жасанды интеллект» бөлімі ашылып, әдіскерлер Жол картасы мен бекітілген жоспар  бойынша жұмыс жасап жатыр. Бүгінде «Дарын AI» платформасының«Amanat» партиясымен бірігіп ұйымдастырған онлайн курсынан облыс педагогтері кезең-кезеңмен өтіп жатыр.

Бүгінге дейін бірнеше семинар ұйымдастырылып, барлығы 1000-ға жуық педагог қамтылды. Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі жанынан «ЖИ клуб» ашылды, бұл клубқа мұғалімдер үйрену және тәжірибе алмасу үшін мүшелік ете алады.

Бүгінгі таңда әлемде 27 мыңнан астам ЖИ құралы бар. Бірақ біз барлығын емес, мұғалім мен оқушыға нақты пайда әкелетіндерін ғана іріктеп, сынақтан өткізіп, мектептерге ұсынып отырмыз.Бұл құралдар сабақ жоспарлауға, тапсырмаларды оқушы деңгейіне бейімдеуге, кері байланыс беруге, үлгерімді талдауға көмектеседі. Әлемнің дамыған елдерінде (АҚШ, Сингапур, Финляндия, Оңтүстік Корея) жасанды интеллект дәл осылай жеке пән емес, мұғалімнің көмекшісі ретінде қолданылады. Олар ЖИ-ді мұғалімнің уақытын үнемдеу, оқыту сапасын арттыру, әр оқушыға жеке оқу траекториясын жасау үшін пайдаланады. Біздің де мақсатымыз — жасанды интеллект арқылы мұғалімге қолдау көрсету және оқушыға көбірек назар аударуға мүмкіндік беру.

Мемлекет басшысының «ЖИ-ді білім беру саласында көмекші құрал ретінде қолдануға болады. Алайда білім беру мен тәрбиенің сапасына жауапкершілікті машина емес, адам өзі алуға тиіс. Оқу материалының мемлекеттік стандарттарға сәйкестігіне мұғалім жауапты болуы керек. Мұғалім сапалы білімнің басты кепілі болып қала береді» деген қағидасын естен шығармауымыз керек, — дейді облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Жеміс Бердіғалиқызы.

Жол картасында пилоттық мектептерде оқушылардың эмоциялық жағдайын бақылауға, психикалық денсаулығын қолдауға және сыныптағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік беретін Lumii.me, ROBI, Brisket сияқты платформаларды тестілеу, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін VR/AR технологиялары арқылы оқыту, бейімделген контент ұсыну құралдарын енгізу, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, Harvard университетінің mindfulness бағдарламасы, Boston Public Schools жүйесіндегі AI Literacy Curriculum және Сингапурдың AI for Everyone курстары үлгісінде мұғалімдерге практикалық курстар мен тренингтер ұйымдастыру секілді қосымша бағыттар да қарастырылған.

Сонымен қатароқушылардың үлгерімін ғана емес, эмоциялық әл-ауқатын, сабаққа қатысу белсенділігін және педагогтердің ЖИ құралдарын қолдану жиілігін тұрақты түрде бақылау үшін KPI және мониторинг жүйесін енгізу мүмкіндігі де бар.

— Облыстаекі жоба қолға алынып отыр. Олар: біріншісі — Edata.kz компаниясымен бірлескен «Білім беру саласында басқару мен оқыту процесінде жасанды интеллект құралдарын пайдаланудың тиімділігі» атты облыстық жоба және екіншісі — «Ai.mugalim: білім берудегі цифрлық шешімдер» жобасы. Сонымен бірге AQTOBE IT Hub мекемесімен бірлескен  «IT сауаттылық — заманауи мектептің құзыреттілігі»  облыстық жобасы да іске асырылмақ. Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 жалпы білім беретін орта ІТ мектеп-лицейімен бірлесіп «Future Skills – IT & AI: алғашқы қадам» жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Жалпы білім беру мекемелерінен сұраныс пен қызығушылық өте жоғары. Дегенмен жасанды интеллект оқу бағдарламасына жеке пән ретінде емес, оны толықтыратын цифрлық құралдар жүйесі ретінде енгізіліп жатыр, — дейді Ж.Бердіқалиқызы.

Бұған қоса ата-аналар мен педагогтерге арналған ақпараттық сессиялар өткізіліп, ЖИ қолданудың артықшылығы мен қауіпсіздік шаралары түсіндірілмек. Мектептерде ЖИ құралдарын сабақ жоспарларына енгізу, автоматты бағалау, үй тапсырмаларын тексеру және оқушылардың эмоционалды күйін бақылау іске асырылады. Педагогтерге арналған Step-by-step нұсқаулықтар, онлайн консультациялар мен HelpDesk қызметі жолға қойылады.

— Жол картаның тағы бір бағыты — инклюзивті білім беру. Арнайы педагогтер, психологтар және IT мамандар бірігіп интердисциплинарлық командалар құрып, балалардың эмоциялық әл-ауқатын қолдайтын ЖИ шешімдерін енгізеді.

Болашақта ЖИ ассистенттері әрбір оқушыға жеке оқу траекториясын құруға мүмкіндік береді. Педагогтерге арналған AI Teacher Award марапаттары, showcase және педхакатондар ұйымдастырылып, тәжірибелер жинақталады. Жыл сайын мониторинг жүргізіліп, нәтижелер талданады, сәтті тәжірибелерді облыстық және республикалық деңгейде тарату жоспарланған, — дейді Ж.Бердіғалиқызы.

Бұл бастамалар Ақтөбе облысын Қазақстандағы инновациялық, инклюзивті және адамға бағытталған жасанды интеллектіні білім беру саласында пилоттық аймаққа айналдыруға мүмкіндік береді деседі мамандар.

Басты талап — тұрақты интернет

Ақтөбе облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, аймақты цифрландырудың басым бағытының бірі – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды тұрақты интернетпен қамтамасыз ету. Былтыр бұл ретте мобильді интернетке 13 ауыл қосылды, ал тұрғын саны 100-ден аз 24 шағын елді мекенге интернет спутниктік технология OneWeb арқылы жеткізілген. Осылайша, ауыл тұрғындарының шамамен 98 пайызын  қамтитын жалпы 294 ауылға интернет желісі тартылған.

— Сонымен қатар бесінші буын (5G) желісін дамыту жұмыстары жалғасуда: Ақтөбе қаласында 82 5G базалық станциясы жұмыс істейді, ал аудан орталықтарына қосылу кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр, Қандыағаш қаласында 6 базалық станция орнатылды, Хромтау қаласында 1 станция пилоттық режимде жұмыс істейді.

Бұдан бөлек «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026-2027 жылдары 206 ауылда оптикалық талшықты байланыс желісін салу жоспарлануда. Бұл әлеуметтік және мемлекеттік нысандарға тұрақты және жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарынмобильді интернетпен қамтамасыз ету мақсатында облыстың 9 ауданында 17 байланыс мұнарасын орнату орындары анықталып, қажетті жобалық құжаттамалар әзірленді, — деді Ә.Отаралин.

P.S.Жасанды интеллект — адамзат ойының жемісі, күрделі әрі санқырлы нәтиженің бірі. Алайда жасандының аты — жасанды, ол өздігінен мақсат қоя алмайды, онда адамға тән құндылықтар жоқ, қателесуден қорықпайды, демек, жауапкершілік алмайды. Ол тек адам үйреткенді орындайды. Жасанды интеллект — адамның қолындағы қуатты қару, адамның командасы арқылы, код арқылы жұмыс істейді. Ол кодты жазатын — адам. Демек, ЖИ код, команда арқылы жақсылыққа да, жамандыққа да қызмет ете алады деген сөз. Сондықтан ЖИ дәуіріндегі басты мәселе — технологияның қуатында емес, оны кімнің және қандай мақсатта қолданатындығында. Адам капиталына жеткілікті көңіл бөлінбесе,  технологияның дамығанынан пайда жоқ. Сондықтан жасанды интеллект дәуіріндегі басты қағида: «ЖИ ≠ код, ЖИ = адам» болуға тиіс!

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button